КАНАДАДА «»TURKISTON» ГАЗЕТI ЖАРЫҚ КӨРДI

КАНАДАДА «»TURKISTON» ГАЗЕТI ЖАРЫҚ КӨРДI

КАНАДАДА «»TURKISTON» ГАЗЕТI ЖАРЫҚ КӨРДI
ашық дереккөзі
491

Түркiстан – көне түркiтiлдес елдердiң тарихи мекенi. Түркiстан дiн мен мәдениеттiң, бiлiм мен ғылымның алтын бесiгi. «Түркiстан» деген қасиеттi атаудың әуелi Түркiстан қаласынан кейiн бiздiң газетке берiлуi тегiн емес, әрине.

Ал, тура Қазақстанның Тәуелсiздiк мерекесiмен тұспа-тұс күнi газетiмiздiң «кенже iнiсi» – өзбек тiлiндегi «Turkiston» газетi Канаданың Торонто қаласында жарық көрдi. Басылымның құрылтайшысы әрi шығарушысы өзбекстандық журналист Фахриддин Худайкулов өзбек тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайға қол жеткiздi. «Turkiston» басылымы латын қарпiнде, 2000 данамен, 16 бет (оның 4 бетi түрлi-түстi) болып тарап үлгерген. Газеттiң алғашқы саны «Ташкент және Канада», «Сiз өзбексiз бе?», «Түркия өзбектерi» сынды айдардағы материалдар және өлеңдермен шыққан. Тiптi, өз тiлiне, өз елiне аса құрметпен қарайтын журналист газеттiң тұңғыш санына өзбек әдебиетiнiң классигi Абдулла Қадырдың «Өткен күндер» романын да жариялапты.

Әзiрге, газет айына бiр рет шығуды жоспарлаған. Қазiрдiң өзiнде газет сауда желiлерi бойынша Квебек, Альберт және Британдық Колумбия, Гуэлф секiлдi Өзбекстан азаматтары мен өзбек қандастары қоныс тепкен қалаларға тегiн таралады.

Әрине, бұл өзбек ұлтының жеңiсi! Туған ана тiлiнде өз Отанында ғана емес, сонау Канадада газет шығара бастаған патриот журналистiң еңбегi! Бұдан былай америкалық ақпарат кеңiстiгiнде өзбек тiлiнде жарық көретiн «Turkiston» газетi Өзбекстан деген мемлекеттiң және өзбек тiлiнiң барын бүкiл әлемге паш етпек. Тiптi, латын қарпiндегi газеттiң келешекте түркiтiлдес мемлекеттердiң тiлiнде де арнайы беттерi мен айдарлары шығып жатса, құба-құп болар едi.

Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары