САНАҚТАҒЫ САЯСАТ НЕМЕСЕ 4 ПАЙЫЗ ҚАЙДА КЕТТI?

САНАҚТАҒЫ САЯСАТ НЕМЕСЕ 4 ПАЙЫЗ ҚАЙДА КЕТТI?

САНАҚТАҒЫ САЯСАТ НЕМЕСЕ 4 ПАЙЫЗ ҚАЙДА КЕТТI?
ашық дереккөзі
241

Сонымен бiр жыл бойы жыр болған Қазақстан Республикасының екiншi ұлттық халық санағының да қорытындысы жария етiлдi. Бiр қызығы — санақ нәтижелерi былтырғы жылғы алғашқы мәлiмдемелермен сәйкеспейдi. Оның себебi салқын саясатта жатқан сыңайлы.

Былтыр санақтың алдын-ала қорытындылары шыққан кезде елдегi мемлекетқұраушы ұлт — қазақтардың үлес салмағы 67%-ға жеттi деп бөркiмiздi аспанға атқан едiк. Бiрақ, көп ұзамай қуанышымыз су сепкендей басылды. Әуелi, санаққа бөлiнген қаржының қомақты бөлiгiнiң қолды болғаны анықталды. Санақ өткiзу мақсатында бөлiнген 1,144 миллиард теңгенiң 764,8 миллионы жемқорлардың жемсауына түсiп кеткен.

Сосын қазақтардың үлес салмағы — 67%-дан 63%-ға кемiдi. Неге?

Мәселе нақты статистикада емес, ұлтаралық қарым қатынас пен ұлттық саясатты жүргiзуде жатқан секiлдi. Оқушы қауымның есiнде болса, санақтың алғашқы қорытындылары жариялана салысымен, Қазақстандағы орыс қауымдастығының санақ нәтижелерiне күдiк пен күмән келтiрген мақалалары көбейiп кеткен едi. Тiптi, санақ басталмай жатып "Русские в Казахстане" атты сайтта 2009 жылдың 13 қаңтарында Игорь Курбатовтың "Сколько останется этнических русских в Казахстане?" атты мақаласы жарияланып, онда елдегi орыс диаспорасының санын әдейi азайтып көрсету саясаты қолға алынғандығы айтылады.

Ал санақтың алғашқы қорытындылары жариялана салысымен, орыс диаспорасының өкiлдерi дабыл қағуды одан әрi жалғастыра түседi. 2009 жылдың 10 сәуiрiнде "КМ.Ru" сайтында Юрий Филатовтың "Русских в Казахстане хотят сделать казахами" атты мақаласы жарық көредi. Онда автор "1998-2006 жылдары аралығында Қазақстандағы орыстардың саны 1 миллионға азайыпты. Олардың барлығы алыс және жақын шетелге кетiп қалды ма? Әлде о дүниенiң қонағы болды ма? Жоқ кетiп те қалған жоқ, жарық дүниемен қоштасып та үлгерген жоқ. Ресми статистика — 1999-2005 жылдар аралығында өмiрге келген және өмiрден кеткен орыстардың ара салмағы — 155428 болғанын көрсетедi. Осы жылдарда елден кеткендердiң саны — 447850 болған. Демек, 664078 адам қайда?" делiнген онда.

Автор дәл осы ойын сәл кейiн "KMnews" сайтында жалғастырады. 2009 жылдың 29 маусымында оның "Русские не признают итоги переписи в Казахстане" атты мақаласы жарық көрдi. Мақалада "Русские в Казахстане" атты сайттағы республикалық "Лад" славян қозғалысы төрағасының орынбасары Петр Кузьменконың "Бұл халық санағы саяси сипатқа ие деуге толық негiзiмiз бар. Санақ елдегi демографиялық балансты мүлдем өзгертiп, орыстардың дәрежесiн ұлттық азшылыққа дейiн төмендетiп жiбередi" деген пiкiрiне сiлтеме жасай отырып, санақтың бүгiнгi шындыққа сай келмейтiндiгiн көлденең тартады. Мақала авторы он жылдың iшiнде Қазақстан халқының 1,4 миллионға өскенiне және қазақтардың 3 миллионға артқанына күмән келтiредi. 1999 жылғы жалпыұлттық санақ қорытындысы бойынша, елдегi қазақтардың саны 7,985 млн.-ға жеткен болса, былтырғы санақтың алғашқы нәтижелерi — 11,055 млн. делiнген. Ал бүгiнгi нәтиже бойынша, қазақтардың саны — 10 млн. 98,6 мыңға төмендеген. Демек, қазақтардың санын 700 мыңға кемiтiп отыр. Дегенмен, орыс диаспорасы өкiлдерi санақтың бұл қорытындысымен де келiсе алар емес.

"Русские в Казахстане" сайтында "Родимые пятна казахстанской статистики" атты Б. Никифоровтың мақаласы жарық көредi. Аталған мақаланың авторы да санақ нәтижелерiне, соның iшiнде қазақ санының өскенiне қатты күмәнданады.

Санақ былтыр 25-ақпан 6-наурыз аралығында жүргiзiлдi. Осы 10 күннiң iшiнде Ұлттық статистика агенттiгi жұрттың бәрiн бiрдей қамти алды ма? Осы жағы күмән тудырады. Кезiнде демографтардың өзi шалғай елдiмекендер мен Алматы, Астана секiлдi iрi қалалардың жанындағы соңғы жылдары пайда болған ауылдардағы халықтың санаққа енбей қалғаны жайында дабыл қаққаны бар. Ақпарат құралдарының бiразы санаққа iлiнбеген отбасылар мен жекелеген адамдардың сұхбаттарын да жария еттi. Тiптi, ұлттық халық санағының жүргiзiлгенiнен де бейхабар адамдар табылып жатты. Өзiмiзге жолыққан адамдардың арасынан да санақшылардың қарасын көрмегендiгiн айтушылар жетiп артылады. Қала маңындағы инфрақұрылымдары жасалынбаған ауылдар түгiлi, Алматының өзiнде санаққа iлiге алмағандардың санынан аяқ алып жүре алмайсыз. Мәселен "Метро Трэйд" ЖШС-iнiң қызметкерi Серiк Шүленбай Алматыдағы Райымбек 241 "Б" үйiнде тұрады. Ол осы ұлттық санақтың тiзiмiне ену үшiн құзырлы органдарға қаншама рет телефон соғып, өздерiн санаушы инспекторды тапқандығын айтады. Алайда ол бұл отбасының үйiнде болмағанын сылтау етедi де, ертесi сағат 10-да үйде болуын сұраған. Бiрақ, келiсiлген уақытта келе алмаған. Серiк өзiмен бiрге жұмыс iстейтiн жiгiттердiң де, көршiлерiнiң де осы санақ тiзiмiне ене алмай дал болғандығын айтады:

— Санаққа енбесе, санатқа қосылмайсың дегендi естiп, қатты састым. Оның аяқталуына үш күн қалған болатын. Бiрақ, менiң дегбiрсiзденгенiмнен еш пайда болған жоқ. Санақшылар сол бойы үйге келмедi. Керiсiнше, менiң өзiмнiң бiр мекемеге келуiмдi өтiндi. Баруға уақытым болмады. Санақтың алғашқы нәтижелерi шығып жатқан кезде бiз 20-дай адам бас қосып қалдық. Сол 20 адамның ешқайсысы санақшылардың тiзiмiне iлiнбептi. Сол себептi де, мен бұл санақтың қорытындыларына күмәнданамын. Одан бергi уақытта халықтың санының өскенi бар, бiз сияқты санаққа iлiнбей қалғандар бар. Ол керiсiнше, көбеюi керек едi. Азайып қалыпты, – дейдi ол телефон арқылы берген сұхбатында.

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылдық округiнiң жанында "Наурыз" атты елдiмекен бар. Бұнда 300-дей отбасы, мыңға тарта жан тұрады. Олар да өздерiнiң санақ тiзiмiне енгенiне күмән келтiрiп отыр. Ауыл тұрғыны Тамара Құмар санақ басталған күннен ауыл тұрғындарының санақшыларды тағатсыз күткендiгiн айтады. Алайда, санақтың соңғы күнiне дейiн санақшылар қара көрсетпептi. Тамара өзi бас болып әлгi саяжайға жатқызылатын шаруашылықтың басшысына барып, санаққа енбей қалғандарын айтып, телеарна шақыртуға бел буғандарын айтқан. Соның нәтижесiнде санақшылар 7-наурызда, яғни санақ аяқталғаннан кейiн бiр күннен соң "Наурыз" тұрғындарының есiгiн қаққан.

— Бiрақ, санақшылар халық санағының парақшаларын ресми түрде толтырған жоқ. Ондағы 45 сұрақтың бiрде-бiреуi бiзге қойылмады. Тек аты-жөнiмiздi, отбасы құрамын жазып алып кеттi. Бұндағы тек мен ғана емес, тұрғындардың басым көпшiлiгi халық санағының тiзiмiне енгенiне шүбә келтiредi, — дейдi ол. "Русских в Казахстане хотят сделать казахами" атты мақалада Алматыда 100 мыңдай адамның санаққа енбей қалғаны туралы айтылады. "КТК" телеарнасының мәлiметi бойынша, 100 мыңдай алматылық санақшылардың келмегенiн айтады. Демек, бұлар статистика агенттiгiнiң тiзiмiнен тыс қалды. Бiр көшедегi алты үйдiң тұрғындары мен бiр шағын аудандағы 15 үйдiң тұрғыны санақшылардың қарасын да көрмеген" деп мәлiмдейдi СА-News" делiнген онда.

Бiрақ, соған қарамастан елдегi негiзгi ұлт қазақтың үлес салмағы санақтың алғашқы нәтижелерi көрсеткенiндей 67% пайыз емес 63%-ға түскенiне ешкiм жiп таба алмай отыр.

Әрине, орыс қауымдастығы дабыл қаққанындай 10 жылдың iшiнде қазақ 3 миллионға артты ма? Бұл жағы тағы да күмән тудырады. Елдегi табиғи өсiм жыл сайын 100-150 мыңның айналасында болып келген. Шеттегi қандастарымыздың оралу қарқыны алғашқы 10 жылдықпен салыстырғанда әжептәуiр бәсеңдеген. Бiрақ, бұл сұрақтың да жауабы өзiнен-өзi қылтиятын сияқты. Айталық, "Нұр Астана" газетiнiң 2009 жылғы 21 мамырдағы санында жарияланған "Ұлттық санақ ұпайымызды түгендедi ме?" атты мақалада сол кездегi Статистика агенттiгi әлеуметтiк-демографиялық статистика департаментiнiң директоры Әсия Қасенова 1999 жылғы санақтың 2 миллионға жуық адамды қамтымағандығы жайында айтады.

Демек, бұл ресми органның ортаңқол шенеунiгi таратып отырған ақпарат. Сондықтан, оны көзге iлмей кетуге болмас. Яғни, елдегi өзге ұлт өкiлдерiнiң санақ нәтижесiне сенбеуiн кезектi байбаламы деп түсiнемiз де.

Бiрақ, түсiнбейтiн бiр нәрсе — елдегi орыс диаспорасының дабыл қағуының соңы санақтың алғашқы нәтижелерiн өзгертумен аяқталғаны.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары