КҮРЗI ЖҰДЫРЫҚТЫЛАРДЫҢ КҮТПЕГЕН НӘТИЖЕЛЕРI

КҮРЗI ЖҰДЫРЫҚТЫЛАРДЫҢ КҮТПЕГЕН НӘТИЖЕЛЕРI

КҮРЗI ЖҰДЫРЫҚТЫЛАРДЫҢ КҮТПЕГЕН НӘТИЖЕЛЕРI
ашық дереккөзі
531

Жақында ғана аяқталған бокстан Қазақстан чемпионаты күтпеген нәтижелер мен тосын сыйлықтар сыйлады. Ел аузында жүрген былғары қолғаптың батырлары сын сағатта шетiнен сүрiнiп, соңғы жылдардың бедерiнде болмаған бiрiншiлiк жанкүйерлердi айран-асыр қалдырды.

Сөз басында бұл доданың Астана жұртшылығы мен барша республикалық телекөрерменге өте жоғарғы деңгейдегi бокс мейрамын тарту еткенiн айта кеткен жөн. Ал ақтық сынды көруге Үкiмет басының келуi шынында да бұл спорттың ел iшiндегi маңыздылығының бiр белгiсiндей болды. Кәрiм Мәсiмов Елордада күнделiктi өтiп жатқан мәдени, рухани, iзгiлiктi iс-шараларға онша қатыспаса да, шаршы алаңның шаңынан құр қалмауды ойлаған сияқты.

11 салмақ дәрежесi бойынша сынға түскен Қазақстанның жер-жерiнен келген боксшылар Елордада 1 аптаға жуық тұрақтады. Өткен соңғы бiрiншiлiктерге қарағанда бұл жолы ел аузында жүрген саңлақ боксшылар түгелге дерлiк келдi. Бiрақ көпшiлiк қауым күткендей болжам өзiн ақтамады. Бұл жолы ұлттық құраманың бапкерлерiне барынша көрiнiп қалуды көздейтiндердiң бағы жанды десе де болғандай.

Әдiлбек Ниязымбетов, Дәурен Елеусiнов, Серiк Сәпиев, Бақытжан Қожабеков, Ғани Жайлауов, Азамат Белгiбаев, Ердос Жаңабергенов және қос алып: Рүстем Iргебаев пен Руслан Мырсатаев та жарыс жолынан ерте шығып қалды. Астанада тiркелген оқыс жайттардың басы 48 келi салмақтағы бәсекеден өрбiдi. Өзiнен 6 жас үлкен, Бейжiң Олимпиадасына қатысушы және Әлем кубогының қола жүлдегерi Бiржан Жақыповты 9:4 есебiмен жеңген 19 жасар Iлияс Сүлейменов бокс төңiрегiндегiнiң түгел таңданысына айналды. Ұлттық құраманың бас бапкерi Мырзағали Айтжанов жеке бапкерлiк ететiн Бiржан осылайша ақтық сыннан сағы сынып қайтты.

Астананың екiншi алтынын 54 келiде өнер көрсететiн Данияр Төлегенов әкелдi. Ол халықаралық деңгейдегi спорт шеберi шығысқазақстандық Мiржан Рақымжановты тiзерлеттi. Бiрақ бұл өкiнiштiң орнын Шығыстың жiгiттерi толығымен толтырды. 51 келiде Мирас Жақыпов пен 60 келiдегi Айдар Әмiрзақов Қазақстан чемпионы атанды. Ал Әлемнiң екi дүркiн чемпионы Серiк Сәпиевтiң салмағындағы Манат Өмiрзақовтың жеңiсi Шығыс Қазақстан боксының жұлдызы жанғанынан хабар бердi. Жартылай финалда салмақ ауыстырып келген Рустам Сбаевқа жол берген Серiк бiрiншiлiктiң қола медалiн мойынға iлдi. Әрине Сәпиевтiң деңгейiндегi спортшыға ол медальдiң құны көк тиын шығар-ау. Бiр анығы – бүгiнгi бокс бiр орында тұрған жоқ. Аға буынның орнын басар жақсы iнiлердiң келгенiн көз көрдi.

Соңғы жылдары қазақ боксын ауыр салмақтылардың ау-жайы алаңдатқан. Ендi, мiне, дәл осы Астананың төрiнде алыптардың айқасынан ауыз толтырып айтардай арын алдық. Қостанайда өткен соңғы бiрiншiлiкте Василий Левитке жеңiлген Жан Кособуцкий қалайда қарымта қайтарам деп келген. Төрешiлердiң озбырлығын әбден басынан өткерген Кособуцкийдiң бұл жолы да сескенетiнiндей жөнi бар едi. Өйткенi, турнир барысында бiрлi-жарым төрешiлер қателiгi байқалып жатты. Әдiлқазылықтың олқылықтары тек қателiктер болса ғана бiрсәрi, ал жарыс соңынан пiкiр бiлдiрген бапкерлердiң бiрқатары чемпиондық тәжге боксшылардың кейбiрi ринг сыртындағы күреспен жеткендерi жөнiнде сөз өрбiтiп қалды.

Жан Кособуцкийдiң жеңiсiнен кейiн тағы бiр алтынды Қостанай командасының қоржынына ең жоғарғы салмақтағы Иван Дычко салды. Жартылай финалдық кездесуде жеңiстi Рүстем Iргебаевтан тартып әкеткен Иван ақтық жекпе-жекте шымкенттiк Досжан Оспановтан 5:0 есебiмен айқын басым түстi.

Жаңа чемпиондардың есiмi:

48 кг — Iлияс Сүлейменов (Астана, 1990 ж.)

51 кг — Мирас Жақыпов (Шығыс Қазақстан облысы, 1989 ж.)

54 кг — Данияр Төлегенов (Астана, 1989 ж.)

57 кг — Аслан Мұқанов (Қостанай облысы, 1988 ж.)

60 кг — Айдар Әмiрзақов (Шығыс Қазақстан облысы, 1990 ж.)

64 кг — Данияр Елеусiнов (Астана, 1991 ж.)

69 кг — Манат Өмiрзақов (Шығыс Қазақстан облысы, 1990 ж.)

75 кг — Данабек Сужанов (Шығыс Қазақстан облысы, 1984 ж.)

81 кг — Алмат Серiмов (Қарағанды облысы, 1986 ж.)

91 кг — Жан Кособуцкий (Қостанай облысы, 1988 ж.)

+91 кг — Иван Дычко (Қостанай облысы, 1990 ж.)

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары