УКРАИНА: ҮШ ҮМIТКЕРДIҢ БӘСЕКЕСI

УКРАИНА: ҮШ ҮМIТКЕРДIҢ БӘСЕКЕСI

УКРАИНА: ҮШ ҮМIТКЕРДIҢ БӘСЕКЕСI
ашық дереккөзі
117

Бүгiнде әлемдiк ақпарат көздерi Украинада 17-қаңтарда өтетiн президенттiк сайлаудың барысын қадағалап отыр. Президенттiктен дәмесi бар кандидаттар бiрталайдан берi саяси ойынға белсене кiрiсiп кеткен. Негiзгi тартыс алдыңғы үштiктен орын алған В.Ющенко, Ю.Тимошенко, В.Януковичтiң арасында өрбитiнi әу бастан белгiлi болатын.

Бұл сайлаудың шешiмi Украинадағы бiраз жағдайды өзгертетiн сияқты. Әрбiр үмiткердiң бағыт-бағдарын пайымдап отырған Ресей де өз ұпайының түгенделуiне пейiлдi. Мәселен, РФ Премьер-министрi В.Путин Украинаның қазiргi Президентi Юшенкодан гөрi Тимошенконы қолдайтынын бiлдiрiп қалды. Орыс тiлiн қызғыштай қорғаған Виктор Януковичке де Кремль су бүркiп отырған сияқты. Неге десеңiз, Ющенко Украинада орыс тiлiнiң таралуына тосқауыл қойып, бiлiм ұялары мен жоғары оқу орындарын украин тiлiне көшiруге бiлек сыбана кiрiскен шақта-ақ Янукович сайлауалды кампаниясын бастап кеп жiберген. Яғни, өзiне саяси ұпай жинай берудi көздеген ол украин тiлiнде сөйлегiсi келмейтiн жергiлiктi орыстардың жетекшiсiне айналды. Украинаның Қырым, Севастополь жағы орыс тiлiнен арылуға асықпай жатқанда, рухани тұрғыдан көмек қолын созды. Орыс тiлiнiң әлi де жасай беретiндiгiне халықты сендiрiп, Ющенконың табанды саясатына түбегейлi қарсы шықты. Донбасстықтарды арқа сүйейтiн сайлаушылары деп санайтын Януковичтi сарапшылар: "Егер Янукович бiр Донбасстан 70 пайыз дауыс жинай қалса, бұрмалаушылық пен жасандылыққа жол бергендiгi болып табылады" дегендi мәлiм еттi.

Ал, Тимошенко болса, өзiнiң басты қарсыласы Януковичпен теке-тiреске түсуге дайын. Тiптi, Тимошенко жақын арада Януковичтi арнайы теледебатқа шақырып едi, келмедi. "Виктор Янукович менiмен кездесуден, тiлдесуден қорқады. Өйткенi, ол өзiнiң өткенiн еске алудан қашады. Оның сайлаушыларға айтатын пiкiрi де, жасақтаған бағдарламасы да жоқ", – деп жазған ашық хатында Тимошенко қарсыласының қытығына тиiп қалды.

Үшiншi басты үмiткер – В.Ющенко бұл сайлауда да ұтып шығатынына шек келтiрмейдi. Басқалар сияқты оның бағдарламасы бiр күндiк емес, талай жылдан берi жүзеге асып келе жатқан ұлттық стратегиялық жоба. Мемлекеттiк украин тiлiн бұдан да биiк тұғырға қондыру жолында атқаратын жұмысы шаш-етектен екенi де рас. Ресеймен арадағы газ дауы, жер дауы, украинизациялау шарасы бiрiздiлiкке түсе қойған жоқ. "Егер екiншi мерзiмде Президент болмасам, Украинаның жағдайы күрт қиындап кетедi" деп алаңдаушылық бiлдiрген В.Ющенко Украинаны Ресей ықпалынан құтқару үшiн үмiткерлiкке тiркелгенiн жасырмайды.

Сонымен, Украинадағы президенттiк сайлауда кiмнiң бағы жанады? Әлемдiк БАҚ-тың тұжырымдарына сенсек, басты тартыс Янукович пен Тимошенко арасында болмақ. Бiрақ сайлаушылар Януковичтiң берген уәдесiне сенiмдi емес. Ал Тимошенко сайлаудың екiншi кезеңiне шыға алмаса, сөз жоқ Ющенконы қолдайтынын жария еттi. Дәл қазiргi кезде Юлия Тимошенко екiншi орында. Оның алдына озып шыққан Януковичтың жинақтайтын даусы 10 пайызға артық екен. Президенттiктен үмiткер Анатолий Грценко, Сергей Тигипко мен Арсений Яценюк күштерiн бiрiктiрiп, сайлау барысын бiрге қадағаламақшы. Алайда, олардың бұл әрекетiнен ештеңе шыға қоймайтынын сайлаушылар да жақсы бiледi. Сол сияқты үмiткерлер – Олег Рябоконь, Петр Симоненко, Владимир Литвин, Инна Богословская, Олег Тягныбок, Юрий Костенко, Александр Пабат, Михаил Бродский, Василий Протывсих, Александр Мороз, Людмила Супрун мен Сергей Ратушняктардың сайлауалды беделi мәз емес.

Қазiр сайлау науқаны күннен-күнге қыза түсуде. 120 млн. доллар бөлiнген Украинадағы сайлауға өзiндiк болжам жасаған сарапшылар: "Янукович билiкке келсе, Украинада орыс тiлi қалпына келедi, Тимошенко келсе, Еуропаға көбiрек ден қояды, ал Ющенко келсе, Ресейдiң құйтырқы амалдарының жүзеге асуы екiталай", – дейдi. Олардың қайсысы жеңiске жететiндiгiн уақыт көрсетер. Алайда, сайлаушылар өздерi үйренiп қалған В.Ющенконың кейбiр саясатына қарсы шықса да, оған дауыс беретiнiн бiлдiрiп жатыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары