ПРЕЗИДЕНТ СТИПЕНДИЯСЫ ТАБЫС ЕТIЛДI

ПРЕЗИДЕНТ СТИПЕНДИЯСЫ ТАБЫС ЕТIЛДI

ПРЕЗИДЕНТ СТИПЕНДИЯСЫ ТАБЫС ЕТIЛДI
ашық дереккөзі
261

Кеше Елбасы өзiнiң Алматыдағы резиденциясына бiр топ өнер мен әдебиет қайраткерлерiн жинады. Резиденцияға жиналғандағы мақсат өнер мен әдебиетте жүрген зиялы қауым өкiлдерiне 2009 жылға арналған Президенттiк және Мемлекеттiк стипендияларды табыс ету болатын.

Салтанатты рәсiмге Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев, Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин қатысты.

Бұл ел Президентiнiң 29-қаңтардағы халыққа жолдауынан кейiнгi алғашқы кездесуi. Алғашқы кездесудi Елбасы зиялы қауыммен жүздесуден бастапты. "Құрметтi мәдениет қайраткерлерi!" деп бастаған Елбасы әуелгi сөздi зиялы қауымға арнады. — Тәуелсiздiк бiзге оңай келген жоқ. Тәуелсiздiк жылдарында барлығын да нөлден бастауымызға тура келдi. Осы жылдар iшiнде көп нәрсеге қолымыз жеттi. Бүгiнгi таңда бiздiң мемлекетiмiз бен халқымыздың алдында маңызды мiндеттер тұр. Бұл — ұлттық бәсекелестiк мәселесi. Қиындықтарға қарамастан, алға жылжи беруiмiз қажет. Алдымызға әлемнiң елу озық мемлекеттерiнiң қатарына кiремiз деген мiндет қойып отырмыз. Сондықтан, осындай маңызды саяси мақсат алдында қоғамдық бiрлiк пен тұрақтылықты нығайтудан басқа жол жоқ" дедi.

1994 жылдан берi дәстүрге айналған бұл стипендия жасы ұлғайған қайраткерлерiмiзге материалдық қолдау ретiнде жасалып келедi. Стипендия жыл сайын 50 шығармашылық адамына табыс етiледi. Бұл жолы да сол үрдiс өзiнiң жалғасын тапты. Президенттiң арнайы стипендиясына ие болғандардың қатарында Қадыр Мырза Әлi, Иван Щеголихин, Қалмұқан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Хадиша Бөкеева, Қасым Жәкiбаев, Бибiгүл Төлегенова, Роза Бағланова, Бекен Жылысбаев, Фарида Шәрiпова, Асанәлi Әшiмов, Ораз Әбiшев, Әмен Кайдаров, Сабыр Мәмбетов, Марфуға Айтхожина, Күләш Ахметова сияқты және т.б. көрнектi ақын-жазушыларымыз бен өнер қайраткерлерiмiз бар.

Ал Мемлекеттiк стипендия болса, елiмiздiң мәдениетiн көтеруге өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан дарынды, талантты жастарымызға арналған. Шығармашыл жастарды қолдау үшiн жыл сайын берiлiп келе жатқан аталмыш стипендия бұл жолы да елу адамға табыс етiлдi.

Салтанатты рәсiмге қатысқан зиялы қауым өкiлдерi де өз тараптарынан Елбасына ризашылықтарын бiлдiрдi. Асанәлi Әшiмов ел Президентiн жуырда ғана түсiрiлген "Сiз кiмсiз, Ка мырза?" фильмiн көруге шақырды. Елiмiзде iстелiп жатқан игiлiктi шаралар төңiрегiнде де сөз қозғады зиялы қауым. Бiр кездерi әлемнiң озық мемлекеттерiнiң өнер сахналарын көрiп талай тамсанғанын еске алған Бибiгүл Төлегенова бүгiнде сол өздерi қызыққан сахналардың Қазақстанда да салынып жатқанына риза екендiгiн де жасырған жоқ.

Жас толқындардың атынан сөз алған ақын Танакөз Толқынқызы өзiне мұндай бақыттың екiншi рет бұйырып отырғанын жеткiздi. Бiр кездерi Президенттiң "Болашақ" бағдарламасының арқасында Францияда бiлiм алуға қол жеткiзген ақын ендi мiне, Мемлекеттiк стипендияның иесi атанып отыр. Ел мәдениетiн дамытуға қосар әлi де үлесi бар екендiгiн айтқан ақын қыз Елбасына өзiнiң тырнақалды кiтабын табыс еттi.

Салтанатты рәсiмнiң соңында Елбасы өнер мен әдебиеттiң қайраткерлерiне шығармашылық табыстар тiледi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары