РОДЖЕР ФОКС КIМ? "ЗАВОДСКАЯ" НЕ?..

РОДЖЕР ФОКС КIМ? "ЗАВОДСКАЯ" НЕ?..

РОДЖЕР ФОКС КIМ? "ЗАВОДСКАЯ" НЕ?..
ашық дереккөзі
506

Осыдан жарты жыл бұрын Батыс Қазақстанда қапелiмде орын алған оқиға ел құлағын елең еткiздi. Ақсай қаласындағы кiшiгiрiм көшенiң атауы аяқ астынан Р.Фокс көшесi деген атауға ие боп шыға келдi. Дәлiрек айтсақ, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлi ауданы әкiмдiгiнiң 2009 жылғы 9 маусымдағы №445 қаулысына сәйкес Ақсай қаласының Заводская көшесiне ағылшын азаматы Роджер Фокстың есiмi берiлiптi. Кiмнiң қашан көше атауын өзгерткенi халық назарынан тыс шешiлгендiктен, жергiлiктi тұрғындар тарапынан наразылық туындады.

Оқиға мәнiсi Роджер Фокстың кiм екендiгiн анықтаудан басталды. Айтқандай, ағылшын азаматының атын тарихта қалдырмақшы болып жүрген жарылқаушы Бөрлi ауданының әкiмi Болат Шәкiмов екен. Ал көше атауы берiлген Р.Фокс Қарашығанақ кенiшiн игерiп жатқан компанияның бас директоры болып шықты. Аудан көшесiнiң қамын ойлаған шенеунiк мырзалар кенiш басшылығының көшенi күрделi жөндеуден өткiзуге 48 млн. теңге қаржы бөлгенiн алға тартып отыр. Ал аталмыш компания болса, жергiлiктi басшылыққа күмән келтiрiп, iс барысын өздерi қадағалайтынын жеткiзген. Намысы оянған жергiлiктi халықтың ашуы әбден ушықты. Ұлыбритания азаматы Фокс мырза жалдамалы жұмысшы. Уақыты бiткенде елiне оралатыны сөзсiз. Жер байлығы, қала бере қала көшесi де оның меншiгi емес. Олай болса бiздiң шенеунiктердiң жалпақтауына жол болсын. Алайда ел намысын күйдiрiп отырған бұл емес, қазақ шенеунiктерiнiң өзгенiң көсегесiн көгертуге тырысуы. Бүгiн көше атауын алса, шетелдiктердiң ертең ел атауына қол созбасына кiм кепiл? Әдетте елiмiзге елеулi еңбегi сiңген қазақ азаматтарына мұндай көше атауларын қинала беретiн, қара аспанды суға алдырып, сөзбұйдаға салатын кейбiр әкiмқаралар өзге елдiң азаматының еншiсiне көше бергенде елпек қағатыны несi? Тым болмаса, осындай өрескел iстерiн iшкi астыртын сарапқа салып, бiр сәт ойланса қайтедi? Әй, ойланбайды-ау…

Десе де, дау-дамайдан құтылғысы келгендер №955 қаулыға сәйкес Р.Фокстың есiмi берiлген көшеге бұрынғы Заводская аты қайтарылды. Жаман емес. Бiрақ Р.Фокс есiмiнен "Заводская" атауының қаншалықты айырмашылығы бар? Әлде "мүйiз сұрап, құлақтан айрылды" дегеннiң нақ өзi осы ма? Әйтеуiр, ашынған халықтың екпiнiнен сасып қалған жергiлiктi басшылық өкiлдерi құтылудың амалын жылдам қарастырса керек. Ал жергiлiктi тұрғындар көшенiң бұрынғы атауына да шүкiршiлiк етiп отырған көрiнедi. Әлбетте, әрбiр шетелдiк инвесторларға көше атауынан бастап, жер байлығына дейiн ұсына берсе қазақта сонда не қалмақ?

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары