«ҚАЗАҚ-БРИТАН» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙЫ

«ҚАЗАҚ-БРИТАН» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙЫ

«ҚАЗАҚ-БРИТАН» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙЫ
ашық дереккөзі
293

Кеше Алматыдағы «Алатау» шипажайында Қазақ-Британ академиясының алғашқы құрылтайы басталды. Екi күнге созылатын кеңеске белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерлерi, Қазақстан және Ұлыбританияның зиялы қауым өкiлдерi қатысуда.

Осыдан екi-үш ай бұрын, яғни 1-8 қыркүйек аралығында қазақстандық бiр топ ғалымдар Кембридж университетiнде өткiзiлген «Шығыс-Батыс» атты халықаралық конференцияға қатысып қайтқан болатын. Осы халықаралық конференция кезiнде Ұлыбритания корольдiгi жанындағы Азия қоғамымен бiрлесе отырып, Алматы қаласында Орта Азия ғалымдарының қызметiн үйлестiрушi ретiнде Қазақ-Британ академиясын ашу туралы келiсiмге қол жеткiзген екен.

Алғаш рет өткiзiлiп отырған құрылтайдың мақсаты – қазақ мәдениетiн, қазақ құндылығын Еуропаға шығару. «Әлемдiк аренада қазақ мәдениетiнiң Қытайдың, Үндiнiң мәдениетi сияқты өз рөлi болары сөзсiз» дейдi мәдени саясат және өнертану Институтының директоры Ерлан Саиров. Аталмыш құрылтайдың өтуiне мұрындық болып отырған Мәдениет және ақпарат министрлiгi, мәдениет комитетi, мәдени саясат және өнертану институты.

Құрылтайдың ең басты мiндеттерiнiң бiрi — «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасын халықаралық дәрежеде насихаттау болғандықтан, кеңес өткiзiлiп жатқан конференц-залға қазақтың ұлттық аспаптары қойылыпты. Қазақтың киелi домбырасының түр-түрi, жетiген, қобыз дейсiз бе, халқымыздың қандай ұлттық жәдiгерлерiн көргiңiз келедi, осының бәрiн залдан табасыз.

Ұлттық құндылықтарымызды залға қоюдың өзiнде де бiр сыр жатыр. Аталмыш конференцияға Ұлыбританиядан келген ғалымдар да қатысуда. Олардың қазақтың мәдениетiн, қазақтың жәдiгерлерiн өз көзiмен көрiп, тамашалап қайтуына мүмкiндiк болады.

Жалпы, Қазақ-Британ академиясының құрылуы және оның қызметi Қазақстанның жалпыевропалық және әлемдiк академиялық және мәдени қауымдастық кеңiстiгiне ықпалдасу, елiмiздiң шетелге танылуына және алға жылжуына, қазақстандық интеллектуалдық потенциалының қалыптасуы мен насихатталуына ықпал ететiн болады дейдi ғалымдарымыз.

Аталмыш құрылтай туралы материалдарды алдағы нөмiрлерiмiздiң бiрiнен оқитын боласыздар.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары