ОТБАСЫЛЫҚ БАҚЫТТЫҢ КIЛТI – ИСЛАМДА

ОТБАСЫЛЫҚ БАҚЫТТЫҢ КIЛТI – ИСЛАМДА

ОТБАСЫЛЫҚ БАҚЫТТЫҢ КIЛТI – ИСЛАМДА
ашық дереккөзі
762

Бiр күнi мұсылмандықты қабылдағанымен, жәһилия дәуiрiнде бойына сiңiп қалған зинақорлық әдетiнен арыла алмаған бiр жас жiгiт Пайғамбарымызға (с.а.у) келiп:

– Ей, Аллаһтың Елшiсi, маған зина жасау үшiн рұқсат берсең?! – дейдi. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жiгiттiң әбес өтiнiшiн ести сала, оған бiрден ұрса бастайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у) жiгiттi қасына шақырып, былай дейдi: – Осындай нәрсенiң сенiң анаңа жасалғанын қалар ма едiң? Сонда жiгiт: – Әке-шешем Сенiң жолыңда құрбан болсын, ей, Аллаһтың Елшiсi, әрине қаламаймын! – дейдi тiксiнiп. – Ешқандай адам анасына мұндай жиiркенiштiлiктi қаламайды. Сенiң қызың болса, оған осындай нәрсенiң жасалғанын қалар ма едiң? Сонда жiгiт: – Жаным Саған құрбан болсын, ей, Расулаллаһ, еш қаламас едiм! – дейдi жаны одан сайын түршiгiп. – Ешбiр жан да қызына мұны тiлемес едi. Ал әпкелерiңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едiң? – Жоқ, Пайғамбарым, мұны да қаламаймын. – Ешкiм де әпкелерiне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едiң? – Жо-жоқ, қаламаймын. – Ешкiм де қарындастарын қасiретке душар еткiсi келмейдi, – деген Аллаһ Расулы (с.а.у.) қолын әлгi жiгiттiң жүрек тұсына қойып: "Аллаһым, бұның күнәсiн кешiр, жүрегiндегi жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемшi бол!" – деп дұға етедi. Исламға дейiнгi кезеңде арабтарда әйелдiң құқығы тым төмен едi. Әсiресе, арабтар қыз балаларды тiрiдей жерге көметiн. Өлтiруге қимағандары қыздарын ұл балдарша киiндiрiп, жұрттан жасырып ұстайтын. Бұлай әйелдiң мәртебесiн тым төмендететiн себебi, қыздар өскенде жезөкшелiк жасап, абыройымызға дақ түсiредi деп ойлайтын. Шынында да Исламға дейiнгi жабайы араб қоғамында жезөкшелiк ерекше асқынып тұрды. Кейбiр арабтар ұлдарын тектi ету үшiн әйелдерiн өз қолымен ақсүйек адамның төсегiне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүктi болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келiп, еркектердiң бiрiне мына баланың әкесi сенсiң деп, оны зинадан туған балаға әке қылатын. Арабтардың "шиғар" деген некесi бойынша, қыздары бар арабтар бiр-бiрiне қыздарын қалың малсыз берiп үйленетiн. "Бәдел" деген неке бойынша, арабтар әйелдерiн бiр-бiрiне берiп айырбас жасайтын. Күйеуi өлген жесiрдi туыстарының бiрi зорлықпен өзiне әйел ететiн. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тiптi олар өгей шешелерiне дейiн үйлене беретiн едi. Ислам мемлекетi қалыптаспай тұрып-ақ, Мекке кезеңiнде Құран-Кәрiм әйел мен еркек теңдiгiн былайша паш еттi: "Шын мәнiнде мен сендерден еркек, әйел амал iстеушiлердiң амалын зая қылмаймын. Бiр бiрiңненсiңдер" (Әли-Ғымран-195). "Ер немесе әйелден кiм сенген бойда түзу iс iстесе, әлбетте, оны жақсы тiршiлiкте жаратамыз. Әрi оларға iстеген iстерiнен жақсырақ сыйлық беремiз" (Нахыл-97). Пайғамбарымыз (с.а.у) да әйел мен еркектiң теңдiгi хақында: "Әйелдерiңiздiң сiздерде, сiздердiң әйелдерiңiзде хақтарыңыз бар" деген болатын. Сондай-ақ, арабтардың қыздарын тiрiдей жерге көмуiн Құран-Кәрiм былай деп сынға алды: "Егер олардың бiреуi қызбен шүйiншiленсе (әйелiнiң қыз тапқанын естiсе), оны ашу қысып, бетi қап-қара бола бастайды. Өзiне берiлген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көмiп тастау керек пе? Ал олар нендей жаман үкiм бередi" (Нахыл-58-59). Сөйтiп, Арабтардағы ең зұлым, ең азғын арам әдетке тыйым салынып, Ислам бұл қаскөйлiктi тоқтатты. Құранда әйелдi қадiрлеу туралы былай баяндалады: "Сендер үшiн Аллаһ өз нәсiлдерiңнен әйел затын жаратты. Әйелден бала, баладан немере көрдiңдер. Сендерге ризық етiп алуан түрлi шырынды жемiс өсiрдi. Сонда да болса олардың өтiрiкке бой ұрып, Аллаһ берген игiлiкке күпiрлiк ететiндерi қалай?" (Нахл сүресi). Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандарға әйел затына ерекше көңiл бөлу керектiгi туралы көптеген хадис-шарифтер қалдырды. Солардың кейбiрiне тоқталар болсақ: "Мұсылмандардың ең жақсысы, әйелiне дұрыс қарағаны". "Әйелдерге жақсы мiнезде болыңыздар". Жалпы Ислам әйелдi, өз апа-қарындасыңдай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген едi: "Әйелдерге ер кiсiлер өзiнiң апа-қарындастарынша мәмiледе болуы керек. Еркектi адам қылатын әйел". Әйел дегенде ана еске түседi. Ал Құранда әкеге құрмет көрсетудi анадан бөлiп-жарып айтпайды: "Сендерге Аллаһ тек өзiне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет еттi. Олардың бiреуi немесе екеуi бiрдей қартайып (қалжырап) қалса "түһ" деушi болмаңдар, зекiп ұрыспаңдар. Екеуiне де iзеттi болыңдар. Екеуiне де зор мейiрiммен, кiшiпейiлмен бас иiңдер. "Аллаһым, олар менi бала кезiмде қалай мәпелеп өсiрсе, Сен де оларға сондай рақымдылық ете гөр!" – деп айт" (Исра сүресi, 23-24). Осы аяттың тәпсiрiн жасаған Сәйид Кутуб әке-шешеге құрмет жайлы Хафыз Әбу Бәкiр Бәззардың мына риуаятын мысал ретiнде келтiредi: "Бiр адам хажылық кезiнде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етедi. Бiр кезде Пайғамбарымыз (с.а.у)-нан "Оның ақысын өтей алдым ба?" – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): "Жүктi болған кезiнде алған бiр тынысының ақысын әлi өтей алмадың", – деп жауап бередi". Ислам мемлекетiнiң iшкi функциясындағы үлкен өзгерiстердiң бiрi, отбасылық қарым-қатынастың бiрiзге түсiп, әйел мен еркектiң, ата-ана мен балалардың құқықтар мен мiндеттерiнiң орынды белгiленуi едi. Отбасы – адамның өз бақытын тауып, ұрпақтың жалғасуы, әрi ислам дiнi бойынша күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бiрден-бiр қорған. Ислам дiнi бойынша отбасы түрi – патриархаттық негiзде қалыптасты. Алайда, бұл қараңғылық дәуiрдегi ер адамның отбасыдағы үстемдiгiнен өзгеше едi. Бiрақ, отбасын басқаруда отағасы белгiлi құқықтарға ғана ие болды. Мысалы, әке өз баласын сатуы мен өлiмiне шешiм қабылдауына құқығы болмады. Осыған байланысты қараңғылық дәуiрде орын алған жас сәбидi өлтiру әдетiне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел күйеуiнiң алдында кейбiр мәселелер бойынша тәуелсiз болды. Алайда, еркектiң қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, әйелден кейбiр мәселелерде үстемдiкке ие-тiн. Бұл жайында Құран былай дейдi: "Еркек – әйелге билiк жүргiзедi. Себебi, Аллаһ оларды бiр-бiрiнен артық етiп жаратқан және ерлер әйелдер үшiн мал-мүлiктерiн сарп етедi. Жақсы әйел ерiне бойсұнады, ерлерi жоқ кезде бiр Аллаһты пана тұтып, өздерiнiң абыройын сақтайды. Ал егер олардан жаман қылық көрсеңдер үгiт-насихат айтып, ескертiңдер, оған көнбесе төсекте бiрге жатпаңдар. Онда да болмаса (соңғы шара ретiнде) ұрыңдар. Егер бағынса, басқа жол iздеп оларды жәбiрлемеңдер. Аллаһ сендерден ұлы, әрi үстем. Ерлi-зайыпты екеудiң ынтымағы жараспай бара жатқанынан қауiптенсеңдер, онда ер жағынан бiр әдiл адамды, әйел жағынан бiр әдiл адамды жұмсаңдар. Аллаһ оларды татуластырар болса, онда араларының жарасып кетуiне дәнекер болыңдар. Аллаһ шынында да бәрiн бiлiп, барлығынан хабардар болып тұрады" (Ниса сүресi, 34-35). Құранның бұл үкiмдерiнiң басты мұраты – отбасының татулығын сақтап, егер, әйел мен ердiң арасында келiспеушiлiк туындаған жағдайда, оны шешу үшiн, ортаға татуластырушыларды салып, отбасының айрылысуын тоқтатуды көздеген-дi. Ислам дiнi патриархаттық отбасыны белгiлi бiр өлшемде ғана қолдады. Өйткенi, отбасылық қатынаста ер адамның әйелдiң көңiлiне дұрыс қарау, азық-түлiкпен қамтамасыз ету, киiндiру секiлдi мiндеттерi және әйелдiң тәуелсiз жеке көзқарасының болуы, мұсылман құқығында әйел мен еркектiң белгiлi бiр деңгейде теңдiгi болғандығын көрсетедi. Пайғамбарымыз (с.а.у) ер адам мен әйелдiң кәмелет жасына толғаннан кейiн мүмкiндiкке қарай тез үйленуiн уағыздады. Бұл туралы Ол (с.а.у) былай дейдi: "Неке менiң сүннетiм. Кiмде-кiм менiң сүннетiммен амал етпесе, менiмен бiрге емес. Үйленiңдер, себебi мен қиямет күнiнде басқа үмбеттердiң қасында сандарыңмен мақтанамын. Кiмнiң үйленуге шамасы жетсе, үйленсiн". Пайғамбарымыз (с.а.у) негiзiн салған мұсылман құқығы бойынша үйлену парыз, уәжiп, сүннет, харам, мәкруһ, мубах болып алтыға бөлiнедi. 1. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынасқа баратыны анық болған адамға үйлену парыз. Бiрақ ер кiсi әйелiнiң материалдық (iшiп-жемi, киiмi, тұрғын үй, ауырған жағдайда дәрi-дәрмек қаражаты) жағдайы және мәһир (қалың мал) ақысымен қамтамасыз етуi тиiс. 2. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынас жасауы мүмкiн қаупi бар адамға үйлену уәжiп (керек). Бұндай жағдайдағы еркекке қойылатын шарт әйелдiң мәһир (қалың мал) және материалдық жағдайын қамтамасыз етуi тиiс. 3. Үйленгеннен кейiн жұбайына жәбiр көрсетуi анық, белгiлi болған адамға үйлену харам (тыйым салынады). 4. Ауру болып, үйленгенде бұл ауру жұбайына жұғатын болса, немесе жұбайында да ауру болып, үйленгенде бұл ауру ерiне жұғатын болса, онда бұндай неке харам болып табылады. 5. Жұбайына жәбiр көрсетуi мүмкiн болған адамға үйлену мәкруһ (Аллаһ сүймейдi). 6. Үйленбесе жыныстық қатынасқа баратын қаупi жоқ, үйленсе жұбайына жәбiр көрсету да қаупi жоқ адам үшiн үйлену сүннет. Үйлену мәселесiндегi мұсылман құқығының бұл үкiмдерi халықты зинадан қорғауға негiзделгенi анық байқалады. Себебi зина отбасының шаңырағын шайқалтатын бiрден-бiр апат түрi. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у) бойдақ жiгiттерге: "Ей жiгiттер! Сiздердiң араларыңыздан кiмнiң үйленуге шамасы жетсе үйленсiн. Себебi үйлену көздi және нәпсiнi харамнан қорғаушы" деп жастарға зинаға бармастан бұрын үйленуге кеңес берген. Мұсылман құқығында үйленудiң соңы әйелге зұлымдық жасаумен жалғасатын болса, мұндай некенi макруһ (Алла сүймейдi) деп танып, әйелдi зұлымдықтан қорғайды. Әйелдi зұлымдықтан қорғаумен бүкiл жанұяның құрып кетуiнiң алдын алады. Себебi зұлымдық көрген әйелде күйеуiне деген өшпендiлiк сезiм күшейедi де жұбайлардың бiрлiгiн қамтамасыз ететiн сүйiспеншiлiкке деген жолдар жабылады. Бұл отбасыда дүниеге келетiн баланың педагогика тұрғысынан алғанда тәрбиесi жетiлмейдi. Мұсылман құқығында үйленудiң ең жақсы түрi – Пайғамбармыз (с.а.у)-ның сүннетiнiң негiзiнде үйлену екендiгiн анық байқауға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандарға үйленудiң келтiрер пайдасы туралы былай деген болатын: "Мұсылман Аллаһтан қорқып оған бойұсынғаннан кейiн жақсы бiр әйелден пайда көрген сияқты еш нәрседен пайда көрмейдi. Себебi әйелiне бұйырса, бұйрығын тыңдайды, жүзiне қараса сүйiспеншiлiгi оянады, сапарға шықса өзi болмаған уақыт бойы намысын және күйеуiнiң мал мүлкiн қорғайды". Бұл туралы Құранда: "Әйелдер сендердiң киiмдерiң, сендер әйелдерiңнiң киiмдерiсiңдер" (Бақара 187) – деп жұбайларды бiр-бiрiнiң денесiн суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлi зиянды нәрселерден қорғайтын киiмге теңеген. Мұсылман құқығында некеге тұрудың үш шарты бар. Бiрiншi шарты бойынша, үйленушi ер адам мен әйелдiң кәмелет жасына толуы, ақыл есiнiң дұрыс болуы және Құранда некелесуге тыйым салған негiздер сақталуы керек. Екiншi шарты бойынша, екi тараптың өзара келiсiмi болуы тиiс. Үшiншi шарт бойынша, некеге куәландырылып, жариялануы шарт. Маһир, әйелдiң келiсiмiне қарай, ақшалай немесе заттай болуы да мүмкiн. Мәһирдiң маңызы туралы Құранда Ниса сүресiнiң 24 аятында баяндалады. Мәһiр қалыңдыққа берiлетiн түрлi бағадағы құн ғана емес, керiсiнше қоғамдағы әйелдiң беделiн бiлдiретiн әйелдiң және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуiрде Арабтарда "Ниһлә" деп аталатын қыздың құны берiлетiн болған. Оны тек қыздың өкiлдерi алатын болған. Ал исламда әйел адам мәһiрдiң құнын да өзi белгiлеп, жұмсауы да өз еркiнде болды. Мәһiр үшiн белгiлi шек қойылмаған. Құран "Олардың бiрiне (әйелдерге) жүк-жүк мәһiр берсеңдер де одан бiрде-бiр нәрсенi керi алмаңдар" (21-Ниса 20) деп үндейдi. Мұсылман құқығы мына адамдардың бiр-бiрiмен үйленуiне тыйым салды: "Әйелдерден әкелерiң үйленгендердi үйленбеңдер. Бiрақ өткен өттi. Бұл бiр арсыздық және жиренiштi жаман жол. Сендерге аналарың, (әке-шешелерiңнiң аналары) қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары) қыз туыстарың, (әке-шеше бiр немесе бөлек) әкелерiңмен туысқан әйелдер, шешелерiңмен туысқан әйелдер, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары) сүт емiзген аналарың, жақындасқан әйелдерiңнiң (бұрынғы ерiнен болған) қолдарындағы өгей қыздарын, егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бiр оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдерi және енкi қыз туысты бiрге үйленулерiң арам қылынды…(Ниса 4/22-23). Құранның бұл үкiмдерi сөз жоқ, қараңғы араб қоғамы үшiн үлкен жаңалық болатын. Өйткенi, исламға дейiн арабтар өгей шешемен және кейбiр туыстарымен үйлене беретiн. Мұсылман құқығының отбасылық қатынастағы тағы бiр жаңалығы, бiр мұсылманның бас-бостандығы жоқ, күңмен некеге тұруына рұқсат беруi едi. Исламға дейiн, арабтар күңдердi некелеспей нәпсiнi қандыруға қалағанынша пайдаланатын. Ал, ислам күңдермен некеге тұрмайынша жақындасуға болмайтынын ескерттi: "Сендерден бiреудiң, мүмiн азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмiн күңдерден алсын. Алла имандарыңды жақсы бiледi. Бiр-бiрiңненсiңдер. Ендеше күңдерiңдi қожайындарыңның рұқсатымен олардың мәһирлерiн дұрыс берiп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңiлдес болмаулары шартымен алсын" (Ниса4/25). Мұсылман құқығы бойынша әйел мен еркектiң табиғи қасиеттерiне қарай өз мiндеттерi болды. Ер адам отбасының материалдық жауапкершiлiгiн өз мойнына алды (22-Талақ 6-7). Отбасыдағы ер адамның материалдық жауапкершiлiгi мына негiздерден тұрды: 1.Азық-түлiк. 2. Киiм-кешек. 3.Тұрғын үй. 4. Дәрi-дәрмек және емделу. 5. Үй жұмыстары көбейiп моральды салмақ түсетiн болса үй қызметшiсiн жалдау. Ал әйел мұсылман құқығы бойынша өз табиғатына сай, үй тiршiлiгiн, яғни, ас пiсiру, киiм-кешектi жуу, үйдi тазалау, сәндеу, бала-шағаға тәрбие беру секiлдi нәзiк iстердi атқарды. Мұсылман құқығы ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiн таңдауда қателесудiң және әртүрлi жағдайда келiспеушiлiктердiң болатынын ескерiп, отбасының бұдан ары қарай өмiр сүруi мүмкiн болмаған жағдайда, ерлi-зайыптылардың ажырасуына рұқсат бередi. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың мүмкiн болса: "Аллаһтың жақсы көрмейтiн iсi ажырасу" деп ажыраспауын үндеген. Ажырасу мұсылман құқығы терминi бойынша "талақ" деп аталады. Мұсылман құқығындағы "талақ" етудiң мынандай ерекше негiздерi бар: 1. Құран мен Сүннет тәртiбiне қайшы негiздегi талақ ету харам (тыйым салынған). 2. Тәртiбi мен iс-әрекетiнде кiнәрат болмаса да кемшiлiксiз әйелдi талақ ету макрүһ (Аллаһ сүймейтiн, жақсы көрiнбеген). 3. Iшкiлiк, құмар сияқты харам iстермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу сүннет. 4. Отбасылық өмiрде харам iстердi жасап, дiн бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелдi талақ ету парыз. (5-359). 5. Араларында махаббаттары болмаған жанұялардың ажырасуы тұрғысында әр түрлi көзқарастар айтылады. Бұл ерлi- зайыптылардың өздерiне қалған шешiм. Мұсылман құқығы талақ үкiмiн жанұяны бұзу үшiн емес, қайта жанұяның берiктiгi үшiн қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жiберген қателiгiн немесе жанұя болғаннан кейiнгi қателiктi түзету үшiн талақ үкiмi жүзеге асырылады. Сонымен бiрге, "талақ" үкiмi арқылы тараптар кеште болса өздерiнiң қателiктерiн түзетiп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзiне тең жар табуға мүмкiндiк алады. Мұсылман құқығында "талақ" ету құқығы ер адамға берiлуiнiң себебi, ер кiсi әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешiм қабылдауда байсалдылығы негiзге алынған. Мұсылман құқығы некенiң маңызды екенiн бiлдiру мақсатында "талақ" сөзiнiң қалжың болса да айтылмауына аса мән бередi. Талақ үкiмiнiң мақсаты жұбайлардың арасын жарастыру. Себебi еркектiң талақ айтуы үшiн қойылған ең жақсы тәртiп бойынша талақ үш рет, айтылуы керек. Яғни, талақ еткеннен кейiн, ерлi-зайыптыларға қайта қосылуға үш рет мүмкiндiк бередi. Қайта қосылуға мүмкiндiк беретiн мұндай талақ етудi ража талақ деп атайды. Соңғы талақ айтылғанан кейiн 3 ай мерзiм өтедi. Бұл ұзақ мерзiм олардың өкiнуi мен ойлануларына уақыт бередi. (21-Талақ 1) Ал, үш рет талақ еткеннен кейiн рұқсат бермейтiн талақ түрiн вайн талақ деп атайды. Мұсылман құқығы бойынша мұсылман ер адамға бiр мезгiлде төрт әйелге дейiн үйленуге рұқсат бердi. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: "…Өздерiңе жаққан басқа әйелдерден екi, үш және төртке дейiн үйленiңдер…"(Ниса 4/3) Бiрақ, мұсылман құқығында ер адам әйелдерiне тең қарай алмаса, көп әйел алу харам (тыйым салынады) саналады. Бұл туралы Құранда былай айтылады: "..Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда бiреу алыңдар…" (Ниса 4/3). Яғни, көп әйел алуға ер адамның психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығы болып, әйелдерiн бiр-бiрiнен алаламайтын теңдiк қағидасы негiзiнде қарауы тиiс. Мұсылман құқығы көп әйел алуға мынандай себептердiң болуы керектiгiн алға тартады: 1. Физиологиялық тұрғыдан күштi болып, бiрiншi әйелiнiң келiсiмiмен әйел алуға болады. 2. Бiрiншi әйелiнiң физиологиялық тұрғыдан кемiстiгi (тумайтын бедеу немесе әртүрлi ауруларға ұшыраса) болса, келесi бiр әйелмен некеге тұруға болады. 3. Туған жерiнен түрлi себептермен басқа елге өтiп кеткен жағдайда, алты айдан кейiн басқа әйелмен некеге тұруға болады. 4. Соғыс жағдайында ерi қайтыс болған жесiр әйелдердiң ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкiн басы бос әйелмен некеге тұруға болады. Осылайша Исламға дейiн әйел затын құмарға қандырушы бiр сәттiк ләззатқа балаған араб қоғамына Ислам түбегейлi өзгерiстер әкелдi. Исламның келуiмен ескi тағылық, тұрпайы iс-әрекеттердiң бәрiне тыйым салынып, жеңiл жүрiс пен көңiл көтеру, зина секiлдi азғынданудан ада, пәк, белгiлi бiр тәртiпке бағынған абыройлы отбасылар пайда болды.
Мұхан ИСАХАН

Серіктес жаңалықтары