ТАЛАНТТЫ ЖАННЫҢ ТҮРЛI ҚЫРЫ

ТАЛАНТТЫ ЖАННЫҢ ТҮРЛI ҚЫРЫ

ТАЛАНТТЫ ЖАННЫҢ ТҮРЛI ҚЫРЫ
ашық дереккөзі
376

22-желтоқсанда Ә.Қастеев атындағы өнер мемлекеттiк мұражайында Қазақстан Республикасының халық суретшiсi, Тәуелсiз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гүлфайрус Ысмайылованың мерейтойлық көрмесi өттi. Бұл көрмеде Мәдениет және ақпарат вице-министрi Асқар Бөрiбаев Елбасының құттықтауын жеткiздi.

Сонымен қатар, аталмыш кеште «Құрмет белгiсi» және «Парасат» орденiнiң иегерi Г.Ысмайылова I дәрежелi «Достық» орденiмен марапатталып, «Қазақфильм» киностудиясының президентi Ермек Аманшаев суретшiнiң қазақ киноматографиясына сiңiрген еңбегiн атап өттi.

Суретшi Гүлфайрус апай өнердiң басқа салаларында да таныла бiлген жан. Әсiресе, кино өнерiнде бiрнеше көркем кейiпкерлердi сомдаған болатын. Алғаш рет «Мосфильм» киностудиясының режиссерi М.С.Донскойдың «Алитет тауға кетедi» кинофильмiндегi Тыгрена (басты роль) ролiмен танылған ол «Ботагөз» фильмiндегi басты ролi үшiн қазақ қауымының сүйiктiсiне айналды. Ал кино жанрындағы соңғы еңбектерiнiң бiрi – С.Қожықовтың «Қыз Жiбек» фильмiндегi Жiбектiң анасының ролiн сомдауы. Сондай-ақ оның ән салу қабiлетiн мойындаған КСРО Халық артисi В.Барсова оған консерваторияға оқуға түсуге кеңес бергенi белгiлi. Қазiргi таңда қазақ даласындағы тұңғыш әйел кескiндемешiлерiнiң бiрегейi. Оның театр сахнасына сiңiрген еңбегiн ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, М.Төлебаевтың «Бiржан-Сара», Е.Рахмадиевтың «Алпамыс», Дж.Вердидiң «Аида» операларын безендiрдi. Асқан дарын иесi Г.Ысмайылова 30-дан астам спектакальдi безендiрген. – Өнердiң бiраз саласында өзiмдi сынап көрдiм. Бiрақ түбiнде сурет өнерi жаныма жақын болды. Аянбай еңбек ету керек. Сонда ғана арманға қол жеткiзуге болады, – дедi суретшi.

Көрмеге түрлi тақырыптағы композициялық туындылар қойылды. Қазақ өнерiнде театр және кино суретшiсi, актриса, кескiндемешi Г.Ысмайылованың шығармашылығы халық жадында көркем дүние ретiнде мәңгiлiк сақталатынына дау туғызбайды. Кеш соңында Гүлфайрус апамыз жиылған жұртқа алғысын айтып, ризашылығын бiлдiрдi.

Ақниет БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары