ШОРНАҚ ЕЛДI МЕКЕНIН ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ

ШОРНАҚ ЕЛДI МЕКЕНIН ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ

ШОРНАҚ ЕЛДI МЕКЕНIН ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ
ашық дереккөзі
298

Бiздiң тiлге тиек еткелi отырған мәселемiз – Түркiстан қаласы жайында. Бәрiмiзге белгiлi, Түркiстан 1864 жылы 11 маусымда Ресей қарамағына қарады да, тек 1872 жылдың басында уездiк қала аталды. Мiне, содан берi алаштың астанасы – Түркiстан сан түрлi оқиғаларды бастан өткердi.

Кешегi қызыл империяның кезiнде ислам дiнiнiң орталығы ретiнде Түркiстанға Коммунистiк партияның жетекшiлерi терiс қарады да, қалаға деген қамқорлық күрт төмендедi. Оған қалалық мәртебе де уақтылы берiлмей, ақырында шағын аудан орталығына ғана айналды. Дәлел ретiнде айтсақ, бұрын Шорнақ селосы (Түркiстаннан 21 шақырым жердегi) Фрунзе ауданының орталығы болатын. Кезiнде осы ауданды Н.С.Хрущевтiң аудандар мен шаруашылықтарды iрiлендiру саясатына байланысты 1956 жылдың екiншi жартысында қысқартып, оны әкелiп Түркiстанға қосып жiбердi. Содан берi қасиеттi қала шаруашылықпен айналысатын аудан орталығы ғана болып қалды. Тiптi, сәл болмағанда, жалпы түркi тiлдес халықтың мақтанышы – Қ.А.Ясауи кесенесiнен де айрылып қала жаздағанымыз жасырын емес.

"Халықты дана әрi ғалым басқарса,

Кедей елдiң өзiн оздырады.

Ал, надан әрi залым басқарса,

Озық елдiң өзiн тоздырады", – деп, дана халқымыз айтқандай, тәуелсiздiкке қол жетiп, қуаныш әрi мақтаныш ететiн бас қала – Астана сияқты әсем қаламыз өмiрге келдi. Егемендi ел ретiнде әлемге танылдық. Осы тәуелсiздiктiң шарапатымен Түркiстанның 1500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемiнде аталып өттi. Түркiстан қаласын өркендету, оның мәртебесiн көтеру туралы халық арасында да, тиiстi орындарда да жиi айтылып жүргенде қуанып қалған едiк. Тiптi, Елбасымыздың: "Түркiстанды рухани астана етемiз", – деп, айтқаны да есте. Ендi мiне, той өткелi де тоғыз жылдан асса да, көңiлге қонымды жақсы бастамалардың ауылы ұзап кеттi. Сол кезде Түркiстанмен қатар ауызға алынған Астана да, Атырау да адам танымастай құлпырып өзгердi. Ал, Түркiстанда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық та, өзгерiс те жоқ. Қазiр тойдың қарсаңында iстелген жұмыстар бастапқы ажарынан айрылып, сұрқайлана бастады. Түркiстанның өңiрi тарихи-мәдени мұраларға өте бай өлке екенiн жұрт мойындайды. "Адам баласына өлiмнен басқаның ертесi жақсы" дегендей, Түркiстанға рухани астана әрi туризмнiң орталығы деген арнайы мәртебе беру – өмiр талабы. Қаланың өндiрiс орындарын реттеп, олардың бәрiн аяқтарынан тiк тұрғызудың өзi қыруар жұмыс. Ал ауылшаруашылығында кезек күттiрмейтiн мәселе шаш етектен. Басқаны қайдам, бiздiң өңiрдегi ауылдардың тыныс-тiршiлiгi тап қазiргi заманның талабынан көш төмен. Өйткенi, оларға ие жоқ, қала әкiмiнiң ауылға көңiл бөлуге мүмкiндiгi де, уақыты да жетпейдi… 2010 жылдан бастап қала мен ауданды мiндеттi түрде бөлу керек. "Су аққан жерiнен қайта ағады", – деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Сол үшiн аудан орталығын бұрынғы өзiнiң орнына қайта көшiру елге де, жерге де қолайлы әрi тиiмдi. Бiрiншiден, Шорнақ селосының қақ ортасын темiр жол жарып өтсе, бұл елдi мекеннiң iргесiнен Ұлы Жiбек жолы – Қызылорда-Шымкент тас жолы өтiп жатыр. Бұған қосымша сырттан әкелiнетiн көмiр және түрлi құрылыс материалдарын вагондармен таситын қосымша темiр жолы тағы бар. Әдiлiн айтсақ, Оңтүстiк Қазақстан облысының аймағында аудан орталығы болуға дайын тұрған Шорнақ сияқты елдi мекен атымен жоқ. Негiзi Түркiстанның аудан орталығын Шорнаққа көшiруге мәжбүрлейтiн мына мәселелер: Түркiстанның бетке ұстайтын бiр-ақ көшесi бар. Ол – С.Қожанов атындағы көше. Осы көшемен Түркiстанның бар автокөлiгi күнi-түнi ары-берi тынымсыз ағылып жатады. Оған базарға сырттан келетiн автокөлiктер де қосылады. Нәтижесiнде қалада автокөлiк апаты жиi орын алып, адам өлiмi шектен тыс көбейе түсуде. Екiншiден, осы бiр көшенiң бойында үш мектеп, екi колледж, бiр орталық аурухана, жетi тойхана, екi банк, үш шаштараз, бiр мәдениет үйi, бiр стадион, тоғыз кафе, бес азық-түлiк дүкенi, қала әкiмшiлiгi мен мәслихаты және түрлi өтетiн мәдени iс-шаралар алаңы, университеттiң бiр факультетi орналасқан. Қысқасы, халықтың күнi-түнi өте көп жүретiн жерi осы көше. Үшiншiден, автокөлiк тым көп болғандықтан қаланың экологиясы да, тазалығы да мәз емес. Егер аудан орталығы Шорнаққа көшетiн болса, бiраз автокөлiк сол жаққа ауысар едi. Әрi қаланың халқына көп жеңiлдiк туып, "Жол картасына" байланысты бiраз азаматтар екi қолға бiр күрек табар едi.

Және бiр мәселе, Шорнақ орталығындағы №5 мектеп-интернат пен "Шорнақ" орта мектебiнiң арақашықтығы 10-ақ метр. Осы екi мектептiң барлық оқушыларын қосқанда 925 оқушы. Ал, қазiр екi мектеп жыл сайын оқушыға таласып, керiлдесiп жатады. Егер жетiм мен тұрмыс-тiршiлiгi өте нашар отбасылардың балалары оқитын мектеп-интернат қажет болса, аудан орталығы Түркiстан қаласында С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернат бар. Демек, бiр ауданға бiр мектеп-интернат жетедi. Ал №5 мектеп-интернатқа жыл сайын орынсыз жұмсалып жатқан 52384,0 млн. теңге қаражатты ауданға жаңадан қоныстанғалы жатқандарға жұмсаған жөн сияқты. Түркiстаннан Шорнақ селосына аудан қайтып көшiп баратын болса, осы интернаттың мекен-жайына барлық мекеме толық жайғасуына мүмкiндiк мол.

Бұл аздай, Шаға төбесiне орналасқан ескi әуежай да үлкен мәселеге айналуда. Бұл әуежай кешегi Кеңес үкiметi кезiнде "АН-12" мен "АН-24"-ке арналып, 1955 жылы Шаға қыратының биiк төбесiне салынған. Әуежайдың iстен шыққанына да көп уақыт болды. Оны заман талабына сай етiп кеңейтуге де мүмкiндiк жоқ. Неге десеңiз, айналасы – үлкен арна. Сондықтан да оны Шорнақ пен Бабайқорғанның ортасындағы жерге көшiрген тиiмдi. Бiздiңше, үкiмет салиқалы комиссия тобын құрып, тезiрек нақты шешiм шығарғаны абзал. Бұл ауылдағы ұзақ жылдан берi қордаланып келген мәселеден туындаған ұсынысты осыдан екi жыл бұрын Президентке, Премьер-министрге, Парламентке жазғанда: "Бұл мәселе облыстың экономикасына байланысты. Хаттарыңызды Н.Әшiмовке жiбердiк" деген едi. Одан берi әкiм де ауысты. Бiздегi үмiт – әбден пiсiп жетiлген мәселенi шешу ғана.

Елтай Бимаханбетұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi, Түркiстан қаласының құрметтi азаматы;

Әбдiжаппар Дайрабаев, Соғыс және еңбек ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы, Түркiстан қаласының құрметтi азаматы;

Дүйсенкүл Жамбылова, Түркiстан қаласы әйелдер Кеңесiнiң төрайымы;

Нәлiхан Шотаев, Қалааралық қажылар қауымдастығының төрағасы және тағы бiр топ азаматтар қол қойған.

Серіктес жаңалықтары