Әуезхан САЛЫҚБАЕВ: ТЕМIР ЖОЛДЫ ТЕМIРЖОЛШЫ БАСҚАРУЫ КЕРЕК

Әуезхан САЛЫҚБАЕВ: ТЕМIР ЖОЛДЫ ТЕМIРЖОЛШЫ БАСҚАРУЫ КЕРЕК

Әуезхан САЛЫҚБАЕВ: ТЕМIР ЖОЛДЫ ТЕМIРЖОЛШЫ БАСҚАРУЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі

Қарапайым темiржолшы отбасында дүниеге келгендiктен бе, шойын жолдың тарихы таңсық емес. Көзiмiздi ашып, ес бiлгелi берi пойыз салған әуенмен қосылып ән салдық. Сахара даланың мидай тыныштығын бұзатын осынау күретамыр иесiне титтей де өкпемiз болмайтын. Себебi, шағын ауылдың халқы өз нанын темiр жол арқылы тауып, темiр жол арқылы өсiп отырды. Мiне, сондай жандардың бiрi, аты темiржол саласына мәшһүр — Әуезхан Салықбаев едi. Бұл кiсiнiң есiмi тiптi, бала кезiмiзден құлағымызға әбден сiңiсiп қалған. Темiржолшы әкем екi сөзiнiң бiрiнде «Салықбаев бүйтiп жатыр, сөйтiп жатыр» деп жасап жатқан iстерiне қуанып, аузынан тастамайтын-ды. Шынында да, еңбек жолын 14 жасынан бастаған Әуезхан Салықбаевтың есiмi темiр жол тарихында алтын әрiппен жазылды да. Оның еңбегi бағаланып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң қаулысымен Қазақ ССР-iнiң Алтын кiтабына енгiзiлдi. Бүгiнде 80 жастың сеңгiрiнен асқан қазыналы қарт әлi тың. Ол кiсiмен Оңтүстiк Қазақстан облыстық темiр жол ауруханасында жолығып, аз-кем әңгiмелесудiң сәтi түстi.

— Әуезхан ата, денсаулығыңыз қалай? — Құдайға шүкiр, ептеп жүрiп жатырмын. Жас болса келдi ғой, ауруханаға жиi жатып тұрамын. Мына көзiм болмаса, жалпы, денсаулығыма шағым жоқ. Соңғы кезде көзiмнiң көру қабiлетi нашарлап кеттi. Мәскеуде он бес күн жатып, қаралып келдiм. «Бұрынғы темiржолдың батыры» деп алдыңғы қатарлы дәрiгерлерi қарады. Оларға көп рақмет! Ал, бiздi өз елiмiз не қылсын? — 80 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Жалпы, темiржол саласына қалай келдiңiз? Еңбек жолыңыз қалай басталып едi, айтып берiңiзшi… — Иә, еңбекке ерте араластым. 14-15 жас әлi баланың буыны беки қоймаған шағы. Соған қарамастан, алғашқыда вагон тiзiмiн жасаушы боп жұмыс iстеп бастадым. Содан кеңсе технигi, жол кезекшiсi болдым. Әрi қарай алдымнан ашық жол туа бердi. Әу баста 13 жастан 14-ке кеткенiмде, Задарья совхозына барып, малды қолдан ұрықтандыруды бiр жарым ай оқыдым. Қасымда өзiм қатарлы бiр жiгiт бар. Ержiгiт деген кiсi бас зоотехник екен. Аудан меңгерушiсiнiң қойының үлкендiгi соншалық, менi сүйреп кететiн. Екi айдай жұмыс iстедiк. Малды ұрықтандыру уақыты бiтсе де, қайта алмадық. Сол үйдiң қойына қарастық. Бiр қызығы, сол уақытта қазақтың иттерiне аштық келдi ме, әйтеуiр қасқырға қосылып кеттi. Қойға шабатынды шығарды. Қасқырмен бетпе-бет келiп, ауырып қалғаным бар. Одан әлгi үйдiң иесi менi Арысқа, үйге әкеп тастады. Ауруханада жатып, тәуiр болдым. Сөйтiп, 15-ке толар шағымда темiр жолға кiрдiм. Ол күнде еш нәрсенi көрмеген жас баламын. Әйтеуiр «Мынау қандай бала?» деп жүрiп, жұмысқа алды ғой. Содан вагонның тiзiмiн жасаудан бастап, конторшы болдым. Өз iсiме тиянақты болуға ұмтылып, жұрттың алғысын алуға талпындым. Пойыздың келiп, кетуiн тексеретiн қадағалаушы болдым. 1 жыл 8 айда жұмысымды ауыстыра бастады. 3-4 айдан кейiн диспетчерлiкке көтерiлдiм. 5-6 ай iстеп едiм, вагонды сұрыптап тұру жұмысына кеттiм. Осы қызметтi 16 жыл атқарыппын. Аса бiр ынтамен ден қойып кiрiскендiктен бе, жоспарды орындауға күш салдым. Озат боп жүрiп, ауданға үш мәрте, 1959 жылы Жоғары кеңеске депутат болдым. Оқымаған, 5-шi класты тауыспаған адаммын. 1959 жылы депутаттық сессияға барсам, бiр жiгiт келiп: «Арыстансың ба?» деп сұрады. «Иә» дедiм. «Қоңыратсың ба?» дедi iле-шала. Мен де «иә» деп ылдам-жылдам жауап берудемiн. Арқамды қақты да кеттi. Кiм екенiн бiлген жоқпын. Кейiн қонақ үйге барсам, ол кiсi маған жанынан орын алыпты. Сөйтсем, Түркiстанда аудандық комитеттiң атқарушысы, депутат Тасбұқаев Әдiл екен. Ол бiздiң ауылдың жиенi екен. «Бiзден бiр темiржолшы бала депутат болды» дегендi Арысқа келiп-кетiп жүргенде естiген ғой. Сөйтiп жүрiп, көп адамдармен жолығып, көп нәрсенi үйрендiм. — Алдыңғы қатарлы озат маман болу табиғаттан берiлген сый ма, әлде жақсы адамдардың көмегiнiң арқасы ма? Бiлiмiңiздi қалай жетiлдiрдiңiз? — Екеуi де бар шығар. Әуелi Құдай, сосын өмiрiмде жолыққан жақсы кiсiлердiң көмегi көп тидi. Еңбекке ерте араласып, ерте ысылуымның да септiгi болса керек. Алдыма мақсат қойсам, соған жетпей тынбайтын жақсы қасиетiм де бар. … Депутаттықтан кейiн, 1966 жылы «Социалистiк Еңбек ерi» болдым. Осындай дәрежеге жетуiме бiр себеп, еш те болса кеш бiлiм алуға ұмтылуым едi. Жасыратын несi бар, кешкi мектепке бiрде барып, бiрде бармай жүрiп, әйтеуiр 4-5 жылда 10 класты бiтiрген болдым. Байжанов менi «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен марапаттап тұрып: «Сен Арыс станса бастығының орынбасары бол…» дедi. «Оған әлiм келмейдi» деп едiм, «Жоқ, боласың» дедi. Содан бұрынғы Целиноградтағы темiр жол техникумына сырттай түсiп, бiтiрiп алдым. Екi жылдай орынбасар қызметiн атқардым. Бiр күнi басшылар Алматыға шақырды да: «Арыс стансасының бастығы боласың ба?» дедi. Тағы да қиғылық көрсетiп едiм, «Шырағым, бар дегенде, бару керек қой» дедi. Сөйтiп, «утвердить» болдым да кеттiм. Не керек, 10 жылдай Арыстың стансасын басқардым. Одақтан 37 мәрте Қызыл ту алдық, 4 мәрте КПСС Орталық Комитетiнiң атағын алдық, Министрдiң, темiржол бастығының әр тоқсан сайынғы жүлделерiне ие болдық. Алланың жақсылығының әрi халықтың қолдауының арқасында Арыс «Арыс» болып кеттi ғой. Тiптi, бiзге Америкадан, Кеңестер одағынан мамандар келiп, қалай жұмыс iстейтiнiмiздi көрiп кететiн. Мәскеуге барсам, обалы не керек орыстар «Арыстың станса бастығы келдi» деп қарсы алады. Әжептәуiр, беделiм де көтерiлдi. Кәсiподаққа мүше болдым. Айына екi мәрте шақырады. Ленинградқа iссапармен барсам, министрдiң кадр жөнiндегi бiрiншi орынбасары Кошан телефон соғып, тез арада жетуiмдi өтiндi. «Не боп қалды екен?!» деп барсам, министр: «Шымкент темiр жолы бөлiмшесiнiң бастығы болып барасың. Арыстағы сияқты жұмыс iстеп берсең болды» деп нықтап айтты. — Оған Асқаров пен Қонаевтың ықпалы болды ма? — Шешiп қойыпты. «Бiз Асқаровпен, Қонаевпен келiсiп қойдық» дедi. Тағы да не iстерiмдi бiлмей, ойланып қалдым. Ол кезде Арыс қаласынан үй салып берген және кiргенiмiзге бiр жылдай ғана уақыт өткен-тұғын. Айтатын уәж таба алмағандықтан, “Бала-шағаммен ақылдасайын” дедiм. Үйге телефон соғып, мән-жайды айтып едiм, бәрi: «Мына үйге жаңадан кiрдiк қой, Шымкентiңдi қоя қойсайшы» дедi. Туған-туыс, жора-жолдастарымнан кеңес сұрадым. Бiреуi: «Құдай берiп тұр, бар» — дедi, ендiгi бiрi: «Осы жұмысың да болады ғой» — дедi. Ертесiнде мәжiлiсте алдымен Украинаның темiр жол бастығын, сосын менi бекiттi. Кешке таман Шымкентке келсем, бәрi естiп алған. Үйде де лық толы адам. Бiр уақытта телефон тағы да шыр ете түстi. «Орталық Комитет сiздi бекiтуге шақырып жатыр» дедi. Ол тұста заң бойынша Обкомнан өтiп, Орталық Комитетке баруың керек, ең соңында Мәскеуге КПСС Орталық комитетiнiң бөлiм меңгерушiсiне бару керек. Бардым. Алдымен бөлiм меңгерушiсi Жуковқа кiрдiм. Iшке енгенiм сол едi, «Сен өзi бюрократ, националист екенсiң» деп дүрсе қойды. «Сiз не деп тұрсыз? Мен өздiгiмнен бөлiмше бастығы боламын дегенiм жоқ. Осы бастан бұлай дейсiңдер. Бара-бара не болады? Онда жақсы, кеттiм» деп едiм, қолымнан ұстап алды да, «Тоқта, Орталық Комитеттiң екiншi хатшысы А.Коркинге барамыз» дедi. Коркин: «Естiген жоқсыз ба? Бiз Қонаевпен келiсiп қойып едiк қой» дедi. Сонымен үшеумiз Қонаевтың алдына бардық. Жатқан жерi жайлы болғыр, орнынан атып тұрып «Москвада жүрген қара бала сенбiсiң?» деп жалпылдап амандасты. «Советтiк Қазақстан» деген кiтапқа атыңды жазып едiм, оқыдың ба?» дедi. «Иә, оқыдым, рақмет» дедiм. «1976 жылы атыңды Алтын кiтапқа жаздық, сол дипломыңды алдың ба?» деп сұрады. «Алдым» дедiм. «Ақшасын ше?» дедi артынша. «Ақшасын да алдық қой, аға» деп күлдiм. Сол тұрған бойы «утвердить» дедi. «Екi бесжылдықта да озат жұмыс iстеген азамат» деп арқамнан қақты. Жанымдағы екеуiнде үн жоқ. Содан Алматыдағы басқармаға келсем, “Обком шақырып жатыр” дедi. Обкомның бiрiншi хатшысы Асанбай Асқаровқа келсем, орынбасары: «Әзiрге күтiңiз» деп кiргiзбей қойды. Әрi-берi күтiп, жүрiп қалдым. Бiр уақытта Асқаров кабинетiнен шықты. Қарсы жолықтым. «Ассалаумағалейкум, Салықбаев сенбiсiң?» дедi. «Иә, менмiн. Таңертең сағат 10-да келiп едiм, осы дәлiздiң қарауылы болдым» дедiм ұзақ күткенiмдi бiлдiрiп. Дереу қарамағындағы көмекшiсiн, орынбасарын жинап: «Бұл кiсiнi неге ертерек кiргiзбедiңдер?! Алдын ала айтып едiм ғой ескертiп» деп кейiп тастады. Содан не керек, Шымкент темiр жолы бөлiмшесiнде 15 жыл бастық болдым. Еңбек өтiлiмде «Октябрь Революциясы орденiмен», екi мәрте «Еңбек Қызыл Ту орденi» және «Құрметтi темiржолшы» атағымен марапатталдым. — Сiздi былайғы жұрт қазаққа, әсiресе, қазақтың қара жұмысшысына көп көмек беретiн деп айтып жатады… — Солайы солай. Сонау жерден бекер келген жоқ қой деп, алдыма жас болсын, кәрi болсын бәрiнiң мәселесiн шешуге тырысатынмын. Әсiресе, разъезден, шалғайдағы елдi мекендерден келгендердi алдымен қабылдаймын. Хатшыға да, көмекшiлерге де ескертiп айтып қоямын. 1979 жылы Шымкентке бастық болған соң, әр айдың он бесiншi күнiнде жиналыс өткiзiп тұрдық. Разъезде не болып жатыр, халыққа тамағы уақтылы жетiп тұр ма, автолавка барып тұр ма, бәрi қаралады, тексерiледi. Темiржолшылармен кездесiп, мазалап жүрген мәселесiн сұраймыз, бұйымтайлары бар болса, орындаймыз. Көбiне зейнеттегi қариялар көмiр сұрайды, бiреуi отын сұрайды. Ол заманда көмiр дегенiң тiптен арзан. Қазiр ғой тапшы боп тұрғаны. Шыны керек, әуелгi мақсатым — темiр жол бойындағы қарапайым жұмысшылардың жағдайын жасау едi. Алдыма көмек сұрап келген ешбiр жанның тауы шағылып кеткен жоқ. — Қонаевтың шарапатын көп көрiпсiз. Ол кiсiнiң қандай қасиеттерiн ерекше бағалар едiңiз? — Марқұм өте жақсы кiсi едi. Дүниеге бiр-ақ рет келiп, кеткен адам ғой. Шымкентке бастық болғаннан кейiн ол кiсiнi пойызбен 7 мәрте Түркiстанға, одан Түлкiбасқа апардым. Құдай ол кiсiмен 7 мәрте дәм-тұздас болуды жазды. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын жан екен. Түркiстанға барғанда ауыл адамдары, қариялармен арнайы кездеседi. Бәрi Димекеңнiң қолын алуға асығады. Сонда Ұлттық қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң адамдары олай-былай жүрмеңiз десе, тыңдамай, бәрiнiң қолын алып шығатын ерiнбей. «Мен сiздердi көрейiн деп келдiм. Жағдайларыңыз қалай, бала-шағаларыңыз аман-есен бе?» деп сұрап жатады. Содан соң мiндеттi түрде Әзiрет сұлтан кесенесiне барады. Екi мәрте бiрге кiрдiм. Үнемi тиын тастайтын. Сөйтсем, жәй тиын емес, алтын тиын салады екен. … Қызылсайда пойызды толықтай жөндеуден өткiземiз. Темiр жол рельсiн ауыстырғанда, жылдамдығын төмендетудi ұмытып кетiппiз. Пойызда отырғанда үстелдегi стақан қимылдап қоя бердi. Сол кезде Асқаров маған «Жолыңның түрi осы ма?» дегендей оймен аларып қарады. Оны байқап қалған Қонаев: «Асанбай Асқарович, өзiң темiржолшының баласысың. Бүгiнгi күнi темiр жолға не жәрдем берiп жатырсың?» дедi. Асқаров та ықпастан: «Мiне, Салықбаев отыр ғой. Көмек керек болса, келiп жағдайын айтса, болмайды деген жерiм жоқ» дедi. Шынында, жолдың жақсы екенiн стақан суды толтырып вагонның тамбурына қойып бiлетiн едiк. Димекең: «Қазiр барлық техника бар, жәрдем ету керек» — дедi, Асқаровқа қарата. Сонда «Шымкент үлкен облыстық аймақ. Әлi күнге тепловозбен жүр, бұл ауа-райын бүлдiредi» деп сынға алдым. Қонаев орынбасарын шақырып алды да: «Шымкент пен Жамбыл бөлiмшесiне электровоз алыңдар!» дедi. Олар: «Оған ақша бөлiнген жоқ қой» деп қипақтап едi, «Ақша табылады» деп қысқа қайырды. Содан берi электровоз жүретiн болды. — Қазiргi темiр жол мен сiздiң кезiңiздегi темiр жол қызметiнiң айырмашылығы бар ма? Не өзгердi? — Темiр жол құрып бiттi. Жоқ деуге болады. Балабақшасы, санаторийi, пионер лагерi, ауруханасы, моншасы бәрi болды. Соның бiрi де қалмады қазiр. Басқасын былай қойғанда, разъездегi қазақтар ше? Пойыз тоқтамайды, медпункттер жоқ, тiптi, темiр жол бойында жайқалып өсiп тұрған қара тал да қурап қалған. Бiздiң уақытымызда вагон лавканы бiр разъездге тоқтаптай өткiзiп жiберсе, диспетчердi орнынан алып тастайтын едiк. “Қандай сауда жасадыңдар, қымбат етiктерден нешесiн саттыңдар?” деп, аптаның әр бесiншi күнi сұрайтынбыз. Әрбiрден соң бастықтар кiмнiң құрт ауруымен ауыратынын, кiмнiң емделгенiн, бәрiн тексеретiн. Қандай ауру өршiп тұр, бәрiн қадағалауда ұстайтынбыз. Ал, қазiр мүлдем басқаша. Халық арасында не болып жатқанын ешкiм бiлмейдi. Қазiр темiр жолдың құр аты ғана қалды. Талан-таражға түсiп кеттi. Бәрiн еншiне тигендей бөлiп-бөлiп алған. Бәрiн жекеменшiк етiп жiбердi. Бiздiң уақытымызда темiр жол басқа, оны басқарушылар да басқа едi. Қазiр мүлдем басқа. Бүгiнде темiр жолда не қалғанын бiлмеймiн. Оның қызығын бар болғаны он, он бес адам көрiп отыр. Ал миллион адам жылап жүр. Пойызға мiнейiн десең билет жоқ. Астанаға он мың теңгемен баратын болсаң, алыпсатарлар үстiне бес мың теңге қосып сатады екен. Бұл қалай? Сұмдық қой. Бiздiң кезiмiзде мұндай болған жоқ. Жазда Көкшетауға демалуға барсам, темiржолшылардың бәрi жыларман боп отыр. Пойыздың бәрi келте боп кеткен. Тазалық жоқ дейдi. Оның бәрiн айт, айтпа, бүгiн ертең жөнделе салатын шаруа емес. Бiр кезде Ерлан Атамқұлов: “Бiздiң сол кездегi тәжiрибемiзден үлгi алып жатыр” деп едi, нәтижесiн көрмедiк. Мына Ташкент те, Ресей де сол баяғы тәртiппен жұмыс iстеп жүр. Бiз де содан айрылмауымыз керек едi. Астанадан темiр жолдың үлкен конторы салынды. Бастықтар соның өзiне сыймай отыр. Олар бiр жыл жұмыс iстемесе де, темiр жолдағы қара жұмысшы күнде жұмыс iстейдi. Кiм қысқарады? Қара жұмысшы. Кiм қиналады? Қара жұмысшы. Ол кезде штатқа келiсiмшартпен алу деген болған жоқ. Менiңше, бұл уақытша жұмысқа алу — пара алудың жолы. Бiр кiрген адам қайта шыққысы келмейдi де, содан азын-аулақ ақша берiп, басын сұғып алады. Немесе темiр жолға қара жұмысшыны алады да, қайта екi-үш айдан соң «қысқарту» деп шығарып жатады. Осы дұрыс па? Ал бiздiң кезiмiзде қанша жұмысшы бар, ешқайсысын қысқартпауға тырысатынбыз. Бiз 45 км жолды айырбастайтын едiк. Қазiр Құдай бiледi, бастықтар 10 км. жолды да айырбастамайды. — Сол шойын жол ұзарған жоқ па? Қазiр бiз вагон, тепловозды өзiмiзде жасай алмаймыз ба? Бiр кезде Қытайдан вагон сатып алу жөнiнде дау шығып едi. — Айтып-айтып қойды ғой. Бiреулер ескiнiң адамы деуi мүмкiн, бiрақ бiзге вагон сатып алуда Ресейден айрылмауымыз керек едi. Қырғызстан, Өзбекстан әлi күнге солардан алады. Неге бiз Қытайдың арзан вагонын аламыз? Демек, бұл жерде үлкен гәп бар. Локомотив, вагон жөндейтiн базаны кеңейту керек. Әнеугүнi пәлен жылға дейiн осыншама вагон, мұншама тепловоз сатып аламыз деп айтып жатыр. Қашанғы сатып алып жариды. Өзiмiзде неге шығармаймыз? Әрине, мұның бәрi арман, бос қиял. Бiздiң кезiмiзде вагонды өзiмiзде жөндеп шығардық. Қазiр бәрi бiлгенiн iстеп отыр. Асанбай Асқаров қол қойып, талай көпiрдi жаңаладық. Ол жүз жылға жететiн шойын жол. Баяғы сол жол әлi iлдилап келедi. Кейбiреулер ұзартып жатыр дейдi. Оның қаншалықты пайда, зиян келтiрiп жатқанын солардың өзi бiлсе керек. — Кейде талай жыл еңбек етiп, тер төккен темiр жол саласының құрып бара жатқанына қарныңыз ашатын шығар… — Неге менiң қарным ашпайды? Бас-аяғы 50 жыл iстедiм. Еңбек кiтапшамда Арыс, Шымкентте, екi-ақ жерде iстедiм. Ол тұста рұқсатсыз бiр адам тексеруге шықпайтын. Темiр жол милициялары: “Тексеремiз” десе, бiзден рұқсат сұрайтын. Кем-кетiк болса, дереу шара қабылдап, тәртiпке шақыратынбыз. Онда пойызда 23-24 вагон болатын. Қазiр жолаушы пойыздары 12, 13, тiптi, 6 вагондық болып кетiптi. Ташкентке жүк пойыздан сөткесiне – 70-80, Түркiстанға — 40, Қызылордаға қарай 30-32 пойыз өтетiн. Ал ендi жұмысты талпынып iстейiншi, атым шықсыншы дейтiн адамды көргенiм жоқ. Әйтеуiр күнiм өтсе болды. Ертеңгi күнгi қысқартуға iлiкпесем жарар едi деген пиғылмен ғана жүр. Бастықтардың өзi «Менi қашан алып тастайды екен» деп жоғарыға жалтақтап отыр. Бүгiнде 99 бастық бар. Арзымайтын қалам, қағазға Астанадан ақша сұрайды. Бұрын 40-50 жыл жұмыс iстеген мекеме өз жыртығын өзi жамайтын. Арнайы қор ашып, керек-жарақты дүниенiң бәрiн алатынбыз. Әрбiрден соң темiржолшы отбасында бiр кiсi қайтыс болса, жерлеу шарасына дейiн көмектесетiн едiк. Зейнетке шықса, марапаттау рәсiмiн жасап, шығарып саламыз. — Жағдайдың күрт қиындап кеткенiне, осылай сипат алуына не кiнәлi деп ойлайсыз? — Бар себеп — темiр жолды темiржолшының басқармағанында жатыр. Жақсыбек Құлекеевпен сөйлесiп, «Бұл саланың маманы емессiң. Қалай келдiң?» деп сұрап едiм, «Бар деген соң келдiм» деп жауап бердi. «Әй, папкаға құмар қазақсыңдар ғой. Бұл саланы оның қыр-сырын оқымасаң, бiлмесең қалай басқарасың?» дедiм. Мысалы, мен темiржолшымын, маған хирург бол десе, бола аламын ба? Сол сияқты жағдай ғой. Темiр жол бастықтары ешқашан самолетпен жүрген жоқ. Бастықтар, тiптi министрлер вагонмен жүрiп, аралап көретiн. Қазiр үстiмiзден самолетпен ұшады да кетедi. Халықпен бетпе-бет кездеспейдi. — Темiр жолда талай жыл еңбек еттiңiз. Өмiрiңiзге, еңбек жолыңызға ризасыз ба? — Неге риза емеспiн, ризамын. Он бес жасымнан өмiрдiң ыстығы мен суығына төздiм. 1959-60 жылдары үш көпiр салынды, су айдайтын мекеме салынды, Арыста канализация салынды. Бiз бәрiн үлгердiк. Арыста минералды суы бар профилактикалық санаторий салынды. Ал қазiр оны болар-болмас ақшаға сатып жiберiптi. 30-40 жыл жұмыс iстеген жұмысшылар айына 30-40 мың теңге төлеп емделе ала ма? Алатын зейнетақысы бар-жоғы 20-25 мың теңге. Соны дер кезiнде әкiмге айттым. «Сендер аурухана сала алмайсыңдар. Одан да осыны аурухана етiп алыңдар» деп едiм, бiреуi құлақ аспады. Бәрi бiлгiш. Қолына бiр шеге алып, қаққан әкiмдi көргенiм жоқ. Халыққа пайда болсыншы дейтiнi шамалы. Бiз көп мақтанбаймыз, бiрақ көп нәрсе iстегенiмiз рас. Арыстан, Шымкенттен, Түркiстаннан темiр жолдың универмаг дүкендерiн салдық. Түлкiбас, Шеңгелдiден сүзек ауруы шығып, Мәскеуге дейiн шулап кеткен едi. Қазiр ауру бар ма, жоқ па, ешкiмнiң басы қатып жатқан жоқ. Ал су, жарық көзi мүлдем тегiн-тұғын. Арыстың суын екiге-үшке бөлiп жiбердi. Қазiр талдар қурап қалды. Жұрт мәуе-шәуесiн өз ауласына егiп, рахаттанып жейтiн. Суға есептегiш құрал (счетчик) қойып қойған. Халықтың ақшасын қағып қалудың амалы. Ауылды жерде ауызсу да жоқ. Кезiнде разъездердi аралап, халықтың мұң-мұқтажымен жiтi танысатынбыз. №42 деген разъезде тұратын бiр кiсi «Бұрын ағаш егiңдер дейтiн едiңдер, ал қазiр талдың өзiне ақша алады» дейдi. Осының бәрiн Назарбаев бiлмейдi ғой деймiн. — Мұсылманның бес парызының бiрi — қажылық мiндетiн де орындапсыз. Сiздi Әуезхан қажы деп те атайтын болар жұрт. — (Күлдi). Қажылыққа 2 рет бардым. Алғаш 1993 жылы, сосын 2004 жылы бардым. 1995 жылы бәйбiшем қаза болды. Балаларым ортаға алып: «Әке қартайған шағыңда жалғыз өтесiң бе?» деп үйлендiруге көндiрдi. Шариғатта әйелiмдi де қажылыққа апаруым керек екен. Сөйтiп, екiншi мәрте бардым. 1993 жылы Меккеге қажылыққа бара жатқанымызда Президент Н.Назарбаев он адамға паспорт берiп, ақ жол, сәт сапар тiледi. «Сiз баяғы темiр жол бастығы емессiз бе?» деп iлтипат көрсеттi. Әйелi Сара Алпысқызы 50-60 адамға тамақ берiп, шығарып салған едi. Бұрын мұсылман қауым қажылыққа Өзбекстан арқылы барса, сол жылы алғаш рет өз елiмiзден аттандық. — Зейнетақыңыз қанша, ем-домыңызға жете ме? — 45 мың теңге аламын. Кеңес үкiметi кезiнде самолетке, пойызға жеңiлдiк бар едi. Қазiр бiреуi де жоқ. Естуiмше, Қорғанда тұрған темiржолшыларға 1 млн. доллардан ақша берiптi. Қазiргi Ресейдiң министрi темiржолшыларға баспана жағынан көмектесiп жатқанға ұқсайды. Бұрын қара жұмысшы зейнетке 55 жаста, ал машинистер 59 жаста шығатын едi. Қазiр 63 жасқа көтерiп жiбердi. Оған дейiн жұмыс iстеу олар үшiн өте ауыр. — Әңгiмеңiзге рахмет!  
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы