«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
ашық дереккөзі
168

27. Бекайдар Егiнбаев

Сөз басы

«…Өздерiңiзге мәлiм, мен бiрiншi секретарь болып 1985 жылдың сентябрiнен, яғни Орталық Комитеттiң апрель Пленумынан ескен жаңа өзгерiстер лебi бүкiл партияда, бүкiл елiмiзде сезiле бастаған кезде жұмыс iстей бастадым. Алайда Алматы облысының аудандық, қалалық, тiптi облыстық буынының көптеген басшылары, оның iшiнде облыстық партия комитетiнiң кейбiр бюро мүшелерi үшiн бұл өзгерiстер ол кезде әлi туа қоймаған болатын. Алғашқы күндерден-ақ маған кадр iсiндегi толып жатқан кемшiлiктермен кездесуге тура келдi. Олар жылдар бойы жиналып қалған болатын. Бұрынғы бiрiншi секретарьлар Асқаровтың, ал содан соң Аухадиевтiң басшылығымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi басшылығының үнсiз келiсiм беруiмен, ал кейде тiкелей қолдау көрсетуiмен де кадр саясатындағы лениндiк принциптер өрескел бұзылып келген. Партия Ұлы Октябрьдiң алғашқы күндерiнен бастап-ақ қабылдаған интернационалдық, таптық көзқарастың орнына облыста кадрларды рулық және тайпалық белгiсi бойынша iрiктеу мен орналастыру етек алған, көбiнесе патриархалдық-рулық сарқыншақтарға бой ұрған, әзiрлiгi жоқ, толысып жетiлмеген адамдар орынсыз жоғарылатылып отырған. Тамыр-таныстықтың жекелеген фактiлерi құбылысқа айналған.

Партия ардагерi Сейдуәлиев соңғы онжылдықты мiне былай деп сипаттады: «Iс жүзiнде, – дедi ол Жамбыл ауданында болған азаматтар жиынында, – кадр саясаты әбден бұрмаланған. Аудан туған-туысқандар мен құда-жекжаттардың бөлiсiне салынды. Қосып жазу мен ұрлық, алдау мен көзбояушылық мейлiнше арсыздықпен жүргiзiлдi, домалақ арыз бен өсек-аяң етек алды. Жиналыстардың төрiнде отырып, «қағаз» қозылар үшiн даурықпа тостар көтердi. Ал содан соң оларды есептен шығарудың және мұның үстiне өздерiнiң баюының жөнiн ойлап бас қатырды». Өкiнiшке қарай Жамбыл ауданында ғана осылай болып қойған жоқ».

Бұл Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi секретары Марат Сәмиұлы Меңдiбаевтың 1987 жылы 14 мартта өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң VIII Пленумында сөйлеген сөзiнен үзiндi. («Социалистiк Қазақстан» 15 март 1987 жыл).

Меңдiбаев облысқа басшы болған бiр жарым жыл iшiнде 750 кадрды қызметтен негiзсiз алып, қатаң жазалап, үздiксiз қудалады. Солардың 35-сi аудандық, қалалық партия комитеттерiнiң секретарьлары, 25-сi ауатком төрағалары, сондай-ақ бiрнеше облыстық ұйымдардың басшылары, совхоз директорлары. Оның қуғын-сүргiнiнiң салдарынан жүрек талмасына ұшырап, артынша мәңгiлiкке көз жұмғандар да бар. Қаншама жоғары оқу орындарының ректорлары мен декандарын, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының директорларын, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерiнiң бастықтарын сергелдеңге салып, түрмеге жапты десеңiзшi.

Жоғарыда Меңдiбаев мысалға алған Жамбыл аудандық партия комитетiнiң сол кездегi бiрiншi секретары Бекайдар Жылқайдарұлы Егiнбаев едi. Отыз тоғыз жасар, қызметiне адал Егiнбаевты тепсе темiр үзетiн шағында Меңдiбаев нақақтан-нақақ қаралап, партиялық есеп карточкесiне жазылатын қатаң сөгiс жариялап, орнынан босатты. Оны да мiсе тұтпай қудалап, тағдырын тәлкек еттi. Не үшiн? Егiнбаевтың қандай жазығы бар едi? Ендiгi әңгiме желiсi сол жайында.

***

1985 жылдың 26-қыркүйегiнде (сентябрь) Алматы облыстық партия комитетiнiң кезектен тыс пленумы болды. Пленум Кеңес Мұстаханұлы Аухадиевтi обкомның бiрiншi секретары қызметiнен босатып, орнына Марат Сәмиұлы Меңдiбаевты сайлады. Ол соған дейiн Қостанай облыстық Атқару комитетiнiң төрағасы болған. Ерекше бiр еңбегiмен көзге түспеген, баршаға беймәлiм жанның бiлiм-бiлiктiлiгi, жұртты қабылдау мәдениетi, жалпы басшылық парасаты облыс атқамiнерлерiне жұмбақ едi.

Бекайдар Егiнбаев аптаның алғашқы күнi өзi әлi түстеп көрмеген Меңдiбаевқа телефон шалды.

– Марат Сәмиевич,бұл Жамбыл аупарткомының бiрiншi секретары Егiнбаев. Сiзге аудан шаруашылықтарындағы жағдайларды баяндайын деп едiм.

Облыста бұрыннан қалыптасқан тәртiп бар. Әр аптаның дүйсенбi күнi аупарткомдардың бiрiншi секретарлары обкомның бiрiншi секретарына телефон соғуы керек.

Меңдiбаев салған жерден жұлқына сөйлеп, дүрсе қоя бердi.

– Баяндамай-ақ қой. Сенiң онда қалай жұмыс iстеп жатқаныңды жақсы бiлемiн. Маға бәрiн де Аманбай Сарыбаев айтқан. – Тұтқаны орнына сылқ еткiздi.

Егiнбаев қапелiмде түкке түсiнген жоқ. Телефонның дыңылдаған үзiк-үзiк гудок үнi құлағын тесiп бара жатқан соң, тұтқаны тұғырына қондырды. Сәлем бергенi сол едi, естiгенi осы болды. Ой жүйрiк. Сан-саққа алып қашты. «Сарыбаевтың айтқаны қалай?.. Менiң жұмысыма оның қандай қатысы бар?.. «Сен» деп бетiне тiк келген жан емен…» Әдепкiде көкейдi көншiтер жауап таппай, қалың тұманда адасып жүрген жандай әрi-сәрi күй кештi. Аздан соң есiне осыдан екi жыл бұрынғы ұмытыла бастаған жай түстi. Обком өзiн Жамбыл аупарткомының бiрiншi секретарьлығына ұсынған. Сол кезде Балқаш аупарткомының бiрiншi секретары Сарыбаевтың сол қызметке ауыспақшы болып, жоғарыдағы анаған-мынаған сөз салып, жанталасқаны жұрттың есiнде. Сонда ғана адастырған қалың тұман сейiлiп, жол тапқандай болды. «Е,е жел қайдан тұрды десем, Сарыбаев менен есесiн қайырмақ екен ғой. Мәселенiң мәнi ендi түсiнiктi». – Егiнбаев көкiрегiн кере терең тыныстады.

Ол келесi дүйсенбiде қалыптасқан тәртiптi бұзды. Меңдiбаевқа телефон шалған жоқ. Жаңа басшы да ауданға ат iзiн салмады. Жым-жырт. Сол ауыр үнсiздiк қазан айының басында обкомның қабылдау бөлмесiндегi хатшы қыз телефон шалмағанда, жалғаса берер ме едi кiм бiлсiн. Ол таңертең Меңдiбаевтың қабылдайтынын жеткiздi.

Өзiмен өзi iштей арпалысты. Бiр күдiк, бiр үмiт. «Меңдiбаев қалай қабылдар екен? Сөзiмiз жарасып, тiл табыса аламыз ба? Өткендегi өктем сөзiне қарағанда… Әй қайдам!» – Қажетi болып қалар деп аудан шаруашылықтарынан түскен ақпарат қағаздарды жинастырып, папкасына салды. Өрекпiген жүрегiн басып, сабырға келдi. – «Не де болса бара көрейiн». Кабинетiне күнделiктi жұмыстарымен кiрiп-шығып жүрген аппарат қызметкерлерiне, шаруашылық басшыларына сыр бермедi. Ертеңiне обкомда болды.

– Марат Сәмиевич, шақыруыңызбен келiп тұрмын. – Ол қолындағы папкасын бiрiншiнiң үлкен столына жалғасқан тiлдей бөлiгiне қойды. Меңдiбаев столдағы әлдеқандай қағазға шұқшиған келiдей басын кекжең еткiзiп көтерiп алды. Оны ендi ғана көргендей кейiп танытты. Содан соң: «Ә,ә, Егiнбаев деген сен бе едiң?» дегендей қалың қабағының астынан жирене қарап, ұсынған қолын ықылассыз алды.

Егiнбаев бiрiншiнiң түр-басынан тiксiндi. Өзi қара, көзi көктi көрiп тұрғаны осы. «Атам қазақ сендей жанды жақсы атамаушы едi-ау». Ойына бұрынғы бiрiншi Аухадиев түстi. Қандай мәселемен шақыртса да әуелi жайдары жүзбен қабылдайтын. Онысы кадрларға деген құрметi iспеттi көрiнетiн. Ал мынаның бедiрейiп безерген бетiне қарағанда ондай мәдениеттен жұрдай сияқты ма қалай.

Екеуiнiң қақтығысқан сөзi, ара-тұра үнсiз арбасуы жиырма минутқа созылды. Бәлкiм Меңдiбаевтың қабылдауы тым қысқа болар ма едi, егер Егiнбаев өз уәжiн айтып қарсы тұрмағанда.

Меңдiбаев аудан шаруашылығының жайын сұрамады. Тiптен аузына да алған жоқ. Бұл оған басты мәселе емес сияқты. Оның үстiне билiкке келгенiне небәрi бiр, екi апта болған жан, аудан шаруашылықтарын аралап, бәрiн де көзiмен көрмесе несiн сұрай қойсын. Алғашқыда айтар ой шашырап кеттi ме, сөздерi жүйесiз шықты. Қайта құру саясатының жұртты мезi еткен жаттандыларын тiлге тиек еттi. Содан соң кадр мәселесiне ауысқандай болды. «Бұрынғы басшы Аухадиев үстiнен түскен арыз-шағымдардың көптiгiне қарамастан, қызметке өзiнiң және әйелiнiң туған-туысқандарын алып, жоғарылатып отырған» деп соқты.

Егiнбаев одан әрi тыңдауға шыдамы жетпей сөзiн бөлiп жiбердi.

– Марат Сәмиевич, бұларға менiң қандай қатысым бар?

– Сен де партияның қайта құру талабына сай емессiң. Қызметтен өз еркiңмен кеткенiң жөн.

Оның түйеден түскендей бұл сөзi жанына қатты батты. Қаны басына шауып, өңi күреңiтiп сала бердi. Әйтсе де әдебтен озбады.

– Марат Сәмиевич, мен қызметтен неге кетуiм керек? Оған қандай себеп, қандай кiнәм бар?

Меңдiбаев сес көрсетiп ықтырып алғысы келдi ме, ақилана қарап, кiжiне сөйледi.

– Себебi сол, орныңнан босатамын.

– Құр босқа қызметтен кет деуге бола ма? Сiз әуелi ауданға келiп, шаруашылықпен танысыңыз. Жетiстiктерiмiз бен кемшiлiктерiмiздi өз көзiңiзбен көргенiңiз абзал. Бүгiнгiнi бұрынғы көрсеткiштермен салыстырыңыз. Сосын таразыға салғаныңыз игi едi. Менiң осы қызметте жүргенiме екi-ақ жыл болды. Сiз ойлап отырғандай бұл жауапты жұмысқа көктен бiрден салбырап түсе салғаным жоқ. Қолымнан басшылық iс келетiнiн дәлелдеп, сатылап жеттiм. Егер сiз аудан шаруашылығынан менi босататындай өрескел олқылық көрсеңiз, онда қызметтен өзiм-ақ кетейiн. Бұл қызмет жетi атамнан қалған мұра емес. Сонда да ауданда қаншама iстi бастадым. Соны аяқтасам ба деймiн.

Меңдiбаев сөздiң тоқ етерiне бiр-ақ көштi.

– Мәскеу менi осы облысқа басшы етiп жiбергенде бұрынғы бiрiншi секретарьдың кадрларын босат деп тапсырма берген. Ұзын сөздiң қысқасы, Iле аупарткомының бiрiншi секретары Бегiмбетов екеуiңдi орындарыңнан аламын. Ендi түсiндiң бе?» – Көк көздерiнен ызғар шашып, баждия қарады.

Егiнбаев бiр сәтке тосылып, үнсiз отырды. «сөз төркiнi қайда жатыр. Бағанадан берi басты қатырмай осылай ашығын айтпадың ба?» Ойын тез тежедi. Үмiтсiз шайтан емес пе.

– Марат Сәмиевич,менi басқа бiр ауданға ауыстыруға мүмкiндiк бар ма?

Меңдiбаев салған жерден жауап қатпады. «Тәубеңе келейiн дедiң бе, бәлем» дегендей жүзiнде мысқылдың теңбiл табы ойнап, аз-кем үнсiз қырын қарап отырды. Сосын бетiн берi бұрмастан көз қиығын тастап, қуақылана сөйледi.

– Айтқаныма көнсең, сенiң басқа жақсы жұмысқа ауысуыңа мүмкiндiгiң бар. – Арғы жағын жұмбақтап жұтып қойды.

– Айтыңыз, тыңдап көрейiн.

Сол-ақ екен Меңдiбаев кеудесiн стол жиегiне тiрей оған ұмсына түсiп, қадала қарады.

– Екi жыл iшiнде ауданға Қонаев пен Аухадиев қанша рет барды? Сен оларға қандай сый-сияпат көрсеттiң?

Оның бұл сөздерi құлағына түрпiдей тиiп,тұла бойы тiтiркенiп кеттi. Алдында отырған облыстың дүрдей басшысы емес, дүниенiң бар қулық-сұмдығын бойына жинаған түлкiдей көрiндi. «Алдап- арбағаныңа көнетiн ақымақты тапқан екенсiң. Оларға қанша рет пара бердiң деп отырсың-ау». Меңдiбаевтың жымысқы тартқан жүзiне тура қарап, даусын көтере ресми мәнермен жауап бердi.

– Мен Жамбыл аупарткомының бiрiншi секретары болған екi жыл iшiнде Дiнмұхамед Қонаев жолдас ауданға бiр рет те келген жоқ. Ал обкомның бұрынғы бiрiншi секретары Аухадиев екi рет ат iзiн салды. Таза қызмет бабында аудан шаруашылығын аралап, еңбекшiлермен кездесiп, пiкiр алысты. Мен ол кiсiге өз қолыммен сый-сияпат жасаған жоқпын. Бұл мәселе жөнiнен сiздi қуанта алмаймын.

Меңдiбаев лезде өңiн өзгерттi. Шарасыздық танытқандай екi қолын екi жаққа жайды.

– Онда, сенде еш мүмкiндiк жоқ.

Егiнбаев орнынан тұрып, кетуге ыңғайланғанда ғана ол тамағын кенеп, қайырымдылық жасағансыды.

– Жарайды, мәселеңдi бюрода арнайы қарамай-ақ қояйық. Мамандығың бойынша қызмет тауып бергiземiн. Әзiрге мiндетiңдi атқара тұр.

Әйелi Райхан Нұртайқызы таңертең обкомға шығарып салған. Үйге келген кезде сынық өңiнен шошынып, бiр ыңғайсыз жағдайдың болғанын iшi сездi.

– Бекайдар, тыныштық па?

– Меңдiбаев басқа жұмысқа ауыстыратын болды.

Балалар мектепте. Екеуi түскi асты үн-түнсiз отырып iштi. Мұндайда ас қайдан сiңiмдi болсын. Көңiлсiздiк еңсенi езiп бара жатқан соң, кеңсеге қарай тартты. Iле аупарткомының бiрiншi секретары Амангелдi Бегiмбетовтiң телефон нөмiрiн тердi. Оған бүгiн Меңдiбаевтың қабылдауында болғанын, өзiне қисынсыз айыптар таққанын айтты.

– Әбеке, байқаймын оның сiз туралы де пiкiрi алабөтен. Таяу күндердiң бiрiнде сiздi де обкомға шақыртады-ау шамасы.

Бегiмбетов жауапты қысқа қайырды.

– Шақыртса көрермiз.

Оның тәптiштеп сұрай қоймағанынан алдында бөгде бiреулердiң отырғанын сезiп, байланысты үздi.

«Менi Меңдiбаев қай шаруашылыққа жiбередi? Онда кiм болып барамын? Бас маман ба, жоқ әлде жәй қатардағы ма?» – Егiнбаев екi күн бойына мазасыз күй кештi. Тек үшiншi күнi, яғни қазан айының екiсiнде обкомның қабылдау бөлмесiндегi хатшы қыз тағы телефон шалып, ертеңге Меңдiбаевтың шақырғанын жеткiздi. Сонда қыздан ақырындап сыр тартқан.

– Ол неге шақыртты? Жұмыс мәселесiмен бе?

– Келген соң бiлесiз. – Үнi салқын естiлдi.

Таңертең обкомда болды. Бегiмбетов те сонда екен. Жайшылықта емен-жарқын амандасатын обком аппаратының қызметкерлерi байқамағансып жандарынан өте шығады. Олар мәселелерiнiң обком бюросында қаралатындарын сонда бiр-ақ бiлдi. Егiнбаев аң-таң.

– Ау, Меңдiбаевтың мұнысы қалай? Маған мәселеңдi бюроға салмаймын деп едi… Менi мен сiздi алдап соққаны ма?..

Бегiмбетов кесiп айтты.

– Екi жүздi адам, екi сөйлейдi iнiм.

Бюро мүшелерi әуелi Бекайдар Егiнбаевтың мәселесiн талқыға салды. Төрде Меңдiбаев. Түксиген дөң қабағынан қар жауардай түнерiп отыр. Онысы қос қапталына жағалай жайғасқандарға ешқандай да аяушылық болмасын деген ишараты сияқты. Жаңа басшының пәтi қатты. Келе салып, жан-жағын қуырып барады. Бюро мүшелерi оның кiм екенiн әлi жыға танымаған соң сескенiп, ыңғайына қарай ығыса беретiн секiлдi.

Меңдiбаев бүгiн оның мәселесiн мүлдем басқа қырынан қойды. Егiнбаев одан мұндай жөнсiздiктi күткен жоқ. Осыдан бес жыл бұрын Күртi аудандық Атқару комитетiнiң төрағасы кезiнде, айтуға да тұрмайтын болмашы кемшiлiгi үшiн, облыстық Атқару комитетi сөгiс берген едi. Ендi мiне Меңдiбаев соны алға тартып отыр. Тырнақ астынан кiр iздесең, кiмнен не шықпайды.

Егiнбаевтың жөнсiз айыпқа жаны шыдамады.

– Марат Сәмиевич, ол кезде мұндай жеңiл-желпi сөгiс тек менде ғана емес, екiнiң бiрiнде бола беретiн. Оның үстiне ауызша сөгiстiң алынып тасталғаны қашан. Сол ауданда жетi жыл Атқару комитетiнiң төрағасы болып iстедiм. Облыстық Атқару комитетiнен алған алғысым да аз емес. Сiз соларды неге ескермейсiз?

Меңдiбаев тап бергенге, шап бергендi күтпесе керек. Айтар сөзiнен жаңылған жандай тосылып қалды. Егiнбаевтың еңбек жолын бiрiншi басшының жанында отырған облыстық Атқару комитетiнiң төрағасы Владимир Павлович Беляков жақсы бiледi. Оның 1972 жылы жаңадан ашылған Күртi ауданына Комсомол комитетiнiң бiрiншi секретары болып барғанын, жастарды еңбекке жұмылдырудағы тынымсыз еңбегiн, үш жылдан соң Халық депутаттары Күртi аудандық Советi Атқару комитетiнiң төрағасына сайланғанын, жаңа ауданның етек-жеңiн жинап, көшiн түзету кезiндегi жанкештi еңбегi көз алдында. Өкiнiшке қарай Беляков жұмған аузын ашпады. Не түлен түрткенiн кiм бiлсiн, Алматы қалалық партия комитетiнiң бiрiншi секретары Қойшыманов киiп кеттi.

– Егiнбаевты партиядан шығару керек!

Ол жалт қарады. Ұшқынданған жанарында: «Сiзбен кездескен сайын аға деп сәлем бергенiмнен басқа, не жазығым бар едi?» деген сұрау тұрды.

Қойшымановтың репликасын өзгелер қолдай қойған жоқ. Естiмеген жандардай үнсiз отыра бердi. Тек Меңдiбаев риза. «Ал керек болса!» – Табалағандай миығынан мырс еттi.

– Партиялық және мемлекеттiк тәртiптi өрескел бұзғаны, ынсаптылық сақтамағаны үшiн, Егiнбаевтың партиялық есеп карточкасына жазылатын қатаң сөгiс жарияланып, қызметiнен босатылсын. – Меңдiбаев өзi бастап қол көтердi. Обкомның екiншi секретары Георгий Викентьевич Шулико оны бiрден қолдады. Владимир Павлович Беляков та кiдiрмей қолын жоғары ұстады. Қойшыманов та олардан қалысқан жоқ. Басқалары бiр-бiрiне қарайласып барып, Меңдiбаевтың ұсынысын амалсыз қолдағандай болды.

Егiнбаевтың тұла бойы бiр ысып, бiр суынды. Төрде отырғандарды жағалай көзiмен сүзiп шығып, ашына үн қатты.

– Жолдас бюро мүшелерi, сiздер әдiл шешiм шығарған жоқсыздар. Менi жазықсыз айыптадыңыздар. Мен бұларыңызбен мүлдем келiспеймiн. Сондықтан, өзiмнiң коммунистiк арымды қорғау үшiн, КПСС Орталық Комитетiне дейiн шағымданамын.

Ол соны бекер айтты. Осы сөзi кейiндеу өзiне бәле болып жабысатынын бiлмедi. Үндемей шығып кеткенi жөн едi.

Егiнбаевты кезiнде бiрiншi секретарь етiп, аудандық партия комитетiнiң пленуы сайлады. Партияның Жарғысы бойынша оны қызметтен тек сол пленум ғана босатуы керек. Меңдiбаев ұсыныс жасаған жағдайда пленум мүшелерi қолдар ма едi, қолдамас па едi? Алайда компартияның «Жариялылық» саясаты қоғамдық өмiрге әлi дендеп ене қоймаған шағы. Меңдiбаев соны пайдаланып, мәселенi белден басты. «Күштiнiң арты диiрмен тартады» дегеннiң керi сiрә осы шығар.

Жол үстiнде бiр сұрақ оның бүйiрiнен шаншудай қадалды. «Әлдеқашан ұмыт болған облыстық Атқару комитетiнiң сөгiсiн Меңдiбаевқа жеткiзген кiм?» Ары ойлап, берi ойлап ешкiмге табан тiрей алмады. Араласып-құраласып жүргендердiң бәрi деп өзiне шын дос секiлдi. Кейiндеу обкомдағы бiр жанашырынан суыртпақтап сұраған. Ол кабинетiнiң есiгiн жауып: «Бекайдар, анау күнi сен Меңдiбаевтың қабылдауында болып кеткен соң Қырбаев кiрiп: «Марат Сәмиевич, Егiнбаевты бұлай жайдан-жай босатуға болмайды. Бюрода қатаң сөгiспен орнынан алғаныңыз жөн» – деп кетiптi.

Адамдарды iсiне қарап танисың. Егiнбаевтың өкiнiштен өзегi ашыды. «Буынсыз жерден пышақ ұрып, талмау жерде аяқтан шалғаны-ай!»

Ол Жамбыл аупарткомының бiрiншi секретарлық қызметiне ұсынылмақшы болып жатқанда, бiреулер үстiнен арыз ұйымдастырып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне жазған. Орталық Комитеттiң инспекторы Бектай Қырбаев Алматы облысына жауапты едi. Аудандық Атқару комитетiнiң жұмысын апта бойына тексерiп, ескертумен ғана шектелетiн түймедей кемшiлiктi, түйедей етiп қаттайды да,облыстық Атқару комитетiнен Егiнбаевқа жаза қолдануды талап еткен. Ондағылар: «Мұндай болмашы кемшiлiкке сөгiс жариялай берсек, ауданда бiрде бiр басшы жазадан сау қалмас», – десе, Қырбаев өз дегенiнде тұрып алады. Амал жоқ кезектi мәжiлiсте ауызша сөгiс беруге тура келген. Қырбаев оған неге сонша қадалды? Кезiнде Орталық Комитеттегi туысы Қырбаевты Iле аупарткомының бiрiншi секретарлығына ұсынғанда, Аухадиев құлақ аспай аупарткомның пленумына Бегiмбетовтың кандидатурасын ұсынады. Көпшiлiк дауыспен сол сайланады. Орайы келген сәтте Қырбаев сонда кеткен есесiн Егiнбаевтан неге осылай қайтармасқа.

Күтумен бiр апта өттi. Меңдiбаевтан «Мына қызметке бар» деген нұсқау болмады. Сарыла төзiмдi таусып бiр ай да өттi. Обкомнан оны iздеп, телефон шалған жан болсайшы. Бар дүние бiр орнында тұрып қалған секiлдi. Тым-тырс. Таңның атысы, күннiң батысы жұмыста жүргенге дағдыланып қалған ол тықыршып үйге сияр емес. Байыз таппай сыртқа бiр шығып, бiр кiредi. Жайшылықта ауық-ауық шырылдап, маза бермейтiн телефон да көптен үнсiз. Күнi кеше өзiнiң қарамағында iстеген аупартком аппаратының қызметкерлерi де үйдi алыстан айналып жүретiндi шығарды. «Опасыз жалған дүние-ай! Жазатайым табаным тайып кетiп едi, бәрiнiң де сыртын бергенiн қарашы» – Күйiнiшпен тынысы тарылып, омырау түймелерiн ағытты.

Еңбекшiқазақ аупарткомының бiрiншi секретары Марковтың өзiне көзқарасы оң едi. Соған барды.

– Анатолий Иванович, жағдайымды жақсы бiлесiз. Обком менi ұмытса керек. Мiне бiр ай болды. Жұмыссыз отырмын. Iшiп-жеп, жиған қорым жоқ. Отбасымды асырауым керек қой. Менi кез келген жұмысқа алыңыз.

Марков екi ұштылау жауап қатты.

– Меңдiбаев қалай қарар екен?

– Сiз орыссыз ғой. Егiнбаевты қызметке алдың деп сiздi қудалай қоймас. Оның үстiне менiң «халық жауы» болатындай айыбым қайсы.

– Бекайдар Жылқайдарович, қабырғаммен кеңесiп, жұмыс қарастырып көрейiн. Үш күннен соң хабарласыңыз.

Батырға да жан керек. Марков сақтық жасады. Ашығы «Меңдiбаевтың қырына iлiгiп қалам ба?» деп қаймықты. Оны өз бетiнше жұмысқа ала алмағаны сол. Ертеңiне Меңдiбаевтың кабинетiнде аудан басшыларының жиыны өттi. Ол тағы да кадр мәселесiн қозғап, Дырдинге, Терземанға, Тұрысжановқа, Әмiреевке шүйлiгiп, кәрiн төктi. Тiптi аузынан ақ ит кiрiп, көк ит шықты. Жиналыстан соң Марков жұрттың соңында қалып, әлi де сабасына түсе алмай iсiнiп отырған Меңдiбаевқа мысықтабандап жақындады. «Марат Самиевич, кеше Егiнбаев маған жұмыс сұрап келдi. Сiз қалай қарайсыз?» – Жалтаңдағаны ма, жалпаңдағаны ма ажырату қиын. Алдында бастарын шұлғып, иiлiп тұрғандарды Меңдiбаевтың жаны жаратады. Паңданып: «Егiнбаев деймiсiң?» – деп оны есiне түсiргендей болды. Қабағын шытып әлдене айтпақшыдай оқталды да, лезде райдан қайтты. «Жарайды, аппаратыңнан емес, шаруашылығыңның бiрiнен жәй жұмыс бере сал. Лай кешiп жүрсiн сол» – Немкеттiлеу сөйлеп, қолын сiлтей салды.

Марков оған «Есiк» совхозындағы жүзiм өсiрушiлердiң бригадирлiгiн ұсынды. Егiнбаев бiрден келiстi.

Ұзынағаш пен «Есiк» совхозының арасы талай жер. Егiнбаевқа қайынағасы жанашырлық танытып, «Жигулиiн» берген. Таңғы сағат алтыдан жолға шығады. Сағат сегiзде «Есiктiң» кеңсесiнде, не жүзiм алқабында болады. Ел жата Ұзынағашқа оралады.

Ұзақ жолда ой серiк. Өкiнiшi көп ойлар жанын жегi құрттай жейдi. «Мен қандай кiнәм үшiн қызметтен босандым? Сыртымнан әлдекiмдердiң: «Есiл жiгiт қор болды-ау!» – деп мүсiркегенiн, бiреулердiң: «Өзiне де сол керек!» – деп табалағанын қай пиғылымнан таптым? Ендi маған арқа сүйеп отырған iнiлерiм мен қарындастарымды қалай жетiлдiремiн? Оларға көрсеткен үлгiм осы ма?» Көкiрегi удай ашып, көңiлi толқып кеттi. Қос жанарынан құйылған жас тотыққан жүзiн айғыздап төмен сорғалады. Жүрек шiркiн шаншығандай шым ете қалды. Селт етiп, сол қолын кеуде тұсына апарып сипалады. «Жолдас жүрек, менi босады деп сен сыр берме. Менi қорқытпа сен!» Iшкi жан дүниесiнен тағы бiр ой қылаң бердi. «Мына түрiңмен жүрек талмасына ұшырарсың. Өзiңдi қолыңа алып қайрат қыл. Пенденiң ойлағаны емес, Алланың дегенi болатынын бiлмеушi ма едiң. Бұл да бiр саған тағдырдың маңдайыңа жазған сыны шығар. Қылшылдаған кезiңде соны көтере алмай сағың сынып жатса, досың мен дұшпаның не демейдi? Шын досың түсiнер, ал дұшпаның айызы қанғанша табалап күлмей ме? Сабыр ет, Бекайдар! Сабыр ет, Бекайдар! Өмiрiң әлi алда. Мансап мақсат емес. Азды-көптi оның дәмiн таттың. Қане шыққан мүйiзiң? Ал арың бәрiнен де қымбат. Қиыншылыққа қасқайып қарсы жүр. Арғы бабаң – батыр би Ескелдi емес пе! Намысыңа қамшы басып, қолыңнан iс келетiн маман екенiңдi дәлелде. Жауыңды сонда ғана жеңесiң, Мерейiң сонда ғана үстем болады». Жүдеу тартқан көңiлi сергiп, серпiлiп қалды. «Жигулидiң» әйнектерiн түгел жуып, кең құлашпен айтылатын әндердi бiрiнен соң бiрiн бар даусымен шырқады. «Сезiммен салған ән жан дауасы екен-ау. Бұрын қалай байқамағанмын».

КПСС Орталық Комитетiнiң Бас секретары Михаил Сергеевич Горбачевтiң солақай саясатының салдарынан совхозда қаншама жүзiм алқабы оталды. «Есiк» жемiс-жидек зауытының еңбек өнiмдiлiгi азайды. Шығын шаш етектен. Ендi сол қателiктi түзеп, жүзiмнiң өсiмтал түрiн егу керек. Егiнбаев ғылыми еңбектерге жүгiндi. Алқаптарға жүзiм тұқымдарын отырғызып, су жүйелерiн жаңартты.

Қарашада май тоңазытатын салқын түстi. Айдың қақ ортасында Жамбыл аупарткомының бiрiншi секретары Аманбай Сарыбаев оған телефон шалып, үйдi босатуын, өзiнiң отбасын қоныстандыратынын айтты.

– Аманбай, егер мен үйдi тез босатсын десең, онда Меңдiбаев досыңа айт. Маған «Есiк» совхозынан үй бергiздiрсiн. – Егiнбаев сөздi қысқа қайырды. Совхозда жаңа үйлер салынып жатқан. Меңдiбаев Марковқа тапсырма берiптi. Ол қаңтардың қақаған аязында отбасын совхоздан алған жаңа үш бөлмелi үйге көшiрiп алды.

Сол күнi Егiнбаев үйiне түстiк асқа келген. Әйелi Райхан көңiлсiз қарсы алды.

– Сырқаттанып қалғаннан саумысың?

– Аурудан аманмын. – Стол үстiндегi қағазды алып, қолына ұстатты. – Бiрақ мынау тағы да тынышымызды кетiре ме деп қорқамын.

Ол қағаздағы қысқа жазуға көз жүгiрттi. Облыстық прокуратураның шақыртуы екен. «Бюроның жазасы аз болғандай, ендi үстiмнен қылмыстық iс қозғайын дегенi ме бұлардың». Ашу-ызаға булығып, ашаң өңi қарауытып кеттi. Заң орындары қатал. Бармаса күш қолданары анық. Оның үстiне Желтоқсан көтерлiсiнен кейiн заң орындарының қызметкерлерi қағынып алған.

Тергеушi дөрекiлеу жiгiт ағасы екен.

– Жолдас Егiнбаев, сiз Жамбыл аупарткомында екi жыл бiрiншi секретарь болдыңыз. Сол кезде Ұзынағаштағы Жамбыл мұражайына барған қонақтарға қанша ақша бөлдiрдiңiз? Сондай-ақ, оларға естелiк сувенирлер сыйлатқансыз. Соларға қаражатты қайдан алдыңыз?

Егiнбаев оған тiк қарады.

– Кешiрiңiз, сiзде осынша ақша бөлiнсiн деген менiң бұйрықтарымның көшiрмесi бар ма?

Тергеушi басын шайқады.

– Иә, ондай бұйрықты таппадық. Алайда орындаушыларыңызға ауызша нұсқау бердiң ғой.

– Шетелдiк қонақтар әуелi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне келедi. Ал Жамбыл мұражайы соларға көрсететiн бiрден-бiр мәдени орын. Рас, оларға дастарқан жасалып, шәй берiледi және сувенирлер сыйға тартылады. Бұл мәдени шара Орталық Комитеттiң арнайы шешiмi бойынша атқарылды. Сұрағыңызға жауапты сол жақтан табасыз.

Тергеушi орнынан тұрды.

– Бүгiнге осы да жетер. Бiрақ ескертемiн. Тергеу iсi бiткенше, ешқайда шағымдануға құқыңыз жоқ.

Егiнбаевқа бәрi де ендi түсiнiктi болды. «Демек менiң КПСС Орталық Комитетiне әлеуметтiк әдiлеттiк сұрап, шағымдануыма болмайды екен ғой. Меңдiбаевтың қулығын асырып, қолымды жiпсiз байлағанын қарашы. «Шындықтың жолы шырғалаң» деген осы екен-ау».

Тергеушi он-он бес күннен соң тағы шақыртты. Өткендегi сұрақтарын аз ғана түрлендiрiп, қайта қойды. Ол да сол жауабынан танбады. Араға ай салып тағы шақыртты. Бұл жолы «Дегерес» совхозының директоры Нүкетаевпен беттестiрдi. Екеуiне қойылған сұрақ-жауаптан да қылмыстық iс қозғауға iлiк болар себеп таппады. Тағы бiр айдан соң Егiнбаевты “Қастек” асыл тұқымды мал зауытының директоры Гайсинмен беттестiрген. Қитұрқы сұрақтармен екеуiнiң арасына от тастап, ши шығармақшы да болды. Алайда бұл әрекетiнен де түк шықпады.

«Шыдамның да шегi бар». Егiнбаев облыстық прокуратурамен қарсы күреске шықты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi секретары Сағидолла Құбашевтiң жұртты қабылдайтын күнi есiгiн ашты. Өз басынан өткеннiң бәрiн баяндап, Меңдiбаевтың қолындағы билiктi пайдаланып, кадрларды жөн-жосықсыз қудалап жатқанын жеткiздi.

– Сәке, менiң iшiп-жеп қойғаным жоқ. Тергеушiлер не қылмыстық iсiмдi дәлелдеп сотқа берсiн, не iстi жауып жұмыс iстеуiме мүмкiндiк берсiн. Қашанға дейiн солардың тәлкегiне түсуiм керек.

Құбашев телефон тұтқасын көтерiп Меңдiбаевпен сөйлестi.

– Марат Сәмиевич, қазiр менiң қабылдауымда Жамбыл аупарткомының бұрынғы бiрiншi секретары Егiнбаев отыр. Прокуратура қызметкерлерi оның үстiнен Жамбыл мұражайы туралы тергеу жүргiзiп жатқан көрiнедi. Мұражайға барған шетелдiк қонақтарға сый-сияпат жасауды және сол бойынша қылмыстық iс қозғамау жөнiнде Орталық Комитетте келiскенiмiздi сiз жақсы бiлесiз. Тергеудi тоқтатқаныңыз жөн.

Меңдiбаев құлақ аспады. Қайта Егiнбаевтың жағдайын бұрынғыдан да ушықтырып жiбердi. Сол күннiң ертеңiнде-ақ милиция қызметкерлерi келiп, оны Алматыға алып кеттi. Тергеушi айқайға басты.

– Егiнбаев, бiзге «Менiң тiкелей тапсырмаммен Жамбыл мұражайына келген қонақтарды күтiп, сый-сияпат жасауға аудан бюджетiнен осынша қаржы бөлiндi. Ал дастарқан мәзiрiн совхоз директорларына жүктегенмiн» деп жазып берсең болды. Осында анау Статенин мен Тұрысжанов та өз қылмыстарын мойындап жазған. Сен де мойында. Түрмеде шiримiн деп қорықпа. Ордендерiң бар. Амнистияға iлiнiп, құтылып кетесiң. Мiне қағаз, мiне қалам. Жаз!

– Жазбаймын.

– Онда қамаймыз.

– Қамаңыз.

Ол Егiнбаевты екi күн қамақта ұстады. Тергеушi қалам мен қағазды оның алдына қойды.

– Бәрiн де қайта ойланып, ақылға келген шығарсың.

– Мен сiзге тағы айтамын. Сұрақтарыңызға жауапты Орталық Комитеттен аласыз. Мен ештеңе де жазбаймын. – Қағаз бен қаламды тергеушiнiң өзiне қарай ысырды.

– Бiз бәрiбiр сенi айтқанымызға көндiремiз. Әзiрге боссың. – Тергеушi ол есiктен шығып кеткенше, ала көзiмен атып қарап тұрды.

Егiнбаев сол бойда Орталық Комитетке тартты. Құбашев болған жайға қанықты. Ол телефонмен әкiмшiлiк бөлiмiнiң бастығы Ефимовты шақырып, Егiнбаевтың мәселесiмен айналысуды тапсырды. Арада екi күн өткен соң оны республикалық прокуратура шақыртып, қолына арнайы шығарылған шешiмдi бердi. Онда «Қылмыстық iстiң жоқтығына байланысты, Егiнбаев Бекайдардың үстiнен жүргiзiлген тергеу жұмыстары тоқтатылсын» – деп жазылыпты.

Ол сыртқа шыққанда ұлы сәскенiң кезi екен. Аспан шайдай ашық. Көк жүзiнде қылаудай бұлт жоқ. Күн шуағын төгiп тұрды.

Сөз соңы

Алматы облысындағы Қонаев пен Аухадиевтiң кезiнде басшылық қызметте болған бiлiктi кадрларды қудалағаны үшiн Меңдiбаев Қазақстан Компартиясы ОК бiрiншi секретары Колбиннiң талғамынан шықты. Колбин оны Орталық Комитеттiң екiншi секретарлығына дейiн көтерiп, сол арқылы от көсеумен болды. Шаруашылықтардың өзiн-өзi басқару саясаты кезiнде, еңбекшiлер сол қуғындалған адал жандарды басшылыққа қайта сайлады. Солардың бiрi Егiнбаев та халық қалауымен совхоз директоры болды. Колбин қызмет бабымен Мәскеуге ауысқан соң Меңдiбаевтың басынан бағы тайып, уақытынан бұрын зейнеткерлiкке шығарылды. «Iштен шыққан жау жаман». Бүгiнде ол туралы сөз бола қалса, жұрттың айтатыны осы.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары