Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “БАЛАБАҚША” ОЙНАҒАНДЫ ҚОЙЫҢДАР!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “БАЛАБАҚША” ОЙНАҒАНДЫ ҚОЙЫҢДАР!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “БАЛАБАҚША” ОЙНАҒАНДЫ ҚОЙЫҢДАР!
ашық дереккөзі
291

Бiзге iс тетiгiн бiлетiн кәнiгi мамандар керек

Ұлттық кадрдi жасақтау iсiндегi олқылықтар мен қателiктер туралы бiраз жазылды. Қазiргi қазақы ұғымда "шенеунiк" сөзi "жемқорға" мағыналас сөзге айналғандай. Бұған кеңестiк кезеңнен келе жатқан бюрократтықты қосыңыз. Атқарушы сала өкiлдерiнiң осалдығы жайлы ақпарат Президенттiң құлағына жеттi бiлем, Елбасы өткен Үкiмет мүшелерiмен өткiзген жиналыста жас шенеунiктердiң тiрлiгiн қатты сынға алды.

"Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесiн" дейтiн қағиданың өз мәнiн жоғалтар күнi бола ма екен? Ендiгi жас Астананың жалпақ көшелерiнде қымбат көлiктермен жосылтып жүрген жас шенеунiктердiң уақытша болса да пысы басылып қалғандай. Басқа емес, Елбасының өзi барша елдiң алдында билiк пен байлықтың буына мастанған жас әкiм-қараның тiрлiгiн жерден алып, жерге салды. Ашына келе, "Мемлекеттiк ведомство аппараттары балабақшаға айналды" — дедi Елбасы.

"— Жас кадрларды таңдау, оларды жақсы қызметтерге орналастыру арқылы үйрету, тәрбиелеуге қатысты ұстанған бұрынғы саясатымыз ендiгi таңда бюрократияға тiрелдi, бұл айтылғандардың iшiнде бiрiншiсi мен соңғысы ғана орындалған: жас маманды тауып, оған жақсы қызмет беру. Ал тәрбиелеу дегенiмiз қызметтiң барлық сатысынан өту емес пе? Нәтижесiнде, бiздiң ведомстволарда, тәп-тәуiр қызметтерде өздерiнiң не iстеп отырғанын бiлмейтiн жап-жас балалар отыр, олардың бар ойлағаны бұдан да оңдырақ қызметке ауысудың жайы ғана" – дедi Президент.

Ендiгi уақытта жас мамандар әуелi аймақтарда үш жыл қатарынан қызмет атқарып, сосын ғана Астанаға келуi тиiс. Елбасының бұл тапсырмасы "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерiне тiкелей қатысты болмақ. Мемлекет есебiнен әлемнiң озық жоғарғы оқу орнын бiтiрiп келген жастардың денi Астана қаласында қалғысы келетiнi жасырын емес. Олардың көпшiлiгi, қатардағы әкiмшiлiк қызметтердi емес, ұлттық компаниялардағы, шетелдiк компаниялардың жалақысы өте жоғары қызметтердi таңдайтыны. Олардың алды Президент көмекшiсi, министрдiң орынбасары қызметтерiн атқарып жүр.

Ұлттық кадр жасағын қайта қарау Қазақстанның алдағы уақытқа белгiлеген мақсаттарына байланысты болса керек. Биылдан бастап Қазақстан елдi индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға көшуi керек. Елбасы бұл үшiн аймақтардағы кәсiби мамндарды көбiрек жауапты қызметтерге тарту керек дедi.

Жалпы, Үкiмет мүшелерi 2010 жылы игi жаңалықтар көп болады деп болжап отыр. Әлемдiк экономика бiртiндеп ес жиып, қалпына келе бастауы кәдiк.

Былтырғы жылды қорытындылай келiп, Президент былай дедi:

— Былтырғы жылды барлық мемлекеттер ойдағыдай аяқтады дей алмаймыз. Бiз болсақ, алға шыққан елдердiң қатарындамыз. Көптеген мемлекеттердiң сыртқы қарызының көлемi өсiп барады. Бюджет дефицитi өсiп, жұмыссыздық белең алуда. Көптеген кәсiпорындары тоқтап қалған. Яғни, әлемнiң барлық мемлекеттерi апатты жағдайда қалды. Ал, мен, бiздiң мемлекеттiң экономикасы дағдарыстан аз шығынмен шықтық деп есептеймiн. Халық түк те сезбей қалды.

Ресми деректерге жүгiнсек, елiмiзде былтыр өнеркәсiп көлемi 1,7 пайызға өскен. Ауылшаруашылығында 13,8 пайыз өсiм байқалған. Экономикаға 4,5 триллион теңге инвестиция құйылған. Инфляция 6,2 пайызға дейiн түсiп, ЖIӨ 1,1 пайызға көтерiлген. Биылғы жылы ЖIӨ 1-2 пайызға өспедi деп жоспарланып отыр.

Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешевтiң айтуынша, шикiзаттық қамыттан құтылып, индустриялы елге айналу үшiн Үкiмет үш басым бағытты ұсынбақ: олардың бiрiншiсi, табиғи ресурстарды толықтай пайдалану. Екiншi бағыт — адами ресурстың тиiмдiлiгiн арттыру. Үшiншiсi — геосаяси мүмкiндiктердi пайдалану.

Президент жаңа индустрияландыру бағдарламасын тыңғылықты дайындауды тапсырды. Бұл iсте Үкiметке орта және шағын бизнес өкiлдерi көмекшi болмақ. Бұған дейiн Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекеттерiнiң жолымен жүрiп келген Қазақстан алдағы уақытта Еуропа елдерiнен де сабақ ала бастайды. "Бизнес өкiлдерiмен қоян-қолтық жұмыс iстеу үлгiсi Финляндияда бар" – дейдi Елбасы.

Былтыр Финляндия мемлекетiнде iссапармен болған Президент осы елдiң индустриялдық-инновациялық дамуына баса назар аударған. "Алдыңғы қатарлы озық ғылыми жаңалықтар ашуда бiздiң фин елiнен үйренерiмiз көп" – дейдi Елбасы. Бұл елде мемлекет, ғылым мен бизнес өкiлдерiнiң әрiптестiгi жақсы дамыған.

Жиын соңында Елбасы 2010 жыл Қазақстан үшiн қарыштап дамуының басы болса деген тiлек бiлдiрдi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары