IЗГIЛIК ТУРАЛЫ ХИКАЯ

IЗГIЛIК ТУРАЛЫ ХИКАЯ

IЗГIЛIК ТУРАЛЫ ХИКАЯ
ашық дереккөзі
392

…Осы фильмдi жұртшылық көптен күткен едi. Былтыр күзде түсiрiлiмi аяқталып, құрастыру жұмысы жүрiп жатқанда-ақ, кинолентаның авторы, Батыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының маңдайалды журналисi, ұлтжанды ақын Мұнайдар Балмолдамен тiлдесiп, көркем туындының жалпы сұлбасы мен негiзгi мазмұны жөнiнде алғашқы мағлұматтар да алғанбыз. Алайда "Мың рет естiгеннен, бiр рет көрген артық" деген бар ғой…

Облыстық iшкi саясат департаментi және жоғарыда аталған телерадиокомпанияның белсендi қолдауымен туған тiлiмiзде түсiрiлген Мұнайдар Балмолданың "Қағаз ұшақ" атты фильмi ең әуелi Орал қаласындағы Гагарин атындағы балалар кинотеатрында жыл аяқталар шақта, 26 желтоқсан күнi көрсетiлiп, тұсаукесер рәсiмi жасалды. 1-2 қаңтар күндерi "Қазақстан-Орал" телеарнасында қайта көрсетiлiп, қалың көрермен қауымға жол тартты. Жаңа туындының қысқаша мазмұнымен оқырман қауымды таныстыра кетсек, "Қағаз ұшақ" iзгiлiктiң хикаясы.

…Қалада тұратын Өркен атты 8 жастағы балақай көлiк апатына ұшырап, ата-анасынан айрылған. Өзi аяғынан жүре алмай қалды. Қорғансыз жетiмектiң күнi нағашы апасы Мақпалға түстi. Кiтапханада iстейтiн әрi пәтер жалдап тұратын Мақпал өз бетiмен қаржы жинап, жиенiн емдетудi, аяғынан тiк тұрғызуды мақсат тұтты. Оған кездескен, ақшаға құныққан профессор Жанбаев сынды сiлiмтiктер балаға ота жасау үшiн көп ақша талап етiп, емдеудi кейiнге ысыра бердi. Оның үстiне дiни сауаты күмәндi, адами ар-ұяттан ада көршi әйелдiң үнемi орынсыз тиiсуi де, жетiмдi аяп, мүсiркеудiң орнына адуындық танытуы жаны күйзелген Мақпалды тiптi өзiне-өзi қол салуға итермелейдi. Бiрақ жаны таза қос мұңлық бұл сынды да еңсерiп шықты.

Өркен – өнерлi бала. Әсiресе қағаздан ұшақ жасағанды, оны балконнан әуеге ұшырғанды жақсы көредi. Күндегi әдетi сол. Бiрде нағашы әпкесiне бiр Жаратушымыз туралы тосын сұрақ қойып, оның "Аллаһтың қолынан бәрi келедi" деген сөзiне құлай иланып, өзiнiң арман-тiлегiн ұшақтың қанатына жазып, көкке әуелетуден жалықпайды…

Бiр қызығы сол, кинотуындының басты кейiпкерi – Өркендi ойнаған қалалық №10 қазақ орта мектебiнiң оқушысы Ақтiлек Аққалиұлы күрделi де қиын бейненi еш мiнсiз, тамаша сомдап шығарған. Ал оның нағашы апасы Мақпалдың ролiнде экранда бой көрсеткен Райса Молдашеваның бет-бейнесi мен жұмсақ үнiнен бiр iзгiлiк мен мейiрiмнiң табы сезiлiп тұрады. Сондай-ақ, кәсiпкер Азамат (Думан Омар), аула сыпырушы (Жамбыл Заев), хирург (Нағима Болат) бейнесiн сомдағандардың әртiстiк шеберлiгiне көрермендер дән риза. Осы актерлерден басқа, Ақтiлектiң сыныптастары, өзге де кiсiлер эпизодтық рольдерге түсiптi. Фильмның режиссерi Жiгер Мырзәлиев, ал сазгерi Жаскелең Ғайсағалиев. Өңiрiмiзге танымал өнер иесi, сазгер Жаскелең тек ән жазып қана қоймай, оны өзi орындаған. Жаңа кинотуындының басты ерекшелiгi — ешқандай қаржылық демеушiсiз-ақ, облыстық телерадиокомпанияның шығармашылық тобының көмегiмен түсiрiлген.

Мiне, сөйтiп iзгiлiктi насихаттайтын және әр жанға аманат ететiн фильм телеэкранға шықты. Әдетте ұлттық рухани дүниемiзге селт етпейтiн, жергiлiктi орыс тiлдi басылымдар да М.Балмолданың туындысына оң көзқарасын бiлдiрiп, оқырмандарын хабардар еттi. "Қағаз ұшақ" фильмiнiң республикалық телеэкранда көрсетiлгенi құба-құп болар едi. Мәселен, көрерменi қыруар "Қазақстан" ұлттық арнасы мен "Хабардан".

Мұнайдар Балмолда түптiң түбiнде аталған фильммен шектелiп қалмақ емес. Оның балалар үйiндегi жетiм, қаракөз бауырларымыздың шетелдiк адамдардың уысында еш сұраусыз кете баратыны жөнiнде ащы сыр шертетiн фильм түсiрмек ойы да бар. Тек "Жомарттың қолын жоқтық байлайды" деген, қомақты қаржысы бар, жүрегi "Қазағым!" деп соғатын демеушiге зәру.

Сонымен Ақжайықтан қағаз ұшақ сияқты әуелеген рухани аманат дiттеген жерiне қонды. Келешекте оны бүкiл қазақ қауымы көрiп, көңiлдерiне көрiктi ой түйсе деген арман-тiлегiм бар.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары