ЖҮЗ ЖАСАҒАН ӘЖЕНIҢ ШӘЙI ДЕ ШЕРБЕТ

ЖҮЗ ЖАСАҒАН ӘЖЕНIҢ ШӘЙI ДЕ ШЕРБЕТ

ЖҮЗ ЖАСАҒАН ӘЖЕНIҢ ШӘЙI ДЕ ШЕРБЕТ
ашық дереккөзі
348

Елбасы өзiнiң биылғы Жолдауында ел тұрғындарының өмiр сүру ұзақтығына аса мән берген едi. Әрине, дәл қазiргiдей экологиялық ахуал нашарлап кеткен уақытта ұзақ ғұмыр кешу де екiнiң бiрiне бұйырмас бақыт деуiңiз мүмкiн. Бiрақ, бұл жәй күмiлжу ғана. Ел iшiн аралап жүрсеңiз, екi ғасырдың да қызығы мен шыжығын көрген көнекөз қарттардың тiршiлiк кешiп жатқанына куә боласыз. Соның бiрi әрi бiрегейi — 100 жасқа толып отырған Рахия әжей.

1910 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген Рахия Әбiшева кiшкентайынан ауыр еңбекке араласып, талай тауқыметтi тартып өсiптi. Ешбiр қиындыққа мойымаған әжейдiң тағдыр-таразысы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Өмiрiнiң ең арпалыс кезi талай түтiндi сөндiрiп, талай боздақты еңiреткен зұлмат жылдармен тұспа-тұс келгенiн есiне алғанда өне бойы мұздап сала бередi. Отбасылы болғаннан кейiнгi ғұмыры да сары уайыммен өтiп, 1940 жылы майдан шебiне аттанған отағасын күтедi. Рахия әжей бұл уақытта ауылшаруашылығы саласындағы кез келген шаруаға бас қойып, тыл жұмыстарына да араласып кетедi. Бақша егiп, агрономдық қызмет атқарады. Құдай тiлегiн оңдап, шайқас алаңынан аман-есен оралған жарымен бiрге жетi құрсаққа өмiр нәрiн сыйлайды. Бүгiнде 6 баласынан 20 немере, 15 шөбере, 1 немене сүйiп отырған қазыналы қарт Алматы қаласының көпқабатты үйiнде тұрады.

"…Балаларды оқытып-шоқытамыз деген мақсатпен 1977 жылдан берi осындамыз. Шалымның өмiрден озғанына да көп болды. Не iстеймiн? Шамам жеткенше немеремнiң бәрiн бақтым, қарадым. Қазiр де олар сабаққа, жұмысқа кетсе, тамақтарын пiсiрiп, дайындап қоямын", –деп күлiмдейдi кейуана. Шынында да, Рахия әжей қол қусырып отырмайтын сияқты. Аздап құлағының ауырлығы мен аяғының сыздайтындығы болмаса, денсаулығы да бiрқалыпты. Тұңғыш ұлы Педжан ағаның өзi 70-тi еңсерсе де, әлi күнге анасына балаша еркелейдi екен. "Бәрiмiз үйлi-баранды болып кетсек те, апамның жылуына жететiн ештеңе жоқ. Айына, тiптi, аптасына бiр рет ыстық бауырсағы мен бiр шәугiм шәйiн iшiп кететiн дәстүрiмiз бар. Ол – бiздiң дәрiмiз сияқты. Егер арасы үзiлiп қалса, басымыз ауырып жүредi", – дейдi отбасының ұйытқысы Рахия әжейге бас иiп.

Асылдың сынығындай болған әжей қыздары мен келiндерiне де нағыз мейiрiмдiлiк, адалдық, кiсiлiк, тазалықтың символы iспеттес. Артынан ерген ұрпағын адам баласының ала жiбiн аттамауға баулыған Рахия әжей бүгiнгi заман ағымына да iлесiп келетiнiн аңғартты. "Қазiр заман басқа. Келiндерiм мен қыздарыма өмiрге ұрпақ әкелiңдер, қазақтың санын көбейтiңдер деп айтуын айтамын ғой. Бiрақ, бүгiнде кәрi кiсiден ақыл сұрап жатқан жастар бар ма? Әрқайсысында екеуден, үшеуден ғана бала бар. Қайдан бiлейiн, көп табуға болмайды дейдi ғой. Өздерi бiледi. Оның үстiне қалалы жерде жұмыс iстемесең, тағы күн көре алмайсың. Егер Үкiмет көмек берiп жатса, ештеңеге қарамастан туу керек қой" деп, көптiң көкейiндегi ойды бүлк еткiздi. Келiндерi мен қыздарына ренжiсе де, бар кiлтипанды уақыттың талабы мен сұранысынан iздейдi.

Иә, аумалы-төкпелi кезеңнiң ащы зардабын тартқан кейуананың бұлай күңiренетiн жөнi бар. Кешегi қиын-қыстау тұста қаншама қазақ қыршынынан қиылып, бейбiт өмiрдi көре алмай кеттi. Мiне, сол елi, Отаны, ұлты үшiн өзiн құрбандыққа шалған батырлардың орнын толтыру бүгiнгi аналарға жүктелген мiндет. Рахия әжейдiң жатса да, тұрса да, ойынан шықпайтын тiлегi мен арманы – қазақтың көбеюi. Өйткенi, "Басқа арманымның бәрi орындалды" дейдi жүзiнен мейiрiм шуағын сепкен әже.

Алайда, Рахия әжейдiң әлi де ұзақ жасайтынына күмәнданбайтын бала-шағасы әзiлге айналдырып, "Пәленше немереңдi үйлендiрiп, қызығын көргеннен кейiн босайсың, оған дейiн кетем деушi болма…" деп қалжыңдасып, күлiп алады екен. Бәрiне басын изей беретiн қарт әжей осы күнге жетудi бiр Алладан ғана тiлейдi.

Рахия әжейдiң әжесiнiң өзi төрт атасын көрiп, 100-ден асып барып дүниеден өтiптi. Соның әсерi шығар, бiр ғасырды жасаған Рахия әжей бүгiнге дейiн Ораза ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. Қасиеттi жұма күнi барған бiз арнайы Құран бағышталған шелпектен де дәм таттық. Рахия әжей ақ батасын берiп, шығарып салды. Бiз де iштей әжейге бала-шағасының таусылмас қызығын көрудi нәсiп етсiн деп тiледiк.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары