«ДАЛА ҚЫЗЫНЫҢ» ДАРА КЕШI

«ДАЛА ҚЫЗЫНЫҢ» ДАРА КЕШI

«ДАЛА ҚЫЗЫНЫҢ» ДАРА КЕШI
ашық дереккөзі

Бағдат Сәмидинова Республика Сарайына қойған кешiнiң есiмiн «Мен – даланың қызымын» деп атапты. Бәлкiм, мәшиненiң қою түтiнi будақтап, тынысты тарылтқан, қарбаласы көп қаланың тынымсыз тiршiлiгiнен шаршаңқырап, керiсiнше самаурын мен ошақтың зиянсыз түтiнi сағынышын қытықтаған ауылдың аяулы кешiн аңсағаны шығар…

Қалай дегенде де кеш атына лайық болды. Сахнадан ауылдан аңқыған иiстi, даладан керiле соққан керiмсал самалдың ерке лебiн, оқта-текте барып бiр көрiсетiн ауылда қалған аңқылдаған ағайынның ақжарқын мiнезiн сезiндiк. Жүректiң шыңырау түбiне барып сезiм атаулыны сергiте оятатын халықтың құлаққа жағымды, жүрекке жылы, көңiлге жақын өлмес әуендерiн естiп, шынымен демалып қайттық.

Әншi сахнаға төрт рет шықты. Қалған уақыттағы үзiлiстердi өзiнiң соңына iлескен iзбасар әрiптестерi, сiңлiлерi мен iнiлерi толтырды. Бағдаттың кештерiне үйренгенбiз. «Қандай жаңа әндер қосылыпты, не өзгешелiктер бар екен?» деген тым әуестеу сұрақтарға жауап iздеп баруға дағдыланғанбыз ғой. Ондай жаңалықтар баршылық екен, жаңа әндерi де жетерлiк. Олардың барлығы да Бағдаттың өз талғамына сай халықтық әуендермен үндес. Ұлттың табиғатына жақын, дәстүрмен рухтас. Орыстар өздерiнiң Бабкиналарын қалай дәрiптесе, бiздiң Бағдат Сәмидинова одан асып түспесе тiптi де кем соқпайды. Оның әрбiр әнiндегi көтерiңкi, аса екпiнмен айтатын ерекше үнi кез келген қазақтың ұлтшыл сезiмiн пышақ қайрағандай қайрап, орақ шыңдағандай өткiрлендiре түсетiнi сөзсiз. Өз басым сондай күйде отырамын. «Өз елiм», «Тайбурыл», «Елге сәлем», «Сарыарқа» сынды туған жер топырағын аялап, қастерлейтiн әуезге де, туған жерге деген лықсыған сезiмдерге толы әуендерi осының айғағы.

Жалпы, қазiр не көп, концерт көп. Не көп, жыпырлаған «жұлдыз» көп. Бiрiн бiрi айнытпай қайталаған есепсiз концерттер мен сол концерттердiң бағдарламасынан түспейтiн сансыз «жұлдыздардың» қатарынан көрiне бермейтiн Бағдаттың бұл мiнезi басқаларды менсiнбеушiлiктен туындамаған. Керiсiнше, ол өзiн өзi қадiрлей бiледi, өнер, сахна деген киелi ұғымдарды қадiрлей бiледi, оған адал болғысы келедi. «Әйтеуiр көрiне берсем екен» деген қомағай құмарлықтан аулақ. Кейде үйреншiктi «жұлдыздардан» жасақталған бiр кеш аяқталмай жатып, екiншi бiр сол үйреншiктi «жұлдыздар» тiзбегiнен құрылған келесi бiр кезекшi концерттiң көрермендер көгiлдiр экран арқылы клиптерiнен әдемi бейнелерiне тамсанған қадiрмендi қонақтарының қаланың iшiн толтырған жарнамалардан жауынның астында қалып, әбден шаң-тозаң отырған есiл суреттерiнiң қылтиып тұрғанын көргенде аяғандай боласың. Мiне, осындай елдi шаршатқан кештерге жөн-жосықсыз сұғына бермейтiн Бағдат Самидинованың атына сай, байсалды атақ-дәрежесiне лайық жүздесуiнiң астарында жарнамашылдықтан аулақтау болуды меңзейтiн апалық тәрбиесi де жатқан секiлдi.

Клип демекшi, Бағдат мына кешiнде сахнаның төрiнде кәдiмгiдей клип жасады. Телевидениенiң соңғы жетiстiктерiн пайдаланып, түрлi-түрлi көрiнiстерiмен көрермендi алдайтын, арбайтын, әннен ауытқытып, кiндiктерiн дiрiлдетiп, омырауларын қалтыратып, бөкселерiн бұлтыңдатып, атысы мен жатысы көп оқиғалармен алдаусырататын, соның салдарынан қандай ән тыңдағаныңды, оны орындаған әншiнiң дауысы бар ма, жоқ па екенiн бiле алмай дал болып, ұмытып қалатын алдамшы дүниенiң қасында сахнадағы «клип» әлдеқайда нанымды, әлдеқайда табиғи әрi шынайы болады екен. Әннiң табиғатын, әншiнiң мақсат-мүддесiн аша түседi екен.

Өзiнiң екiншi, үшiншi шығуында орындаған халықтық әндерiн одан сайын тiрiлткен, бойына қан жүгiрткен ұлттық үлгiдегi шағын қойылымдар тiптi жарасып кеттi. Үнсiз қалжыңға құрылған емеурiн әзiл билерi әншi орындаған әндердiң ажарын одан сайын ашты. Екi жүргiзушiнiң поэзия тiлiмен жеткiзген бiрде айтыс, бiрде монолог iспеттi лирикалық сезiмге толы өлеңдерi, арагiдiк оған Бағдаттың өзiнiң де кiрiгiп, iлестiре алып кетуi қандай жарасымды! Үздiксiз динамика көрермендi елiтiп, iлестiрiп отырды. Нұрлан Албанмен қосылып айтып, ол орындауды кимешектi қыз-келiншектердiң ибалы әрекеттерiмен дем берiп тұруы дәстүрге жақындастыра түстi. Балалық кез, әпке-апаларымыздың ұлттық киiм киiп алып, шаңқобызды шыңылдата тартып, тамылжыта ән салып, ауыл аралап айттаған сонау жылдары елес бердi көз алдымызға. «Даланың қызы» ұмыт болып бара жатқан даланың келбетiн қайта жадымызда жаңғыртып, жанарымызға сағыныштың мөлдiр тамшыларын алып келдi.

Негiзiнде, Бағдат орындаған қай әннiң сөзi мен әуенi керемет үндесiп жатады. Бiрiн бiрi толықтырып жатады. Өз мамандығы тiл-әдебиетшi болғандықтан шығар, сiрә, Бағдат ән сөзiне талғамшыл, талапшыл. Егер әуен мен сөздi бiр-бiрiне шексiз ғашық сезiмдер деп ұқсақ, әуен мың бұралған қылықты, ғажап сұлу бойжеткен де әннiң сөзi сол қылықты аруға ынтық, бүкiл болмыс-бiтiмiмен оны жанындай сүйетiн iңкәр сезiмдi серi жiгiт дер ек. Екеуiнiң сан толқыған сезiмi тоқайласқанда ғана ол әрi сәттi, әрi тәттi ән боп шығады. Ал орындаушы оның некесiн қиюшы. Абай, Бiржан мен Ақан, Балуан Шолақ әндерi неге өлмес, өшпес? Өйткенi онда сөз бен әуеннiң бiр-бiрiне деген сөнбейтiн, өлмейтiн мәңгiлiк махаббаты бар. Кейде әдемi әуендегi қодыраңдаған Қодардың қолжаулық махаббаттындай үйлесiмсiз сөздердiң әр бермей, әрi итеретiнi сондықтан. Немесе «жаным» деген жаны жоқ, қан-сөлсiз өтiрiк сөздi өлшеусiз қайталайтын Жантық-сезiмдер де құлағыңды тырнайды, жүрегiңдi жаралайды. Ондай қайта-қайта «жаным, жаным» деп жүйкенi жұқартқандарға «жаның шықсын» дегiң кеп тұрады. Бағдаттың бұл мәселеге келгенде таңдауы жоғары. Әндерiнiң барлығында әлгiнде бiз айтқан ғашық сезiмдер аласұрып ойнай жөнеледi. Сонымен қатар ұлттық бояу-нақышын жоғалтпайды, қайта жаңа дәуiр үнiмен үндес келедi. Осы тұрғыдан алғанда, егер салыстыру қажет болса, Бағдаттың артықшылығы өзгелерден әлдеқайда басымдау дер едiк.

Шұбалаңқы кеш те көрермендi жалықтырады. Қанша күмiс көмей, жез таңдай болсаң да екi сағаттан артық екiленiп сахнаның төрiн бермей қойсаң, ол да жарасымсыз. Екi сағатқа жетер-жетпес кеш өте тұшымды әрi сiңiмдi болды. Зал толды, көрермен риза. Әлбетте, әншi де риза шығар. Дәл қазiр осындай ұлттық рухтағы дүниелерге бiз, шындығы керек, аса зәрумiз. Ол туралы ашынып та, жасырып та сөйлей бергеннен түк шықпайды, iс керек, әрекет қажет. Тiл туралы да көп даурығамыз – нәтиже қайда? Әншiлер өздерiнiң әндерi арқылы ұрпақ тәрбиелейтiнiн, ұлттың мүддесiн қозғайтынын, тiлдiң тағдырын таразылайтынын, саясатқа да ықпал ететiнiн бiр сәт есте шығармауы тиiс. Ол Бағдат кешiнде көрiнiс тапқан.

Ендi бiр-екi ауыз достық рәуiштегi ескертпелердi де айта кетудi жөн санап отырмын. Мен оны Бағдатқа жекелеп те айта аламын. Бiрақ «Қызым, саған айтам, келiнiм, сен тыңда» дейтiн қазақ тәрбиесiндегi керемет қанатты сөз бар, соны еске салғым келедi. Сол арқылы басқа да iнi-қарындастарыма құлаққағыс жасағанды дұрыс деп таптым. Мұны менiң азаматтық және қатардағы көрермен ретiндегi жылы жанашыр лебiзiм ретiнде қабылдағанды қалар едiм.

«Ағайын» деген тамаша ән орындады. Сөзi де, әуенi де салмақты, салиқалы. Аздаған өкпесi де бар. Айтары жоқ, ән де жақсы, орындауы да жақсы. Бiрақ ондағы халыққа деген кейбiр өкпелi сөздердiң елiнiң еркесi болған қыздардың аузынан шыққаны онша келiңкiремейтiн сияқты болды маған. Қызға наз тән, өкпе емес. Онсыз да халқымыз қыздарын алақанға сап аялайды, құрметтейдi. Әндегi сөздердiң керегi -керек. Алайда оны жерiн, елiн қорғап жүрген, оның намысын «жыртып» жүрген батыр тектес ұлдары айтып жатса жарасым тапқан болар едi. Ол «Қазақ деген бiр ел бар», «Барып қайт, балам, ауылға» деп күңiренетiн Тұңғышбай әл-Таразидiң табиғатына жақындау сияқты ма деген ой қалды.

Әңгiменiң басында сөз еткенiмiздей, Бағдат әдебиетке, тiлге жақын. Содан кейiн бе, әйтеуiр сахнада әр әнге түсiндiрме бергiсi кеп тұрады, түсiндiредi де. Екiншi, үшiншi шыққанда жүргiзушiлер поэзия тiлiмен сөйледi, оған Бағдат қосылды. Тiптi бишiлер де қимыл-әрекетпен бiлдiрген емеурiн қалжыңды көрермен ұқты. Қажет жерiнде күлiп, қажет жерiнде шапалағын да соқты. Қандай әдемi!

Ал сөзi ойды түгел жеткiзетiн әнге түсiндiрме берiп жатудың өзi артық екенiн сырт көз тез аңғарады. Көрермен сахнадағы әншiден тек ән тiлейдi. Жүргiзушiлер әншiнiң атынан сөйлейдi, оның ойын бiлдiредi. Оған әншiнiң өзi қабаттасып жатса, ойдың қиюы қашады. Бұл жалпы әншi атаулына айтылар көрермендiк тiлек едi бiздiкi. Басқалар да ескерсе екен деген жанашырлық ұсыныс.

Сонымен, Бағдат Самидинова «Мен – даланың қызымын» деген алға қойған мақсатын тыңдаушысына жеткiзе алды. Көрерменiн сүйсiндiрдi. Екi сағат уақытын зая кетiрмедi. Осындай тағлымы да бар, тәрбиесi де жетерлiк, ұлтсүйгiштiкке үйрететiн кештер көп болса – ұтамыз. Қосақтасқан жұлдыздар тiзбегiн құраған «астрономиялық» кештерден гөрi жер басып тамашалаған осындай қарапайым концерттер әлдеқайда пайдалы дер едiк.

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ