ТӘУБЕ ДЕЙIК, ТӘУБЕ!

ТӘУБЕ ДЕЙIК, ТӘУБЕ!

ТӘУБЕ ДЕЙIК, ТӘУБЕ!
ашық дереккөзі
196

Тәуелсiздiк бiз үшiн қымбат, өте қымбат. Қыран бүркiт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзiн қалай еркiн сезiнсе, өзiнiң табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмiр сүрген болса, осы табиғаттың бiр бөлiгi болып табылатын бiз адамдар да тумысымыздан еркiндiктi аңсаймыз, азат өмiр кешудi қалаймыз. Жалпы ұлт деген ұлы қауымдастық тағдырлас һәм тамырлас адамдардың жиынтығы ретiнде әрбiр жеке адамның еркiндiкке, азаттыққа деген құштарлығының жиынтық күшiн бiлдiрсе керек. Бiр тiлде сөйлейтiн, бiр Отанды мекендейтiн, дiнi бүтiн, ортақ тарихы мен мәдениетi бар халықтың мемлекеттiлiкке қол жеткiзген дәрежесi — ұлт. Сондықтан, менiң түсiнiгiмде ұлт, тәуелсiздiк және мемлекет ұғымдары бiр-бiрiмен ажырағысыз байланыста, бiрiн бiрi қажет етiп отыратын ұлы ұғымдар, қымбат құндылықтар.

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кештi, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәрiне iлiндi, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрдi. Дегенмен «тәуелсiз» деген мағынаны бiлдiретiн «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткiзу үшiн талпынды, осы жолда күрестi һәм шайқасты. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлерiмiз халқын бостандық таңына жеткiзудi армандап жанын пида еттi, шәһид болды, арманда кеттi. Ұлтымызды сiңiре жұту мақсатымен жасалған алуан түрлi әккi тiрлiктер, қу саяси шаралар ұрпақ жадына жойқын соққы бергенiмен оны мүлдем бағындыра алмады, дiнiмiз бен тiлiмiздi түбегейлi жоюға шамасы жетпей қалды. Қазақ «мың өлiп мың тiрiлсе» де, қазақ болып қала бердi, әр ұрпақ өзiнен кейiнгiлерге тәуелсiздiктi арман етiп, ұлттық мақсат ретiнде аманат еттi. Абай атамыздың «Қалың елiм, қазағымы», Қадыр Мырза Әлi ағамыздың «Жасыл жайлау, түктi кiлемi», Жұмекен Нәжiмеденовтiң «Менiң елiмi» сияқты жүздеген, тiптi, мыңдаған шығармалар ұрпақтың санасына азаттықты, ел болуды, ту көтерудi, бiрлiкке ұмтылуды, ұлт ретiнде сақталып қалуды, өжеттiлiк пен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлiктi насихаттап отырды….

Әлемнiң әрбiр елiне таралып кеткен қандастарымыз осы ұлттың ажырамас бөлiгi ретiнде бiр тiлде сөйлеп, бiр әндi шырқап, өзiнiң ұлттық болмысы мен кескiнiн сақтай отырып, ортақ ұлы мұратқа үлесiн қосып келдi. Бiр қызығы арадағы темiр қабырғалар мен болат шымылдықтар бiздiң ұлттық тұтастығымызға қиянат жасағанымен зиянат жасай алмады, ұлттың өз iшiндегi байланысын, сабақтастығын бұза алмады. Бiздер, әсiресе, Қазақстаннан жырақта жүрген қазақтар өз елiмiзге, Отанымызға деген ерекше сағыныш сезiмiмен өстiк, шетелдерде қазақтың атын жаңғырттық, туын желбiреттiк және атамекенiмiздi бiр көруге, қазақтың кең даласының жұпар исiн бiр иiскеуге ынтызар болдық. Ал шындығына келгенде әлемдi әскери күшiмен тайсалтқан Кеңес Одағы жер бетiнен жойылып, Қазақстан тәуелсiз ел болады да бiз оған көшiп келемiз дегендi армандасақ та көзiмiздiң тiрiсiнде көретiн шығармыз деген жоқпыз. Рас, ол кездегi жағдай солай болды. Аллаһқа сансыз шүкiр, Қазақстан 1991 жылы тәуелсiз ел болып, оны басқа мемлекеттер танығанда құдды бiр түсте жүргендей болдық-ау ағайындар. Мұндағы, яғни Қазақстандағы ағайындар да тәуелсiздiктiң не екенiн тәуелсiздiк жарияланғаннан бiрнеше жылдан кейiн ғана барып түсiндi, көзi жеттi. Қазақтың өз байрағы, әнұраны, ақшасы, әскерi, шекарасы, төлқұжаты бiрiнен кейiн бiрi пайда болған сайын ел тәуелсiздiктiң шынайы мағынасымен танысты. Тәуелсiздiктен кейiн дүниеге келген жастар тек тәуелсiз Қазақстанды ғана бiледi, олардың санасы мен психологиясында тәуелдiлiк, бодандық деген ұғымдар жоқ, тiптi, болмай-ақ қойсын деп тiлеймiн.

Осы арада тәуелсiздiк сәтi есiме түсiп отыр. Мен Қазақстанға Кеңес билiгiнiң соңғы жылдарында келгендiктен мұндағы жағдаймен жақсы таныс едiм. Германияда студент болсамдағы ай сайын Қазақстанға келуге тырысушы едiм. Сол кезде Кеңес Одағының Люксембургтағы елшiсi болған марқұм Шыңғыс Айтматовқа жолығып, ол кiсi маған бiр жылдық көпмәрте кiрiп шығуға жарамды виза ашып берген-дi. Алғашында Қазақ КСР-ның егемендiгi 1990 жылы жарияланғанда төбемiз көкке жеткендей болды. Оның артынан одақтас республикалар бiрiнен соң бiрi тәуелсiздiктерiн жариялап жатқанда «Қазақстан неге кешiктi?» деп уайымдағаным есiмде. Дәл тәуелсiздiк жарияланған күнi мен Түркияның Бурса қаласындағы кәсiпкерлердiң жиналысында отыр едiм. Телеарналардан Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялады және Түркия оны бiрiншi болып таныды дегендi естiгенде жиналысқа қатысып отырған түрiк бауырларымыздың орнынан тұрып, менi құшақтап, құттықтап жатқаны әлi көз алдымда тұр. Сол жерде әрбiр фирманың атынан жеке құттықтау хаттар ұйымдастырып, Алматыдағы Президент аппаратының факс номерiне жiбергенiмiз бар. Мен де Еуропа және Түркиядағы қазақтар атынан Елбасын құттықтап, хат жазып, оны факс және телеграмма арқылы жөнелткем. Мiне, содан берi табаны күректей 18 жыл да өте шыққан екен. Кәмелеттiк жасың құтты болсын сүйiктi елiм, Қазақстаным!

Тәуба дейiк, ағайындар. Тәуелсiздiкке қол жеткiзе алмай жүрген қаншама халықтар бар жер бетiнде, солардың мұңлы тағдырынан ғибрат алайық. Бiр ғана Палестинаны айтсақ та жететiн шығар. Қазақстан әлем таныған ел болды. Осы жылдары шетелдерден миллионға жуық қандастарымыз атамекенге көшiп келдi. Тәуелсiздiк болмаса қалай келушi едiк?! Бүгiнгi күнi Қазақстан әлемдiк саясатта, экономика мен өмiрдiң өзге де салаларында өзiндiк орны мен күшi бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесi яки құрылтайшысы ретiнде елiмiздiң аты жиi аталатын болды. Осының барлығы да тәуелсiздiктiң арқасында қол жеткiзген жетiстiктерiмiз. Менiң ойымша қазiргi ұрпақтың алдында тұрған ең маңызды тапсырма осы тәуелсiздiктi одан ары бекiту, нығайту және болашақ ұрпақтарға баянды етiп тапсыру болса керек. Саяси тәуелсiздiгiмiздi баянды ету үшiн экономикалық тәуелсiздiкке сонымен қатар тәуелсiздiктiң барлық түрлерiне қарай ұмтылуымыз, қажымай еңбек етуiмiз шарт. Сыртқы күштердiң идеологияларына тәуелдiлiк ауруына шалдықпағанымыз жөн. Ол үшiн өзiмiздiң құндылықтарымызды жете дәрiптеп, ұлттық тiлiмiз бен дiлiмiздi жаңғыртып, дiн, мәдениет және өркениет салаларында да ешбiр сырт күшке тәуелдi болмауымыз қажет. Өз-өзiн өнiм-бұйымдармен қамсыздандыра алатын, азаматтары сауатты да бiлiктi, инновациялық һәм интеллектуалдық потенциалы зор, iшкi бiрлiгi мен берекесi мығым елге айналсақ, Отанымыздың топырағын аялап, табиғатын қорғасақ, халқымыздың санын көбейтiп, сапасын жақсартсақ тәуелсiздiгiмiздiң баянды болатынына еш күмән болмасы анық. Осы аманат тәуелсiздiктi көрген бiздерге, бүгiнгi ұрпақтарға артылған. Алда алатын асулар мен белестер әлi көп, бiз әлi ұлы көштiң басында тұрмыз. Сондықтан бөлiнуге, ыдырауға, әлсiреуге, маужырауға, тақталасқа еш жол жоқ. Қазiргi кезеңде бiрлiкпен болашаққа сенiмдi қадамдармен жүгiруiмiз керек.

Мың жаса, тәуелсiз Қазақ Елi!!!

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,

ф.ғ.к., дiнтанушы, мәдениеттанушы

Серіктес жаңалықтары