МYМКIНДIК ПЕН КЕРЕҒАРЛЫҚ

МYМКIНДIК ПЕН КЕРЕҒАРЛЫҚ

МYМКIНДIК ПЕН КЕРЕҒАРЛЫҚ
ашық дереккөзі
168

Экономикасы мықты ел ғана жарқын болашағын қамтамасыз ете алады. Өйткенi, экономикасы ақсап жатқан елдегi саяси тұрақсыздық, әлеуметтiк теңсiздiк, рухани жұтаңдық секiлдi басқа да келеңсiздiктердiң белең алатыны белгiлi. Он сегiз жыл бойы тәуелсiз экономикасының құлағын ұстаған қазақтың бүгiнгi жағдайы қалай? Елдiң экономикалық дамуына қажеттi жағдайлар толық жасалған ба?

Қаржылық жүйеден экономика саласына ұласқан әлемдiк дағдарыстың арыны әлi басылған жоқ. Ендi ес жиып, етегiн ендi жаба бастаған Қазақстан сияқты жас мемлекеттiң бiтiрген шаруасынан гөрi атқаратын iстерi әлдеқайда көп екендiгi де белгiлi. Ең бiрiншi кезекте экономиканың шикiзаттық саласына емес, нақты секторына баса назар аударуы тиiс қазақ билiгi мүмкiндiктi қолдан шығарып алды. Мұнай мен газдан түскен ақшаны Ұлттық қорға жинап жүргенде есiктен сау етiп кiрiп келген екi дағдарыс (қаржылық және экономикалық) қордағы қаражатқа ауыз салды. Үкiмет экономикалық және әлеуметтiк ахуалды тұрақтандыру мақсатында көп қаражат жұмсауға мәжбүр болды. Бiрақ жағдай жақсарды деп кесiп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Қордаланып қалған түйiндi түйткiлдер көп. Өкiнiшке қарай, қоғамның дамуына қозғаушы күш болатын орташа топты қалыптастыру проблемасы экономиканың нақты саласына қаржы құюға құлықсыз болған билiктiң кесiрiнен шешiмiн таппай келедi. Күнi кеше ғана «Қазақстанның экономикасы 2009 жылдың соңына дейiн рецессиядан шығады, келесi жылы экономикалық көрсеткiштер өсе бастайды» деп сүйiншi сұраған Министрлер Кабинетiнiң жетекшiсi Кәрiм Мәсiмов арада ай өтпей жатып: «жағдай 2010 жылы сәл қиындау болады, экономикадағы өсiм 2011-2012 жылға қарай байқалмақ» деп сөзiнен тағы тайқып шықты. Дағдарыс дегеннiң әу баста Қазақстанға келгенiн немесе келмегенiн ашық айта алмай сасқалақтаған бiздiң Үкiмет халықты алдауын осылайша жалғастырып келедi. Бiрақ «өтiрiктiң құйрығы бiр-ақ тұтам» екенiн ескерсек, Мәсiмовтiң командасына деген халықтың сенiмi де сөнiп бара жатқаны — заңдылық. Мысалы, жуырда «ЦЕССИ-Қазақстан» жүргiзген сауалнамада сұраққа жауап бергендердiң 64 пайызы Үкiметтiң «әдемi» сөздерiне сенбейтiнiн айтқан. Ал олардың ширек бөлiгi өмiрдiң сүреңсiз тартқанына, еңсенi мұң басқанына шағымданған. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкiртақы секiлдi түрлi әлеуметтiк төлемдерге қосылатын болмашы тиын-тебендi қанағат тұтып, мәз болысатындар қатары да сиреген бұл күнде. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлiгi «Үкiмет қазiргi жағдай мен бiздiң қарым-қабiлетiмiздi ашық айтуға мiндеттi» деген ұстанымда.

Қоғамды дендеген жемқорлық, тәртiпке бағынбау, Ата Заңды сақтамау, орталық және жергiлiктi атқарушы билiктегiлердiң халық алдындағы жауапкершiлiгiн жете сезiнбеуi, «туғаны жоқ тура бидiң» өмiрлiк қағидасын ұстануы тиiс соттардың көпшiлiгiнде шынайылық пен әдiлдiктiң жоқтығы, құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң басым бөлiгi кейбiр мүдделi топтың «қолшоқпарына» жиi айналуы ел алдына қойған биiк мақсаттарға кедергi. Жуырда USAID сауда және кедендiк реформаларды либерализациялау жөнiндегi аймақтық жобалар жетекшiсi Малика Қоянбаева Қазақстанның дамыған 50 елдiң қатарына қосылуға ұмтылған талпынысының орындалуы неғайбыл екенiн айтты. Өйткенi, елу елге бастар жолда жатқан кедергiлер көп. Ол кедергiлердiң барлығы да – қолдан жасалған, яғни, жасанды кедергiлер. Мысалы, ҚР Президентi күнi кеше ғана халықпен тiкелей желi арқылы байланысқа шыққанда, Мәсiмовтiң командасына жанар-жағар май бағасын қолдан өсiргендердi тауып, жазаға тартуды бұйырған. Монополияға қарсы күрес агенттiгiндегiлер Оңтүстiк Қазақстан облысында бензиннiң қымбаттауына жергiлiктi билiк өкiлдерi берген солақай нұсқаудың себеп болғанын айтты. Бүгiнде отандық мұнай шикiзаты нарығындағы ахуал бiртiндеп тұрақталып келедi, бiрақ қымбатшылықты қолдан жасап, қарапайым халықтың қалтасына қол сұққандар жазасын өтеген жоқ. Ал Ата Заң аяқасты етiлетiн, тәртiпке бағынбайтын елдiң алға жылжуы, дамуы, өсiп-өнуi, көркеюi әсте мүмкiн емес. Мұндайда Қазақстан қатарынан көрiнудi армандайтын дамыған елдерде алыпсатарлыққа жол бергендер санаулы күннiң iшiнде жазаға тартылып, тәубесiне келтiрiлетiнi туралы айту артық.

Билiктiң өз мiндетiн мүлтiксiз атқара алмауы себептi Президенттiң көптеген игi бастамалары аяқсыз қалуда. Немесе ерекше құлшыныспен басталады да, соңы сиырқұйымшақтанып барып, құмға сiңедi. Яғни, «әп-әдемi ән едi, пұшық шiркiн қор қылдының» керi баяғы. Әйтпесе, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлгiзiп, елдiң, әсiресе, әлеуметтiк тұрғыда қорғансыз халықтың қамын ойлап шырылдаған Елбасы қоғамның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететiн нұсқауларды беруден кенде емес Үкiметке. Мұндайда таяқтың бiрi ұшы келiп тағы да билiктiң үш тармағына тиедi.

Қазiр дамыған елдердiң өзi экономикаларын тұрақтандыру үшiн, қаржы тапшылығы арқасына аяздай батқан халқы үшiн пайыздық ставкаларды төмендету, баға саясатын қайта қарастыру, қымбатшылықпен күрес, инфляция деңгейiн төмендету, түрлi жеңiлдiктер тағайындау сияқты мәселелерге ден қойған. Ал бiзде керiсiнше. Сыныққа сылтау iздеген монополистерге дағдарыс жақсы болды, айналдырған екi жылда баға, әсiресе, коммуналдық төлемдер бiрнеше есеге өстi. Инфляция деңгейi өркениеттi елдердегiден жоғары. Азық-түлiк бағасы қымбат әрi әр жерде ала-құла. Алыпсатарлармен күрес мақсатында бiрнеше рет комиссия құрылғаны белгiлi. Бiрақ олардың кiммен және қалай күресiп жүргенi белгiсiз.

Өзiмiзге назар аудартуды қатты жақсы көретiндiгiмiз сонша, кейде белiмiзге байлап алған шоқпардың салмағын байқамаймыз. Әйтпесе, Қазақстан мүшелiкке өтуге ұмтылған немесе төраға болуға құлшынған сан ұйым бар. Бiрақ солардың бәрi елге, халыққа, мемлекетке, қоғамға тиiмдi, пайдалы және керек пе? Санаулы күндерден кейiн есiк қағатын Жаңа жыл үш елдiң Кедендiк одағын заңды түрде бекiтiп бермек бiзге. Осы одақтың экономикасы, әсiресе, өндiрiсi, өңдеу саласы жеткiлiктi дамып үлгермеген қазаққа пайдасы қаншалықты? Ресей мен Беларусьтен келетiн тауарлар «үшiншi жақтың», яғни, өзге елдiң тауарын дүкен мен базарлардан сырғытады немесе бағасы бiрнеше есеге қымбаттайды. Мұндайда тұтынушының таңдау құқығы туралы проблема қоздайды. Қалтасы тесiк ағайын Кедендiк одақпен бiрге «қызыл тостағандағы» қытай лапшасы мен «Made in China»-ға тиесiлi тауар бiткен қымбаттайтынына алаңдаса, ат төбелiндей қалтасы қалыңдар шетелдiк машиналар құнының шарықтайтынына қынжылады. Ол аз десеңiз, Мәскеу Астанаға аспанасты елiмен және қырғыздармен шектесетiн шекараны қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Орыстар қытайлардың арзан әрi сапасыз тауарын ресейлiк нарыққа жiбермеудi көздейдi әрi қазақ нарығындағы бәсекелiстiктен қорқады. Мұндайда кiмнiң ұтылатыны, кiмнiң ұтатыны өздiгiнен белгiлi. Сонда бiздiң билiк кiмнiң жыртысын жыртып отыр?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары