Дидахмет Әшімханұлы, жазушы: Қателігіміздің өзі – қателеспеуге тырысуымызда...

Дидахмет Әшімханұлы, жазушы: Қателігіміздің өзі – қателеспеуге тырысуымызда...

Дидахмет Әшімханұлы, жазушы: Қателігіміздің өзі – қателеспеуге тырысуымызда...
ашық дереккөзі
1291

Дидағаңнан сұхбат беруін өтініп сұрағанымда, бірден келісе қоймады. Біраздан соң: «Жаттанды сұрақ, жаттанды ойлар мені шаршатты, мұндай қалыпқа түспей, көпшілікті ойландыратын сұхбат құрсақ, сол абзалырақ», – деді. Мен: «Қандай тақырып сізді толғандырады?» дегенімде: «Өркениет: бізге не берді, бізден нені алды?» деген мәселеге көптен бері іштей ойланып жүрмін. Осы тақырыпты қаузайық. Әңгімелесетін жерді, уақытты өзім айтармын», – деді аға. Сөйтіп, бірер күннен соң Дидағамен сұхбаттастық. Бұл 2014 жылдың наурыз айы болатын.

– Дидахмет аға, бүгінгі әңгіме­мізді өр­кениетке арнасақ. Айты­ңыз­шы, бізге өрке­ниет не берді және өркениет бізден нені алды?

– Бұл кең ауқымды әңгіме. Қалыпты ой түюден сәл ауытқып, бұл жерде еркін ойға ерік берейік. Қалыпты өмір сүру, стандарт ойдың шырмауында қалып қою – көп жағдайда дамуға қайшы дүние. Сондықтан, артық кеттім, қателестім демей, ойымызды еркін қозғайық.

Ең бірінші, «өркениет бізге не берді?» дейсің. Өркениеттің не бергенін, міне, көз алдымызда бәрін көріп отырмыз. Жан-жағыңа қарасаң, барлығы ғылыми-техникалық прогрестің жемісі, өркениеттің көрінісі. Көшеде зулаған машиналар, компьютер алдында тапжылмай отырған адамдар.

Ал, өркениет адам баласынан нені алды? Әңгімені негізінен сол туралы қозғасақ. Әлемдегі адамзат мойындаған ұлылардың, ойшылдардың көбісі (бәрі емес) өркениетке сын көзбен қараған. Солардың ішінде XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрген Томас Мор да бар. Оның пайымы бойынша, даму жолына түсеміз деп алға қарай жылжыған сайын адамзат табиғилығынан айырыла бастаған. Біздің қарапайым сөзбен айтсақ, Құдайдың дарытқан шынайы қалыбынан ауытқи берген. Адам ішкі дүниесіндегі асыл-жауһарларды көрмей, оны тануға тырыспай, ұмыта бастаған. Батыс әлемінде ең алғаш осыған қарсы болған ғалым, философ Томас Мор корольдің ең жақын көмекшісі бола жүріп, әлгіндей тың ойларға ерік берген. Соның нәтижесінде «Утопия» деген еңбек жазған. Утопия дегеніміз – қазіргі біздің ұғымымызда қиялшылдық қой. Бірақ Томас Мордың «Утопия аралының» мағынасы – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған арал». Бақытты елді, оның тамаша қалаларын, гүлденген даласы, ғажап тәртіптері мен заңдарын суреттеп жазады. Утопияда қанау жоқ. Барлық адам еңбек етуге міндетті. Оларда азық-түлік мол, өйткені онда еңбек етпейтін жалқаулар жоқ. Арал тұрғындары ғылыммен, өнермен, спортпен айналысады. Утопия тұрғындары үйлерінің есіктері әрқашан да құлыпсыз, ашық тұрады, олар ұрлықтан қауіптенбейді. Томас Мордың идеясы барлық адам тең өмір сүретін қоғам құру болды. Өзінің арманындағы бақытты елдің өмірі мен мемлекеттік құрылымын елеп-екшеп, дәлелдермен жазды. Бірақ оны жүзеге асыру қиял еді...

Бұдан бөлек, қалыпты ойлаудың шеңберінен шығып кеткен, сол қалпында өмірден өткен бұл – Жан Жак Руссо. Ол – XVIII ғасырдың перзенті. «Өркениет – адамзат қоғамына теңсіздікті әкелді», – деді ол. Расында, адамзаттың барлық қасіреті теңсіздіктен пайда болады. Ал теңсіздік қалай пайда болады? Теңсіздік – адамзаттың жақсы өмір сүрсем, жақсылыққа ұмтылсам деген ұғымынан шығады. Жақсылық деген не? Бәсеке! Әркім жақсы өмір үшін бәсекелесе бастады. Өзінің жеке басының қамын күйттеген адамдар жақсы өмір сүру үшін «алдынан келгенін тістеп, артынан келгенін тепті», бетпе-бет келгенде адамға өтірік күліп, теріс айналғанда, аяғынан шалатын болды. Зорлық-зомбылық, қиянат. Осылай теңсіздік пайда болды. Өркениеттің ең бірінші бізге бергені – теңсіздік.

– Сөзіңізді бөлейін, бұл дүниеде бірінің қалтасы қалың, бірінікі жұқа болуы мүмкін. Бірақ адамзат жарытылысында тең емес пе?

– Әлбетте. Ой-сана, ақыл-парасаты, адамдығы бар адам ешкімді кемсітпейді, керісінше кішіпейілділік көрсетеді, көпшілікті ізгілікке шақырады. Бәсекеде адал болады, соңы қиянатқа ұласпайды. Мәселе адамның ішкі дүниесінде. Бір таң қалатыным – Жан Жак Руссоның дінге деген көзқарасы. Оның «жүрек діні» деген теориясы болған. «Настоящая религия – это религия сердца» деді. Құдай – адамның жүрегінде. Сол жүректің теңіздей терең ғылымына бойлауға тырысқандардың бірі осы – Жан Жак Руссо. Бірақ оның пайым-пікірін католик діні қабылдамаған. Руссо сынды тұлғалардың ізденісінің астарында теңсіздікке деген қарсылық жатыр. Теңсіздік жақсы өмір сүрсем деп, адамдықты ту етпегеннен пайда болғанын айттық. Ал діндегі мақсат – сол адамгершілік, адамдық. Ал, өркениет бізден нені алды десек, ең алдымен адамды адамдықтан алыстатты.

– Мұның себебі, «мәдениетті өмір сүреміз» деп жалғандыққа бой ұрғанымыздан болар...

– Құдай о баста жаратқанда бізді адам етті, ізгілік жолмен жүрсін деді. Бірақ адамзат Құдайы заңдылықтардан ауытқып, қарсы келе берді. Мәлесе осында. Енді бұдан келіп мәдениет деген ұғым шығады. Мәдениет бізге не берді дейміз? Асылында, мәдениет деген сөздің түбірі – «дін». Яғни адамдықтан туындаған көрініс. Алайда адамзат мәдениеттің ішкі құндылығына терең назар аудармай, оны сыртқы сұлулықпен, сыртқы жылтыраққа әуестікпен өлшеді. Бүгінге дейін мәдениет солай құрылып келеді. Ал сол мәдениет адам бойынан еркіндікті алды. Адамның өмір бойы аңсайтыны – еркіндік. Біз мәдениеттіміз дейміз. Сықиып киініп жүреміз, мойнымызды қылқындырып галстук тағып отырамыз. Өзімізді өзіміз мәдениетке бағындырамыз деп, еркіндіктен айырыламыз. Еркіндік дегенде еске түседі, осыдан бір 2-3 жыл бұрын Швейцарияда болдым. Ғажап жер, сұлу, бәрі керемет. Бірақ маған ылғи да бірнәрсе жетіспей тұрғандай болды. Сөйтсем, ол жерде еркіндік жетіспейді екен. Өйткені барлығын «мәдениеттендіріп» тастаған. Аяғыңды көгалдан бір аттам сыртқа бұра алмайсың. Себебі еркіндігің жоқ. Дәтің жетпейді. Мәдениет адамның ішінде ұят деген түсінікті қалыптастырады. Ұят керек бәрімізге. Бірақ оның да орны болады ғой. Абай айтқандай, шын ұят пен надандықтың ұяты болады. Осыны ажырата бермейміз. Ал біз не нәрсе болса да ұят деп қараймыз да, өзімізді тағы бір формаға салып жібереміз. Бір формаға салып жібересің де, еркіндіктен тағы да бір қадам шегіне түсесің. Еркін болуды аңсайсың, бірақ ол жоқ. Швейцариядан менің өз туған жерім кем емес, артық болмаса. Өзімнің Катонқарағайымды Швейцариядан артық көрдім. Ең басты себебі, о баста Құдай жаратқан табиғат тұмса күйінде тұр. Мен осы жасымда ол жерге барғанда асыр салып, көгалына аунаймын. Туған жер деп қана емес, ол жерде мен еркіндікті сезінемін. Ол жерде саған ешкім «мынау не істеп жатыр?», «мынау ұят», «мынау болмайды» демейді.

Адам баласы ұяттан сырт кетіп қалсаң, «мал болып кеттің бе?» дейді. «Жануар болып кеттің бе?» деген сөз ғой. Бірақ кейде жануардың тірлігіне қызығасың. Себебі жануар әу баста Құдай жаратқан қалпынан өзгерген жоқ. Өмір сүру үшін оларда да күрес бар. Бірақ Алланың жаратуындағы жан-жануар сол қалпында қалған. Сонысына кейде қызығасыз. Ал адамзат баласы қалпынан өзгеріп, басқаша формаға түсіп кеткен. Құдай адам баласына артықшылықты берді. Сананы берді. Мысалы, біз саналымыз. Жер бетіндегі жаратылысты байқап отырсаң, жаны бардың ішіндегі ең жауызы, зұлымы – адам. Адам ештеңені аямайды. Өзін де, өзгені де. Сананы Алла бізге сол үшін берді ме? Адамша өмір сүріңдер деп берді емес пе?

Ұлықбек Есдәулеттің бір мақаласынан екі ұлы дананың сөзінен үзінді келтіргенін оқып қалғанмын. Біріншісі, Бернард Шоу: «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік. Суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйренбедік», – деп айтқан екен. Екінші үзіндіні Жалеладден Румиден берген. Ол: «Мен өмірде қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Мен қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ», – дейді. Міне, адамдық деген қайда жатыр? Біздің іздейтініміз ылғи адамдық, адамгершілік. Ал, мәдениет бізді осыдан айырып бара жатыр.

– Көшпенді ата-бабаларымыз «тазалықтан ада» деп қаладан қашқан еді. Қазір керісінше, қалаға жүгіреміз. Бұл құбылыс өмірімізді қалай өзгертті?

– Қала мәдениеттің символы сияқты. «Қала мәдениеттің ұлы ордасы» дейміз. Сәулетті, зәулім үйлер, театрың бар, мұражайың бар, басқаң бар. Жарайды, бәрі жақсы. Ал, адам ретінде ауылдағы адамнан артықсың ба? Адамгершілік жағынан ауылдағы қарапайым адам бізден әлдеқайда артық. Біздің адамдығымызға салқындықты не түсірді? Мәдениет түсірді. Ол кәдімгі адам өмірін сахналандырып жіберді. Өмірде бәріміз әртіс сияқтымыз. Әсіресе, қаладағылар. Көпшілігіміз өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз. Ал ауылдан ондайды сирек естисің. Жаныңа қайсысы жақсы? Әрине, екіншісі жақсы. Бірде Оралхан Бөкей екеуіміз теледидардан өзі туралы түсірілген деректі фильмді көріп отырғанбыз. «Дикош, қазір мен туралы көрсетеді, екеуміз көрейік» деді. Теледидар қосулы, Орекең сыныптасы Аманжан Нұқсаринмен сөйлесіп отырды. Оралхан бір сұрақтар қояды, балалық шақтарын еске алып отыр. Бір уақытта мен ішегім қата күлдім. Оралхан: «Әй, неге күлесің, ей?» – деді. «Тыңдап отырыңызшы, қайсысыңыз шынайы сөйлеп отырсыздар», – дедім. Өзі ішегі қатып күлді. Расында да: «Аманжан, қарашы, шынында да Аманжанның сөзі шынайы ғой менікіне қарағанда», – дейді. Мен де күліп, «Ореке, менде де бар. Бәрібір біз табиғи сөйлей алмаймыз», – дедім. Оралханның сұлу сөздерінен гөрі Аманжанның қарапайым сөздері құлаққа жағымдырақ. «Оралхан, баяғыда білесің бе, екеуміз кешке қарай сиыр қайтарып келуші едік қой» дегенінің өзі маған жақын көрінді.

Үлкен ағам Сейдахмет те өзгеше ойлайды мүмкін біреуден естіді ме, әлде өзі түйген ойы шығар. «Адамды адам еткен еңбек» деп айтады, жоқ олай емес, керісінше, «Адамды адам еткен еріншектік», дейді ағам. Оның себебі, адам өзінің өмірін жеңілдеткісі келіп, ауыр шаруаларды жасауға ерініп, жеңіл жолдарын қарастырды. Мысалы, таспен емес, балға жасап ұрған жеңілірек екен деп оңай жолын іздеді. Жаяу жүргісі келмеді, машинаны ойлап тапты. Бәрі еріншектіктен дейді. Байқап отырсаң, ол қалыпты, стандартты ойдан қашып отыр.

– Осындай тығырықтан қалай шығамыз?

– Өркениет жансызға жан бітірді. Сен машинада кетіп бара жатасың. Өзіңде қозғалыс жоқ. Дүниенің даму көзі – қозғалыста. Өркениет бізден сол қозғалысты алды. Жаяу жүрмейсің, қолмен істемейсің. Жас ұрпаққа айтайын дегенім – қай жерге барсаң балалар, өрімдей жастар алдарында компьютер, интернеттен шықпайды, ойын­нан бас алмайды. Олар қозғалыстан мүлде қалды. Мүмкін, ми қозғалыста шығар, бірақ ол бір ғана жақты дамиды. Қолындағы құралмен ғана жұмыс істеп, өзіндік ойлау қабілеті жойылады. Біз ойсыз болып бара жатырмыз. Ойсыздық – қасірет. Қазіргі заманның адамының алдында бәрі бар, сондықтан ойлануға жалқау. Ойланбаған ми иістенеді. Неге? Өйткені адам өзінің өмірін материалдық дүниемен байланыстырып қойған. Осы жағынан келгенде, адамзаттың «төрт құбыласы тең». Ал материалдық емес дүниелерді ойлағысы келмейді немесе жанын жаулаған материалистік көзқарас адамның рухани сырларды түсінуіне, сезуіне мүмкіндік бермейді. Бұл құрдымға апара ма деп қорқамын. Бұл «тұқым қуалай ма» деп қорқамын. Өркениет, мәдениет бізді қозғалыстан, ойдан айырып бара жатыр. Әсіресе, жас ұрпақты. Мен осыдан қорқамын. Бәрі құлқына қолайлы, жеңіл-желпі, комфорт өмірді аңсайды. Негізінде, «Ащы тамырдың тәтті жемісі болатынын» естен шығармау керек. Мысалы, кез келген ұлы жазушы, кез келген ұлы қайраткердің ғұмырбаянын қараңыз, өмір жолы өте ауыр болған. Тіпті, президентіміздің өзінің автобиографиясы маңайындағылардан мүлде бөлек және бәрінен артық. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған оның істемеген жұмысы жоқ. Сондай биікке көтерілді. Демек, адамда өмірбаян болуы керек. Өмірбаян болу үшін онда қиындық болуы керек. Қиындық болған жерде қозғалыс болады. Мида, жан дүниеде қозғалыс болады. Бірақ, әңгімеміздің басында қалыпты ойлаудан шығайық деп келістік. Өйткені менің ойы­ма да қарсылар табылады. Әйткенмен қарама-қайшылықта ғана дүние дамиды. Мен көп жерде қателесуім мүмкін. Көп ойларды қайталауым мүмкін. Бірақ мен жаңалық ашқан жоқпын. Өмірдің соңында Толстой осыған келген. Ол әділетсіздіктің бәрін көреді. Өзінің соншама әдемі тұрмысынан ұялады. Бала-шағасының бәрін далаға шығарады. Шаруалармен бірге жұмысқа салады. Балалары көнгісі келмейді. Өйткені ол Толстойдың өмірін кешті. Соңында ол мына өмірден, мына цивилизациядан, мәдениеттен қашады. Үйдегі әйелімен керісіп қалу – бергі жағындағы дүние. «Возвращение Толстого» деген Буниннің үлкен еңбегі бар. Жақсылыққа қарай қайту. Қайда? Ең ақылды адамның өзі соңында қарапайымдылыққа келеді. Яғни, өзінің Құдай жаратқан болмысын табады. Оңтүстік Африка Республикасының президенті болған Мандела бар ғой. Оның өзі ұзақ жыл түрмеде отырды. Бірақ соңында нағыз Құдайдың жолымен кетеді. Махатма Ганди қарапайымдылығы сол, ақ жамылғыны жамылып жүре берген. Ол тұтас адам баласына үлгі болып кетті. Киген киімі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі. Өзінен гөрі тек қана қоғамды ойлаған. Сананың биік деңгейіне жеткен. Бізге сана берілген екен, соны тек қана жақсылыққа жұмсауымыз қажет. Не нәрсенің де түпкі мәніне түсінсек. Дүниенің сұлулығы – табиғилығында, қарапайымдылығында деген ой жадымызда жатталып тұруы керек. Ол кішкене де болса бізді шалыс басудан құтқарады деп ойлаймын.

– «Әркімнің өз пікірі бар» деп ұрандатқан қазіргі демократия адамның жеке құлқынынан шыққан құнсыздықтарды құнды етіп қойды. Өзімшілдік пен тәкаппарлықты үстем етті. Ал «кісіге жапқан шапаның өз жаныңды жылытады» деген қағида ұмыт болды. Өзгенің бақытты болуы үшін өмір сүретін ата-әжелеріміздің қасиеті қайда кетті?

– Енді осы жерде тағы бір ой қозғайын. Сұлулық неде? Құдайдың жаратылыстары әртекті, бір-біріне ұқсамайды және әрқайсысы өзінше сұлу. Демек, сұлулық – табиғилықта. Адамзаттың, барша ғаламның, табиғаттың үйлесімімен ғұмыр кешсе, қандай ғажап?! Алайда олай болмай тұр. Статистика бойынша, жыл сайын бірнеше ұсақ халық жойылып кетеді екен. Солармен бірге қаншама мәдениет, салт-дәстүр, тіл жойылады. Мына жер шарының бір бөлшегі өлді деген сөз. Жер бетінде үш-төрт ұлт қалсын дейік, орыс, қытай, ағылшын... Оның несі қызық? Айтыңызшы? Баяғыда Оралхан Бөкей айтатын: «Ұлттар достығы дегеніміз – бір әншінің жалғыз өзі, жеке дауыспен ән айтуы емес, ол – симфониялық оркестр. Оның барлық аспабы түгел болуы керек» деп. Екіншіден, адам баласы өзін бір қалыпқа салып өмір сүрсе, ол босқа ғұмыр кешкені. Лев Толстой, «Өмір деген түп-түзу жол емес, ол жерде қисаю, жығылу, қайта тұру. Өмір деген сол» дейді. Міне, табиғи өмір сүру дегеніміз сол. Біздің қателігіміздің өзі қателеспеуге тырысуымызда.

– Бірақ бізде қателікті кешірмейді ғой...

– Қателікті де кешіру керек. Қателікті қате жібермеу үшін кешіру керек. Мысалы, зорлық-зомбылық дейік. Түрмелер бар. Адамдардың бәрін соған тоғытып тастап отыр. Сол жерде адам болып кетеді деп ойлайсыз ба? Көп болса, олардың 5-10 пайызы ғана адам болып кетер. Зорлықты зорлықпен жеңе аламыз ба? Зорлықпен жасалған дүние еш уақытта нәтиже бермейді. Ал өмірде біз бәрін зорлықпен істейміз. Таң атысымен өз өміріңнен бастап басқаларға зорлық жасайсың. Барлығы зорлық. Сонда сенің ойлайтының жалғыз ғана іштегі «мен» деген дүние ғана болады. «Біз» деген ұғым жоқ. «Бізден» гөрі ылғи «мен» алға шығып отырады. Ізгілікті оятатын тірліктер нәтижелі болмақ...

– ХХ ғасырдың басында алашордашылар елім деп еңіреп еңбек етіп, өздерін сол жолда құрбандыққа шалды. Қиын-қыстау заманда, ел басына күн туғанда олар тартынып, жанын аяп қалмады. Мұндай дәуір енді келмес­ке кетсін дейміз, десек те сондай елдік мүдде үшін жанын құрбан етуге дайын болатындай түсінік келмеске кетпеген болар.

– Қазақ «Тауына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі» дейді. «Бала әкесіне тартып тумайды, заманына қарап туады» деген тағы бар. Демек, кез келген нәрсеге баға беру үшін ең алдымен заманға, уақытқа баға беру керек. 1920-30 жылдардағы қазақ қайраткерлеріндей қоғамшыл, мемлекетшіл жүрек жұтқан азаматтар бізде болған жоқ. Олардың барлығы Ресейдің отаршылдығын, қазақтың бейшара күйін өз көздерімен көрді. Абай айтпақшы, «қысылғанда шығады ащы терің» деп, осы жайт Әлихан, Қошкелерді бейжай қалдырмады. Қазақты сақтау, қазақтықты сақтау деген жауапкершілік жүгі өздерінің мойындарында тұрғандарын сезінді. Тарих алдында, ұрпақ алдында, арының алдында адал болғысы келген асыл азаматтар сол заманда лек-легімен шықты. Енді қазір капитализмге көштік. Бұл жүйенің жаман жері, экономиканы дамытудағы бәсекелестігі адамдықты төмендетеді. Адам баласы тек қана өз мақсатына жұмыс істейді. Десек те, қоғам үшін, «біз» ұғымы үшін жұмыс істейтіндер бар. Олар өте сирек. Солар аман болса, оңаламыз...

– Біздің елдің алдында қандай таңдау тұр?

– Шындығына келсек, халықтың санасы өскен сайын түпкі тегін іздей бастайды. Мысалы, рушылдықты жоққа шығаруға болмайды. Ру – халықтың тарихы. Рудың тарихын білсең – рушылдықтан құтыласың. Халықтың санасының өскені сонша, Сібір халықтары қайтадан оянып жатыр. Құндылықтарына қайта оралуда. Кеңестік кезеңнің ең жаманы – ұлттар жойылып кете жаздады. Өйткені қысым күшті болды. Қазір еркіндік берілгеннен кейін, халықтың санасы өскеннен кейін түпкі тегін іздей бастады. Абай: «Менің Шығысым Батысқа ауды» дейді ғой. Енді біздің Батысымыз Шығысқа ауа­тын күн туады. Өйткені мен өзім байқаймын, сенің жасыңдағылардың ұлтжандылығы бізден әлдеқайда артық. Себебі күшігіңде таланған жоқсыңдар. Ойлау қабілеттерің жоғары. Жалаңтөс жас ұрпақ келе жатыр. Олардың күні Шығыстан шығады.

– Жастарды желпіндіріп жатқан қазіргі жеңіл-желпі мәдениет уақытша дейсіз бе?

– Әлбетте. Философияның 5 категориясы бар. Соның бірі – сан мен сапа. Ол дегеніміз иректі жол ғана. Жоғары шығады, төмен түседі. Қоғамда сосын дүмпу болады. Сол кезде ес жия­ды. Біз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының пайдасын көрдік. Орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ деп бөліну әу бастан бар болатын. Сол оқиғадан кейін қазақ бір-бірін көрсе мейірлене қарайтын болды. Демек, 1986 жылы бір дүмпу болды. Дүмпуден кейін ес жиды. Заман өзгерді, бұл кезеңнің өз дүмпуі болады. Өйткені даму бағыты, өмір ағысы бұрынғыға ұқсамайды. Мысалы, өткен жолғы Жириновскийдің сөзі қаншама қазақты оятып кетті. Қайта оған рақмет айту керек. Қауіп барын сезіндік. Біз қалғып бара жатыр едік, оятып жіберді. Бірақ бұл негізгі дүмпу емес, бұл жай ғана дайындықтар.

– Қазақты нағыз қазақ ететін дүмпудің ауылы алыс па?

– Адамның, ұлттың мінез-құлқын өзгертуге әсер ететін бір дүние бар. Ол шаруашылық укладтар. Мінез сол бойынша қалыптасады. Шаруашылықтың түріне байланысты қалыптасады. Қазіргі экономиканың дамуынан біз ешқайда қаша алмаймыз. Бірақ бір сәті болуы мүмкін, үміттенеміз. Жаңағы сананың биік дәрежесіне жас ұрпақ жеткен кезде өзі қайтадан бұрыла бастайды. Ненің жаман, ненің жақсы екенін айыратын кез келеді деп ойлаймын. Кейін бір саналы ұрпақ пайда болады. Біздің кемшілігіміз – бала тәрбиесіне мән бермейміз. Сосын бізге фанатизм керек. Бұл – бір идеяның жолында құрбан болып кету. Бірақ діни фанатизмнен аулақ болу керек. Әрине, дінді ұстаған, діннің жолында болған дұрыс. Бірақ, ақылмен қорыта білген, бойға сіңірген дін болуы керек. Әйтпесе, адасушылыққа ұрынамыз.

– Мәнді, мағыналы әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Дәурен Сейітжанұлы

Серіктес жаңалықтары