ӨНЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

ӨНЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

ӨНЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі
257

"Тәуелсiздiк толғауы" мәреге жеттi. Мәдениет және ақпарат министрлiгi ұйытқы болған бұл байқауға алты номинация бойынша есiмi елге белгiлi тұлғаларымыз бен жаңа таныла бастаған шеберлер қатысып, бағын сынады. Бұл байқаудың тағы бiр ерекшелiгi, шет елдерде өнер көрсетiп жүрген жерлестерiмiздiң қатысуы болды.

Сонымен, байқау мәреге жеттi, бағы жанған үздiктер жеңдi. Ұлттық патриотизмдi насихаттауға үлес қосар дүние жазылды ма, бұған жауап iздеуге әлi ерте. Ең бастысы, қазылар бағасын шығарды. Ал, шығарманың қаншалықты өмiршең болатынын халықтың талғамы шешетiн болады. Рас, қазiр байқау өте көп. Бiрақ, бұл байқаудың өзге байқаудан өзгеше екенiн мойындаған да абзал. Өйткенi, атынан көрiнiп тұрғанындай, бабамыз армандаған азат күндi жырға қосу. Яғни, "Тәуелсiздiк толғауын" жазу. Қазақ үшiн тәуелсiздiктен ұлы ұғым жоқ.

Қазылар алқасы драмалық шығарма, опералық шығарма, камералық музыка, балет, қазiргi заман әндерi және балалар әндерi сынды алты номинация бойынша үздiк туындыларды анықтады. Бұл жолғы байқаудың сыйақысы да қомақты. Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – талапты, дарынды таланттарды қолдау, қолпаштау. Ең бастысы, өнерге қамқорлық жасау.

"Бiз жыл сайын үш опера театрына бiр лайықты опера ұсынып отырсақ, мұның өзi мәдени өмiрiмiздегi үлкен олжа болады. Бiз басында республикалық байқау деп жариялағанбыз, бiрақ шетелде жүрген отандастарымыз да қатысуға ниет бiлдiрдi. Сондықтан бұл байқау халықаралық деңгейге жеттi", – дейдi министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза.

Байқаудың халықаралық деңгейге жетуiнiң де сыры бар. Бұл жолы оза шауып, дара шыққандардың арасында АҚШ, Еуропа төрiнде жүрген жерлестерiмiз Алмас Серкебаев пен Әдiл Бестiбаев та бар. "Ең үздiк опералық шығармалар" аталымы бойынша Алмас Серкебаевтың "Бәйтерек" операсы бiрiншi жүлденi қанжығасына байлады. Ал, балет өнерiнен композитор Әдiл Бестiбаевтың "Жерұйығы" озып шықты. Бұл балет суретшiнiң өмiрiн баяндайтын туынды. Шығармашылық серпiн iздеп, әлемнiң түкпiр-түкпiрiн аралаған қылқалам иесi соңыра өзiнiң кiндiк қаны тамқан атамекенi туған жерiне қайта оралады.

"Ең үздiк драмалық шығармалардан" бiрiншi жүлде "Жаужүрек" пьесасына бұйырды. Пьеса авторы белгiлi жазушы Дулат Исабеков. Одан бөлек, өзгеше аталымдар бойынша, Марат Iлиясов, Рыспанбет Байдалы, Арман Жайым, Естай Әлекеев секiлдi саңлақтарымыз бар.

"Тәуелсiздiк толғауының" өнерпаздарымыз үшiн шабыт берерi сөзсiз. Ең бастысы, байқау емес, азат елдiң рухын көтеру, ұлық ұғымды санамызға сiңiру… Бүгiнгi таңда қазақ баласына тәуелсiздiктен қастерлi ұғым жоқ.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары