ҚАЛАМГЕР ДЕПУТАТ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТI

ҚАЛАМГЕР ДЕПУТАТ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТI

ҚАЛАМГЕР ДЕПУТАТ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТI
ашық дереккөзі
217

Парламент депутаттары Елбасының кезектi Жолдауы жайында сайлаушылармен пiкiр алмасу мақсатымен ел аралауға шыққандары белгiлi. Халық қалаулысы, белгiлi жазушы Алдан Смайыл Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетiнде профессор-оқытушылар құрамымен, студент жастармен кездесу өткiздi. Кездесудi ашып жүргiзген университет проректоры, профессор Төлеуғазы Бөрiбаев жазушы, депутаттың аталмыш ұжыммен жиi жүздесiп тұратындығын ерекше атап көрсеттi.

Сөз алған ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң депутаты, жазушы Алдан Смайыл өз кезегiнде Президенттiң биылғы Жолдауынан туындап отырған жаңа мақсат, мiндеттердi студент жастарға қарапайым мысалдарға сүйене отырып, тартымды баяндап бердi. Елiмiздiң әр азаматы жылына 17 мың АҚШ долларына татитын өнiм өндiредi десек, бұл көрсеткiш жоғары дамыған елдерде 90 мыңды құрайды екен. Расында, елдiң материалдық жағдайының жоғары болуы, бай әрi қуатты тiршiлiк етуiнiң басты көрсеткiшi iшкi жалпы өнiмiнiң деңгейiне байланысты анықталса керек.

Сондай-ақ, депутат Жолдауда адам капиталы мәселесiнiң көтерiлгенiн, экономикалық, әлеуметтiк дамуды жоспарлы түрде қолға алудың маңыздылығы алға шығарылуын құптайтынын жеткiздi. Адамның денсаулығын жақсартатын, ғұмыр-жасын ұзартуға бағытталған ғылыми жетiстiктерге Қазақстанда басымдық берудiң қаншалықты мәндi екенiн аңғару қиын емес.

Энергия көздерiн пайдалану, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында әртүрлi нысандарға берiлген отын және энергетика ошақтарын мемлекетке қайтарып алу жайындағы мәселенiң орынды көтерiлiп отырғандығына тоқталған депутат техника, әсiресе, мұнай саласының мамандығына деген сұраныстың көптiгiне, "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелден бiлiм алған жастардың суырылып алға шықпай отырғандығына алаңдаушылық бiлдiрдi. Сонымен қатар мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясының кеңеюiне билiктiң де мүдделi екендiгiн жеткiзген депутат аса нәзiк аталмыш мәселенi саясиландыруға болмайтындығына ерекше назар аудартты. Депутат, жазушы Алдан Смайылдың пайымдауынша, елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерi қазiрдiң өзiнде қазақ тiлiн үйренудi қызу қолға алып жатыр. Мемлекеттiк тiлдi меңгерген өзге ұлт өкiлдерiнiң саны елiмiзде әр жыл сайын отыз мыңды құрап отыратын болса, Қазақстанда бiртiлдiк кеңiстiк пен бiртұтас ортаның қалыптасуы бек мүмкiн.

Студенттердiң де халық қалаулысына қойған сауалдары да жастардың қоғам өмiрiне бейжай қарамайтынын көрсеткен.

Сондай-ақ, Астана қаласында жоғары бiлiм ордаларының көбейiп, студент жастардың қатарының артқандығына қарамастан Алматыдағыдай қоғамдық көлiктерде жол жүру ақысына жеңiлдiк жасалмай отырғандығына, тұрмысы төмен отбасыларға жасалып отырған жәрдемақының көлемi тым мардымсыз екендiгiне депутаттың назарын аударуға тырысқан жастар да болды.

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда

университетiнiң баспасөз қызметi

Серіктес жаңалықтары