ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ БIР АРНАҒА ҚАШАН ТҮСЕДI?
ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ БIР АРНАҒА ҚАШАН ТҮСЕДI?
Жақында Қазақстан Футбол одағының кезектi отырысында биылғы футбол маусымының күнтiзбесi мен жоспарлары жарияланды. Заңнамалық құжаттарға енгiзiлген түзетулер мен өзгерiстер, қазақ футболының дамуына ықпал ететiн бiршама реформалар, премьер-лигаға байланысты шешiмдер көпшiлiктiң назарына ұсынылды.
Ең алдымен легионерлерге байланысты қабылданған өзгертуге тоқталсақ. "Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекшi, осы келiмсектер мәселесi соңғы жылдардың көлемiнде бiтiспес шуға айналды. Қандай шешiм қабылданбасын, әйтеуiр жанкүйерлер мен футбол мамандарының көңiлiнен бiр шықпады. Футбол басқармасында отырғандар да жырға айналған осы түйткiлдi соңғы жылдардың бедерiнде бiржақты қыла алмай отыр. Жасы 30-дан асқан легионерлерге Премьер-лигада ойнауға тыйым салынғаны жұртшылықтың таңданысын тудырды. Ешбiр елде қолданбаған мұндай өзгерту, тiптi аяқдопшылардың өзiн таңқалдырғаны рас. Федерацияның қаһарынан қайта қоймайтын бiрлi-жарым бапкер өз ойларын ашық айтып, бұл жағдайға түзету енгiзбесе болмасын түсiндiрдi. Түсiндiрдi деп жай айтып жатқанымыз жоқ, өйткенi Қазақстан Футбол одағында үш қайнатса футболға сорпасы қосылмайтын шенеунiктер отыр. Осының барлығын қорыта келе, жасы 30-дан асқан сырттан келген футболшы ұлттық құрама сапында УЕФА-ның турнирлерiне қатысқан болуы керек деп тоқталды. Мақұл делiк. Бiрақ "Тобыл" командасы шабуылшы Ұлықбек Бақаевпен келiсiмшартқа отырып, биылғы маусымда оған сенiм артатынын бiлдiрiп отыр. Ал Өзбекiстан азаматының УЕФА турнирiнде ешқашан ойнамағаны, алда да ойнамайтыны белгiлi нәрсе. Бұны тек клуб президентi Халiмжан Ержановтың Футбол одағына жат адам еместiгiнен шығар дедiк те қойдық. Қазақ футболына көрiк берiп жүрген Сергей Рогачев, Андрей Лаврик, Сергей Епуряну секiлдi шеберлердiң ел футболына бергендерi көп едi. Өкiнiшке қарай, ендi олар қазақ жерiнде доп тебе алмайды. Заң солай.
Премьер-лигада өнер көрсететiн "Восток" клубының орнына көкшетаулық "Оқжетпестiң" ауысуы да сыбайластықты көрсетiп отырған сияқты. Жаңа жыл басталысымен-ақ, шығыс командасының басына қара бұлт үйiрiлген. Қаржылық тапшылыққа тап болған клубты Федерация жоғарғы лигадан алып тастаймыз деп қорқытты. Осы кезден бастап, Оралдың "Ақжайығына" ұтылып қалған "Оқжетпес" астыртын әрекеттерге көше бастады. Ресейден бас бапкер алдыртып, iске жарар легионерлер шақыртып, команда жағдайын барынша қалыпқа келтiрдi. Бiрiншi лигада өнер көрсететiн командаға келiмсек алудың не қажетi бар дерсiз? Ол туралы кеңiрек ойланар болсақ, төменгi дивизионның командасында легионердiң ойнауына тыйым салынған. Осы жағдайлардың барлығына шынайы көзбен қарасақ, көкшетаулықтардың премьер-лигада доп тебетiндерiне мол сенiмдi болған.
Ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстаған Бернд Шторктiң өз қызметiнде қалғаны, айтарлықтай жаңалық бола қоймады. Құлақ естiп, ет үйренген жағдайға "ләм" деп ауыз ашқандар да болмады. Немiс бапкерi келiсiмшарт бойынша, тағы бiр жыл Қазақстанда қалатын болды. Ал ары қарай жұмысы сәттi жүретiн болса, қосымша бiр маусым қосылмақ. Сол тағайындауда сөз сөйлегендер Шторк мырзаның аяғын жерге тигiзбедi. "Қазақстан ұлттық құрамасы ойын жағынан болсын, физикалық жағынан болсын, немiс жаттықтырушысы келгелi берi анағұрлым жақсарып қалды. Әр ойын сайын жiгiттерiмiз тәжiрибе жинақтап келедi", — дегендей жылы пiкiрлер төгiлiп жатты. Бiрақ бұқара халықтың ойы басқаша…
Ендi премьер-лига жаңалықтарына келсек, биылғы бiрiншiлiктiң күнтiзбесi жарияланды. Биылдан бастап 14 команда қатысатындықтан, чемпионаттың алғашқы туры кештеу, яғни 22-наурызда басталатын болады. Бiр жылы өтiп, бiр жылы керек болмай жататын Суперкубок осы жолы жалғасын қайта таппақ. Бұл кездесу Елорданың әсем жаңа стадионында өтедi деп жоспарланған.
Ел бiрiншiлiгiне қатысатын командалардағы жағдайға қарасақ, биылғы футболшылар ауысымы қарқынды жүрiп жатқан сияқты. Бiр командадан бiр командаға ауысып жатқандардың тiзiмi ұзын-сонар. Өткен жылғы ауыс-түйiстi негiзiнен астаналық "Локомотив" жасаса, биыл "Ақтөбе" мен "Тобыл" да қалысар емес. Айтпақшы, бiздiң бiрiншiлiкте ендi тағы бiр немiс бапкерi қызмет атқаратын болды. Астаналық команданы өз қарамағына алған Хольгер Фах "Локомотивтi" өрге сүйреймiн деп отыр. Дәл осы күндерi премьер-лиганың 14 ұжымы Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткiзуде.
Ермұхамед МӘУЛЕН