РОЗА СЫЙЛАҒАН ӘН КЕШI

РОЗА СЫЙЛАҒАН ӘН КЕШI

РОЗА СЫЙЛАҒАН ӘН КЕШI
ашық дереккөзі
223

Өткен жексенбiде Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде Роза ән салды. "Қай Роза?" деп таңданып та отырған боларсыз. Бұл — өнер әлемiне "Мен сыйға тартқан орамал" әнiмен өзiндiк жол сала келген жас әншi қызымыз Роза Әлқожа.

Розаны бұрыннан жақсы бiлетiнбiз. Оның әнiн әл-Фараби атындағы ұлттық университет қалашығындағы Студенттер сарайынан жиi тыңдайтынбыз. Журналистика факультетiнiң дәрiсханаларында, жиi кездестiретiн едiк Розаны. Қай кезде көрсеңiз де, күлiмдеген жүзiнде ерекше шуақ төгiлiп тұратын. Жылы жүзi, құлаққа жағымды үнi, ерке қылығын ғана байқайтынбыз. Ол ән салғанда, бәрiмiздi мұңға бөлейтiн. Мұңды әндердi әдейi таңдап ала ма, әлде мұң табиғатына тым жақын ба, әйтеуiр оның орындайтын әндерiнiң көбi лирикалық әндер болатын. Оны университеттiң сахнасынан жиi көрдiк, әнiн тыңдадық, өнерiне сүйсiндiк. Бiрақ, бiз ол кездерi Розаның ақындық қырын, композиторлық қабiлетiн бiлгенiмiз жоқ.

Арада ұзақ уақыт өткен жоқ. Ол әндi алғаш Қазақ радиосынан бердi. "Жоғалар бiр күн жоғалар, мен сыйға тартқан орамал" деп үздiге салған үнiн естiдiк әуелi. Сөйтсек, өзiмiздiң Розамыз екен. Өйткенi, ол өзiмiздiң әрiптесiмiз, сырласымыз, мұңдасымыз. Журналистика факультетiн сол бiр жылдары әншiмен қатар бiтiрген әрбiр бала Розаны өзiмсiне сөйлейтiнi де, Розамен мақтанатыны да сондықтан.

Ерекше үнiмен, ерекше әнiмен өнер әлемiне кiрген Роза Әлқожа тыңдарманына "Орамалын" ғана сыйлаған жоқ. Одан кейiн де, оның қаламынан туған өлеңдерi қағаз бетiне ғана түсiп қойған жоқ, ән болып қалықтады. Оған оның өнердегi әрiптестерi Ақбота Керiмбекова, Баян Нұрмышева, Еркiн Нұржанов сияқты әншiлерiмiз орындап жүрген "Жiбектiң елi", "Бақыттымын", "Өмiр қандай ғажапсың" секiлдi көптеген әндерi куә.

Роза Әлқожа "естi әндердiң орындаушысы" екенiн тағы бiр танытты. Сол күнi тыңдарман әншiнiң "Өмiр қандай ғажапсың" атты үнтаспасының да тұсауын кестi. Бiзде шырқар әнi, жазар өлеңi, шығарар сазы көп болсын деп тiледiк өнер әлемiне қанат қағып жатқан дарынды қызға…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары