"РАХМАН ҚАЙНАРЫНЫҢ" ҚАТЕРЛI ЖОЛЫ

"РАХМАН ҚАЙНАРЫНЫҢ" ҚАТЕРЛI ЖОЛЫ

"РАХМАН ҚАЙНАРЫНЫҢ" ҚАТЕРЛI ЖОЛЫ
ашық дереккөзі
316

Бүгiнде демалу, емделу мәселесi жалақыға қарап отырған қарапайым адамдарға қиын соғатыны көпшiлiкке аян. Кеңшiлдеу Кеңес өiметi тұсында бұл шаралардың бәрi тегiн немесе кәсiподақ ұйымының есебiнен болатын. Ал қазiр ше? Мұның бәрi көрген түстей болып қалды. Жекеменшiкке көшкен нарық қоғамында емделу-сауығу мекемелерi пайда табудың жеңiл жолын тапқандай.

Бұрындары демалу күндерi 24 тәулiкке созылатын едi. Ендi 20 күн, одан 12 күнге қысқарған. Сөйтiп ақшаның көзiн тапқан пысықтар бағаны асқындырып қойып алған. Қолдан келер не шара бар? "Бiрiншi байлық — денсаулық" деп үнемдеп жиған 144 мыңды қалтаға салып, Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына қарасты атышулы "Рахманов қайнары" санаторийiнде баруға бет алдық. Аталмыш сауықтыру орны Өскемен қаласынан 450 шақырымда, теңiз деңгейiнен 1760 метр биiктiктегi Алтай тауында орналасқан екен. Кезiнде помещик Рахманов iргесiн қалаған бұл емдеу-сауықтыру кешенi 1875 жылдан жұмыс iстейдi. Дәп тау iргесiне салынғандықтан, табиғаты мен ауасының өзi ерекше.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев аталған облысқа барған бiр сапарында бұл өңiрдi "елiмiздiң iнжу-маржаны" деп атаған. Расында, көз тоймайтын сұлу табиғаты, айнала көмкерiлген ну орманы, хош иiстi таза ауасы жаныңды жадыратып, тынысың ашылып, бойыңа қуат дарып, құдды бiр жәннатта жүргендей сезiнесiң. Сондай-ақ республикадағы денсаулыққа таптырмайтын, марал мүйiзiнен жасалатын емдiк қасиетi бар панты кешенi де осы маңда орналасыпты. Бұл өлкенi қай жағынан мақтасаң да, жарасып тұрғаны.

Сөйтсе де қазақта "жол азабы, көр азабы" деп ескерткен даналыққа жолшыбай көрген қиыншылықтарымыз толық дәлел бола алады. Бұлай деуге себеп жеткiлiктi, жол деген аты ғана болмаса, ойлы-шұқырлы, тiзеден келетiн балшығы аралас тау тастары мен адам шошырлық шыңырау құздарына қарап отырып, бiз мiнген "Газель" автокөлiгiндегi 12 адам жанын шүберекке түйiп отырды. Сонда деймiн-ау, бульдозермен бiр жүрiп өтсе, мұншалықты күйде болмас едi-ау деген пендешiлiк ой келдi. Жолдың басым бөлiгi елдi мекендердiң (Берендi селосы) тұрғын үйлерiнiң ара-арасымен жүретiнi де бiздi таң қалдырды. Көлiк жүргiзушiсi Олегтен: "Қыстың күндерi мына жолмен қалай қатынайсыңдар?" дегенiмде ол саспастан: "Бiздiң етiмiз үйренiп кеткен, қыста қалың қармен жол тапталып, тегiстелiп кетедi, қорқыныш жоқ", — деп жұбатқан болады. Жолдың соншалықты нашарлығынан, соңғы 15 шақырым жолды үш жарым сағатта жүрiп өттiк. Қысқасы, көздеген мәремiзге 12 сағатта әупiрiмдеп зорға жеттiк. Жолаушылардың арасында науқастанып қалғандар "Екiншi келмеспiн" деп қалды. Осы тұста Қытай халқының "Байығың келсе жол сал, ал тез байығың келсе, тезiрек жол сал" деген қанатты сөзi ерiксiз еске түседi.

Айта кетер тағы бiр жайт, жол бойындағы елдi мекендердiң аттары әлi сол орыс үстемдiгi тұсындағы атаулар. Мәселен, Зырянск, Юбилейный, Приморское және тағы басқа толып жатыр. Бiр қызығы, осы аталған жерлерде ұлты орыс тұрғындар жоқтың қасы.

Елiмiздегi "Жол картасы" бағдарламасына бөлiнген миллиардтаған қаржы "асығыспен игерiлiп жатыр" деген сөздiң рас болғаны ма, дақпырт әңгiме болғаны ма деген ой мазалайды. Әйтпесе, ғасырлар бойы жұмыс iстеп тұрған санаторий жолының осы күнге дейiн жаңартылмай жатуын немен түсiндiруге болады? Демалушылардың билiк басындағылар сияқты тiкұшақпен қатынауға мүмкiндiктерi жоқ екенiн кiмдердiң есiне салсақ екен?

Кәрiм Жұмабайұлы, Еңбек ардагерi

Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары