ҚАЗАҚ СӨЗI ТУРАЛЫ СӨЗ

ҚАЗАҚ СӨЗI ТУРАЛЫ СӨЗ

ҚАЗАҚ СӨЗI ТУРАЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі

 

Герольд Бельгердiң «Казахское слово» кiтабы туралы

 

 

 

Мұхтар Әуезовтың жұртшылық мақұлдаған биiк деңгейiн мойындай отырып, Абайды қағида ету, әулие жасау қажет еместiгiн түсiнемiн. Сөз жоқ, әр кезеңнiң, әр буынның өз Абайы болатындығын да сеземiн. Солай бола тұрса да ақынды ұсақтап, майдалай беру – қорлаушылық.

Айталық, Дүкенбай Досжан мәселенi бiледi-ау деген абайтанушылардың (М. Мырзахметов) сынына iлiккен зерттеу-эссесiн жазды («Абайдың айнасы»).

Рамазан Тоқтаровтың осы тақырыпты қаузаған табаны күректей алпыс баспа табақ (!) роман-хамсасы Мемлекеттiк сыйлықты иеленсе де, көпке дейiн әртүрлi пiкiр басыла қоймады. Дей тұрсақ та, кейiн ештеңе болмағандай бәрi үнсiз, бәрi жым-жырт.

Абай туралы бiрнеше жаңа пьесаларды, оның iшiнен нағыз авангардтық тұрғыдағы туындыларды (нәпсiқұмар, ұстамсыз Абай Әйгерiмдi тұп-тура сахнада зорлайды) оқыдым.

Досым Сүлеев болса Абай туралы екi кiтап жазып, кейiпкерiн кришнаидқа айналдырып жiбердi. Байсалды деген абайтанушы бiр академик ағамыз: «Мiне, Абайға деген жаңа көзқарас осы емес пе?» деп қуанғанынан қол шапалақтады.

Осы шығармалар Абайды жаңа деңгейге көтере алды ма? Әзiрше бұған менiң жауабым жоқ.

Абай өлеңдерi негiзiнде ойға да, жүрекке де жаға қоймайтын жөнсiз дүдәмал өрнек жасап әуреленгенше оны үнемi оқиық, қайталап оқиық, ұғынып түсiнейiк. Менiң ақыл-парасатым «бiздiң ар-ожданымызды – Абайды қорғайық!» деп шулап тұр.

Әлде менiкi бұрыс па?.

Белгiлi жазушы, аудармашы, әдебиет зерттеушiсi Герольд Бельгердiң бұл пiкiрiн алғаш рет астаналық «Нива» (№ 9, 2006) журналынын оқып едiм. Қаламгердiң «Плетенье чепухи» деген күнделiк жазбаларының үзiндiлерi кезiнде «Тасжарған» газетiнде де жарық көрдi. Ендi сол алты дәптердегi естелiк күнделiктердiң басы бiрiктiрiлген күйiнде «Еркiн жолдар» («Вольные строки») деген тақырыппен топтастырылып, алты жүз беттен асып түсетiн қалыңдығы бiр қарыс (40 баспа табақтан астам) «Казахское слово» деген кiтапқа енiптi.

Vox Populi журналы шығарған бұл таңдамалыға жоғарыда сөз болған еңбектен басқа жазушының «Тұйық су», «Келiспеушiлiк» («Разлад») романдары мен «Қазақ сөзi» («Казахское слово»), «Ауыл» деген эсселерi кiрген.

Бұдан бұрын жарық көрген «Ауыл» эссесi, автордың өзi айтқандай, «ризашылық сезiмдi еске алып, балалық сүйiспеншiлiкпен қызып-жанған, тiптi қайғы-қасiрет, күйiнiш десе де боларлық рухани уайым-мұңмен жазылған» дүние. «Тұйық су» және «Келiспеушiлiк» («Разлад») романдарында ата-жұрттың хал-ахуалы яғни бүгiнгi iрiп-шiрiп, құлдырап құри бастаған, бiрақ әлi де болса ыстық ықыласы басыла қоймаған қазiргi қазақ тiршiлiгiнiң жүректi қан жылатар көзге қораш, тартымсыз көрiнiстерi тамаша суреттелген.

Герольд Бельгер бұл таңдамалы жинағында тарих, экономика, мәдениет пен өнер туралы көкейтестi ой-пiкiрлерiн тiлге тиек етедi, бүгiнгi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiне қатысты көзқарасын ортаға салады. Қай тақырыпты қозғаса да қазақ елiне, алаш жұртына деген жанашырлығын, оның ыстық-суығына бiрдей күйiп-пiсетiн дос-жарандығын аңғарасыз. Кейде тым қатты кетедi, бiрақ қалай жазса да адал, кiршiксiз таза сезiмнiң толқыны бiлiнiп тұрады. Алыстан орағытып, астарлап, сылап-сипамай-ақ төтесiнен бiрақ тартады. Бүкпесi жоқ: шын ықыласпен, адал көңiлмен, бар ынтасымен тура, дәл айтады. Кейбiреулер сияқты боссөздiлiкке ұрынбайды. Егер «бұл қалай?» деген ыңғайсыздау сұрақтар алдымыздан шыға қалса қашқақтамай тиiстi жауабын беруге тырысады. Негiзiнде, Герекең турашыл, әдiл, шыншыл, әдiлетшiл екендiгiн iс жүзiнде талай көрсеткен.

Мәселен, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн ұлтаралық қатынас мәселесiне байланысты 1988 жылғы 11 мамырда, Алматыда, екiншi республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өттi. Осы жиында сөз алған Г. Бельгер: «Қай халықтың арасында тұрсаң оның тарихын, мәдениетiн, салт-дәстүрiн, тұрмысы мен мiнез-құлқын, тiлiн бiлу өзiнен өзi түсiнiктi – бұл адамгершiлiк пен өнегелiктiң белгiсi. Ал бiздiң көпұлтты қоғамдық өмiрiмiзде осынау айдан анық шындықты дәлелдеудiң қажет екендiгiне өкiнiп, қапаланасың», – деп мұны қоғамның әлi де дұрыс түсiне қоймағандығына жазушы налиды, ренжидi, күйiнедi.

Компартияның мәскеулiк өкiлi Мищенко сияқты көлденең көк атты кейбiреулердiң терiс пиғылын әшкерелеп, ұлттық құндылығымызды жанын салып қорғайды. Мысалы, қазақ тiлiнiң бейшара, кедей, қарадүрсiн еместiгiн жоққа шығарады. Оның ғажап, сұлу, бай, мәнерлi екендiгiн насихаттайды. Конференция барысында Г. Бельгер қазақ тiлiнiң үйлесiмi мен құрылысын сараптай отырып, көркем өнер дәрежесiндегi биiк деңгейiн дәлелдеп шығады.

Айталық, Мұхтар Әуезов «Абай жолында» 16983 сөз қолданса, Шекспир мен Байронның барлық сөз қоры 15 мыңнан аспайтын көрiнедi. Егер еуропалықтар «верблюд», «верблюдица», «верблюженок» десе, қазақтар оның қара нар, үлек, қоспақ, желмая, аруана, iнген, атан, бота, тайлақ… деген сияқты 85 түрiн айтады. Мұны бөтен тектiлер ғана емес, қазақтардың өзi де сезiп-бiлгенi жөн.

Сөз болып отырған «Казахское слово» кiтабында бұл пiкiр жалғасын тапқан. Бiр ғана мысал. Жылқы жайын сөз етiп көрейiкшi. Оның жас мөлшерiн, жынысын еске алып қазақтар қалай сипаттайды десеңiзшi: құлын (құлыншақ), жабағы, тай, арда емген, құнан, дөнен, байтал, бестi т. б. Жылқының түр-түсi, мүше аттары да дербес, бiрiн бiрi ешқашан қайталамайды, әрқайсысы жеке атауға ие: торы, құла, боз ат, бурыл ат, кер ат, шабдар, қара ат, кекiл, құлақ, мойын, жақ, қабақ, омыртқа, жал, желке, сағақ, ерiн, тiс, қабырға, жота, омырау, төс, бақай, тұяқ, жауырын, мықын т. т.

Көптеген әйгiлi сыйлықтарды еншiлеген қадiрлi жазушымыз Герольд Бельгер шынында да көркем шығарма, публицистика, аударма саласында қыруар шаруа тындырып жүр. Сонымен бiрге елiмiздiң мемлекеттiк тiлiн қызғыштай қорғап, қазақ мәдениетiнiң жанашыры ретiнде танылып жүрген бiрден бiр үлкен тұлға екендiгiн мойындауымыз қажет-ақ.

Алаш жұртының жер-су аттарының, қазақ есiмдерiнiң терең сырларына үңiлiп, ғажап үндестiгiне таңырқай қарауы да жазушының қазақ халқына деген ыстық махаббатынан туындаса керек. Сонау Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде әке-шешесiмен бiрге қазақ ауылына ерiксiз жер аударылған немiс баласына мұның кереметтей әсер еткенiн алпыс жылдан астам уақыт өткенiне қарамастан еске алып, тебiрене жазуы да сондықтан болар. Едiл жағалауынан ауып келген бүлдiршiн ең алдымен ауыл төңiрегiне көз тiгедi. «Терең сай», «Қаратал», «Жаңа жол», «Жаңа талап», «Өрнек», «Алқа ағаш», «Ақ су», «Жаңа су»… Иә, қазақтар жер-су ерекшелiктерiн суреттеуге қандай шебер десеңiзшi!

Басқа елдердегi сияқты қазақ халқының ұзақ тарихында адам есiмдерiнiң неше түрлi үлгiсi жасалып, ұлт болмысын айғақтайтын төл есiмдер жүйесi қалыптасқан. Мұның өзi, Ақселеу Сейдiмбек айтқандай, төлтума қасиеттерiмiздi, дәстүрлi дүние танымымызды, халықтың арман-аңсарын, тарихи кезеңдердегi саяси-әлеуметтiк ахуалын, өмiр салтын, ең арғысы қоршаған ортасы мен жан-жануарлар дүниесiне дейiн айғақтай алатын аса маңызды дерек көзi болып табылады емес пе?

Адам есiмдерi халықтың мәдени мұрасының бiр бөлiгi деп есептесек, Герольд Бельгер қазақтар мұндай байлыққа шаш етектен екендiгiн сүйсiне баяндайды. Автор: «Қазақ есiмдерi қаншама мән-мағынаны, сұлулық пен мақсат-мүдденi қамтиды, ал әрбiр есiм – тұтас бiр әлем, – деп шабыттана жырлайды. – Едiл жағалауындағы немiс селоларында қандай есiмдер болды дейсiң? Иоганн, Иоганнес, Фриц, Петер, Вильгельм, Христьян, Хайнрих, Карл, Анна, Магдалина, Амалия, Маргарита, Виктория, Ольга… Әрине, бұл християндық аттардың қандай мән-мағына беретiндiгiн кейiн түсiндiм, бiрақ бiзде кiсi аттарын таңдауға мүмкiндiк көп бола қойған жоқ», дейдi ол.

Мәселен, көп балалы шаруа отбасындағылар баласын Иоганн, басқасын Иоганнес, үшiншiсiн – Ганс дейдi немесе кiшi Фриц, ағасы – үлкен Фриц болып есептеледi. Сөйтiп, селодағы бала-шағалардың есiмi айналасы жиырма-отыздан аса қоймайтын. Тiптi Ренгольд, Рейнгард дегендер қала интеллигенциясына тән болып көрiндi ме, көп атала бермейтiн. Әрине, қазақтар кiсi есiмдерiн қоюда мұндай таршылыққа ұшырап көрген емес. Бiзде қанша сөз болса кiсi аттары да сонша мол.

Әңгiме арқауына себепшi болған Герольд Бельгердiң бұл эссесiнде жазушы қазақ өмiрiнiң бiраз сырын тiлге тиек етедi. «Құлақтан кiрiп бойды алар» тамаша әндер. Тәулiк бөлiгiнiң уақыт өлшемдерi. Ұлттық тағам, қару-жарақ түрлерi. Өсiмдiк әлемi, жан-жануарлар дүниесi. Шешендiк туралы ой… Қазақ сөзiнiң тұңғиық тереңдiгiне сүйсiнедi, оны бөлшектеп жiлiктейдi, талқылайды, түсiндiредi.

Дей тұрсақ та, автор кейiнгi жылдары қазақ тiлiнiң шұбарланып, кедейленiп бара жатқанына өкiнiш бiлдiредi, ренжидi, жүрегi қан жылайды. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк статусқа сай өз орнына жете алмай босағада телмiрiп тұрғандығының себеп-салдарын саралайды.

Шындығында қазақтар отаршылдықтың зардабын көп шектi. Солай десек те, орыс тiлiн даттап, тас лақтыра бергенмен қазақ тiлiн сақтап қала алмайсың. Айналайын, қазақтар, себеп-салдарын өздерiңнен де iздеңдер, шираңдар, ояныңдар! Әр адамның өмiрлiк қағидасы «ана тiлiңдi қадiрлеңдер» болуы тиiс. – Немiс бауырымыз осылай дейдi.

Қазiр қоғамда бүгiнгi күн тақырыбына жазылған шығармалар жоқ деген пiкiр бар. Жазушы Герольд Бельгердiң көп дүниелерi қазiргi заман тақырыбына арналған. «Казахское слово» соған дәлел. Орысша жазылған бұл еңбектiң бiзге тiкелей қатысы болғандықтан қазақ баспасөзiнде өз пiкiрiмiздi бiлдiрудi жөн көрдiк.

 

Амантай КӘКЕН