Гүлшат ӘЗIМБАЕВА: ОРАЛМАНДАР ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ

Гүлшат ӘЗIМБАЕВА: ОРАЛМАНДАР ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ

Гүлшат ӘЗIМБАЕВА: ОРАЛМАНДАР ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ
ашық дереккөзі
216

Қай мекемеде болса да, сол ортаның жүгiн қара нардай қайыспай көтерiп тұратын қой торысы болады. Сондай жандардың бiрi — Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментiнiң жауапты қызметкерi Гүлшат Әзiмбаева ханым. Ол кiсi көшi-қон саласында табан аудармай 13 жыл бойы қызмет етiп келедi. 1997 жылы Елбасының Жарлығымен Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiк құрылған болатын. Содан бергi уақытта талай басшы ауысты, талай тарихи кезеңдер артта қалды. Ал, Гүлшат апайымыз алыс-жақыннан келген қандастарымыздың мұң-мұқтажын жақсы бiледi. Сөйтiп, осы саланың майталманы атанды.

– Гүлшат Күреңтайқызы, Көшi-қон саласында табан аудармай 13 жыл қызмет етiпсiз. Осы он үш жылда жалпы қанша оралманды қабылдағаныңыз жөнiнде айта аласыз ба?

– 1997 жылы көшi-қонды реттеу мақсатында көшiп-келудiң мемлекеттiк квотасы енгiзiлдi. Алғашқы көшi-қон квотасы 500 отбасына бөлiнген едi. Соңғы 5 жыл көлемiнде бұл 20 мың отбасына дейiн көбейтiлдi. 1991 жылдан 2009 жылға дейiн Алматы қаласының өзiне 2300-дей отбасы, 7500-дей адам қоныстанды. Бұл квотамен қоныстанғандар саны, ал квотадан тыс келiп, үлкен мегаполисте өз орнын тауып, үлкен қаланың тыныс-тiршiлiгiне қосылып кеткендер қаншама. 1991 жылы ең алғаш шеттегi ағайынға сауын айтылғанда Моңғолиядан бiрден 70 мың отбасы көшiп келген едi. Солардың арасында Алматыға қаншама зиялы қауым өкiлдерi келдi. Моңғолияның халық әртiсi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Қабылаш Әбiкейұлы, Моңғолияның халық суретшiсi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Өмiрзақ Рыстан, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Майра Мұхамедқызы, ғылым докторлары Зардыхан Қинаятұлы мен Нәбижан Мұхамедханұлы, бұл тiзiмдi соза берсе, әрине, газеттiң бетiне сыймас. Мен осындай адамдармен жұмыс iстегенiм үшiн өзiмдi бақытты санаймын.

– 1997 жылмен қазiргi кезеңдi салыстырғанда, қоныс аударушыларды Алматыға қоныстандырудың қандай түйткiлдерi шешiлдi деп ойлайсыз? Әлде, Алматыдан орын табу әлi де машақатқа айналып отыр ма?

– Әрине, бiр кездерi Алматы қаласының квотасына қол жеткiзу аса қиын едi. Көшiп келушiлер ұзын-сонар кезекке тұратын. Өйткенi, 2004 жылға дейiнгi мемлекеттiң көшi-қон саясаты бойынша, оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету iсi жолға қойылған едi. 2004 жылдан бастап бұл саясат өзгердi. Оралмандарды баспанамен қамту iсi бiржолғы жәрдемақы берумен алмасты. Сол себептен болар қазiр Алматы қаласында көшi-қон квотасын алуға үмiткерлер саны көп емес. Бұның тағы бiр себебi, қалада тұрақты тiркеуiң болмаса, квотаға үмiткер бола алмайсың. Олар сол тiркеуге тұратын үй таппай қиналады. Дегенмен, былтыр бiз Алматы қаласына бөлiнген 130 отбасылық квотаны толығымен орындадық.

– Былтырдан берi "Нұрлы көш" бағдарламасының қолға алынып жатқаны белгiлi. Алматыда бұл бағдарламаны жүзеге асыру қалай көзделдi?

– Бұл бағдарлама Алматы мен Астана қалаларында тұрғын үйдi жалға беру есебiмен жүзеге асатын болды. Бұны биылдың ең үлкен жағымды жаңалығы деуге болатын шығар. Оралмандар халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын тобына енгiзiлiп, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 68 бабына сәйкес оралмандар жалға пәтер алатын санатқа кiрдi. Олар өздерi тұрақты тiркеуде тұратын ауданда кезекке тұрып, жалға берiлетiн үйлерге қол жеткiзе алады. Ол жалпы кезектен тыс жүзеге асады.

– Бұған қол жеткiзу үшiн қандай талаптарға жауап беру керек?

– Оралман әуелi Қазақстан Республикасының азаматы болмауы тиiс. Ықтияр хат және оралман мәртебесi, Алматы қаласында тұрақты тiркеуi болуы тиiс. Осы құжаттарын аудартып, нотариалды кеңседе растатқаннан кейiн, кезекке тұруына болады.

– Неге азаматтығы болмауы тиiс. Азаматтықты алған, алайда, баспанаға қол жеткiзе алмай жүрген азаматтар жеткiлiктi ғой…

– "Нұрлы көш" бағдарламасының басты талабы сол. Егер, азаматтығы барларды бұл санатқа қосатын болсақ, бұдан он жыл бұрын көшiп келгендер де оған қол жеткiзуге тырысады. Бұл пәтерлерге айына – коммуналдық төлемдердiң сыртында, бiр бөлмелi пәтерге екi мыңнан астам теңге, екi бөлмелi пәтерге – төрт мыңнан астам теңге төленедi. Әрi бұл бағдарлама бойынша Алматы, Астана қалаларына қоныстанамын деушiлерге шектеу қойылмайды.

– Бiрақ, бұған қол жеткiзу үшiн қалада тұрақты тiркеуi болуы керек қой. Ал, сол тiркеуге тұру мәселесi де қиямет қайымға айналатын түрi бар. Жақында қала әкiмi тұрғындар алдында берген есебiнде тiркеуге тұрғызу мәселесiн шектейтiндiгiн айтты….

– Бiрiншiден, Алматы қаласына келген оралмандар Көшi-қон полициясы беретiн уақытша тiркеуiмен оралман куәлiгiн ала алады. Оралман куәлiгiнiң басымдығы – Көшi-қон полициясы оны қайда тiркелем десе, сонда тiркеуге мiндеттi.

– Алматы қаласында бейiмдеу орталығы бар ма?

– Жоқ.

– Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон және демография комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырза оралмандардың тұрақты тiркеу мәселесiн бейiмдеу орталықтары арқылы шешемiз дегендi айтып едi.

– Бейiмдеу орталықтары барлық облыс орталықтарында бар. Өйткенi, облыстарға бөлiнетiн квота көп қой, 2500-3000 отбасыға дейiн қабылдайды. Бұның барлығы тұрақты тiркеу таба алмайды ғой.

– Биылғы көшi-қон квотасы бойынша Алматыға қанша отбасы келедi деп жоспарлап отырсыздар?

– Мемлекеттiк көшi-қон квотасы бойынша, Алматыға биыл 140 отбасы келуi тиiс. Ал бiр адамға төленетiн жәрдемақы – 141 мың 300 теңгеге жетiп отыр.

– Осы салада жұмыс iстегенiңiзге 1 мүшел толған екен. Қиындығы мен қызығы неде деп ойлайсыз?

– Әр саланың қызығы да, қиындығы да болады. Әрине, алғашқы кезде экономиканың өтпелi дәуiрiнiң бiршама керi әсерi болғаны рас. Сол жылдары электронды оралман базасының жоқтығы салдарынан, кейбiр ағайындардың бiрнеше рет көшi-қон квотасын иеленiп кеткен кездерi де болды.

Әрине, бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке қоныс аударған адамдар түгiлi, бiр облыстан екiншi облысқа қоныс аударушылар арасында да түрлi менталитеттегi адамдарды кездестiрiп жатамыз.

Бiр айта кетер мәселе, шеттен қоныс аударған ағайындардың балалары тым алғыр, зерек, өнерпаз болады. Мысалы, Республикалық физика-математика мектебiнде оқып жатқан оқушылардың 60 пайыздан көбi Қытайдан келген қандастарымыздың балалары. Жұбанов және Байсейiтова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектептерiнде де көп оқушымыз дәрiс алады. Соның iшiнде халықаралық дәрежедегi конкурстардың лауреаты атанып жатқандар, олимпиадаларда жеңiмпаз болып жатқандар да кездеседi. "Болашақ" бағдарламасы бойынша бiлiм алып жатқандар да баршылық. Мен соған қуанамын.

– Демек, оралмандар сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да айтарлықтай үлес қосып жатыр екен ғой…

– Әрине, кейде "оралмандар елiмнен не алам деп келмей, елiме не берем деп келуi керек" деген пiкiрлерге кездесiп қаламыз. Бiрақ, сан болған жерде сапа болады ғой. Олар демографиямызға, рухани-мәдени байлығымызға және ұлттық рухымызға келiп қосылып жатқан iрi күш.

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары