“БАР ҮМIТIМIЗ – ЕКI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТТЕРIНДЕ” дейдi Арнасай бөгенi аймағындағы елдi мекендердiң тұрғындары

“БАР ҮМIТIМIЗ – ЕКI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТТЕРIНДЕ” дейдi Арнасай бөгенi аймағындағы елдi мекендердiң тұрғындары

“БАР ҮМIТIМIЗ – ЕКI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТТЕРIНДЕ” дейдi Арнасай бөгенi аймағындағы елдi мекендердiң тұрғындары
ашық дереккөзі
207

Өткен аптаның сәрсенбi күнi редакцияға Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының тұрғындары Қайрат Шылмырзаев пен Оспан Асанов және Шардара ауданының тұрғыны Уалхан Адайымханов келдi. Олар жәй келген жоқ. Былтырғы жылдан берi қазақ-өзбек шекарасы бойындағы орын алған келеңсiз жайларды ашына баяндады. Арнасай бөгенi маңындағы Өзбекстаннан алынды деген бес ауылдың тек екеуi ғана қайтарылғанын, сол ауылдардың тұрғындары қазiр Шардараға барар жолда өзбек шекарашыларының неше түрлi құқайларын көрiп келе жатқанын айта келiп, "кезiнде республика тарапынан шекара сызығын анықтауға арнайы құрылған комиссия бiздiң мүддемiздi қорғай алмады, алты жүзге жуық үйдiң бес мың тұрғындарын тағдырдың тәлкегiне қалдырып кеттi", – деп кiнә артады.

Сол кездегi арнайы құрылған комиссияны кiмдер басқарды және құрамында қандай мемлекеттiк мекемелер болды?

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөздерге жарияланған "Қазақ-өзбек шекарасы хақында" түсiндiрмесiнде оларды былай көрсеткен.

"Келiссөз процесiн жүргiзу және барлық iс-әрекеттi үйлестiру үшiн бiзде және Өзбекстанда Үкiмет комиссиялары құрылып, оларға екi мемлекеттiң Премьер-Министрлерi жетекшiлiк еттi. Қазақстандық комиссияның құрамында Сыртқы iстер министрлiгiнiң қызметкерлерi, ҰҚК-нiң Шекара қызметiнiң офицерлерi, Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттiктiң өкiлдерi, инженер-геодезистер, Өзбекстанмен шекаралас облыстар мен аудандар әкiмдiктерiнiң, сондай-ақ бiрқатар мүдделi ведомстволар мен қызметтердiң өкiлдерi болды".

Шекараны анықтау аса жауапты iс. Бiлiктi, бiлiмдi мамандарды қажет етедi. Сол комиссияда мемлекеттiк құзырлы органдардың атынан iстi жүргiзушi кiмдер? Тым болмаса түсiндiрмеде топ жетекшiлерiнiң аты-жөндерiн жұмбақтамай жариялауға болар едi ғой. Бұл тарих үшiн де маңызды.

Тарихқа жүгiнсек, қазақ-өзбек шекара мәселесi Советтер Одағы дәуiрiнде де үш рет қаралып, үш рет өзгерiстер ендiрiлгенiн көзiқарақты жандар жақсы бiледi. Атап айтқанда 1956, 1963 және 1973 жылдары шекара сызықтары КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының үш жарлығымен картаға қайта түсiрiлген. Осы үшеуiнiң iшiнен әсiресе 1963 жылғы жарлық Қазақстан Республика басшылығының ықтиярынсыз берiлген едi. Сол кезде Оңтүстiк Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Исмаил Юсупов КПСС ОК Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң Төрағасы Никита Хрущевқа арнайы хат жазып, облыстағы Қызылқұм ауданының үлкен бiр бөлiгiн және Шымқорған мен Арнасай аудандарын Өзбекстанға берудi ұсынған. Сондағы себебi өзбектер қазақтарға қарағанда мақтаны жақсы өсiредi екен (Хат мәтiнi "Түркiстан" газетiнiң 2006 жылғы 28 қыркүйектегi "Казахское дело" циклдiк мақаланың Дiнмұхамед Қонаев тарауында жарияланған). Хрущевқа оның бұл ұсынысы ұнап, Қазақстан Республикасы басшыларының қолдауын талап еткен. Өзбек ағайындары осы үш аудан есебiнен Жызақ облысын құрды. Олар Қызылқұм ауданынан алған орасан үлкен жердiң өзiн Киров, Жетiсай, Мақтаарал аудандарына бөлiп жiбердi. Кейiн Қонаевтың талабы бойынша 1973 жылы үш ауданды қайтару жөнiнде мәселе қайта қозғалған кезде өзбектер Киров, Жетiсай, Мақтаарал аудандарын қайтып берiп, Шымқорған мен Арнасай аудандарын жасырып қалған. Солай қулықтарын асырған екен. "Менiң қазақтарға жасаған қылаудай қиянатым жоқ", – деп жанын жалдаған Юсуповтың артын былыққа батырған кесiрлi iсi осы.

Жә, ендi сол екi ауданды өзбектерден даулаудың жөнi бола қоймас. Бұл жадымызды жаңарту үшiн, өткендi бiлмек үшiн айтылып отыр.

1963 жылы Шардара су қоймасы салынып, үлкен жасанды көл пайда болды. Соның салдарынан айналасындағы бiрнеше шақырым жер сорланып, мақталық күрт қысқарған. Оның орнына мал шаруашылығын өркендету қолға алынып, "Амангелдi" мен "Арнасай" қой совхоздары құрылады. Шардара су қоймасына жақын орналасқан сол совхоздар 1973 жылғы шекара бөлу кезiнде Өзбекстан жағында қалып қойған. Екi совхоздың тұрғындары кiлең қазақтар болса да төлқұжаттары бойынша Өзбекстан азаматтарына саналады. Сол кезде Советтер Одағына бiрiккен он бес республика азаматтары бiр-бiрiне ешқандай кедергiсiз қатынайтын едi. Одақ тараған соң әр республика өз шекараларын делимитациялауға көштi.

Сыртқы iстер министрлiгiнiң түсiндiрмесiнен.

"Бұл тұрғыда аса маңызды тұғырнамалық мемлекетаралық құжат 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы Декларациясы болып табылады. Онда ТМД-ның барлық мемлекеттерi КСРО-ның ыдырау сәтiнде қалыптасқан шекарамен келiскен және бiр-бiрiне аумақтық талап қоюшылығы болмаған. Бұл құжаттың декларцияшылдығына қарамастан, жас дербес мемлекеттердiң шекаралық мәселелердi саяси дау-дамайға айналдырмауға дейтiн берiк жiгерi бiлдiрiлген".

Алматы Декларациясы негiзiнде екi ел тарапынан да құрылған арнайы комиссия аралық шекараны нақтылап анықтауға кiрiседi. Шекара сызығын анықтау жөнiнде 1999 жылдың соңына таман басталған келiссөз 2001 жылы 16 қарашада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттiк шекарасы туралы келiсiм-шартқа қол қоюмен аяқталған екен. Бiрақ бұл келiсiм-шарт мәселесi түпкiлiктi толық шешкен жоқ. Мұнда шекара бойының 96 пайызы анықталған.

Сыртқы iстер министрлiгiнiң түсiндiрмесiнен.

"Шекараның келiсiлмей қалған үш учаскесiн анықтау өте күрделi жүрдi. Себебi, олар шекара маңындағы халықтың мүддесiне байланысты болып, тараптардың пiкiрi бойынша, олар жөнiнде бiрлескен шешiм қабылдау үшiн қосымша зерттеудi талап еттi. Бұл учаскелер Бағыс және Түркiстан кентiне, Арнасай плотинасы мен оның маңындағы аумақтарға, сондай-ақ, Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат ауылдарына қатысты болды".

Екi республиканың комиссиялары қазақ-өзбек шекарасының жекелеген учаскелерi туралы келiсiм шарт жобасын әзiрлеп, 2002 жылы 9 қыркүйекте Қазақстанға Өзбекстан Республикасының президентi Ислам Каримовтiң ресми сапары кезiнде осы келiсiм шартқа екi ел басшылары қол қойды. Өкiнiшке қарай сол келiсiм шарт бойынша да тек қазақтар тұратын Арнасай мен Амангелдi қой совхоздары өзбек ағайындардың еншiсiнде кеттi.

Ал Арнасай мен Амангелдi елдi-мекендерiнiң сол аймақта тұратын қазақтар үшiн қаншалықты маңызы бар?

Оспан Асанов:

– Сол өңiрде тұратын бiз үшiн бұл екi елдi-мекеннiң стратегиялық маңызы зор. Жерi Өзбекстанға қарағанымен бұл аймақта бiрде-бiр өзбек қоныстары жоқ. Арнасай бөгенi маңындағы елдi-мекендерде атам заманнан берi тек қазақтар ғана тұрып келедi. Бiз былтырғы жылға дейiн Шардара ауданына сол Арнасай мен Амангелдi елдi-мекендерi арқылы өтетiн тас жолмен емiн-еркiн қатынап жүрдiк. Тас жол да Өзбекстанға қарайды. Ұзындығы жиырма бес шақырым. Былтырдан берi сол жолды өзбек шекарашылары бақылауға алды. Жолдың не оң жағына, не сол жағына бес қадам шықсаңыз әлгi шекарашылар келiп, автокөлiгiңiздi тартып алып, Жызаққа апарып тастайды. Жызақ бiзден екi жүз шақырым қашықтықта. Артынан iздеп барсаңыз екi есе құнын сұрайды. Олар өткен жылы жиырма бес автокөлiгiмiздi алып кеттi. Қайтарып алған ешкiм жоқ. Ендi мiне, күнкөрiсiне жарап отырған автокөлiгiнен айрылған жұрт Шардараның базарына бара алмай отыр. Егер Арнасай мен Амангелдi елдi-мекендерi Қазақстанға қосылғанда, тас жол да бiздiкi болар едi.

Бұл ауылдардан Шардараға шығатын екi жол бар. Оның бiрiншiсi, осы Арнасай мен Амангелдi арқылы өтетiн төте жол. Ары десе қырық шақырым. Екiншiсi Жетiсай мен Келес арқылы су қоймасын айналып жүретiн алыс жол. Шамамен Шардараға дейiн 250 шақырым. Қазiр жұрт сол аудандағы ағайын-тумалардың той-томалағына, өлiм-жiтiмiне амалсыздан осы жолмен қатынауда. Жол ұзақ, жанармай қымбат. Әбден титықтатып болды.

Сыртқы iстер министрлiгiнiң түсiнiктемесiнен.

"Жоғарыда аталған үш учаске бойынша шекара сызығының өтуiне деген түсiнiстiкте қарама-қайшылық болған жоқ. Алайда сонымен бiрге, бұл сызық ең оңтайлы сызық еместiгiн және оны реттеу талап етiлетiнiн түсiнушiлiк болды. Барлық үш учаске бойынша түрлi себептерге байланысты азаматтығына қарай келесi мемлекетке қарайтын елдi-мекендер бар едi. Бұл шекара екi бөлiкке бөлiп тастайтын Бағыс ауылына да қатысты. Ол әкiмшiлiк жағынан Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына бағынады және онда мыңнан астам адам тұрады. Бәрi де Қазақстан азаматтары. Бұл Арнасай бөгенi маңындағы бес шағын ауылға да қатысты едi. Онда негiзiнен Қазақстан азаматтары тұрғанымен, ол аумақтық тұрғыда Өзбекстанға қарайтын. Бұл сондай-ақ Қызылорда облысының шекарасындағы Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат атты үш өзбек ауылына да қатысты.

…Арнасай бөгенiндегi учаскеге және сол маңдағы аумаққа қатысты тараптар Шардара су қоймасы бiртұтас гидротехникалық кешеннiң құрамдас бөлiгi болып табылатын Арнасай плотинасы тұтастай Қазақстанға өтетiндей етiп шекара сызығын өзгертуге уағдаласты. Қазақстан азаматтары тұратын бес шағын ауыл да Қазақстанға өттi.

…Қызылорда облысы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы шекарада орналасқан үш ауылға байланысты тараптар, тұрғындарының бәрiнде өзбек азаматтығы болғандықтан олардың Өзбекстанға өтуiне келiстi".

Былай қарағанда түсiнiктемеде бәрi де орынды айтылған секiлдi. Бағыс пен Түркiстан елдi мекендерiнiң жайы белгiлi. Алайда Арнасай бөгенi маңындағы бес ауылдың аттары неге атап көрсетiлмеген?

Қайрат Шылмырзаев:

– Бiз сол бесеуiн Арнасай, Амангелдi, Қостақыр, Көктас, Қарабай ауылдары деп қуанышымыз қойнымызға сыймай, қаннен-қаперсiз жүрдiк. Бiрақ сол қуанышымыз Арнасай, Амангелдi, Қостақыр және Көктас елдi-мекендерiне Өзбекстан шекарашылары өз ала бағандарын қойғанда су сепкендей басылды. Сонда Өзбекстанға бұрынғы Қоғалы совхозынан 1700 гектар жер берiп, соның есесiне олардан бес ауылды алдық дегенi Жiбек Жолы, Жексембай, Құлшығаш, Атамекен және Жайлаукөл ауылдары ма? Бұл ауылдар 1973 жылғы шекаралық картада Өзбекстанның емес, Қазақстанның территориясында болған. Сондықтан да ауыл тұрғындарының қолдарында Қазақстанның төлқұжаттары бар. Сонда кiмдi кiм алдап отыр? Өзбек қазақты ма? Әлде қазақ қазақты ма? Турасы арнаулы комиссия бiздi алдаған.

Оспан Асанов:

– Арнасай бөгенi маңындағы ауылдарда жалпы саны 600-ге тарта қазақ үйлерi тұрады. Ал Арнасай мен Амангелдi елдi-мекендерiнде екi республиканың азаматтығы бар жандар аралас өмiр сүрiп жатыр. Қару асынған өзбек шекарашылары осы екi ауылдың үйлерiне кiрiп, төлқұжаттарын қайта-қайта жөн-жосықсыз тексерумен келедi. Олардың егiстiгiне алып келген селитра тыңайтқышты әдейi жинағансыңдар деп мың әуреге салған. Өзбек шекарашыларына "Әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа жоқ". Ойына не келсе, соны iстейдi. Былтыр сондай қысымға шыдамаған Арнасай мен Амангелдi ауылдарының үш мың тұрғыны Шардара су қоймасының плотинасын екi күн бойына жауып, ары-берi жүргiншiлердi өткiзбей тұрды. Биыл да сол жағдай қайталанбаса деңiз. Жоғары басшылықтың бәрiне хат жазып, Арнасай мен Амангелдi елдi-мекендерiн Қазақстанға қайтарып алуды сұрап-ақ келемiз. Еш жауап жоқ. Мына жерде 5 мың қазақтың тағдыры қиын болып жатыр-ау деп селт еткен бiрi болсайшы.

Сол екi ауылдың тұрғындары Шардара ауданының әкiмi Қасымбек Қаметовке де барып, өтiнiштерiн жоғары басшылыққа жеткiзуiн сұраған. Ол:

– Сiздерге Көксарай маңынан жер берiледi. Сонда көшiңiздер. Үкiмет оралман ретiнде қабылдайды,– деп шығарып салыпты.

Қайрат Шылмырзаев:

– Әкiмге "көш" деп айту оңай. Ал бiзге көшу қиынның қиыны. Ата-бабамыздың мазары осы жерде жатыр. Сондықтан бiз үшiн ең қасиеттi жер. Өнiп-өскен бұл жерге кiндiгiмiз байланып қалған. Бұл бiзге бабаларымыз аманаттаған жер.

Иә, бауыр басқан жерден кiмге де болса көтерiле қозғалу қиын. Қызылорда облысының шекарасындағы Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат ауылдарында Өзбекстан азаматтары тұрғандықтан сол жердi өзбек ағайынға берiптi. Ал неге соның есесiне Арнасай мен Амангелдiнi Қазақстанға қайтармасқа.

Уалхан Адайымханов:

– Шекара бөлiсудiң алғашқы кезеңiнде Шардара аудандық жер қатынастары бөлiмiндегi қызметкерлер "Шардара су қоймасы жағалауынан 300 метр жердi өзiмiзге алып қалдық. Арнасай стансасына қарай тартылған жоғары кернеулi электр желiсi де бiздiң территориямыз. Келешекте сол жерден Шардараға қарай жаңа жол саламыз", – деп едi. Арада бес жыл өткен соң-ақ өзбек шекарашылары бағандарын Шардара су қоймасының жағалауына дейiн жылжытып қойды. Әлгi электр желiсi де, Көктас ауылы да соларға өтiп кеттi. Сондай-ақ, Арнасай бөгенi маңындағы Жайлаукөл ауылдарынан өзбектердiң алғашқы шекаралық бағандары 300 метрдей қашықтыққа қойылған едi. Былтырдан берi соны ауыл iргесiне дейiн жақындатты. Сонда қалай, жерiмiз кең деп өзбек ағайындардың ығына қарай жығылып, шегiне беремiз бе? Онсыз да мал жайылымдары солардың жерi болып кеткен жоқ па. Күнi ертең Қоғалы, Жексембай, Құлшығаш, Жайлаукөл, Мақташы, Темiржол, Жiбек жолы, Сұлтанқұдық елдi-мекендерiнен шекаралық сымдары тартылғанда жағдайымыз қалай боларын бiр Құдайымыз бiлсiн. Қариялар сүйегiмiздi сүйретiп ешқайда бармаймыз деп отыр.

Шардара ауданының басшылары Арнасай бөгенi маңындағы ауылдардың келешегi жоқ дейтiн көрiнедi. Сондықтан болар, олардың Көксарайға қоныс аударғандарын қалайды. Ауылдардағы бұрынғы мәдени орындарының нысандары мен мектептер тозған. Қазақстанның тек бiр-ақ телеарнасы көрсетiледi. Негiзiнен теледидарды Өзбекстан телеарналары жаулап алған. Балалар мультфильмдердi өзбек тiлiнде көредi. Айтуларына қарағанда, бiздiкiнен гөрi солардың аудармасы жақсы екен. Аудан басшылары келешегi жоқ деп жиренiп отырған жерге өзбек ағайындар қашан иелiк етемiз деп асығып отырған секiлдi. Қазақтарға қысым көрсетiп жатқаны да сондықтан болар. Заманнан заман озғанда сол байырғы Қазақстан жерiнен кен орындары табылмасына кiм кепiл?

Оспан Асанов:

– Арнасай бөгенi маңындағы 5 мың тұрғыны бар ауылдардың тағдырына, жан айқайымызға құлақ түрсе деймiз. Екi елдiң Президенттерi шекаралық келiсiм-шартты қайта қарап, Арнасай, Амангелдi және Көктас елдi-мекендерiн Қазақстанға қайтарып алса деймiз. Қандай да түйiндi мәселенiң жолын табуға болады ғой. Бiздiң үмiтiмiз екi ел Президенттерiнде.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары