Бегнар АМАНБАЕВ: ҚАРСЫЛАСЫМНЫҢ ШАБУЫЛЫ ОЙЫМДАҒЫДАЙ БОЛМАДЫ

Бегнар АМАНБАЕВ: ҚАРСЫЛАСЫМНЫҢ ШАБУЫЛЫ ОЙЫМДАҒЫДАЙ БОЛМАДЫ

Бегнар АМАНБАЕВ:  ҚАРСЫЛАСЫМНЫҢ ШАБУЫЛЫ ОЙЫМДАҒЫДАЙ БОЛМАДЫ
ашық дереккөзі
196

Қазақ елi үшiн ережесiз жекпе-жек спортының желi соңғы бiр-екi жылда оңынан соғып тұр. Әлемдiк, Азия, Еуропа деңгейiндегi әртүрлi жарыстарда елiмiздiң спортшылары намысты қолдан бермей, жеңiс тұғырларынан көрiнiп, жұртшылықтың назарын өзiне аударып келедi. Ережесiз жекпе-жекте жыл өткен сайын үздiктердiң қатары да ұлғайып келедi. Олардың алдыңғы қатарында ағайынды Ардақ және Бейбiт Назаровтар тұр. Бұл тiзiмге күнi кеше ғана Әлем чемпионы атанған Бегнар Аманбаевты қосыңыз.

Жастар мен ересектер арасында Қазақстан чемпионы, ережесiз жекпе-жектен Еуразия, Азия және ТМД чемпионы, халықаралық "Алтын жұдырық" турнирлерiнен үздiк шыққан 27 жастағы Бегнар Аманбаев өзiнiң 23-iншi кездесуiнде 60 келi салмақ дәрежесiнде Әлем чемпионы атағын жеңiп алды. Дүбiрлi додадан кейiн чемпионмен тiлдесудiң сәтi түскен едi.

– Мен 1982 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келдiм. Отбасымызда төрт ұл, төрт қыз тәрбиеленiп өстiк. Бұрын ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарған ата-анам қазiр зейнеткерлiкте. Сегiз бала тәрбиелеп өсiрген ардақты жандардың бесiншi перзентiмiн.

Он бiр жылдық мектептi бiтiргеннен кейiн бiрнеше жыл спортпен шұғылданып жүрдiм. Баршамызға тән дәстүрлi әдетпен белгiлi бiр диплом алу мақсатында Спорт-туризм академиясына оқуға түсiп, оны былтырғы жылы "Еркiн күрес" бөлiмi бойынша тәмамдадым, – дейдi редакциямызға арнайы келген Бегнар өзi жайында сұрағанымызда.

– Бегнар, есiмiңiз ерекше екен. Қандай мағынаны бiлдiредi?

– Есiмiмдi әкем қойған. Бiр шығарманың кейiпкерi осылай аталған екен.

– Спорт әлемiне деген сапарыңыз қалай басталды? Жалпы, бастапқыда спорттың қай түрiмен айналыстыңыз?

– Менiңше, спортқа деген қызығушылық бала кезден қалыптасады. Өйткенi балалық пәк сезiм ненi армандамайды? Ал арман – елiктеуден туындайды. Мен де басқалар секiлдi спортта мол жетiстiктерiмен танылған ағаларыма елiктеп өстiм. Ең алғаш спортқа келуiм – мектеп кезiнде күрес үйiрмесiне қатысуымнан басталды. Түрлi сайыстарға түсiп, жүлделi орындарды иелендiм. Содан спорттың "джиу-джитсу", "самбо" түрлерiмен айналыса келе, кейiн Ардақ Назаровтың қолдауымен спорттың "Ережесiз жекпе-жек" түрiне ауыстым. Ал спорттың бұл түрiмен айналысып келе жатқаныма 7 жылдай уақыт болды.

– Әдетте, спортқа ден қойған балалар сабаққа көңiл бөле бермейдi. Мектеп кезiндегi сабақ үлгерiмiңiз қалай едi?

– Сабақ үлгерiмiм орташа болды.

– Отбасыңызда өзiңiзден басқа спортпен айналысатын жан бар ма?

– Жоқ. Отбасымызда спортпен айналысатын жалғыз өзiм ғана.

– Өткен жекпе-жекте дайындығыңыз қандай деңгейде едi?

– Бiзде жаттығу жиi болады. Өз басым бiр жарым, екi айға жуық уақыт дайындалдым. Алғашында жекпе-жекке американдықтармен шықпақ болғанбыз. Алайда, ол ойымыз болмай, үндiстандықтармен шыққан жайымыз бар. Жалпы, дайындығым өте жақсы болды.

– Жеңiске жетуiңiздiң сыры неде?

– Еңбекте! Бұл додадағы барлық жiгiттердiң жеңiсiн бапкерiмiз Сағатбек Мұсахановтың жанған еңбегi деп бiлемiн.

– Жеңiсiңiздi ата-анаңызға қалай жеткiзесiз?

– Олар – менi жарық дүниеге әкелген Алладан кейiнгi кұдiреттiлерiм. Жекпе-жекке жаңадан шығып жүрген алғашқы кездерiмде: "Шықпа! Шықпа!" – деп қорқатын. Үйренгеннен кейiн: "Не болды, жеңiс пе?! Жеңiс пе?!" – дейтiн болды. "Жеңiлiп қалған жоқсың ба?" – деп сұрамайды. Жеңiстерiме қатты қуанады. Барған сайын сәлемiмдi берiп, ризашылықтарын алып қайтамын. Жалпы, жақын болғаннан кейiн шығар ауылға жиi барып тұрамын.

– Жаттыққанда немесе төбелескенде бойыңызда әлсiздiк туындайтын кез бола ма, әлде спортшылар үнемi қажырлы жүре ме?

– Ондай әлсiздiк жағдай мүлдем болған емес, спортшы әрдайым қажырлы болуы шарт.

– Сүйiктi iсiңiзбен ұзақ айналысып жүремiн деп ойлайсыз ба?

– Алла Тағала қолдаса, ережесiз жекпе-жекте үлкен жетiстiктерге жетсем деген ниетiм бар.

– Спорттан басқа қандай iстермен әуестенесiз?

– Жаттығудан өзге iстерге әуестiгiм жоқ, неге екенi қайдам, қызықпаймын да… Бос әрекеттер уақытты өлтiретiн сияқты.

– Естуiмiзше, қасыңыздағы бiрге жүрген спорттағы азаматтарымыздың денi намаз оқиды екен. Сiз ше?..

– Иншалла, Алла Тағаланың қалауымен үш жылдан берi бес уақыт намазымды қаза қылмай келемiн.

– Барша қазақ қызының бойынан қандай қасиеттердi iздейсiз?

– Әсiресе, иманды болса… Қазiргi өмiр талабына сай – бiлiмдi, жаны – сұлу, келбетi – көркем болса екен деймiн.

– Дәл сол сипаттағы болашақ жұбыңызды кезiктiрдiңiз бе?

– Жалпы кезiктiрмедiм. Бiрақ, iздеу үстiндемiн…

– Мүмкiн, жиi ғашық болатын шығарсыз?

– Жоқ. Көп ғашық бола бермеймiн.

– Сiздiң ойыңызша өмiрдiң мәнi неде?

– Оны әр адам әрқалай түсiнедi. Менiң түсiнiгiмдегi өмiрдiң мәнi – деннiң саулығы.

– Алға қойған арман-мақсаттарыңызбен бөлiссеңiз?

– Арман кө-ө-өп… Қарапайым сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Ал спортшының мақсаты – айтпаса да айқын. Әлемдiк бәсекелерде топ жарып, өзге елдерде қазақ елiнiң көк байрағын желбiретiп, әнұранын асқақтату.

Сұхбаттасқан Рысханым ҚАУМЕНОВА

Серіктес жаңалықтары