Динара ТIЛЕНДИЕВА: ӘКЕМ МАҒАН КӨЗ ТИЕДI ДЕП ҚОРҚАТЫН

Динара ТIЛЕНДИЕВА: ӘКЕМ МАҒАН КӨЗ ТИЕДI ДЕП ҚОРҚАТЫН

Динара ТIЛЕНДИЕВА:  ӘКЕМ МАҒАН КӨЗ ТИЕДI ДЕП ҚОРҚАТЫН
ашық дереккөзі
352

Бiр ғана қимылмен бүкiл оркестрдi бағындырып, бiр алақанға жұмылдыру — қиынның қиыны. Музыка саласындағы осынау бiр таңсық та тылсым қимылдар дирижерге жүктеледi. Тiптi аталмыш мамандықты игеру қыр-сырына қанық кiсiлердiң айтуынша жолы жiңiшке қыз балаға қол емес. Әйтсе де әке арманын алға қойған қыз қандай келеңсiздiктi болса да кешiп өтуге әзiр. Қазақтың музыкалық мәдениетiне композитор, дирижер, орындаушы ретiнде өшпес iз қалдырған Нұрғиса Тiлендиевтiң қызы Динара әкесiнiң жаққан отын өшiрмеудi басты парыз деп санайды. Сондықтан да әкесiнiң перзентiне айналған «Отырар сазының» бас дирижерi және көркемдiк жетекшiсi қызметiн атқарып келедi. Олай болса ұлттық оркестрдiң түтiнiн түтетiп отырған Динара (Дiнзухра) Тiлендиеваның дирижерлiк жолы қалай басталды?

— Жақында «Отырар сазы» оркестрi кеш өткiздi. Оркестрдiң көрiнбей кеткенiне көп болған. Бұл кеш қайта оралу ма, әлде есеп беру кешi болды ма?

— Негiзiнде бұл қайта өрлеу кезеңi болып отыр. Оркестрдiң ел назарына көрiнбей кеткенi де рас. Әкем өмiрден өткен соң, оркестрдi бiреу ылдиға, бiреу көкке сүйредi. Сондықтан бұрынғы «Отырар сазы» емесi анық. Кезiнде оркестр құрамында 60-тан астам орындаушылары, әншiлерi өнер көрсететiн. Бала күнiмде мен де осы күйшiлермен бiрге күй орындасам деп армандайтынмын. Тiптi әкемнiң өзi болашақта менiң оркестрге келуiмдi iштей қалап жүретiн. 26-қарашада өткен кеш әкемдi еске алуға арналған едi. Негiзi әкемнiң қайтқан күнi 15-қараша. Концерттi сол уақытқа туралаған едiк. Алайда гастрольмен шетелге шығуға тура келiп, «ештен кеш жақсы» деп, кейiнге шегеруге тура келдi. Әрине, оркестрдiң көркемдiк деңгейi бұрынғымен салыстыруға келмейдi. Дегенмен концерт ойдағыдай өттi. Халықтың назарына ұсынған күйлерiмiз көңiлден шықты деп ойлаймын.

— Оркестрге қашан келдiң?

— Келгенiме көп болған жоқ. Сәуiр айында оркестрге дирижер ретiнде жұмысқа келдiм. Барлығы ойламаған жерден болды. Ағымдағы жылдың 4-маусымында Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармонияда бүкiл ұжым өнер көрсеттi. Сол концерттi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамед те тамашалауға келiптi. Мен кезектi композициядан кейiн сахнадан түсiп бара жатқанымда, министр мырза сөз алып, сол күннен бастап менi оркестрдiң бас дирижерi және көркемдiк жетекшiсi етiп тағайындады. Бұл мен үшiн күтпеген жағдай едi. Толқып тұрып, не айтылғанын тез түсiне қоймадым. Кейiнiрек киiм ауыстыратын бөлмеде ғана есiмдi жидым. Себебi оркестрге келуiм менiң ғана емес, әкемнiң де арманы едi.

— Музыкаға өз таңдауыңыз бойынша келдiңiз бе? Әлде әкеңiздiң ықпалы басым болды ма?

— Менi музыкаға жетелеген әкем едi. Бiрақ кiшкене кезiмнен музыкаға өте жақын болып өстiм. Менiң музыкаға деген қабiлетiм болмаса, әкем менi бұл салаға араластырмас та едi. Себебi ол музыкадағы жасандылықты ұнатпайтын. Күләш Байсейiтова атындағы мектепке алты жасымда қабылдануыма да әкем себеп болды. Менiң саусақтарыма қарап, скрипка сыныбына алатын болды. «Қызыңыз скрипкаға кеттi» деп әкеме хабарлап, «мiне скрипка аламыз» деп отырғанда, әкем қарсы болды. Музыканың «королi» — фортепианоға барады деп кесiп айтты. Сонымен қатар музыка тiлi орыс тiлiнде болғандықтан, орыс сыныбына баруымды қатаң қадағалады. Сөйтiп, мен фортепиано сыныбынан бiрақ шықтым. Ең мықты деген мұғалiмнiң қолына тапсырды. Мектепте он екi жыл оқыдым, 8-сыныпта оқып жүргенiмде әкем қайтыс болды. Содан кейiн домбыра сыныбына жазылып, үзбей қатысып жүрдiм. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын өзiм таңдап, оқуға түстiм. Бұл кәсiптi жалғастыруыма анам бiраз қарсылық бiлдiрдi, бiрақ менiң алдыма қойған мақсатым айқын болғандықтан жолымды қақпады. Төлепберген Әбдiрашев ағамыздың сыныбына түсiп, кейiннен Нұрлан Саламатұлының сыныбынан бiтiрiп шықтым. Содан кейiн өзiмнiң оқыған мектебiме жұмысқа тұрып, кiшiгiрiм ансамблге дирижерлiк қызмет атқардым. Дирижерлiк тәжiрибем де сол жерде шыңдалды.

— Дәп дирижер мамандығын таңдауыңа не түрткi болды?

— Бұл мамандықтың өте күрделi де, қиындығы да мол екенi анық. Сахнадағы өнер көрсетуден тыс шаруашылық, қаржылық, ұйымдастырушылық жұмыстары да бар. Сондықтан көп ешкiм бел шешiп, бара бермейдi. Алғашқыда анам қарсы болды. Жүрек қалауымен таңдау жасағандықтан, маған ештеңе кедергi бола алмады. Әкемнiң көзiндей болған ұлттық аспаптар оркестрiне оралу, оның дамуына өз үлесiмдi қосу әкем алдындағы парызым деп бiлем. Сол үшiн де аянбай еңбек ету керек. Себебi, халық аялаған ұлдан қалған жалғыз тұяқпын. Оның үстiне осы оркестрдi әкемнiң өзi ұйымдастырғандықтан, әкемдi көргендей болам. Әкемнiң мен сияқты тағы бiр перзентi секiлдi ғой.

— Өзiңнiң композиторлық қабiлетiң туралы жиi естимiз. Өз күйлерiң орындалып жүр ме?

— Иә, бiрнеше шығарма жазғаным бар. Қазiр орындалып жүрген жоқ, ол болашақтың еншiсiнде. Алғашқы күйлерiмнiң бiрi әкеме арнап шығарған «Арман» күйi. Кiшкене күнiмде әкем «музыкада жүрген адам ешқашан шаршамауы керек» дейтiн, сондықтан анам мектепке өзi апарып-әкелiп жүрдi. Әкем менiң бала кезден ерекше қабiлеттерiмнiң көрiнгенiн қаламайтын. Көз тиедi деп қорқатын. Кейде төрт алып қалғанда анам ренiш бiлдiретiн. Сонда әкем «Оған қапаланба, жақсы оқу мақсат емес, жақсы оқып кетсе, көз тиедi. Аса көзге көрiнбей-ақ қойсын, ақылы болса өзi-ақ көрiнедi» дейтiн. Қазiр де анам әкемнiң айтқан сөздерiн маған ақыл қылып айтып отырады.

— Ұлттық аспаптар оркестрiнiң жай-күйiне тоқтала кетсек, оркестрдiң құрамы қандай? Бұрынғы орындаушылар қалды ма?

— Оркестрдiң озық орындаушылары бар. Әлбетте әкем басқарған оркестр қазiр жоқ. Құрамы жаңадан iрiктелiп, ұлттық консерваторияны бiтiрген дарынды жастар байқау арқылы таңдалып алынды. Сондықтан да басым бөлiгi жастар. Қазiр ұжымда 60-қа тарта қызметкер бар. «Отырар сазының» көркемдiк деңгейiнiң сапасын жақсарта түсу үшiн жұмыс жасап жатырмыз. Ал аспаптар соңғы жылдары қолданылмағандықтан, бiраз ескiрiп қалыпты. Кейбiрi тiптi күйдi орындау барысында қосылмайды да екен. Сол себептi ұлттық аспаптар санын көбейтiп, оркестрдiң құрамы мен көлемiн ұлғайтуды алға қойып отырмыз.

— Репертуардағы күйлер сақталды ма?

— Жалпы оркестрдiң орындауында көптеген халық күйлерi, танымал композиторлар мен әкемнiң күйлерi бар. Бiрақ соңғы кездерi әкемнiң шығармаларының көбi репертуардан алынып тасталды. Оның көптеген себептерi бар. Сол күйлердi қайтадан орындатсам деген ойым бар. Сонымен қатар күй атасы – Құрманғазы, Тәттiмбет, Сүгiрдiң шығармалары бұрыннан орындалып келедi. Өткенде Композиторлар одағының концертiнде өнер көрсеттiк. Мiне, сол жерде олардың өздерi ұсынған композицияларды орындадық.

— Ал әншiлер құрамы өзгердi ме? Нұрғиса ағамыздың кезiнде оркестрге ән қосылатын…

— Оркестрдiң ерекшелiгi де сол — атақты әншiлер оркестрдiң сүйемелдеуiмен ән айтады. Мәселен, Ермек Әбiлдаев, Нұрғали Нүсiпжанов және басқа да әншiлер әлi де болса оркестрмен бiрге өнер көрсетедi. Еске алу кешiне Астанадан әдейiлеп талантты деген жас әншiлердi шақырдым. Бұрын-соңды оркестрге шақырылмаған едi. Азамат Жылтыркөзов, Бибiгүл Жанұзақ есiмдi екi әншi қатысты.

— Болашақта гастрольдiк сапарға шығу қарастырылған ба?

— Жақында Сауд Арабиясы мен Иорданияға Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен барып қайттық. Тұңғыш гастрольдiк сапарға да сол жылы шығу мүмкiндiгi туды. Келесi жолы әкемнiң туғанына 85 жыл толады. Соған орай фестиваль ұйымдастырамыз. Содан кейiн осы бағдарламамен облыстарды аралауға шығамыз деген жоспарымыз бар.

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның Халық әртiсi:

— Нұрғиса — қазақтың маңдайына бiткен тұлға, халықтың сүйiктiсi. Кезiнде екеумiз дидарластық, жолдас болдық. «Қарагөз» спектаклiне музыка жазып бердi. Сол кезден бастап етене жақын болдық. Ол өте қарапайым кiсi едi ғой. Сырласуды жақсы көретiн. Жалпы, өнер жайлы, театрға қатысты сыр шертiсетiнбiз. Музыка саласындағы көзбояушылық дегенге жаны шыдамайтын азамат едi. Қызының дирижерлiк еткенiн көрдiм, бастан-аяқ бақыладым. Қазiр, оркестрдi басқарып, игерiп жүр. Әсiлi, басқару оңай, игеру қиын. Әр аспаптың өзiнiң ролi болғанменен, психологиясы жеке-дара. Жинақты етiп басқару үшiн дирижердiң бойында ұлы қасиет болғаны абзал. Сондықтан оркестрдегi музыканттардан оқ бойы озық болуы керек. Шығарманың басынан аяғына дейiнгi әсерi, шарықтау шегi, не үшiн орындалып жатқанын сезiну ең басты талап. Әсiресе, кәсiби түрде өте көп еңбек ету керек. Бұл мамандық өте күрделi, бiрақ Динара әлi жас қой. А“тадан қыз қалса – iз қалды” демей ме? Олай болса Динара әкесi ашқан бұлақты дарияға жеткiзедi деп сенемiн.

Дариға Тiлендиева, Динараның анасы:

— Нұрағаңнан үлкен мұра қалды. Көзi тiрiсiнде 3-4 жинағы да шықты. Өзi барлық шығармасын оркестрге түсiрiп, халықтың алдына шығарып кеткен адам. Динараның музыкаға келуiне Нұрағаң себепкер болды. Динара екi жасында ас үйдегi тарелканы даңғырлатып, сол дыбысты өзi қайталайтын. Сонда әкесi: “Осы қызымнан бiрдеңе шығады” деп тамсанып отыратын. «Менiң атымды шығаратын осы қызым болады» деушi едi. Динараға домбыраның қыр-сырын үйретем деп жүргенде дүниеден озды, үлгере алмады. Төлепберген ұстазы көрген сайын: «Жеңге, мына қыз жалқау, бiрақ қолында бiрдеңе бар» деп айтатын. Ал мен: «Неге жалқаусың, неге оқымайсың» деп ұрсамын кеп. Концертке апарғанда Нұрағаң Динараны алдына алып, оның қолын ұстап алып музыка ырғағына iлесiп отыратын. Сонда үйретiп отырған болу керек. «Орнында бар оңалар» дейдi. “Оркестрдi жетiмсiретпей алып жүрем” деп үлкен iске бет алды.

ТМД елдерiнiң тарихында ауқымды оркестрге 24 жасында суырыла шығып бас дирижер болған Динараның талайларды тамсандырғаны рас. Әлемде дирижерлiк мамандыққа бел шешiп кiрiскен аяулы арулар санаулы ғана: Дильбар Абдурахманова, Вероника Дударова, Вита Капралова, Жизель Бен-Дор, Катарина Андреассон, Светлана Безродная, Надя Буланже, Сара Колдуэлл, Сусанна Мялкки, Жанна Эврар. Динараның осы қатардан көрiненрi анық.

Әзiрлеген Ақниет БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары