«СЫР БОЙЫ» САЛҒАН САРА ЖОЛ

«СЫР БОЙЫ» САЛҒАН САРА ЖОЛ

«СЫР БОЙЫ» САЛҒАН САРА ЖОЛ
ашық дереккөзі
461

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетi 1929 жылдың 1-шiлдесiнен бастап жарыққа шығып келедi. «Сыр бойы» өзiнiң 1931 жылғы 17-ақпандағы хабарландыруында: «Сыр бойы» — бұрынғы Қызылорда округiне қараған аудандардың ортасынан шығатын, барлық аудандардағы шаруашылық түрлерiн, саяси науқандардың барысын үзбей жазып отыратын газет» деп көрсеттi.

«Сыр бойы» елiмiздiң экономикасын нығайту мақсатында маңызды мемлекеттiк шараның мақсат-мәнiн насихаттап келедi. Әу бастан-ақ өз төңiрегiне келешегiнен көп үмiт күттiретiн жастарды топтастыра бiлдi, соларға ұйытқы болды.

Газет 1932 жылдың қаңтарында өзiнiң атауын «Ленин туы» деп өзгерттi. Бiрақ бұрынғысынша Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының өмiрiн толық қамтып тұрды. «Ленин туы» бұл кезеңде қаз-қаз тұра бастаған ауыл шаруашылық артельдерiнiң жұмысы жайлы жазып, мұндағы табыстан бас айналушылық пен асыра сiлтеушiлiктi сынады.

Ал 1938 жылы Сыр өңiрi өз алдына облыс болып, еншi алуына байланысты 22-наурыздан бастап облыстық газет «Ленин жолы» деген атпен шыға бастады. Бұл газет өз беттерiнде айдынды Арал мен қарт Қаратау, Қарақұм мен Қызылқұм арасын ен жайлаған халықтың өмiрiне, хал-ахуалына, мәдениет және әдебиет мәселелерiне, халықты жаппай сауаттандыруға айрықша көңiл бөлдi.

Егiс көлемiн арттыру, оны сумен қамтамасыз ету бұл кезеңдегi ең өзектi мәселелердiң бiрi едi. Осы кезеңде Шиелi мен Шiркейлi жармаларының құрылысы бүкiл облыс еңбекшiлерiнiң ортақ iсi деп жарияланды. Басылымның алғашқы редакторы Жиенғали Тiлепбергенов сауаты жағынан бiлiм-бiлiгi мол дiни адам болатын. Өзi туып-өскен Ақтөбе облысының Темiр ауданында алғашқы әлiпбидi ауыл молдасынан үйренiп, кейiн Орынбордың «Жәдит», Уфаның «Ғалия» медресесiнде бiлiмiн жетiлдiрдi. Мұнымен қоса Темiр педагогикалық училищесiнен мұғалiмдiк мамандық алады. Осыдан бастап журналистикаға бет бұрып, «Сыр бойы» газетiнiң шаңырағын көтердi. Басылымның шежiрелi жолына қарап отырсақ, тағдырдың талай талқысын көрiптi. Осындай аласапыран уақытта «Ленин туы» газетiне 1937 жылы 10-наурызда редакторлық жасаған Қайыпназар Қауымбаев болатын. 1937 жылы 28-қыркүйекте ол «Халық жауы» ретiнде партия қатарынан шығарылып, 31-қазан күнi 26 жасында атылып кете барды.

1939 жылға дейiн «Сыр бойы» газетiнде Мырзахмет Сәтбаев редактор болса, 1939-1946 жылдар аралығында Тойбазар Елемесов жетекшiлiк жасады. Ел басына қасiрет әкелген отты жылдардың жалыны әр шаңырақты шарпыды. Көптеген баспасөз қызметкерлерi ел басына күн туғанда қаламын қаруға айырбастап, майданға аттанды. Атап айтқанда А.Нұрекеев, Б.Әлменов, Ә.Жанұзақов, К.Алдоңғаров майдан даласында шайқасқа араласса, К.Шоматов, Ә.Аманбаев,Ә.Қарқынбаев секiлдi журналистер Отан үшiн оққа ұшты.

Кеңестiк саясаттың қыспағында шыққан «Сыр бойы» газетiнiң сарғайған тiгiндiсiнен алар өнегемiз әлi де аз емес. Тойбазар Елемесов редакторлық еткен сонау соғыс жылдары отансүйгiштiк рухты биiк ұстаған. Бұл дәстүр соғыстан соңғы жылдары Б.Сарбасов, С.Сейiтов, Ж.Қонақбаев, Х.Сыздықов жетекшiлiк жасаған жылдары да жалғасын тапты. Содан да болар соғыстың соңғы жылдары таралымы 5100 дана болған. «Сыр бойы» газетiне З.Жарқынбаев редактор болған 1955-60 жылдар аралығында 8900-ден 15000-ға дейiн көтерiлдi.

60-70 жылдары «Ленин жолы» газетiнiң керегесi кеңейдi. Таралым 30 мыңнан 40 мыңға өстi. Қомшабай Сүйенiш, Жақсылық Түменбаев бастаған осындай ел арасындағы қаламы жүйрiк таланттардың облыстық газетте тоғысуына, олардың шығармасына бағыт-бағдар беруге 1960 жылдары газет редакторы болған Ұзақ Бағаевтың көп еңбегi сiңген едi. Басылым 1979 жылы «Құрмет белгiсi» орденiмен марапатталды. Кейiн одақтық социалистiк жарыста аты шығып, оның алғашқы басылған нұсқасы Мәскеудегi Бүкiлодақтық халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмесiне үлгi ретiнде қойылды.

80-90 жылдары газеттiң бұғанасының бекiп, қабырғасының қатаюына газет редакторлары Қ.Әбенов, Н.Уәлиев, Ә.Рахымбекұлы және Ж.Рахматулла елеулi еңбек сiңiрдi. Бұл аралықта газет ауыл тiлшiлерiн тартуға баса назар аударып, оқырмандар саны артты .

Газетте денi ауылдық жерден, қазақы ортада қайнап-өскен, ұлттық тәрбие алған журналистер. Бүкiл қоғамның идеологиялық бағыты Мәскеу мен орыс тiлiне қарай ойысып бара жатқан аумалы заманда облыс орталығындағы қазақтың табиғи таза мiнезi мен тiлiн, тек облыстық «Сыр бойы» газетiнен табуға болатын. Даланың кеңдiгi, халқымыздың жомарт көңiлi, ұлтжандылық пен қызуқандылық журналистер болмысында жиi кездесетiн. Ондай журналистер үшiн әмiршiл басшы емес, әрқашан да халық ұлық едi.

Газет ел тәуелсiздiгiнiң өткен жылдарында өзiнiң ұстанымын, яғни А.Байтұрсынов айтқандай, халықтың үнi, тiлi һәм құлағы бола бiлдi.

1991 жылы бұрынғы атауын қайта алған «Сыр бойы» газетi өмiр айнасы, жылдар шежiресi болды. Оның әрбiр сарғайған бетiнен өткен күндердiң қан тамырларының соғысы, өмiр тынысы байқалады. Уақыт ағымына орай басылымның келбетi мен шығу жиiлiгi үнемi өзгерiске түсiп отырды. Мысалы, алғашқы шыққанда 1000 дана болып тараған газет 1990 жылы 56 мыңға жеттi, яғни оқырманның газетке жазылу ықыласының күрт күшеюi арқасында әр нөмiрдiң тиражы 20 мың, апталық таралымы 100-120 мыңға көтерiлдi .

Аймақтың басты басылымы 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» белгiсiмен марапатталды.

Газет қай уақытта болса да өз заманының шежiресi әрi күнделiгi болып келетiнi белгiлi. Сонымен қатар, оны қоғамның өте ықпалды қозғаушы күшi, белгiлi бiр бағытта ой-сана қалыптастырушысы, сараптаушысы, ел басына iс түскен небiр қиын кезеңдерде үмiт пен жiгер отын тұтатушысы болғаны және бола беретiнi шындық.

А. Биғалиева, Г. Бодықова,

И.Әбдiкәрiмов атындағы Қызылорда агро-техникалық

колледжiнiң оқытушылары

Серіктес жаңалықтары