БҰРЫМ, ОРАМАЛ ЖӘНЕ БIР КҮНДIК САЯСАТ

БҰРЫМ, ОРАМАЛ ЖӘНЕ БIР КҮНДIК САЯСАТ

БҰРЫМ, ОРАМАЛ  ЖӘНЕ БIР КҮНДIК САЯСАТ
ашық дереккөзі
431

Қазақстанда 64 000 шенеунiк әйел бар екен

Қазақстандағы аты мәлiм және беймәлiм саясат және қоғам қайраткерлерiн, ақ жағалылар мен марғасқаларды түгел түстеп танымаса да, ел алдында жүрген азаматтарды есепке алып, аты-жөндерiн «киiз кiтабына» тiркеп отыратын бiр адам бар. Ол – саясаттанушы Данияр Әшiмбаев. Саясаттанушының айтуынша, тәуелсiздiк алғалы 18 жылда Қазақстанда саясаттағы әйелдер саны көп өзгерiске ұшырай қоймаған. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан Үкiметiндегi әйелдердiң жалпы саны 7-8 пайыздан аспаса, бүгiнгi күнде де сол 7-8 пайыз күйiнде қалып отыр. Бiрақ, бiздiңше, саясаттағы әйелдер туралы сөз қозғағанда, саннан гөрi сапаға жүгiнген дұрысырақ болар.

Украинаның саясаткерi Юлия Тимошенконың атын естiген кезде, көз алдыңызға оның шаш қою үлгiсi келерi сөзсiз. Саясаткер үшiн сыртқы бет-бейне – небiр қызыл сөз бен жалынды ұрандардан басым түсетiн өлшем. "Сырт көз – сыншы", былайғы жұрт Тимошенконың украинның ұлтшыл қызы екенiне күдiксiз сенедi. Өйткенi, оның уытты сөздерi, iс-әрекетi ғана емес, шаш қою үлгiсi, киген киiмi де, жүрiс-тұрысы да "Мен – украиндықпын!" дегендi әйгiлеп тұрғандай.

Жалпы, Тимошенконың имиджi ұдайы ресейлiк журналистердiң өткiр сынына iлiнедi де жүредi. Мұның астарында атойлаған ұлтшылдықты ұнатпаған сыңай бар сияқты. Бiрақ қанша сыналса да, осыдан сегiз жыл бұрын шашын украинша түйiп, саяси сахнаға шыққан Тимошенко осы имиджiнен айныған емес. Стилист мамандар тiптi бұл шаш қойыстың "туған күнiн" де белгiлеп қойыпты: 2001 жылдың 19 сәуiрi.

Бiр қызығы, Тимошенконың бұрымы әлемдiк сәнқой қыз-келiншектердi де тәнтi еткен. Сән қоюшы Наоми Кемпбелл, әншi Кайли Миноугтар әр кездерде Тимошенконың бұрымына ұқсатып шаш қойып, көпшiлiк алдына шықты.

Жақында Тимошенконың шаштаразы Елена Седых саясаткер-әйел сыртқы имиджiн өзгертуi мүмкiн деп мәлiмдедi. Бiрақ бұрымды кесу туралы сөз болуы мүмкiн емес. "Юлия Тимошенко – бүкiл әлемге әйгiлi саясаткер, оның сыртқы бейнесiн өзгерту кезiнде шектен шығуға болмайды. Оның үстiне, оның бұрымы – өте күштi әрi харизматикалық атрибут қой" дедi шаштараз.

Тағы бiр дерек, Тимошенко жақында "Интер" телеарнасындағы тiкелей эфир кезiнде журналистердiң "Осындай қымбат әрi жақсы киiмдердi қайдан аласыз?" деген сұраққа жауап ретiнде үстiндегi көйлек жағасының астарын көруге рұқсат еттi. Жиналған қауым алдында Тимошенконың жағасының астарын қараған журналист белгiлi украиндық дизайнер қыз Айне Гассенiң аты-жөнiн оқыды. Осы сәттi ұрымтал пайдаланған Тимошенко "Мен украиндық тiгiншiлердi жарнамалап жүрмiн!" деп жымиды.

Қазақстан тәуелсiз ел болғалы барша әлемдi шарпыған жаһандық мәселелермен бетпе-бет келуге мәжбүр. Солардың бiрi – гендерлiк саясат. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң ерекше тапсырмалар бойынша елшiсi Мәдина Жарбосынованың айтуынша, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалығы кезiндегi басым бағыттардың бiрi – гендер мәселесi болмақ. Осы орайда, Қазақстанның бастамасымен наурыз айында ЕҚЫҰ-ның "Гендерлiк тепе-теңдiктi сақтау және әйелдердiң саясатқа және қоғамдық өмiрге араласуына жол ашу" атты қосымша кеңес өткiзу жоспарланып отыр.

Қазiргi Үкiметтегi жалғыз әйел-министр – Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың екiншi қызметi Президенттiң жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның төрайымы екенi белгiлi. Гүлшара Әбдiхалықованың айтуынша, бүгiнгi таңда атқарушы билiк органдарында 64 000 әйел қызмет етедi. Бұл – жалпы мемлекеттiк қызметтегiлердiң 58 пайызы. Олардың iшiндегi ең ықпалды, беделдi, тәжiрибелi мамандар "Нұр Отан" ХДП кадрлiк резервiне енгiзiлген.

Бұл деректерге қарағанда, Қазақстанда гендерлiк мәселенiң ақсап жатқан тұсы жоқ сияқты. Оның үстiне, соңғы жылдары әйелдердiң саяси-қоғамдық белсендiлiгi арта түскен. Мысалы, Парламент Мәжiлiсiндегi әйелдер саны алдыңғы шақырылымға қарағанда екi есе көбейiп, қазiр 20 пайызға жетiптi. Қазiр орталық аппаратта әйелдер қауымынан бiр министр, екi агенттiк төрайымы, бес вице-министр, төрт жауапты хатшы қызмет етедi.

Бiрақ, осы уақыттың iшiнде қазақтың шенеунiк әйелдерiнiң iшiнен украиндық Тимошенко сияқты өзiн жарқырата көрсете бiлген ақ жаулықтың жоқтығы қынжылтады. Ақ жаулықты шенеунiк туралы әңгiме айтылса, қысқа шашты, қабағы қатулы, шолақ етек көйлек киген белсендi көзге елестейдi. Құдды "советтiк" типтегi әйелдiң кескiнi…

Дегенмен, мемлекеттiк қызметте жүрiп-ақ өзiнiң аналық, әйелдiк парызын ұмытпаған ақ жаулықтыларымыз да бар. Олардың бiрi – кезiнде орталық сайлау комиссиясының төрайымы, одан кейiн әдiлет министрi болған, қазiр Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Зағипа Балиева. "Википидиядан" алынған мәлiметтерге жүгiнсек, Зағипа Балиева – Данияр, Ернар, Алияр, Нұрсұлтан атты ұлдардың, Нарғыз, Алдара атты қыздардың анасы. Тым болмаса, ақ жаулықты шенеунiктер өздерiн осы тұрғыдан жарнамалай алса, қанекей?

Бәлкiм, қазақтың шенеунiк келiншектерi басына ақ жаулық салып шықса, жағдай өзгерер ме едi?

Ең бастысы, ақ жаулықты шенеунiктер саясаттың – бiр күндiк, ал аналық парыздың – өмiрбақилық екенiн ұмытпаса екен.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары