ТЕМIРЖОЛДЫҢ ТЕПЕРIШТЕРI

ТЕМIРЖОЛДЫҢ ТЕПЕРIШТЕРI

ТЕМIРЖОЛДЫҢ ТЕПЕРIШТЕРI
ашық дереккөзі
374

Иә, елiмiздегi темiржолдың жағдайы қазiр жетiсiп тұрған жоқ. Кiнә қайдан, кiнәлi қайда? Темiржол тынысының мәз емесi осы күнi баршамызға аян. "Қазақстан темiржолы" компаниясының басшысы Асқар Мәминнiң таяудағы жылдық есебiнде талай бұқпантайлардың бетi ашылғандай болды. Бiрақ, көтерiлген проблема мұнымен тынып, оңды шешiмнiң оңай оңғарыла қоюы екiталай. Ендеше, негiзгi темiржол түйткiлдерiн қайтсек қалыпқа саламыз, қайткенде осы саланы дамыта аламыз деген сұрақтарға жауап iздеу – жалпы қоғамдық ауыр жүк.

Қазақтың сайын даласын солқылдатқан алғашқы темiржол қай жылы салынып едi? Қазағым сонда қуаныш пен қайғыға қатар булықпап па едi. Жасыратыны жоқ, темiржолмен қатар туған мұңның жыры әлi бiрге жасап келедi. Шойынжолдың қыр-сыры қазаққа мағлұм болса да, шешiмiн таппаған мәселе уақыт өте бiрiн-бiрi алмастырып отырды. Керектi құрал-жабдықтың тапшылығы, кәсiби маманның жоқтығы, тағысын тағы. Кейбiрi әлi күнге өмiршеңдiгiн жоғалтпай келедi.

ТЕМIРЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

Шидiң басы күздiң күнi бiр қылтиған-ды. 2009 жылдың қыркүйек айында депутаттардың жалпы отырысында темiржол вокзалдарының жай-күйi сөз болды. Бiле бiлсек, көзiмiзбен көрiп жүрген көптеген темiржол вокзалдарының жарығы әлсiз, жылуы нашар қораларға айналып бара жатқаны жұртшылықтың жанын күйдiредi. Сол жолы нақты мысал ретiнде депутат Зейнолла Алшымбаев Ақмола облысындағы Өлеңтi және Еркiншiлiк стансаларындағы вокзалдардың апатты жағдайын атап өткен. Кейбiр жерлерде, тiптi, шатырдан су тамшылап тұратын көрiнедi. Мұндай темiржол вокзалдары жеме-жемге келгенде республиканың түкпiр-түкпiрiнен жүздеп табылады. Яғни, инфрақұрылымның тиiстi техникалық деңгейi сақталмаған, температуралық режим атымен жоқ, бақыланбайды. Ол аз десеңiз, мегаполис Алматы қаласының өзiндегi екi бiрдей вокзалдың жайы да оңып тұрған жоқ. Олардың мұндай күйге жеткендiгiне кiм жауапты? Республика аумағында 305 ұсақ-түйек вокзал бар. Аз емес. Олардың 94-i жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болса, 27-сi "Вокзал Сервис" компаниясының, ал қалған 184 вокзал "Темiржолмүлiк" компаниясының меншiгi болып табылады. Аталмыш компанияларға вокзалдарды күрделi жөндеуден өткiзу туралы ұсыныс айтылғанда, қаржы жағынан қауқарсыздық танытқан. Сондықтан күз айларында аудан орталықтары мен облыстардағы вокзалдарды 2009 жылы "Қазақстан темiржолы" ұлттық компаниясының балансына қайтарып беру туралы ұсыныс жасалған-ды. Бұл мәселеге ден қойып, құлақ асқан ешкiм болмады. "Жабулы қазан жабулы күйiнде" қала бердi. Алайда, таяуда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бүкiл республика аумағындағы темiржол вокзалдарының "Қазақстан темiржолы" компаниясына тегiс қайтарып берiлуiн қатаң талап еттi. Iс насырға шаппаса, темiржол вокзалдары бiр орталыққа бағындырылатын болады. Сонда мүмкiн вокзалдардың жағдайы жөнделер?!.

ЕСКI ВАГОНДАРДЫҢ ЕСТЕН ШЫҚПАЙТЫН ЖЫРЫ

Зер салып, бас қатырып ойлана бермейтiн жайттар да темiржолда көптеп кезiгедi. Темiржол мамандығы қызығы мен шыжығы мол, қияс та қиын кәсiп. Әдетте, темiржол қызметi атадан балаға мирас болып, темiржолшылар әулетi қалыптасып жатады. Ал былайғы жұрттан темiржолда кiм iстейдi? Асқар Мәминнiң жылдық есебiнде мәлiм болғандай, қара дүрсiн шойын жолды ерттеп мiнгендердiң басым көпшiлiгi бұрын-соңды қылмыс жасап, абақтыдан босап келген азаматтар болып шықты. Жағаңды ұстап таңғалып, қайғыратын жайт. “Бұрын-соңды сотты болған адамдардың басқарма бастығы дәрежесiне дейiн көтерiлуi қоғамға қауiп төндiрмей ме?” деген сұрақтың жауабын "Оңтүстiк" жолаушылар тасымалы жөнiндегi аймақтық филиалының директоры Мәлiк Қарабұлов мырза тарқатып айтып бердi. "Қылмыс жасап, абақтыда отырып қайтқан адамдар iстi болғанын жасырады. Ал бiздiң олардың сотталған-сотталмағанын тексеруге құқымыз жоқ, ондай ақпаратты алуға бiздiң пәрменiмiз жетпейдi. Сондықтан, осындай оқиғалар етек алып отыр. Алайда, iстi болған адамдардың барлығына қауiптi қылмыскер деп қарауға болмайды. Негiзiнде, үкiмет жазасын өтеген азаматтарды өздерi жұмысқа тұрғызуға мiндеттi. Ал қазiр бұл жүйе аса iске асып отырған жоқ. Абақты тұтқыны болған азаматтарды қоғамнан бөлiп тастай алмаймыз. Қайта бiз оларға селбесiп, септесе бiлуiмiз керек. Бұл мәселенi мен қолыма алып отырмын. Бұдан былай қызметкерлер жұмысқа қатаң тексерiстен кейiн алынатын болады" дейдi ол. Темiржолдағы кейбiр өрескел олқылықтар осы түйткiлден шыға ма деген ойлар келедi. Әйтсе де, жазасын өтеп шыққан азаматтар қоғамның қайбiр мекемесiнде болса да кездеседi, бiрақ темiржолдағыдай көп емес, әрине.

Сондай-ақ, темiржол саласының дамуын керi тартатын кiлтипан — вагон жетiспеушiлiгi. Жүк тасымалы да, жолаушы тасымалы да вагон арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан вагон тапшылығын жою үшiн тым құрығанда жаңарту жұмыстарын жүргiзу керек. Қырық жылғы вагондар депода жөндеуден өткiзiледi де, қайта мiнiске салынады. Олардың жолда шашылып қалмасына кiм кепiл? "Ескi вагон проводниктерi сапар барысында ревизорлардан акт алады. Өз кезегiнде ескерту алдың деп бiз ұрсамыз. Бiрақ мұның бәрi темiржолда атам заманғы вагондардың әлi жүргендiгiнен болып отыр" — дейдi Мәлiк Қарабұлов. Иә, жыл сайын жаңа вагон қосыладыны әлi естiп келемiз. Сандаған жылдардан берi айтыла-айтыла жауыр болған сөз. Мәселен, үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов қаңтардың 12-де "Қазақстан темiржолы" компаниясының алқа мәжiлiсiнде елдегi темiржол қажеттiлiктерiн оңғару үшiн отандық темiржол көлiгiне қажеттi жабдықтарды жасап шығаруды тапсырды. Атап айтсақ, "Тальго" жолаушылар вагонын құрастыратын зауыттың бiрiншi кезегiн iске қосу қолға алынды. Сондай-ақ, Атбасардағы электровоз шығаратын зауыт пен Екiбастұздағы жүк вагондарын жасайтын зауыт құрылысы 1-шiлдеге дейiн аяқталуы керек. Бұл жобалардың нақты iске асып жатқанын дәлелдей түскен ҚТЖ компаниясының президентi Асқар Мәмин машина жасау өндiрiсi өнiмдерiн 30 есеге арттырумен қатар елде өндiрiлген жылжымалы құрамды сыртқы нарыққа экспорттау идеяларының қарастырылып жатқандығын айтып қалды. Бұл аз десеңiз, А.Мәмин мырзаның айтуынша, рельс, шпал, байланыс қызметiнiң техникалық құралдары, электрмен жабдықтау құрылғылары сыртқа шығарылмақ. Әрине, бұл жоспар әзiрге сөз жүзiнде. Алға қойылған бағдарлама бойынша 1,5 мың локомотив, 76 мың жүк және 1,7 мың жолаушылар вагонын алу көзделуде. Темiржол көлiгi өндiрiсi келешекте сыртқы нарықта бәсекелесе алатын технологиялық жағынан дамыған өндiрiс болуға тиiс. ҚТЖ президентi: “Айтылған уәделердi орындауға қауқарымыз жетедi” деп отыр. Жалпы инвестиция 4 трлн. теңге көлемiндегi сома. Олай болса, жақын арада вагон тапшылығының бiр шешiмiн табатын түрi бар.

ТЕМIРЖОЛ ТАРИФI БҰДАН БЫЛАЙ ДА ҚЫМБАТТАЙДЫ

Айтқандай, темiржол тарифтерiнiң аяқасты көтерiлуi жолаушы қауымды бiраз әбiгерге салды. Әуелде "Жолаушылар тасымалы" акционерлiк қоғамының басшылығы "Қазақстан темiржолы" компаниясының көлiктерiмен қатынау бағасын 10 пайызға көтердi. Темiржол қатынасына қажеттi электр энергиясы, отын және бұдан да басқа материалдардың қымбаттауы жақсы сылтау болған. Тарифтi көтеру арқылы шығынды ақтау үшiн iске асырылған қымбатшылықты енгiзбес бұрын Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң тексерiс жүргiзуiн талап еттi. Әрине, агенттiк темiржолдың шығындарын шақылдатып есептедi де, мәселенi темiржолдың пайдасына шешiп бердi. Инфляцияның соңғы жылдары 30 пайызға көтерiлгенiн ескерсек, 2007 жылдан берi тариф бағасы бiрде-бiр рет көтерiлмеген көрiнедi. Осындай себептердi алға тартқан темiр жол басшылығы билет бағасының бұдан әрi де қымбаттауы мүмкiн екенiн айтып қалды. "Темiржолшылардың әлеуметтiк жағдайы ескерiлмей келдi. Темiржол шығындарынан тыс, жұмысшылардың жалақысы бар. Қазiр жалақыны билет бағасының есебiнен көбейтудi көздеп отырмыз", — деп түсiндiрдi М.Қарабұлов. Әрине, бұл мүмкiн нәрсе. Себебi, күш халықтың қалтасына түседi емес пе?

Иә, бұл салада келеңсiздiктермен қатар кеңшiлiктер де жасалып жатыр. Айналасы екi-үш жылдың төңiрегiнде елiмiзде жаңа тармақтар қосылып, жаңа бағыттар ашылуда. 2009 жылы Қазақстан экономикасы үшiн аса маңызды 2 инфрақұрылымдық темiржол желiлерiнiң құрылысы басталды. Бiрi батыс, бiрi шығыстан салынған дәлiздер көршi мемлекеттермен өзара қарым-қатынасты дамытпаса, керi тартқан жоқ. Солардың бiрi, шығыс қақпа аталатын 445 шақырымдық "Жетiген-Қорғас" темiржолы. Сауда-саттықты одан әрi күшейте түсу және астық экспортын жетiлдiрудi алға қоюды көздеп отырған бұл құрылысқа республика қазынасынан 230 млрд. теңге бөлiндi. Осы бағдарлама аясында салынатын екiншi құрылыс "Өзен-Түркiменстанмен шекара" темiржол магистральдарының құрылысы 2011 жылы тәмамдалып, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен сый болмақ. Бұлайша айтуға негiз бар, себебi бұл темiржол құрылыстарын Қазақстан ғана емес, аталмыш екi ел — Қытай мен Түркiменстан да жеделдетiп жүзеге асыруда. "Бұл дәлiз жылы теңiздерге шығатын жол. Ол арқылы бiз өнiмдерiмiздi экспорттай аламыз", – деген-дi Кәрiм Мәсiмов. Айтқандай-ақ, екi ел өз территориясына тиесiлi темiржолды Қазақстан шекарасына дейiн жеткiзiп қойды.

P.S. "Қазақстан темiржолы" ұлттық компаниясының өкiлдерi таяуда Қытай республикасына темiржолдағы түйткiлдердi шешу үшiн барып қайтты. Компания президентi Асқар Мәмин бастаған делегация 20-21 қаңтарда "Достық-Алашаңқай" шекаралық темiржол бекетiнiң жылдық қорытындысын шығарды. Тараптардың айтуына қарағанда, өткен жылы рекордтық көрсеткiш орындалған көрiнедi. Қазақстанның экспорттық тауар айналымы 68 пайызға өсiптi. Жетiстiктер мен жетiспеушiлiктер, әрине, бұл салада жетiп артылады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары