МИЯ АТАНҒАН МӘДИНА

МИЯ АТАНҒАН МӘДИНА

МИЯ АТАНҒАН МӘДИНА
ашық дереккөзі
207

Американдық әйел қызының анасын iздейдi

Менiң бүгiнгi кейiпкерiм – американдық Соня Вилсон. Екi ұл, екi қыздың анасы Америкадан Назым Елеубаева атты досына көңiл айту үшiн арнайы ұшып келiптi. Көңiл айту деген салт қазаққа ғана тән емес, америкалықтар үшiн де таңсық емес екен. Назымның әкесiнiң қайтқанына да бiр жұма уақыт болған екен. Арнайы виза аштырып, ат арытып, алыстан көңiл айтуға келген Соня Вилсонның бұл әрекетi бiздi де таңдандырды.

Мұхит асып, Алматыға жеткен Соня Вилсон төрт баланың ғана емес, Мәдина есiмдi кiшкентай қазақ қызының да анасы. Он айлығында Америкаға кеткен Мәдина қазiр бес жаста. Мия Вилсон есiмiн иемденген кiшкентай қыз қазiр АҚШ-тың Индиана штатында, Каламбус қаласында тұрып жатыр.

Соня Вилсонның Қазақстанға бұл екiншi сапары. Әуелi 2005 жылы бала асырап алу үшiн келген екен. Екiншi рет елiмiзге ат басын тiреп отырған Соня Вилсонды Назым Елеубаева редакциямызға ертiп келдi. Қазақ қызының (мүмкiн, қазiр американдық болып кеткен шығар. Г.Б.) американдық анасын бiзде сөзге тарттық. Соня анамен әңгiмемiз ағылшын тiлiнде өттi. Аудармашы – Назым.

– Соня апай, Қазақстанға келгенге дейiн бiздiң елiмiз туралы мағлұматтар алып па едiңiз?

– Қазақстанға келгенге дейiн бiз бұл ел туралы қысқаша ақпараттар алдық. Тарихы, мәдениетi туралы жан-жақты бiлуге тырыстық. Тек Қазақстан ғана емес, посткеңестiк елдер туралы көптеген ақпараттарымыз болды.

– Посткеңестiк елдер туралы зерттеген болсаңыз, көңiлiңiз неге қазақ қызына ауды?

– Бiзге Мәдинаның түрi ұнады. Өте әдемi, сүйкiмдi болған соң, Мәдинаны бәрiмiз ұнаттық.

– Мәдина қазiр қаншаға толды?

– Төрттен асты.

– Қанша жасында асырап алдыңыздар?

-Он айлығында. Сегiз айлығында көрдiк. Құжаттарын әзiрлеу екi айға созылды. Сөйтiп, он айлығында Мәдинаны алып кеттiк.

– Жалпы, Мәдинаны көрмес бұрын бiздiң елiмiзге бала асырап алғыңыз келетiнi туралы арнайы хат жолдадыңыз ба?

– Арнайы Халықаралық агенттiк бар. Соған хат жолдадық. Олар қандай баланы асырап алуға болады, қалай асырап алуға болады, соның жолдарын айтты.

– Мәдинаны асырап алуда ешқандай кедергiлер болмады ма?

– Жоқ. Өйткенi, агенттiк барлық мәселелердiң бәрiн өздерi реттедi.

– Мәдинаның америкалық есiмi қалай?

– Мия.

– Мәдина өзiнiң қазақ екенiн бiле ме?

– Бiледi. Оған асырап алғанымыз туралы айтқанбыз.

– Мәдинаға өз тiлiн үйретер ме едiңiз?

– Иә. Бiрақ, оған мүмкiндiк жоқ. Әлi кiшкентай, оның ненi бiлгiсi келетiнiн әзiр бiлмеймiн.

– Мәдинаны өз елiне алып келгiңiз келе ме?

– Әлi алып келген жоқпыз. Кiшкене ес кiргеннен кейiн, алып келсек деген ойымыз бар.

– Мәдина есейген кезде өз елi туралы бiлетiн бола ма?

– Қазақстан туралы, қазақтар туралы бiле жүрсiн деп, арнайы кiтаптар, тарихи жазбалар, бейне роликтер алдыртып тұрамын. Қазақтың ұлттық киiмi, салт-дәстүрiне қатысты кiтаптардың бәрiн алып кеткенбiз. Қазiр қызым әлi кiшкентай. Қазақстанның қай жерде екенiн, оның тарихынан кiшкене-кiшкене мағлұматтар бiледi.

Осы жерде әңгiмеге Назым араласты.

– Мен аудармашы болып жұмыс iстедiм. Бұл кiсiлерге қазақтар туралы кiтаптар, қазақтың әндерiн жиi-жиi жiберiп отырамын.

– Мәдина кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн, өз елiне қайтуына мүмкiндiк бола ма?

– Бiз баланы алып кеткенде, оған екi азаматтық қоса берiлдi. Қазақстанның Заңы бойынша, ол баланың 18-ге толғанша, қазақстандық деген азаматтығы болуы тиiс. Кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн, қайсысын таңдау баланың өз еркiнде.

–Мәдинадан бөлек, төрт балаңыз бар екен. Тағы бiр бала асырап алуыңыздың сыры неде?

– Төрт баламнан кейiн бала туа алмай қалдым. Балаға деген махаббатым шексiз. Отағасымен келiсiп, тағы бiр баланы асырап алуды жоспарладық.

– Мәдинаның анасын iздеп жүргенiңiздi естiдiк.

– Қызым есейiп, бойжеткенде өзiнiң анасы туралы бiлсе деген ойым болған едi. Тым болмаса суретiн алып кетсем, оны өскенде көрсетсем дегем. Қызым ертең өскенде сұрайды ғой. Сонда мен оған жауабымды қалай беремiн? Осыны ойлап, анасын iздеп жүрмiн. Қызымның толық аты-жөнi – Мәдина Абдрахманова. Мүмкiн, сiздердiң газеттерiңiз арқылы анасын тауып қалармын.

– Қызыңыздың анасын таба алатын сияқтысыз ба?

– Әзiрге еш деректер жоқ. Бiрақ, үмiтiм бар.

– Мәдинадан бөлек, қазақ балаларын асырап алған отбасылар бар ма? Сiздер олармен араласып тұрасыздар ма?

– Үш-төрт отбасы бар. Балаларымызбен бiрге айына болмаса да, жылына екi рет кездесiп тұрамыз.

– Америкада қазақ балаларынан өзге, қай елдiң балаларын асырап алу көбiрек кездеседi?

– Ресей, Украина, Корея, Қытай елiнен де бар.

Назым Елеубаева бұл кiсiлердiң шаңырағында болып қайтыпты. Назымға:

– Сiз Америкаға барған сапарыңызда осы балаларды өз көзiңiзбен көрiп қайттыңыз ба?

– Бес отбасында болдым. Балаларды, отбасыларын көрiп қайттым. Қазiр түрлi қауесеттер көп. «Мүшелерiн сатып алады екен, балаларды сол үшiн асырайды екен» деген әңгiмелер айтылып жатады. Сонда барғанымда бұл қауесеттердiң жалған екендiгiне көзiм жеттi. Ол балалардың тұрып жатқан жерлерi өте керемет. Балалар үйiмен салыстыруға мүлдем келмейдi. Американдықтар таңертең ерте кетiп, сағат үшке дейiн ғана жұмыс iстейдi. Қалған уақыттарының көбiн балаларымен өткiзедi.

– Бiрақ, ол балалар өзiнiң түп-тамырынан ажырап қалмай ма?

– Басқа елде, басқа жерде тұрғаннан кейiн ол баланың тәрбиесi басқа болады. Әлi бiр жасқа толмаған балалар кетедi. Оларға бұл кiсiлер қандай тәрбие бередi, соны қабылдайды.

Американдық Соня Вилсонмен болған әңгiмемiз қысқа қайырылды. Бiрақ, бiздiң таң қалғанымыз, Соняның бiр емес, төрт баласы бола тұра, бесiншi қызды не үшiн асырап алғысы келгендiгi. Әлде, белгiлi бiр әлеуметтiк жеңiлдiктер бола ма екен деп ойладық. Аудармашы қыздың айтуына қарағанда, Вилсондар отбасы дiни-сенiмi мықты жандар көрiнедi. Өзiнiң туған балаларын да, асырап алған қазақ қызы Мәдинаны да өз дiнiнiң ықпалында тәрбиелейтiнi айдан анық. Олардың ұғымында бала асырап алу, яғни жетiмнiң басынан сыйпау, қасиеттi iс болып саналады. Жетiмнiң басынан сыйпау, мұсылман дiнiне де жат емес. Иманы бар мұсылманның баласын шырылдатып, Балалар үйiне тастамайтыны белгiлi. Ал, тастанды балалардың көбi ата-ананың қамқорлығына зәру болып, Балалар үйiнде жүр. Одан қалғаны мұхит асып, американдық ата-ананың тәрбиесiн көруде. Соня мен Гавин Вилсондар Мәдинаға жақсы тәрбие беретiн де шығар. Мейiрiмдi әйелдiң жүзiне қарап, оған күмәнданғанымыз да жоқ. Тек, кiшкентай сәбидiң американдық ұлт болатынына iштей қынжылдық. Оған кiнәлi мүмкiн қоғам шығар, әлде шырылдатып тастап кеткен анасы ма?!…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары