ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАҒДАРЛАМАСЫ: АСА МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТЫҢ КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАҒДАРЛАМАСЫ: АСА МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТЫҢ КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАҒДАРЛАМАСЫ: АСА МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТЫҢ КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI
ашық дереккөзі
273

Министрлер кабинетi көлденең тартқан ресми мәлiметтерге көз жүгiртсең, көңiлiң кәдiмгiдей марқайып қалады. Бiрақ бiзге пiкiр бiлдiрген кейбiр отандық сарапшылар тұжырымы ресми баяндамаларға кереғар. Оған сарапшыларға қойған үш сауалға жауап iздеу барысында көз жеткiздiк.

1. 2010 жыл Қазақстан үшiн қандай жыл болмақ?

2. ҚР Үкiметiнiң Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы күрес шараларына көңiлiңiз тола ма?

3. Сiздiңше, қазақстандық экономика дағдарыстан қашан шығады?

Қанат БЕРЕНТАЕВ, ҚР Бiрiншi Президентiнiң қоры жанынан құрылған Әлемдiк экономика және саясат институтының аға ғылыми қызметкерi:

1. 2010 жыл бiз үшiн айтарлықтай қиын және белгiлi бiр деңгейде, айқындаушы жыл болмақ. Қазақстандық экономика "қарлығаштың құйрығындай" демекшi, екiұдай күй кешуiн жалғастыра бермек. Бiз дағдарыстан кейiнгi даму траекториясына нықтап бекуiмiз мүмкiн немесе жалғасын тапқан әлеуметтiк-экономикалық дағдарыстың белдемшесiнде қалуымыз да ғажап емес.

Кедендiк Одақтың iске қосылуы бiзге жағымды әсер ете алады. Алғашқы жартыжылдық жаңа жағдайларға бейiмделу процесi, Кедендiк Одаққа мүше өзге елдер – Ресей мен Беларусьпен серiктестiк қатынастарды орнатуға арналуы мүмкiн. Шекараға жақын орналасқан аудандарда экономикалық белсендiлiк пайда болып, қазақстандық өндiрiсшiлер ресейлiк және беларусьтiк өндiрiстердiң технологиялық мүмкiндiктерiн пайдалануға қол жеткiзбек. Кедендiк кедергiлердiң жойылуы мен темiр жол арқылы тасымалданатын жүктерге қатысты төлемдердiң бiркелкiленуi қазақстандық тауарлардың бәсекелестiк қабiлетiн арттыруға ықпал етедi. Осы талаптар жүзеге асырылса, Қазақстанда 2011 жылы сәл де болса, экономикалық өсiм (ЖIӨ 1,5-2 пайыз төңiрегiнде) байқалады. Бiрақ өсiм сапасы өзгередi. Әсiресе, экономиканың нақты саласы жылдам дамиды. Егер нәтижесi 2011-2012 жылдары байқалуы тиiс ортақ жобалар жүзеге асырылса, өсу көрсеткiштерi 1,5-2 пайыздан да жоғары болуы мүмкiн.

Кедендiк Одақ талаптарына қазақстандық экономиканың екiншi сценарий бойынша бейiмделуi қиынға түсiп, экономикалық саясаттағы жаңылыс есептеулер Кедендiк Одақтағы олқылықтарға әкеп соқпақшы. Мұндай жаңсақ талпыныстар ендiгi iске асырылып та жатыр. Қытайлық тауарлардың қымбаттауы мен Ресейдiң iшкi нарығындағы бағалардың қымбат болуы кесiрiнен бiздегi электр жарығы, жанар-жағар май мен басқа да тауарлар бағасының күрт қымбаттайтынын көлденең тартып, халықты алдын ала дайындауда.

Халықаралық нарықтағы мұнай мен басқа да шикiзаттық материалдар бағасы экономикалық өсiмге айтарлықтай ықпал етпек. Негiзi ҚР Үкiметi өзiнiң барлық жоспарын мұнай құнының болжанған деңгейiне сәйкес құрады. Алайда, қазiр Кедендiк Одақ пен ЕурАзЭҚ елдерiнiң жалпы нарығына баса назар аударып, ЕурАзЭҚ-на мүше мемлекеттердiң Алматыда өткiзiлген бейресми саммитiнде сөз болған Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастырудың алғышарттарын түзу қажет. Осыған байланысты елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы мемлекеттiк басқарудың маңызын едәуiр арттырды. Өйткенi, дағдарыстан шығу мен одан ары қарай даму – мұнайдың халықаралық нарықтағы бағасы секiлдi кездейсоқтыққа құрылған процесс емес, саналы түрде басқарылатын процесс. Осы орайда, ҚР Үкiметiнiң дағдарыстан кейiнгi дамуға арналған нақты стратегиясының әлi күнге түзiлмегенiн айта кеткен жөн.

Индустриалды-инновациялық жедел даму бағдарламасы шын мәнiсiнде, ат төбелiндей ғана ықпалды топтың мүддесiн көздейтiн бiрнеше жекелеген жобалардың жиынтығы болып табылады. Бұл бағдарлама елдiң стратегиялық тұрғыда әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз ете алмайды. Оның үстiне, Кедендiк Одақтың құрылуы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң қалыптасуы Қазақстанның Ресей және Беларусьтiң дамуымен үйлестiре отырып, дайындаған даму бағдарламасын талап етедi. Менiң бiлуiмше, осы бағыттағы зерттеу жұмыстары әзiр атқарылып жатқан жоқ.

Стратегиялық жоспарлауды ғылыми-методикалық тұрғыда қамтамасыз ете алмағандықтан, ҚР Президентiнiң мемлекеттiк стратегиялық жоспарлау жүйесi туралы Жарлығының қабылдануы елдiң ұзақмерзiмдiк және кешендi даму бағдарламасын түзуге негiз бола алмады. Үкiметте жалпы стратегиялық жоспарлау жүйесi туралы нақты түсiнiк жоқ. Егер осы қиындықтар тез арада шешiмiн таппаса, Қазақстанның дамуы толығымен, сыртқы жағдайларға тәуелдi болып қалуы ғажап емес. Қазақстандық экономиканың нақты ұзақмерзiмдiк даму жоспарының орнына бiз жекелеген жобалардың жиынтығы мен орындалуы қиын түрлi бағдарламаларды қанағат тұтуға мәжбүр боламыз. Мұндай жағдайда, 2011-2012 жылдары Қазақстанның экономикалық өсiмi халықаралық нарықтағы мұнай, астық, металдардың бағасына сәйкес анықталмақ.

2. Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы шеңберiнде Үкiметтен тiкелей 20 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлiндi. Осының нәтижесiнде, бiз ЖIӨ-дi 2008 жылмен салыстырғанда, 1 пайызға дейiн көтеруге қол жеткiздiк. Осы тұрғыдан қарастырсақ, бағдарламаның тиiмдi болғаны анық. Тағы бiрнеше миллиард доллар экспорттық салымдар ставкалары мен табиғи қазбаларды өндiруге салынатын салықтарды төмендетуге, мұнайға салынатын экспорттық салықты алып тастауға бағытталды. Кейбiр бағаларға сәйкес, экономиканың нақты саласындағы өндiрiстiң төмендеуi, темiр жол арқылы тасымалданатын жүктердiң азаюы, электр жарығын тұтынудың төмендеуi кесiрiнен 2009 жылғы ЖIӨ көлемiнiң өсуi жағымсыз болуы мүмкiн екендiгi айтылды. Осыған байланысты ЖIӨ 3-4 пайызға төмендеуi әбден мүмкiн.

Жалпы алғанда, Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының басымдықтары, менiңше, дұрыс айқындалған жоқ. Бөлiнген қаражаттың 80 пайыздан астамы қаржы саласын тұрақтандыруға және үлескерлiк құрылыс саласындағы қиындықтарды шешуге, яғни, экономикалық дағдарыстың туындауы себеп болған басты кiнәлiлерге бағытталды. Мемлекеттiң жекелеген iрi банктердi, әсiресе, "ТұранӘлем" банкiн банкротқа жiбермей, керiсiнше, олардың үлесiне кiруi – жаңсақ стратегия. Осының кесiрiнен сыртқы кредиторлар шағым айтып, жағдайды одан ары ушықтырды.

Кен өндiрушi компаниялардың мүддесiн қорғау мақсатында жүргiзiлген теңгенiң құнсыздануы да елдегi жағдайға керi әсер еттi. Үкiметтiң құрылыс фирмаларды сақтап қалуға жанталасқан талпынысы мен құрылысы бiтпеген тұрғын үйлерге тиесiлi бағаны тұрақтандыруға ұмтылуы тұрғын үй бағасын жасанды жолмен, яғни, қолдан қымбаттатуды жалғастыруда. Осылардың барлығы елiмiздегi қаржылық капитал мен iрi бизнестiң билiк элитасымен бiте қайнасып жатқанын көрсетедi. Қарапайым азаматтардың мүддесi кейiнгi кезекке ысырылуы онша таңдандырмайтыны сондықтан. Әсiресе, шағын кәсiпкерлiк, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымдық нысандар құрылысына небары бiр миллиард теңгеден ғана қаржы бөлiндi. Үкiмет дағдарыстың кесiрiнен қызметтерiнен қысқарып қалған жұмысшыларды "Жол картасы" шеңберiнде жұмыспен қамтамасыз ету керектiгiн 2009 жылдың сәуiрiнде ғана есiне алды. Аталған шара қоғамдағы әлеуметтiк ширығуды басқанымен, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарсыз болды. Қоғамдық жұмыстардың аяқталуы еңбек нарығындағы ахуалдың нашарлауына себеп болды. Бастысы, елдiң жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдайына керi әсер ететiн осы қиындық 2010 жылы жалғасын таппақ. Мұны дағдарыстан келген шығындардың қатарына жатқызып, аталған жайттың барлық елде кездесетiнiн, ал Қазақстандағы ахуал ТМД елдерiндегi барынша тұрақты екендiгiн көлденең тартуға болар едi. Алайда, Қазақстандағы өзiн өзi жұмыспен қамтыған 2,7 млн. азамат пен ауылды жерлер мен шағын қалалардағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейде сақталғанын ұмытпаған жөн. Бұл дағдарыстың кесiрiнен туындаған жағдай емес, керiсiнше, еңбекпен қамту саясатының жоқтығы мен кiрiстердi зерттеу жұмыстарының қамтылмауынан. Бiзде Өндiрiстiк күштердi дамыту және орналастыру схемасы да жоқ. Есесiне, тиiмдiлiгi шамалы жобаларға кенде емеспiз. Аумақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуын жүзеге асыруы тиiс Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялардың маңызы мен рөлi де ешкiмге түсiнiксiз.

Тағы бiр маңызды жайт – Үкiмет дағдарысқа қарсы күресте "қолын мезгiлiнен кеш сермедi", дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау мен оларды iске асыруға арналған қаражатты бiр жерге шоғырландыру тәсiлi болмады. Мысалы, бiз Қазақстанға 2007 жылдың жазында жеткен дағдарысты 2008 жылдың соңына дейiн (қарашаға дейiн) мойындамадық. Тоқырауды жеңiлдететiн Ұлттық қор болса да, ондағы қаражатты дағдарысқа қарсы күрес шараларына жұмсау тәсiлдерiн ешкiм ойластырмапты. Бiздегi экономиканың дамуын қолдауға мiндеттi қаржылық құрылымдар бар. Алайда, олар коммерциялық банктер режимiне сәйкес жұмыс iстейдi. Өздерiнiң қызметтерiн қолдау көрсеткен жобалардың тиiмдiлiгiне сай емес, түсiрген кiрiсiне сәйкес салмақтайды. Ең негiзгiсi, экономикалық саясатты жүзеге асыру үшiн жүктелетiн жауапкершiлiк жоқ. Жауапкершiлiк мәселесi елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын басқаруға мiндеттi тараптардың арасында үштi-күйлi жоғалып кетедi.

3. Кедендiк Одақтың құрылуының арқасында Қазақстан дағдарыстан шығудың тамаша мүмкiндiктерiне ие болады. Бiрақ менiңше, жаңа экономикалық саясатты қабылдау қордаланып қалған қиындықтарымызды түбегейлi шешiп бере алмайды. Қазақстанды дамытудың қазiргi үлгiсiн сапалы жаңартудың кезi келдi. Менiң пiкiрiмше, елiмiздi тұрақты дамытудың ұзақмерзiмдiк стратегиясын қалыптастыру және жүзеге асыру саяси модернизациямен бiрге атқарылуы тиiс. Бұл жерде тек көппартиялық Парламент туралы ғана сөз қозғап отырған жоқпыз. Барлық саяси күштердiң елдегi жоғары органдарда өкiлдiктерi болуы шарт. Мемлекеттi басқару жүйесiн қайта ұйымдастыру да өте маңызды, менiңше. Үкiметтiң тек орындаушылық қызметпен шектелетiнiн ескере отырып, бар билiктi Президенттiң қолына шоғырландырып, Министрлер кабинетi мен Президент әкiмшiлiгiн бiрiктiрiп, премьер-министрдiң қызметiн таратып беру әлдеқайда тиiмдi. Жекелеген министрлiктердiң, әсiресе, экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң қызметтiк мiндеттерiн де қайта қарастыру қажет. Аталған министрлiктi болжамдық-жоспарлық құжаттарды дайындауға баса назар аудартып, бюджеттi түзу мiндетiн қаржы министрлiгiне қайтарып беру керек. Ұлттық қор мен мемлекеттiк меншiктi басқарудың жаңа тұжырымдамаларын әзiрлеу, халықты әлеуметтiк тұрғыда қорғауды күшейтетiн бiрқатар әлеуметтiк заңнамаларды қабылдау, саяси партиялар, сайлаулар мен Қазақстан секiлдi Конституциясына сәйкес, әлеуметтiк бағытқа негiзделген елдiң т.б. заңдарына өзгертулер енгiзу де – бүгiнгi күннiң еншiсiндегi маңызды шаруалар. Елдi саяси және экономикалық тұрғыда модернизациялау жөнiндегi кешендi шаралар ғана дағдарыстан шығуға және әлеуметтiк-экономикалық даму траекториясында бекуге мүмкiндiк бермек.

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:

1. 2010 жылы бүкiл әлемде дағдарысқа қарсы бағдарламалар тоқтатылады. Бұл жағдайды күрт шиеленiстiретiндiктен, Жер шары дағдарыстың әлi де аяқталмағанын, тоқыраудың шын мәнiсiндегi ауқымы мен тереңдiгiн жете түйсiнедi. Бастапқыда экономиканы қолдауға арналған шараларды тоқтату 2009 жылдың қазан айына жоспарланған болатын. Алайда, бұл шешiмге байланысты халықаралық қор нарығында күтпеген жерден керi әсерлер туындағандықтан, дағдарысқа қарсы бағдарламаларды доғаруды 2009 жылдың желтоқсанына шегердi. Бұл үстiмiздегi жылдың наурызына дейiн жалғасуы тиiс. Дағдарысты неғұрлым соза түскен сайын оның жағымсыз әсерлерi соғұрлым ауыр тимек. Өйткенi, бюджеттiң мүмкiндiгi уақыт өте келе шектелiп, дағдарысқа қарсы шаралардың қауқары әлсiрейдi. Сондықтан 2010 жыл көңiлдердi қалдыратын жыл болмақ.

Мұндай үдерiс дамыған елдерге ғана емес, дамушы елдерге де, оның iшiнде, Қазақстанға да тән. Жағдай әсiресе, мұнайдың бiр баррелi 30 долларға дейiн төмендеп кеткенде ушыға түсерi анық.

2. Егер дағдарыс ендiгi аяқталды деп есептейтiн болсақ, онда үкiметтiк дағдарысқа қарсы шаралар жеткiлiктi және тиiмдi болуы мүмкiн. Бiрақ дағдарыс әлi бiткен жоқ: дамыған елдерде экономиканың нақты саласы наурыз-қыркүйек айларында ғана құлдырауын бәсеңдеттi, ал қазаннан бастап, төмендеу қарқыны қайта белең алды. Қор және шикiзат нарықтарындағы өсу дағдарысқа қарсы күрес шеңберiнде бөлiнген қаражаттың ағынына байланысты. Өкiнiшке қарай, қор нарығы мен шикiзат нарығында алыпсатарлық белсендiлiктi арттыруға ғана қауқарлы болған бұл сома экономиканың нақты саласына жетпей қалды. 2010 жылы ҚР Үкiметi дағдарыстың ауқымын сезiнедi, сонда ғана жүргiзiлген үкiметтiк шаралардың қаншалықты тиiмдi әрi нақты болғаны өздiгiнен айқындалады.

3. Егер экономикалық тұрғыда, қандай да бiр жетiстiктер болса, олар 2009 жылдың соңғы тоқсанындағы мұнай бағасының жоғары болуымен байланысты. Былтыр жыл соңында мұнайдың бiр баррелi 2008 жылдың соңындағы көрсеткiштермен салыстырғанда, екi есеге жоғары, яғни, қымбат болғаны белгiлi. 2009 жылдың төртiншi тоқсанын бiрiншi тоқсандағы көрсеткiштермен салыстырсақ, экономиканың жекелеген салаларында iлгерiлеушiлiк бар. Ал жылдарға шақсақ, жағдай қиындап барады. Банк саласындағы қайтарылмаған қарыздар көлемi 11 пайыздан 37 пайызға (3,3 есеге көп), тұрғын үй нарығына қатысты борыштарда "нашар" несиелер 5 пай-ыздан 29 пайызға (6 есе жоғары) шығандап, экономиканы несиелеудiң ай сайынғы көлемi 235 млрд. теңгеге қысқарды. Бұл 2007 жылдың күзiнде бөлiнген қаражаттың 25 пайызына немесе 2003-2004 жж. деңгейдiң 100 пайызына тең. Яғни, бiз несиелеу тұрғысынан алғанда, бiз 5-6 жылға керi кеттiк. Сонымен қатар жаңа несиелердiң айлық қарқынына көз жүгiртсек, 2009 жылдың қаңтарында берiлген қарыз – 450 млрд. теңге. Жалпы қаңтар айы басқа айлардағы көрсеткiштермен салыстырғанда, көлемi жағынан ең аз болса да, қарашадағы көрсеткiш жыл басындағы деңгейден екi есеге төмен болды – 235 млрд. теңге. Оның үстiне, банктердiң несие қоржындары, яғни, таратылған қарыздардың жалпы көлемi 2009 жылы қысқарумен болды. Демек, жаңа несие алғандарға қарағанда, борыштарын қайтарғандар саны артқан. Осыны көре тұра, дағдарыс аяқталды деуге бола ма?

Бүгiнде ресми мәлiметтердегi жұмыссыздық деңгейi 6,5 пайыздың төңiрегiмен шектеледi. Бұл – дағдарыс басталғанға дейiнгi деңгейден төмен көрсеткiш. 2007 жылдың көктемiнде елдегi жұмыссыздық 7,3-7,7 пайыз болатын. Қазiргi 6,5 пайыздық көрсеткiшке сену немесе сенбеу – әркiмнiң жеке шаруасы. Дегенмен, бiрқатар жайтқа назар аудартқымыз келедi: 2009 жылдың қыркүйегiнде жұмыссыздық 6,4 пайыз едi, яғни, жыл соңына қарай сәл өстi. Бұл көрсеткiштiң отандық өндiрiс деңгейi мен басқа да салаларға қатысты деректермен қалай үйлесетiнi – өз алдына жеке әңгiме. Бiрақ ең бастысы, егер жұмыссыздық деңгейiн есептеудiң балама жолдары арқылы шығарсақ, елдегi жұмыссыздардың үлес салмағы кем дегенде, 12 пайызға тең. Шын мәнiсiнде, жұмыссыздыққа қатысты ахуал бұдан да нашар. 2010 жылы еңбек нарығындағы жағдай ушыға түседi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары