ШЫҒЫСТЫҢ "ҚАРА РАУШАНЫ"

ШЫҒЫСТЫҢ "ҚАРА РАУШАНЫ"

ШЫҒЫСТЫҢ "ҚАРА РАУШАНЫ"
ашық дереккөзі
304

Биназир Бухутто туралы баянды "Мұсылман әлемi әйел задына қаншалықты еркiндiк бередi?" дегеннiң төңiрегiнен бастау керек сияқты. 1988–1990 және 1990–1993 жылдар аралығында Пакистан Ислам республикасының премьер-министрi болған Биназир Бхуттоны жаңа тарихтағы мұсылман елiнiң ең алғашқы әйел басшысы есебiнде әйгiлеу ләзiм. Iзiнше оған Тансу Чиллер iлестi.

"Менiң әкем — нағыз мұсылман. 12 жасымда анам басыма чадра кигiзгенде қайран әкем: "бұл мәселенi қызымның өзi шешсiн, өйткенi ислам дiнi әйелге еркiндiк бередi" дедi. Содан берi мен мұсылман әйелдерi дәстүрiмен чадра киген емеспiн" деп есiне алыпты Биназир ханым.

Жалпы, Биназир Бхуттоны заманауи исламдағы әйел бейнесiнiң жарқын образы деп пайымдау керек. Рас, Индонезия мен Филиппин мұсылман әйелдерi ораза-намазын қаза қылмаса да өркениеттi еуропалық стандарттардан бас тартқан емес. Тiптi, әлдебiр индонезиялық әйелдiң "бiздiң дiнiмiз — дүниедегi ең әдiл дiн. Сондықтан өркениеттi елдегi мұсылман әйелдiң еуропалық мәдениеттi ұстануының несi айып?!" деген сөзiн теледидардан өз құлағымызбен естiгенбiз. Әлбетте, ол басқа мәселе. Биназир Бхутто — ерiнiң қас-қабағын баққан қарапайым мұсылман әйелi емес едi. Ол саясаткер, үкiмет басшысы болды. Алайда басынан орамалын тастаған емес.

Пакистанның болашақ басшысының бiлiм алуы да тосын. Ақпарат көздерi нағыз мұсылман қызы бола тұра оның Қарачидегi Ғайса мен Мәриям ана-сынды әйелдердiң католик мектебiнде дәрiс алғанын айтады. 15 жасында орта мектептi бiтiрiп, АҚШ-тағы Гарвард университетiне түседi. Өз сөзiне қарағанда, ол "дәл осы ортада демократия дәмiн сезiнген". Гарвардты бiтiрiсiмен Биназир 1976 жылға дейiн Оксворд университетiнде политологиядан, экономикадан дәрiс алады. Ол кезде Пакистанның премьер-министрi болған Зульфикар Әли Бхутто iзiнше Пакистанның президентi болып сайланған.

1987 жылы Бхутто Асиф Али Зардариге тұрмысқа шығады. Зардари – Синд провинциясындағы бай әулеттерiнiң бiрiнен шыққан шейт. Қауесетке қарағанда, бұл әрекеттi есеппен үйлену десе де болғандай. Биназирге болашақ жарының батысқа бейiм демократиялық көзқарастары ұнайтын. Қосақтардан өмiрге үш бала келдi.

1977 жылы Пакистанға оралған Биназир дипломатиялық қызметпен айналыспақ болады. Бiрақ Зульфикар Бхутто қызының парламентте отырғанын қалайды. Алайда, әулеттiң бұл дәуренi ұзаққа созылған жоқ. Сол жылдың шiлдесiнде генерал Зия-уль Хақ әскери төңкерiс жасап, билiктi тартып алады. Бхутто қызымен бiрге түрмеге қамалады. 1979 жылы оның әкесiн жазалап өлтiредi. Ұзақ уақыт үй қамағында болған Биназирге ақыры Ұлыбританияға қоныс аударуға рұқсат етiледi. Биназир әкесi негiзiн қалаған Пакистан Халық партиясының тiзгiнiн ұстаған соң бауырлары Мұртаза мен Шах Наваз онымен билiкке таласады. Ақыры партияның тiзгiнi олардың шешесiнiң қолына өтедi. Отбасындағы осындай кикiлжiңдердiң Биназирдiң саяси қызметiне тiкелей әсер еткенiне дау жоқ.

Алайда 1988 жылдың 16 қарашасында өткен еркiн парламент сайлауында Халықтық партия жеңiске жетiп, Биназир Бхутто премьер-министр орын тағына жайғасты. Сiрә, тарихи оқиғаның жүзеге асуы қасқағым сәт болса керек. Мұсылман елдерiнiң тарихында алғаш рет үкiмет басына әйел заты келген. Әлбетте, мұндай жетiстiкке Биназир алдымен атақты әкенiң даңқы арқасында жеттi. Алайда өз әкесi ұстанған саясатқа ол оң қабақ танытпады. Биназир көтерген ұрандардың арасында "социализм" деген сөз жоқ едi. Биназирдiң күйеуi жаңа үкiметте қаржы министрi орынтағын иемдеген. Жаңа кабинет бiршама әлеуметтiк және саяси реформаны жүзеге асырды. Ең бастысы, ежелгi жау Үндiстан мен арадағы қарым-қатынас түзелген. Дегенмен Биназир Бхутто кезеңiне тән бiр құбылыс бар. Ол — коррупция. Оның үстiне сол корупцияның ортасында Биназирдiң құдай қосқан қосағының өзi жүрген едi. Асиф шетелдiк инвесторлардан салымның 10 пайызын тұрақты түрде талап еткендiктен "10 пайыздық мырза" атағына ие болады. Асиф Зардари төңiрегiндегi дау Пакистан аумағынан шығып, Ұлыбритания мен Швейцарияны қамтаған. Әрине, бұл оқиғаның Биназир Бхутто беделiне тiкелей әсер еткенi өтiрiк емес. Сөйтiп, 1990 жылдың ортасында ел президентi Исхақ Хан Биназир Бхутто үкiметiн отставкаға жiбередi.

1993 жылғы кезектi парламент сайлауында Бхутто коррупциямен және кедейлiкпен күрес ұранын көтергенмен, Халықтық партия алған дауыс басты бәсекелесi Мұсылман лигасы алған дауыстан аз-тұғын. Сондықтан Бхутто үкiмет құрушы консервативтi партиямен коалиция құрады. Соның нәтижесiнде екiншi мәрте премьер-министр болған Биназир кең ауқымды реформалар бастайды, мұнай кенiштерiн мемлекет меншiгiне алып, әлеуметтiк бағдарламаларға мол қаржы құяды. Соның нәтижесiнде елдегi бiлiм беру жүйесi өркендеп, қиырдағы елдi мекендерге электр тоғы мен ауызсу жеткiзiледi. Биназир билiгi кезiнде сыртқы инвестиция артып, Пакистан экономикасы көршi Үндiстаннан алға шыққан. Бхуттоның харизмасының қалыптасқан кезi де осы. 1996 жылы ол халықаралық дәрежедегi ең танымал саяси қайраткер есебiнде Гиннестiң Рекордтар кiтабына ендi, Оксфорд университетiнiң докторы атанып, құрметтi атақтар иемденедi.

Бүгiнгi әлемдегi саусақпен санарлық ядролық қаруы бар мемлекеттер сапына Пакистанның қосылуында Б.Бхуттоның өзiндiк үлесi бар. Ол ядролық қару жасау бағдарламасын қаржыландыру қозғалысының басында тұрған тұлға. Талибан қозғалысының көмегiмен есiрткi саудасын азайтып, Ауғанстанда тұтқынға түскен кеңес солдаттарын азат ету арқылы Ресеймен әрiптестiкке түсуiн де оның саяси жеңiс деп пайымдау ләзiм.

* * *

Биназир Бхуттоны саяси күрес барысында қастандықтардан көз ашпаған әмiршi деп қисындаған дұрыс. Оның билiктегi жолында түрлi кедергiлер де көп болды. Бхуттоның екiншi премьерлiгi тұсында елдегi сыбайлас жемқорлық онан әрi өрiстедi. Атап айтқанда оның күйеуi Зардариге тағы да парақорлық бойынша айып тағылған. Осы iстi зерттеген Бхуттоның ағасы Карачиде жұмбақ жағдайда көз жұмады. Ел арасында бұл кiсi өлiмiне Зардари мен Биназир кiнәлi деген қауесет тарапты. Бхуттоның халық алдындағы беделi төмендедi. Керiсiнше Ислам фундаминталистерiнiң ықпалы артқан. 1996 жылы соның салдарынан Бхутто үкiметi Ауғанстандағы талибан режимiн тануға мәжбүр болады. Сол жылы қыс қарсанында Биназир Бхутто үкiметi отставкаға кетедi.

Биназир Бхуттоға қарсы қастандықтар легiнiң қатты өрiстеуi де осы кезде. Халықаралық террорист Усама бен Ладен "Пакистанның Қара раушан гүлi" атанған Биназирдiң басына 10 миллион доллар сыйақы төлейтiнiн мәлiмдейдi. 1999 жылдың басында үкiмет басына Бхуттоның бiтiспес жауы Мушарафф бастаған әскери адамдар келедi. Биназир Бхутто отбасымен бiрге эммиграцияға кетуге мәжбүр болады.

Пакистан президентi Мушараффпен Абу-Дабидегi кездесуден соң 2007 жылдың 18-қазанында 8 жылдық эмиграциядан соң Биназир өз отанына оралады. Биназир табаны Пакистан топырағына тиген күнi оған қастандық жасалып, бомба жарылғысынан 130 адам өлiп, 500-дейi жараланады. Ол жолы Бхуттоны Құдай қаққан.

Әль-Каида мен Талибан жетекшiлерi де қарап жатқан жоқ едi. Аталмыш террорлық ұйымдар Бхутто Пакистанға келiсiмен жатпай қастандықтар легiнiң басталатынын алдын-ала ескерткен. Алайда, сарапшылар ең басты қатердi Зия-уль Хақ iзбасарларынан күткен. Биназир мен оның партиясының Пакистанға оралуын қаламайтын бiр топ болса, ол осы Зия-уль Хақ iзбасарлары едi.

2008 жылдың қаңтарына белгiленген парламент сайлауында жеңiске жететiнiне Биназирдiң өзi қатты сендi. Жергiлiктi заңдарға сәйкес Пакистанда бiр адамның екi реттен артық премьер-министр болып сайлануға хақысы жоқ.

Мұндай жағдайдағы саяси текетiрестiң зардапсыз болмауы да мүмкiн емес. 2007 жылы президент Мушарафф елдегi терроризм мен экстремизмге орай төтенше жағдай жариялайды. Биназир Бхутто бұл әрекеттiң режимдi нығайтып, Мушараффтың қолына шексiз билiк ұстататынын ресми түрде мәлiмдеген. 9 қарашада экс-премьер бронды техниканың көмегiмен көршi Равалпинди қаласындағы митингiде сөз сөйлеу үшiн Исламабадтағы үйiнен шығады. Соның алдында ғана президент Мушараффты отставкаға кетуге шақырғаны үшiн ол үй қамағына алынып, жаңа ғана босатылған. Б.Бхутто ел президентiн "Демократияға жету жолындағы кедергi" деп атаушы едi.

Сол жолғы сапарында Равалпинди қаласында Бхуттоға екiншi мәрте қастандық жасалды. Жанкештi террорист Бхуттоны әуелi мойынынан атып, iзiнше жарылғыш қондырғыны iске қосқан. Ауыр жараланған Бхутто шұғыл түрде ауруханаға жеткiзiледi. Бiрақ сол жолы "Пакистанның қара раушан гүлi" операция столында көз жұмады.

Мұсылман қыздары арасында аса iрi, ядролық қаруға ендi қол жеткiзгелi тұрған iргелi мемлекеттiң үкiметiн алғаш болып басқарған "Шығыстың қара раушанының" отбасындағы коррупцияға, түрлi ыңғайсыз оқиғаларға қарамастан шын мәнiсiнде харизматикалық тұлға болғаны даусыз. Рас, онан соң Түркия үкiметiн екiншi бiр мұсылман әйелi Тансу Чиллердiң басқарғаны белгiлi.

Бiрақ, Биназир Бхутто әлемдiк көзқараста "Шығыстың қара раушаны" мәртебесiнде қалды.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары