"БАРЫСТА" ЕСКI КӨЛIК 10 000 ДОЛЛАР

"БАРЫСТА" ЕСКI КӨЛIК 10 000 ДОЛЛАР

"БАРЫСТА" ЕСКI КӨЛIК 10 000 ДОЛЛАР
ашық дереккөзі
372

Қазақстанда көлiктердiң бағасы қымбаттап барады

"Бiрiншi қаңтардан бастап үш елдiң аумағына бiрыңғай кедендiк тариф енгiзiледi. Одақтың барлық құзыретiн кедендiк Одақтың ұлттық комиссиясы реттейдi" делiнген-тұғын кедендiк одақ жөнiнде және де бұл тариф осы жылдың шiлде айынан бастап бiрыңғай кедендiк кеңiстiкте өз жұмысына нақты кiрiсуге тиiс едi. Алайда, ресми белгiленген мерзiмдi күтпей-ақ нарықтағы сауда-саттық бағамы өсiп бара жатыр.

Экономика салаларының барлығында 30 пайыздық қымбатшылық орын алды. Дәл осы көрiнiс ескiрген көлiк саудасын да шет қалдырмаса керек. Мәселен, бұрындары пайдаланылған автокөлiк бағасы жаңа жылдан берi күрт өсiп кеттi. Қазақстан территориясындағы ең көлемдi көлiк базарларының бiрi Қордай тас жолының бойында салынған "Барыс" автобазарында көлiк бағасының қымбаттауы бiрден байқалған. Негiзiнен, бұл базарда бұрын-соңды жүргiзiлген көлiктер сатылымға қойылады.

Қазақстан Кедендiк одаққа өткеннен кейiн ескiрген автокөлiктердiң бағасы айтарлықтай көтерiлетiнi әу бастан белгiлi-тұғын. Себебi, кедендiк одақтың ортақ бағамдарын қалыптастыру үшiн мұндай әрекеттiң болуы орынды. Олай болса, елiмiзге шетелден ескi көлiк әкеп сататын делдалдардың жұмысы осымен тәмамдалмақшы. Елiмiздiң Статистика агенттiгiнiң хабарлауынша, 2009-жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 91 217 жеңiл автокөлiк әкелiнген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 27%-ға аз. Мамандардың сөзiне қарағанда, Ресейде автокөлiктердiң баж салығы жоғары, бiрақ, Ресейдiң өз iшiнде жаңа автокөлiктердi сату бағасы әзiрге арзан.

Сондай-ақ, 7 жылдан астам уақыт пайдаланылған ескi автокөлiктердiң бағасы бұдан былай да көтерiлуi мүмкiн деген болжам бар. Соңғы 9 ай көлемiнде кедендiк кеңiстiкте ғана емес, бүкiл әлем елдерiнде ескiрген көлiк бағасының қымбаттауы байқалған. Мәселен, Wall Street Journal сарапшылары бұдан әрi ескiрген көлiктерге сұраныстың артатынын, ал керiсiнше, судай жаңа көлiктердiң автосалондарда бiраз сүрленуiне тура келетiндiгiн айтады. Ендеше, Сүйiнбай көшесiнiң бойын жағалай орналасқан автосалондардың жақын арада сұраныста бола қоюы екiталай.

Мұндай құлдырау Жапонияда да етек алып келедi. Дүниежүзiлiк көлiк нарығына шығарылатын көлiктердiң 20 пайызы осы елде жасалады. Ал, қазiрдiң өзiнде жаңа көлiктер сатылымы 20 пайызға қысқарып үлгерiптi. Не десек те, әлеуметтiк жағынан аз қорғалған жандар, бюджеттен қаржыландырылатын салалардың мамандары, мұғалiмдер мен дәрiгерлер бұдан былай көлiк сатып ала алмайтындары түсiнiктi. Ескiрген көлiкке де қол жетпейтiн кез келдi. Германия экологиясына зиянды деп табылған ескi көлiктердi бұрындары тырнақтап жиған азын-аулақ қаражатқа сатып алу мүмкiндiгi болушы едi. Айлық жалақының көзiне қарап отырған қарапайым халық қоғамдық көлiк жолаушыларының қатарын көбейте түсетiнi анық.

Ермек Сағымбаев, жүргiзушi:

– Жексенбiде "Барыс" автокөлiк базарына бардым да, жағамды ұстадым. Ескi көлiгiмдi сатып, жаңалауын алу ойымда болған. Алайда, базарда бағасы 10 мың доллардан төмен көлiк жоқ. Сенесiз бе? Еуропа қалаларында жүруге рұқсат етiлмейтiн бұзылған, соғылған, ескi көлiктердi бiзге әкелiп, сырт бейнесiн бүтiндеп арзанға сатады емес пе? Жаңасын былай қойғанда, сол автокөлiктердiң өзi екi есе бағамен сатылып тұр. Мұнысын бiлгенде, ескi көлiгiммен жүре тұрар едiм ғой.

Шынар Жанаева, дәрiгер:

– Жұмысқа автобуспен қатынаймын. Қалалы жер болған соң, кептелiстер жиi болады. Үйге жеткенше сансырап бiтесiң. Сондықтан өз көлiгiм болса деп едiм. Әне-мiне деп жүргенде азық-түлiкпен қатар көлiк бағасы да удай қымбаттапты. Бұрынғыдан 2 мың долларға қымбаттады дей ме? Менiң жалақыммен биыл да, келесi жылы да көлiк ала алмаспын. Бiр жалақыға қарап отырған қара халықтың ақшасы көп деп ойлайды-ау, сiрә!

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары