ЕЛБАСЫ ҚАЛАМГЕРМЕН ЖҮЗДЕСТI

ЕЛБАСЫ ҚАЛАМГЕРМЕН ЖҮЗДЕСТI

ЕЛБАСЫ ҚАЛАМГЕРМЕН ЖҮЗДЕСТI
ашық дереккөзі
401

Белгiлi жазушы Софы Сматаевтың осыдан бiр-екi күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанын естiдiк. Софы аға қазiр денсаулығына байланысты орталық ауруханада ем қабылдап жатыр екен. Софы ағамен телефонмен тiлдесудiң сәтi түстi.

— Аға, денсаулығыңыз қалай?

— Шүкiр, жаман емес.

— Сiздi Елбасының қабылдағанын естiдiк.

— Оның рас. Елбасы менi өз қабылдауына шақырды. Ауруханада жатқам. Маған Президенттiң концеляриясының бастығы Махмуд Қасымбеков хабарласты. "Мүмкiншiлiк болса, сағат бiр жарымға келiңiзшi" дедi. Сағат бiр жарымда бардым. Барсам, қабылдауында патриархат отыр екен. Елбасы патриархатпен ұзақ сөйлестi. Уақыттың көбiн сол кiсi алып қойды ғой деймiн, мен екiге таман кiрдiм. Алдында он жетi томым шыққан едi. Сол томдарымды Елбасы сұратып алған болатын. Кiтаптарымды оқып шыққан екен. Осыдан бiраз уақыт бұрын, яғни 26-наурызда Махмуд Қасымбеков хабарласқан едi. Маған: "Сiз Астанаға келе аласыз ба?" деп сұраған болатын. "Астанаға бара алмаймын, денсаулығым көтере алмайды. Әрбiр екi сағат сайын арнайы диетамен тамақ iшем. Асқазаным жоқ" дегем. Сол кезде Қасымбеков: "Онда Алматыға барған сапарында сiздi қабылдайтын болады" деген едi. Соның сәтi ендi түскен болуы керек. Елбасы әңгiменi өзi бастады. Менiң шығармаларым туралы сөз қозғады. "Қызыл дәптерiңiздi" оқып шықтым. Маған сондай ұнады", — дедi Елбасы. "Қызыл дәптер" – менiң алғашқы шығармаларымның бiрi. "Елiм-айды" да оқып жатырмын. Кейде барлығын бiрдей оқуға уақыт тие бермейдi. Елу жылдығыңызда да, алпыс жылдығыңызда да өзiңiзбен кездескем", — дедi. Бiр кездерi Елбасымен Темiртауда бiрге жұмыс атқарғам. Содан болар, ол кiсi менiң шығармаларымды жиi қарап жүредi екен. Өткендегi аштық мәселесi туралы айта ма деп ойлап едiм, бiрақ, ол туралы әңгiме қозғаған жоқпыз. "Соңғы кездерi не жазып жатырсыз?" – дедi. Соңғы кездерi бiрнәрсе жазуға шамам жоқ. Столдың басында отыра алмаймын. Оған денсаулығым жарамайды. Шалқамнан жатып аламын да, қолыма блокнотымды ұстап, бiрнәрселердi түртетiнiмдi айттым. Өлең жазам. Дастандарым бар. Соңғы кездерi жазып жүрген дастандарымды да оқып жүргенiн айтты Елбасы. Ешқандай пiкiр айтқан жоқ, тек өлеңдерiмдi оқып жүргенiн айтты. Соңғы кездерi жер туралы, үш тұғырлы тiлге байланысты азаматтық қарсылығымды бiлдiрiп, мақалалар жазып жүргем. Сол мәселелерге байланысты ашық ешнәрсе айта қойған жоқ. Тек “оқып жатырмын” дедi. Үш мәселенi көтеремiн деп ойлап барып едiм. Оның бiрi — жазушылардың қаламақысының тоқтап қалғаны. Жазушының тауары — кiтабы болса, сол кiтабы бүгiнде өтпейдi. Сол кiтабына ешқандай ақша төленбейдi. Кеңес Одағы кезiнде ең мықты бай он жазушы болса, соның бiрi мен едiм. Қазiр қаламақы деген атымен жоқ. "Денсаулығыңыз қалай?" деп сұрады. "Денсаулығым жоқ. Екi күннiң бiрiнде ауруханада жатам". Қазiр де Президент әкiмшiлiгiнiң Орталық ауруханасында жатқанымды айттым. Қаламақы мәселесiн көтерейiн деп ойлағанымша уақытымыз бiтiп қалды. Басқа адамдар да күтiп отырды. "Сәке, денсаулығыңыз мықты болсын. Сiздiң шығармашылығыңызды жақсы көрiп оқимын. Қандай азамат екенiңiздi, қандай жазушы екенiңiздi бiлем. Тағы да кездесермiз", — дедi. Бар-жоғы он минуттай ғана әңгiмелестiк. Сонымен қайттым.

Ағамен болған қысқаша әңгiмемiз осылай аяқталды. Аурухананың төрт қабырғасында жатқан қаламгерге көп сұрақ қою тiптен ауыр болар деген оймен әңгiменi қысқаша қайырдық. Аға он-он бес күннен кейiн ауруханадан шығатынын, көкейде жүрген мәселелерi туралы асықпай әңгiмелесетiнiн айтып, уәде бердi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары