«АЛТЫН ҚОҢЫЗДАРДЫҢ» АҚША ҚАЛТАСЫ

«АЛТЫН ҚОҢЫЗДАРДЫҢ» АҚША ҚАЛТАСЫ

«АЛТЫН ҚОҢЫЗДАРДЫҢ» АҚША ҚАЛТАСЫ
ашық дереккөзі
251

Альберт Контадор 5 млн. еуроны елiмiзден не үшiн алады?

Жұртшылық әлi күнге толық бой үйрете алмай отырған нарықтық қарым-қатынас, қомақты қаржы жинау мен адами құндылықтарды кейiнге ысырып, байлыққа белшеден батуға жаппай ұмтылушылық адамдардың санасында осыған дейiн сандаған жылдар бойы қалыптасқан көзқарастар мен көптеген ұстанымдарға мүлдем жаңаша қарауға мәжбүрлеуде. Жалпы адамзат осындай байлық бөлiнiсiне мойынсұнып, осындай ойын ережесiне бiржолата келiскен сыңайлы.

Өркениеттi елдердiң өзiнде де қоғамның түрлi әлеуметтiк топтарға бөлiнiп-бөлшектенуi мен жiктелуiнiң ұлғая түсуi, әлеуметтiк теңсiздiктiң ауыздық бермей асқынып бара жатуы анық байқалуда. Ешқандай еңбексiз қомақты қаржыға ие болушылар мен мол дәулетке кенелгендердiң байлығы сәт сайын еселеп артатыны бүкiл ғаламшарда зор алаңдаушылық туғызып отырғаны хақ. Көптеген әлеуметтiк зерттеулердiң қорытындысы бойынша, әлемдегi барлық заттық құндылықтардың 70-80 пайыздан астам бөлiгiне адамдардың 5-10 пайызы иелiк ететiн көрiнедi. Түрлi олигархтар мен табиғи монополистердiң қаржылық әлеуетi, шексiз байлығы түптiң түбiнде қауiптi факторға айналуы мүмкiн екендiгiне алаңдаушылар әлемде қалың түмен.

Мемлекеттiң көмегi мен қолдауының нәтижесiнде уысына зор байлықты жинақтаған олигархтар да бұрынғыша тасада қалудан гөрi саясатқа араласып, мемлекеттердiң билiгi мен түрлi саяси тетiктердi өз уыстарына жинақтауды өмiрлiк мақсат етiп отырғаны байқалып жүр. Бұл жекелеген елдер ғана емес, бүкiл әлемде жаппай көрiнiс тауып келедi. Есесiне, адамзаттың орташа және кедей бөлiгi бұрынғыдан әрмен кедейленiп, әр күнiне алаңдаушылықтан арыла алмай бұрынғыдан бейшара күй кешедi. Бүкiл әлемдiк даму үлгiсi мен өркениетке атын қосқан Қазақстанда да қазiргi жағдай дәп осылай қалыптасып отырғаны еш құпия емес.

Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Адамзаттың бәрi – еңбекшi, бәрi – құл» деп, кiсiнiң пендеге емес, өзiнiң адал еңбегiне құл екенiн терең астар, тұңғиық сырмен тұжырымдағанын ескеретiндер де некен-саяқ. Әсiресе, қысқа уақытта еңбексiз-ақ мол байлық жиғандардың қаперiне алуы мүмкiн емес.

Ежелгi Мысырда кәдуiлгi қара қоңызды қасиеттi әулие санап, оған ешкiм залал келтiрмегенi, өлтiрмегенi тарихи шындық. Ол ол ма, қара қоңызға қылдай қиянат жасаған адамға аяусыз жаза кесiлiп, азаппен өлтiрiлген. Тiптi, барар жерге асыққан жолаушы да, сап түзеп, қас дұшпанға жорыққа аттанған қаһарлы әскерлердiң өзi де осынау қи домалатқан қара қоңыздардың жолын кеспей, алыстан абайлап айналып өткендерi күнiбүгiнге дейiн талай болжам, жорамалға арқау болып келе жатқаны тегiн емес. Ежелгi мысырлықтар неге өйткен? Мұның астарында қандай құпия сыр бар? Осынау титiмдей жәндiк – тезек домалатқан сүйкiмсiз қара қоңыздың бойынан қандай кие, жұмбақ қасиет көрдi олар. Әсiлi, сандаған мыңжылдықтарға созылған осынау жұмбақ әдет-ғұрыптың тасасында тотемдiк мағына жатқанымен, елсiз шөл, еспе құмдағы тырбаңдаған титiмдей қоңыздың михнатынан әлдеқандай тұспал, бейнетке деген адалдық нышанын, небiр қиын кедергiнi жоятын адал еңбектiң құдыретiн аңдаған шығар?! Несiбесi тынымсыз еңбекпен табатын қарапайым пенде мен әлгi қара қоңыздың михнатынан табиғи ұқсастық табуы мүмкiн ғой.

Қазақтың дарынды ақыны Байбота Серiкбаев «Мен дағы қара қоңызбын» деген сыршыл, философиялық астарға толы өлеңiнде:

Балаңа, о, Жер, балап емiздiң,

салмақ та салдым арқаңа батпан.

Мен-дағы бейне қара қоңызбын,

Өзiнен үлкен шар домалатқан! – деп бейнелi тiлмен жырлай келiп:

…Жасасын құйттай қара қоңыздар

бақытын тапқан қасiретпенен! – деп түйiндейтiнi бар. Расында да бүгiнде барша әлемдегi қарапайым адамдардың еңбегi шексiз михнатқа, үрейлi қасiретке ұласып жатқан сияқты.

Сонымен бiрге қазiргi әлемде еш бейнетсiз-ақ мол ақша табатын ерекше бiр кастаның да пайда болғаны аңдалып жүр. Осы ерекше топтың бас иетiн бiр ғана әмiршiсi бар. Ол тек – ақша! Алтын құдайға құлдық ұратын қауымның қатарына әлемдiк кейбiр танымал әншiлер, белгiлi киноактерлер, астыртын нұсқау, құны төленген тапсырыспен қолына қалам ұстайтын журналистер мен жазушылар, халықаралық экономикалық, саяси шолушылар, продюсерлер, әйгiлi спортшылар т.б. енетiн сияқты. Өз iшкi құпияларына тыстан ешкiмнiң тұмсық сұғуына жол бермейтiн сырты сыпайы, iшi тымырсық айрықша топтың мұндай өкiлдерiн жұртшылық «алтын қоңыздар» деп атап жүр. Өйткенi, ондайлар ешқандай да билiкке қарсы келмейдi, тiптi, iштей кез келген билiк жүйесiнiң сойылын соғып, диiрменiне су құюға, қандай да зұлым жүйенiң ыңғайына жығыла кетiп, бас шұлғи қызмет етуге әрқашан даяр. Сондықтан «алтын қоңыздарды» қолдап-қолпаштауға, алтын астауларына жем салуға билiк атаулы кетәрi емес. Кейбiр әншiлердiң әлемнiң көптеген елдерiне арнайы шақыртылып, оның болашақ концертiнiң қандай деңгейде өтетiндiгiне қарамастан аса қомақты сыйақы берiлетiн дәстүрдiң астарында да терең сыр бар. Әлгi әншiнiң жат елге келгенде өнер көрсетуге шамасы келе ме, табанасты дертке шалдығып, айқайлап ән айтуға шамасы келмей қалуы мүмкiн екендiгi ешкiмнiң қабырғасын қайыстырмайды. Кейбiр киноактерларға да көзқарас дәп осындай. Дабыра етiлген фильмге қанша ақша жұмсалса да, сол қаржы ақталатыны немесе ақталмайтыны белгiсiз екендiгiне қарамастан әлгi «алтын қоңыздың» қалтасына қомақты ақша түсетiндiгiне алдын ала кепiлдiк берiлiп қояды. Ең бастысы, титрде әлгi актерлардың аты тұрса болғаны!

Дегенмен, осындайда ең басты бiр мәселе ешқашан ашып айтыла қоймайтыны шындық. Сол актердың (әншiнiң) жеке басы қанша ақша алатыны және қаншасын өзiн арнайы шақыртқандармен бөлiсетiнi жетi қат жердiң астындағы жұмбақ. Тiптi, мемлекеттiк қатал заңдармен қорғалатын коммерциялық құпия! Әлемдегi кез келген компания, президенттер мен министрлер, жоғары лауазымды тұлғалардың да таза табысы қанша екенiн қоғамның бiлуге мүмкiндiгi болғанмен, әлгiндей «алтын қоңыздар» бiр сапарда қанша табыс табады, қаншасын өзiн жалдаған қожайындарымен бөлiседi, мұны бiлу мүмкiн емес.

Қазақстанда «Көшпендiлер» фильмiн түсiру барысында бұл жағдай анық байқалды. Ел аңсап күткенiмен онша сәттi шыға қоймаған фильмге мемлекеттiң 40 млн. долларға жуық қомақты қаржысы жұмсалғаны белгiлi болғанмен, шетелден шақыртылған актерлер – «алтын қоңыздардың» қалтасына қанша ақша құйылғаны әлi күнге аса құпия. Әркiм әртүрлi цифрларды айтқанмен, түлкiнiң құйрығын ұстаған ешкiм жоқ.

Өткен жылы күзде елiмiзге Ресейдiң белгiлi мәнерлеп сырғанаушылары Алексей Тихонов пен Мария Петрова арнайы шақыртылып, бейiмдi балалар мен жасөспiрiм спортшыларға тегiн мастер-класс өткiзедi, Астана мен Алматы қалаларында мұзда мәнерлеп сырғанауға үйренем деушiлердiң қолтығына қанат байлайды деп дүрiлдете насихатталған. Өкiнiшке қарай, мүлдем олай болған жоқ. Барған жерiнде үстерiндегi «Россия» деп бадырайтып жазылған күртенi тастамаған әлгi спортшылар өз елiн ғана насихаттады демесеңiз, Алматыдағы әйгiлi Mega ойын-сауық кешенiнiң мұз айдынына жиналған отыз шақты баланың әрбiрiнен сағатына 10 мың теңге жинады Бiр сағатта 30 баладан 300 мың теңге! Басқа жерлерде де осылай ақша жинап алғандары бiрқатар журналистерге жақсы мәлiм. Көпе-көрнеу өтiрiк айтқанша, елiмiзге олардың әу бастан-ақ қомақты ақша жинау үшiн келгенiн ашық айтуымыз керек едi. Ал, ойланып дәп осындай қомақты ақшаға кез келген шет елден бiлiктi маман шақыртып, жас балаларды айлап-жылдап спортқа үйретуге болатыны күмәнсiз.

Елiмiзге шетелден түрлi әншiлердiң жиi келуге құмарлығы, киноактерлардың көп келгiштейтiндiгiнiң астарында да осындай сыртқа беймәлiм сырлар бар. Сондықтан да Қазақстан «алтын қоңыздардың» ақша қалтасы ретiнде деген даңқымыз кеңiнен таралып отыр.

Қазақстанның Спорт және туризм министрлiгi (Темiрхан Досмұхамедов мырза) шет елдерден спортшыларды көптеп шақыртуды кеңiнен жолға қойғаны белгiлi. Әсiресе, Қазақстанға шетелдiк футболшылар жүдә құмар. Тiптi, өткен жылдары шеттен шақыртылған футбол жаттықтырушысының бiрi команданы мүлдем жаттықтырмапты деседi бiлетiндер. Аз ғана жылдардың iшiнде елiмiзге сырт елдерден келiп-кеткен ойыншылардың дәп санын Спорт министрлiгiнiң өзi де бiлмейтiн шығар. Және оларға қанша ақша жұмсалғаны да коммерциялық құпия.

Есесiне, өткен жылы Қазақстан Биатлоншылар федерациясының президентi, халықаралық биатлоншылар федерациясының вице-президентi, әйгiлi спортшымыз Владимир Смирнов қазақ спортында қалыптасқан келеңсiз жағдайға зор алаңдаушылық бiлдiре келiп: «Бiз қалай жеңiске жетiп жүрмiз! Бiз спортшыларды ақшаға белшесiнен көмiп тастадық, ал оның айналасындағы балалар спортын да, мектеп спортын да, денешынықтыруды да түк дамытып отырғанымыз жоқ», – деп қынжылған болатын.

Ал тауяда «Сentral Asia Monitor» газетiне (№5, 12-18 ақпан, 2010 ж.) сұхбат берген белгiлi саясаттанушы Әлихан Байменов мырза осыған дейiн қоғамға жұмбақ болып келген тағы бiр құпияның құлағын шығарды. Оның айтуына сенсек, веложарыстан «Астана» командасының атынан сынға түсiп жүрген испан спортшысы Альберт Контадорға Қазақстан жылына 5 млн. еуро сыйақы беретiн көрiнедi. Ал осы «Астана» командасының сапында Контадордан басқа талай-талай шет елдiк спортшылардың сынға түсетiнiн ескерсек, бұл қомақты сома одан әрi үстемелеп өсе түсетiнi күмәнсiз. Бiрақ ол соманың дәл қанша екендiгi әлi күнге ешкiм бiлмейтiн коммерциялық құпия! Еуропада өтiп жатқан сондай жарыстарға нақ Альберт Контадор қатыса ма, жоқ оның құпия сыңары қатыса ма, қазақ жұртына осының өзi де беймәлiм. Өйткенi, оларды бiздiң елiмiзде тiрiдей көргендер санаулы. «Астана» командасының мүшелерi ешқашан Қазақстанға келген емес, ел аралап үмiт еткен велоспортты насихаттаған емес. Тiптi, оларды жүзбе-жүз көргендер бар дегенге сену де қиын… Ара-тұра көгiлдiр теледидардан алыс жақта тағы бiр жарыс өткенi, оған «Астана» командасының қатысқаны туралы емiс-емiс хабар еститiнiмiз бар.

Ең сорақысы сол, «Астана» командасы әйгiлi жарыстарға қатысып, жеңiске жетсе, Қазақстанның емес Контадордың отаны – Испанияның туы көкте желбiреп, Пиреней түбегiндегi сол елдiң Әнұраны асқақтатып шырқалатын көрiнедi. Мiне, масқара! Сонда Альберт Контадор 5 млн.еуроны бiзден не үшiн алады?..

Бiр сөзбен айтқанда, елiмiзде «алтын қоңыздарға» молынан ақша төлеу әбден жолға қойылған. Ел ақшасын мұқият санап, үнемдеп жұмсауға үйренбеген кейбiреулер бюджеттiң қаржысын оңды-солды шашуда қамшы салдырмайды. Ал бюджеттiң қаржысы қарапайым адамдардың арқа етi – арша, борбай етi – борша болып жүрiп табатын ақшасы – салық төлеушiлердiң есебiнен қамтамасыз етiлетiнi ұмытылып кете беретiнi жан ауыртады.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары