Қадыр МЫРЗА-ӘЛI: IШКI ЦЕНЗУРАМЫЗДАН ӘЛI АРЫЛА АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ

Қадыр МЫРЗА-ӘЛI: IШКI ЦЕНЗУРАМЫЗДАН ӘЛI АРЫЛА АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ

Қадыр МЫРЗА-ӘЛI: IШКI ЦЕНЗУРАМЫЗДАН ӘЛI АРЫЛА АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ
ашық дереккөзі
236

Қадыр ағамен үйiнде кездестiм. «Ел-шежiре» қоғамдық қорының тапсырысы бойынша ағамен алдын ала телефонмен хабарласып қойғам. «Сен менiмен үшiншi рет сұхбат алып отырсың ғой. Келешекте мен туралы кiтап жазатын шығарсың» деп, қалжыңдап күлiп қарсы алды. Қадыр ағамен әңгiмелесудiң өзi бiр ғанибет. Әлем әдебиетi болсын, қазақ әдебиетi болсын, тарихи тақырыптар болсын, ағылып сыр шерткенде, «мұның бәрiн аға қай уақытта оқып үлгерген» деп, өзiң таң қаласың. Көп оқығандығы туралы ағаның өзi де жасырмайды. «Кiтапхананың қажетi қанша. Дайын кiтапхана мен тұрмын ғой» дейдi қалжыңға бұрып. Расында да, Қадыр ағамен кез келген тақырыпта әңгiме қозғай аласың. Таңды таңға ұрып, әңгiме айтатын қазақтың қазыналы қарттары осы Қадыр аға сияқты болған шығар деген ой келедi кейде маған. Төмендегi сұхбат ақынмен болған әңгiменiң бiр парасы ғана. Ал, әлi де айтылмағаны, қағазға түспегенi қаншама?!

– Қадыр аға, сiздiң балалық шағыңыз қиын уақытқа тап келгенiн бiлемiз. «Талантты талант ететiн де қиындық» дейдi. Мүмкiн, сiздiң Қадыр ақын атануыңызға сол бiр қиын жылдар, сол бiр зұлматты уақыт өз септiгiн тигiзген шығар. Қалай ойлайсыз?

– Қиын уақытқа тап болғаны рас. Аштық жылдары, одан кейiн 37-38 жылдардағы әке-шешелерiмiздiң басына келген зауал, одан кейiн Ұлы Отан соғысы… Осы соғыстан кейiн iле-шала аштық басталды. Сол жылдары, яғни 1952 жылы мектеп бiтiрдiм. Тәп-тәуiр бiтiрдiм. Медальге ұсынып едi, бекiтпей қойды. Бiр ғана математикадан төртiм болды. Қысқасы не керек, сол жылдары бiз де жартылай аштықты сезiндiк. Талонмен нан берiп тұрды. Таңертең сатылатын нанға кешкiсiн кезекке тұрамыз. Үйде үш адамбыз. Әке-шешем, мен… Әкем әскерден келген. Келген деген аты ғана, әйтеуiр жаны бар. Бiр күнi таңертең нан алуға дүкенге бардым. Дүкен төбенiң бойында орналасқан. Дүкенге бару үшiн, төбеге шығуың керек. Содан нанды алдым да, төмен қарай құлдиладым. Ашпын ғой… Нанның шетiнен сәл үзiп ауызға салғаным сол едi, содан кейiн алғашқы теледидарларды көрген шығарсың, соларды өшiргенде арасында төрт бұрышты бiр сәуле жарқ етiп барып, өшедi ғой. Сол сияқты дүние тарылып-тарылып келдi де, бiр нүктеге тап болды. Сол нүкте жоғалып кеттi. Сол бойда жерге құлаппын. Содан оқуға бара алмадым. Бiздiң ауданның орталығы ауылдан – 140 шақырым. Сол орталыққа барып, емтихан тапсыруға бiрiншiден, мүмкiндiгiм болған жоқ. Екiншiден, аттестатым еш кеттi. Содан не iстейсiң? Жұмысқа тұру керек. Емтихан тапсырудың өзi қызық едi. Балалардың бәрiн үшке бөлiп отырғызатын. Мектептi жаңадан бiтiретiндер бiр бөлек, шұғыл тапсыратындар бiр бөлек, сосын соғыстан келгендер бiр бөлек қатарда отырады. Сол емтиханның жауаптарын алдым да, есептердiң бәрiн аудандық комсомол комитетiнiң хатшысына берiп үлгердiм. Шұғыл тапсырғандардан жалғыз сол едi. Содан оқуға бара алмадым. Жұмыс жоқ. Бас айналады. Көшеде келе жатқам. Жоғарыдағы емтиханнан көмектескен комсомол комитетiнiң хатшысы да келе жатыр екен, соған жолығып қалдым. Кабинетiне алып барды. «Мен сенiң арқаңда партия мектебiне түсiп жатырмын» дедi. «Ертең жүрем. Мынау сенiң жақсылығыңның қайтарымы болсын» деп, «Аудандық комсомол комитетiнiң мектеп және пионер жетекшiсi» деген бұйрық шығарып бердi. Бiр жыл сонда жұмыс iстедiм. Алған айлығымды екiге бөлемiн де, жартысын анама апарып берем. Қалғанын өзiмнiң қажетiме жаратам. Келер жылы оқуға Алматыға келiп түстiм. Сол жылдардан бастап, оқуға түсу қиындады. Ол кездерi журналистика факультетi жоқ едi.

– Негiзi қалағаныңыз журналистика болып па едi?

– Принципiнде бөлiп қараған емеспiн. Журналистика – филологияның бiр бөлiмшесi болатын. Бiрақ, мен оған түскем жоқ. Филологияға тапсырдым. Дұрыс iстеппiн. Жалпы, журналистикаға түскендерге қарсымын. Неге дейсiң бе? Журналистикада филологияның бағдарламасы толығымен өтпейдi. Жартысы өтедi, не өтпейдi. Филологияда дүниежүзiнiң әдебиетi түгел оқылады. Гайдай деген болды. Сол экономиканы бiтiрген. Бiрақ, сұмдық журналист болды. Сондықтан, философияға, тарихқа барып түскендер жақсы журналист бола алады. Бұл сөз арасындағы әңгiме ғой. Жалпы, солай филологияға келiп түстiм. Өте қиналып түстiм.

– Сол кезде емес пе едi, сiзге орыс әдебиетi мұғалiмiнiң бес қойғаны…

– Иә. Әдемi адам едi. Ол кiсi бiзге сабақ берген жоқ. Басқа орыс топтарына бердi. Кейiн Жовтистiң әкесiнен естiдiм, ол кiсi туралы көп әңгiменi… Әдебиеттi қадiрлей бiлген, балалардың талабын түсiне бiлген әдiл кiсi екен. Сөйтiп, әупiрiм тәңiрiммен оқуға түстiм. Сабақ басталды. Елден ақша келмейдi. Үнемi стипендияға оқыдым. Бiрақ, бәрiн үздiк бiтiрдiм деп айта алмаймын. Әйтеуiр, менiң қорытындымда бiр төрт жүредi.

– Аттестатыңызда математикадан болыпты, мұнда қай сабақтан алдыңыз?

– Әскери сабақтан болды. Әскери сабақты ұнатпайтын едiм. Орысша нашар бiлемiз. Айтуға қысылатынмын. Ең алғаш рет орыс тiлiнде Боярцев дегеннiң «Осеннее гнездо» деген кiтабын оқыдым. Барлаушы туралы. Сонда қасымда орысша-қазақша сөздiк жатады. Бiр сөйлемдi оқып бiткенше, әлгi сөздiктi бiрнеше рет қараймын. Сөйтiп оқыдым. Артынан «О писательском труде» деген кiтапты сатып алдым. Соны оқыдым. Кейiн сол кiтап үш том болып шықты. Осы кiтап көп нәрсеге көзiмдi ашты. Жатақханада тұрғанымда бiр бөлмеде он жетi бала жаттық. Жатақханамыз Никольский базардың маңында орналасқан. Он жетi бала деген тым ауыр. Емтиханға дайындаласың. Лениндiк шығармаларды оқуың керек. Сталиндi оңай түсiнесiң. Тiлi жатық. Лениннiң бiр сөйлемiнiң iшiнде бiрнеше сөйлем болатын. Аяғына дейiн жете алмайсың. Керек емес жерлерiн алып тастап, керегiн қалдырып, конспектi жазып алам. Артымнан ақша келмейдi. Жатақханада көп оқи алмайсың. Менiң арманым оқу… Содан Махмуд деген ұйғыр жiгiтi бар едi. Сол бiр күнi маған: «Пәтерге шыққың келе ме?» дедi. «Оған ақшам жоқ қой» деп едiм, «Бiр жесiр әйел бар, үш баласы, шешесi бар. Стипендиядан басқа ақша сұрамайды» дедi. Екi бөлме екен. Бiреусiнде балалармен бiрге өзi жатады, Махмуд екеумiз бiр бөлмесiнде жатамыз. Таңертең кетемiз, кешке дейiн кiтапханада жүрем. Өз бетiмше оқимын. Анда-санда ақша жетiңкiремеген кезде ағаш түсiрем, сексеуiл, көмiр түсiрем. Кейде цемент түсiретiн кезiмiз де болды. Ең қиыны цемент. Оны противогазбен түсiру керек. Бiрақ оны бермейдi. Сондай қиындықпен оқуды да бiтiрдiк қой. Бiтiрген жылдары екiншi курстан бастап жазған өлеңдерiмдi газет-журналдарға апарып бере бастадым.

ӘДЕБИЕТКЕ ӨЛЕҢМЕН ЕМЕС, ПРОЗАМЕН КЕЛДIМ

– Мектеп кезiнде өлең жазбадыңыз ба?

– Өлеңдi алтыншы кластан бастадым. 1946-47 жылы ма екен, соғыс бiткен уақыт. Бес жыл бойы жабылып қалған ауданның клубы ашылды. Клубқа өнер көрсетуге аудан орталығынан бiр труппа келдi.Онда бiз кiшкене баламыз. Клубқа кiргiзбейдi. Терезеден қашып кiремiз. Сонда бiр жiгiт «Он алты қыз» деген ән айтты. Ол әлгi Ғарифолланың әнi емес. Он алты қыз туралы он алты шумақ өлең. Әуесқой композитордың жазғаны екен. Содан үйге келiп, әлгi өлеңге елiктеп, «Он алты жiгiт» деген өлең жаздым. Алғашқы алты шумағын жазып, ұйықтап кетiппiн. Алтаудан ары қарай жалғастырмадым. Түнде жазған өлеңiмдi ертесiне балаларға алып бардым. Балалар көшiрiп алып, бiр-бiрiне айтып берiп жүрдi. Содан кейiн өлеңдi тастап кеттiм. Проза жаза бастадым. Ең бiрiншi әдебиетке прозамен келдiм. Принципiнде өлеңмен емес, прозамен бастағанмын.

– Қаламгерлерiмiздiң көбi әуелi өлеңмен бастадық деп жатады…

-Менiкi керiсiнше болды. Өзiмнiң жазғандарымды балаларға көшiртiп алатынмын. Сол көшiрген дүниелерiмдi Алматыға алып келдiм. Өлеңге кейiн, екiншi курстан бастап көштiм ғой. Проза жазуға мұрша жоқ. Ең бiрiншi өлеңiмдi Мұзағаңа алып бардым. Онда Мұзафар Әлiмбаев «Пионер» журналында iстейдi. Ол кiсiнiң кабинетiнiң алдына келем. Кiруге бата алмай қайтып кетем. Бiр күнi оңаша отыр екен, соны пайдаланып iшке кiрдiм. «Қай жердiң баласысың?» деп сұрады. «Оралданмын» деп едiм, «Өлеңтi деген жер бiзде де бар» дедi. Бiзде барлығы «тымен» бiтетiн. Өлеңтi, Жымпиты, Қалдығайты… болып кете бередi. Көбi қалмақтың әсерi… Өлеңдерiмдi оқыды, сөйтiп алып қалды. «Талап қалай батыр болуды ойлайды?» деген өлең едi. Кейiн ол ешқандай жинағыма енген жоқ. Сол өлеңнен кейiн, журналға жиi өлеңдерiмдi апара бастадым. Қазақстан Жазушылар одағының үшiншi съезi болды. Ол кезде Ресейдiң Жазушылар одағының 3-съезi болған жоқ. Өйткенi, соғыстың салдарынан өтпей қалған. Бiздiң екiншi съезiмiз соғыстың алдында өткен екен. Сол үшiншi съезде Мұзағаң менiң өлеңдерiмдi қатты мақтады. Қайтадан өлең жазуға тура келдi. Еркеш Ибраһим деген ақын менiң бақытыма тура келдi. Сол кiсi менiң өлеңдерiмдi алып кетiп тұратын.

Оқу бiтiргеннен кейiн, жұмыс iздей бастадым. Мұзағаң менi бiледi. Менiң өлеңдерiмдi мақтаған адам. «Балдырған» журналы ашылайын деп жатыр» деген әңгiменi естiгем. Содан Мұзағаңа телефон шалдым. «Сiздi осы журналға барайын деп жатыр деп естiдiм» дедiм. Тура сөйлейтiн адам едi. «Жоқ, ондай жұмысқа бармаймын. Егер барсам, ол жерде сен жұмыс iстеуге тиiссiң» дедi. Жақан Смақов деген ақын болды. Қарағандының жiгiтi. «Коммунизм таңы» деген газет болды. Сол газеттiң транспорт және өнеркәсiп деген бөлiмiнде iстейдi. Сол кiсi маған: «Бiзде бiр орын босайын деп жатыр» дедi. Бек Тоғысбаев «Лениншiл жасқа» ауысып жатыр екен. Соның орнына алып келдi. Редактор жоқ екен. Бiрнеше күн жұмыс iстедiм. Редактор демалыстан келдi. Жылы сөйлейтiн, жұмсақ адам екен. «Мен сенi бiлем. Алатын-ақ адам екенсiң, бiрақ мен сенi жұмысқа ала алмаймын. Ала алмайтын себебiм, жақында осында комиссия болып, олар маған үлкен ескертпе жасап кеттi. «Қызметкерлерiңнiң елу пайызы жерлестерiң екен» дедi. Сенi алсам, алпыс пайыз болып кетедi» дедi. Одан кейiн Жақан Смақов менi жетелеп, «Үгiтшi блокнотына» алып барды. Алты-ақ адам жұмыс iстейтiн редакция екен. Жартысы орыс, жартысы қазақ. Редакторы қазақ, орынбасары орыс… Екi қызметкерiнiң бiрi орыс, бiрi қазақ болып жалғасып кете бередi. Редактор демалыста екен. Орынбасарымен сөйлесiп едiм, алатын болды. «Отыр» дедi. Редактор келдi. Жантекин деген кiсi екен. Сөйлестi. «Жақсы бiлем. Жазып жүресiң. Бiрақ, мен сенi жұмысқа ала алмаймын» дедi. Сөйтсе, үш қазақ iстейдi екен. Оның екеуi – батыстiкi. Менi алса, жүз пайыз болып кетейiн деп тұр. Телефон шырылдады. Менi шақырады. Мұзағаң екен. «Балдырған» журналына жұмысқа шықтым, неге келмейсiң?» дейдi. Бұл кiсi Арқаның адамы. Мыналар менi батыстiкi деп алмай отыр. Жерлесiм деп алмайды. Ал, Арқаның адамы менi жұмысқа шақырып жатыр. Сол жылдары «Балдырғанда» жалғыз өзiм жұмыс iстедiм деп айтуға болады. Редактор келедi, көп отырмайды. Екi-ақ адамбыз. Бердiбек Соқпақбаев және мен. Москвадан келген. Он бiрлерде келедi, тура екiде кетедi. Үлкен жазушы ғой. Мен өзiм Бердiбек Соқпақбаевты үлкен жазушы деп есептеймiн. Кiшкентай журнал. Мұзафар Әлiмбаев өте танымал адам болатын. «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарымның» дүрiлдеп тұрған кезi. Шәмшi мен Әблахат екеуi жиi келедi. Бiрде Роза Бағланова үшеуi бiрге келдi. Бағланова кiрген бойда машинистка әйел қуанып кеттi. «Розачка, бiр ән салып бершi» дедi өтiнiп. Роза өте кiрпияз адам едi. «Өй, сендер де қызықсыңдар. Мен бiр ән айту үшiн кемi бiр апта дайындаламын ғой. Сонда риза болмай кетем. Мына жерде қайда маған ән салу» дедi. Сөйтiп айтты да, машинистка әйелге қайта қарады. Машинистканың аяғы ауыр болатын. Қайта қарады да: «Туу, ойбай-ай, мен бiр емес, екi адамды ренжiтiп алыппын ғой.» деп, ән салып бердi. Солай Шәмшiмен таныстым. Онымен де байланыс басталды. Мұзағаң «Менiң Қазақстаным» деген дастан жазып жүрген. Әблахат екеуi бiр батальонда әскери қызмет еткен. Жастары шамалас. Публицистикалық поэма. Әблахат жөнiнде де бiр шумақ өлеңi бар. «Әй, Әблахат тарихта қалатын болдың» дедi бiрде Мұзағаң. Әблахат та қалыспады. Композиторлардың көбi тiлге шешен болатын. Шағып сөйлейтiн едi. «Поэма тарихта қалатын болса, онда мен де қалам» дедi. Сөйтiп жүргенде, «Жұлдыз» журналында бiр орын босады. Балалар журналында қашанғы отырам. Балалар туралы жазып жүргенiм рас. Алғашқы менiң ұлтшыл өлеңдерiмдi баспады. Жетi-сегiз, тiптi онға жуық балаларға арнап кiтап жаздым. Балаларға арнап жазған өлеңдерiме ешқандай кедергi болған жоқ. Кез келген журналдар еркiн басып шығарды. Сол жылы «Жұлдызға» Жұбан Молдағалиев бас редактор болып келiптi. Жұмысқа келген соң, жұмыс iстемейтiн жiгiттердiң көбiн сыпырып босата бастаған ғой. Сөйтiп Жұбан ағамыз телефон шалып, менi жұмысқа алды. Осыдан кейiн менiң поэзиям өзгере бастады. Менiң бақытым деп есептеуге болады, осы кезде әдебиетке Жұмекен шықты. «Сыбызғы сыры» деген кiтабы мен «Балауса» деген екi кiтабы жарық көрдi. Мен Жұмекендi бiлмеймiн, таныс емеспiн. Астрахань деген жақтың жiгiтi екен. Екi кiтабына да ренцензия жаздым. Екеуi де жақсы шықты. Бұрынғы стильге бармайды, партияны мақтамайды. Жұмекенмен солай таныстым.

Сөйтiп жүргенiмде одақ үй бердi. Қалихан екеумiзге бiр үйден бердi. Ол екiншi қабатта, мен үшiншiдемiн. Бiрiншi қабаттан Жайсаңбек Молдағалиев алды. Сырбай Мәуленовке үш бөлмелi үй бердi де, ол кiсi көшiп кеттi. Оның үйiне Жайсаңбек Молдағалиев көшiп келдi. Сыра iшемiз, қыдырамыз, қалжыңдасамыз. Қатты қалжыңдасатын едiк. Онiкi үш бөлме. Мен үштемiн, Қалихан екiншi қабатта. «Қалихан, сен бiлесiң бе, мына үйдi қандай принциппен берген?» деймiн. «Қайдан бiлейiн» дейдi Қалихан. «Мұнда бiр принцип бар. Үйдi әркiмнiң творческий потологiне қарай берген сияқты» деймiн қалжыңдап…Ол әзiлдi көтере алмай, ыза болады. Сөйтiп жүргенiмiзде Жазушылар одағы үй салып, бәрiмiз сол үйге қайта көштiк. Бiз бiрiншi қабаттан алдық та, Жайсаңбек екiншi қабатқа жайғасты. Тағы да үшеумiз сыра iшiп отырмыз. «Қалихан, бiлесiң бе, бұл жолы қандай принциппен бердi? Қазақ әдебиетiн ұстап тұрған екеумiз ғой, сосын төменнен алдық» деймiн. Анау тағы да күйiп-пiсiп тұрады. Осылай қалжыңмен талай-талай қызықты күндердi өткiздiк қой.

Менiң бар арманым тек жазу болатын. Шәй iшiп аламын да жатып қалам. Бiр қалғып аламын да, түнгi бiр-екiге дейiн жазу жазам. Бiр кездерi «Жұлдыз» журналында жүргенiмде бiр түнде отыз бес бет мақала жазғаным бар. Балалар поэзиясы жөнiнде. Кiтап жазбаған жылым болған жоқ. Кiтап шығармаған кезiм болған жоқ. Жазу маған қиынға түскен жоқ. Бастыру үнемi шашымды ағартады.

– Неге соншама жанталасып көп еңбектендiңiз? Әлде жас кезiңiзде көрген таршылық себеп болды ма?

– Бiтiруiм керек болды. Осының соңына түстiм бе, соны бiтiру керек болды. Он алты том шығарғам. Биыл жиырма томдығымды қайта шығарайын деп жатырмын. Он бiр том аудармам бар екен. «Ленин» туралы поэмам болды. Соны кiргiзген жоқпын. Соның өзiнде осыншама жазыппын. Осыншама дүние жазбасаң, кiм саған келiп, атақ-даңқты бередi. Мен тiптi атағымды шығарайын деген жоқпын. Барлық жағынан көрiнгiм келдi. Қонаққа да бармайтын едiм. Қазiр айтуға да ұялам. Асқар Сүлейменовтiң тойына, Әбiш Кекiлбаевтың тойына барғам жоқ. Оны айтасың, Сәбит Мұқанов алпыс жылдығына шақырды. Соған да барған жоқпын. Әйтеуiр, редактордың орынбасары болған соң, шақырған ғой, iздемейтiн шығар дегем… Бiр айдан кейiн кездесiп қалды. «Қадыр, сен неге тойға келмедiң» дедi. Жерге кiрiп кете жаздадым. Бұл жолы менiң нөмiрiм өтпей қалды. Қазiр керiсiнше, демалғым келедi… Соның өзiнде қарап отыра алмаймын. «Жанрын тапқан жазушы» деген бар ғой, сол айтқандай, афоризмдермен айналысып жүрмiн. Жазайын деп жазбаймын, ойыма бiрнәрселер келедi, соны қарындашпен түртiп қоям. Қазiр блакнотым мен қарындашымды бас жағыма қойып қоятын болдым. Қасымда лампа тұрады. Соның өзiнде де жазбайтын, ұмытып кететiн кездерiм болады. Жазып жүрген дүниелерiм «Алматы ақшамының» бейсенбiлiк нөмiрiне шығып тұрады. Бұрынғы екi кiтабымды «Жас Алаш» газетi бейсенбiде басып отыратын едi. Соңғы он бес жылдай болып қалыпты, бейсенбi менiң күнiме айналды.

«ЕЛIМ» ДЕП ЕҢIРЕГЕН МҰРАТ АҚЫН

– Аға, бала кезiңiзде Алаш қайраткерлерiнiң өлең-жырларымен таныс болдыңыз ба? Есiмдерiн атай алмасаңыз да, өлеңдерiн оқыған шығарсыз…

– Оның маған зияны ғана тидi. Бұл Кеңес үкiметiнiң әсерi ғой. Алаштың аты алаш. Бүкiл Қазақстанда алашордалықтар орналасқан екi жер бар. Оның бiрi – Семей, екiншiсi – бiздiң ауыл болды. Сол жерден шыққандарға сенбейтiн. Бiздiң ауданның басшылығына өзге ауылдың адамын басшы етiп алып келетiн едi. Соның өзiнде, бiрдеңе-бiрдеңелер сезiлiп тұрды. Қазақстан тарихындағы ұлт азаттық көтерiлiс басталған жер де бiздiң ауыл. Сырым Датұлы сол жердiң қазағы, менiң аталарымның бiреуi. Жиырма бес жыл соғысқан. Оның ақырында әскер жинап, қол жинап жүрген сәтiнде орта Азияның кiшкентай елдерiнiң бiрiнде атып өлтiрген. Сол Сырымды соғыс кезiнде бiр рет көтердi. Сол кезде Сталин сөйлеп, әр елдiң отанын қорғауға қатынасқан адамдарын мақтады. Невскийден бастап, Сырымға дейiн айтылды. Академик Вяткин дегеннiң «Сырым Датов» деген кiтабы сол жылдары шықты. Оған Сталиндiк сыйлық алды. Сырым Датұлының ең бiрiншi рет бағы жанған кезi сол кез. Артынан бiрте-бiрте өше бастады. Кейiн естiсем, Түркiстан легионында бiр адамдар Сырым туралы жазыпты. Сырымның атының қайтадан айтылмай кетуiне осы себепкер болған сияқты. Тiптi, Жымпиты деген туған ауылында Сырымның атын қоймады, мектеп те жоқ. Кейiнiрек, Сырым Датұлына ескерткiш қойды. Қайтадан бағы жанды. Мұның бәрiн айтып отырған себебiм, 1966 жылы менiң «Дала әуендерi» деген кiтабым жарық көрдi. Соны Iлияс Омаров оқыпты. Ол өте сауатты адам болатын. Ол кiсi идеологияны басқарып жүрген кезiнде Мәскеуге оқуға жiберiптi. Оны орнынан босату керек болған. Сондықтан, оқуға жiберiп, алыстатайық деп ойлаған. Арғы жақтан бiтiрiп келген соң, оған не iстейдi. Сөйтiп, Госпланға орынбасар қылып тағайындады. Содан көп кешiкпей, оны Солтүстiк Қазақстан облысына екiншi хатшы қылып жiбердi. Бiрақ, идеология жөнiндегi…Сол кiсi менiң өлеңдерiмдi оқыпты. Екi күннен кейiн телефон соғады. «Қадыр, менiң мекен-жайым мынандай… Телефоным мынау. Осы жұма күнi кешкiлiк шәйға шақырам. Келiп кет» дедi. Үлкен адам ғой. Бардым. Желтоқсан айы. Күн суық. Астау толы ет. Сөйлестiк. Ол кiсi менен: «Сен қай жердiң баласысың?» деп сұрады. «Батыс Қазақстаннан, Жымпитыданмын» дедiм. Сонда бiр қызық сөз айтты. «Е-е-е, бәсе, мына өлеңнiң бәрi қайдан шығып жатыр десем, алаштан шығып жатыр екен ғой» дедi. Көрдiң бе? Алашорданың тәрбиесiн көргем жоқ. Бiрақ ауа арқылы, ел арқылы тарауы мүмкiн ғой. Мына кiсi соны байқаған. Блокнот сияқты қағаздың он-он бес бетiне қарындашпен пiкiр жазыпты. Қазақша жазылған. «Мынаны өзiң оқып шығарсың» дедi. Керемет, жақсы мақала. «Қадырға хат» делiнген. Соны «Лениншiл жас» газетiне алып бардым. Олар оқып көрiп, «мынауыңыз керемет екен, мұны газетке басайық» дедi. «Бұл менiң пiкiрiм емес, Iлияс Омаровтiкi. Оның телефоны мiне, өздерiң телефон соғып, сұраңдар» дедiм. Ол кiсi: «жарайды, бассаңдар, басыңдар» дептi. Бiр бет болып шықты. Қысқасы, менi осылай көбiне Арқаның азаматтары қолдап кеттi. Алғашқы кiтабым «Ой орманы» төңiрегiнде хаттар толассыз келдi. Ең бiрiншi Абай ауданынан келдi. Тегiн жер емес, әруақтың жерi. Екiншi, Түркiстаннан келдi. Үшiншi – Атыраудан келдi. Өз облысымнан емес, көршi облыстан…

– Сонымен, алаштың ақындары жазған өлеңдерi қолыңызға түсе қоймады ғой… Жасырын, құпия, тығылып оқыған жоқсыздар ма?

– Қорқытып тастаған ғой. Оқу қайда? «Зар заман әдебиетi» деп жазып жүр ғой.

– Шортанбай, Мұрат, Дулат ақындарды айтасыз ба?

– Иә, солардың кейбiр өлеңдерiн Абайдiкi деп айтып жүргендер бар.

«Мұрат пенен Шортанбай, Бұқар жырау,

Өлеңiнiң бiрi құрау, бiрi жамау» дегенi бар.

Мұны Абайдың өлеңi дегенге сенбеймiн. Екiншiден, Абайдың өзi солардан үйренген адам. Мұрат ақын:

– Едiлiңдi алғаны, етекке қолды салғаны,

Жайығыңды алғаны, жағаға қолды салғаны,

Ойыл қалды, Жем қалды…

Ендi алмаған нең қалды?»– деп жазған. Сол кезде ондай сөздi айтуды айтсаңшы… Бiз мұны кейiн оқыдық.

«ӨТIРIКТI АЙТҚЫМ КЕЛМЕЙТIН» ДЕЙТIН

– Депутат болдыңыз… Ұмытпасам, екi рет сайландыңыз. Ақынның депутат болуы таңсық дүние емес. Бiрақ, сiздiң депутат болуыңызға не себеп болды?

– Мен өмiрiмде, сен сенсең, депутат болсам деген арманым болмаған, тiптi қиялыма кiрмеген нәрсе. Олжас Сүлейменов Жазушылар одағының төрағасы болып келдi. Қоңыр күздiң бiр күнi Кегенге барып қайттық. Аудандық идеология жөнiндегi хатшысы күтiп алды. Сол жiгiттiң үйiнде қонаққа бардық. Аулаға кiре бергенiмде бiр нәрсенiң шаңқ еткен дауысы естiлдi. Бiртүрлi дауыс, құстың дауысына ұқсамайды. Талдан тоқыған киiз үй сияқты бiр нәрсе тұр. Соны құстың үстiне қойып қояды екен. «Бұл менiң бүркiтiм ғой. Бүркiт құр шаңқылдамайды. Сенiң басыңда бiр жақсылық болатын сияқты», дедi үй иесi қалжыңдап. Ол маған оншалықты әсер ете қойған жоқ. Содан қайтып келгеннен кейiн, бiраз уақты өттi. Бiр күнi «қалалық партия комитетi шақырып жатыр» дейдi. Қалалық партия комитетiнде не шаруам бар? Партияның мүшесi емеспiн. Хрущевтiң кезiнде идеологияның адамдарын партияға алмайтын. Әрең-әрең алды Олжастың өзiн. Көп адамдарды қайырып жiбердi. Алмаса алмасын деп қойдық. Қалалық партия комитетi шақырған соң, бардым. Анкетасын толтыр дедi. Толтырдым. Сөйтсем, менi республикалық Парламентке депутат жасайын деп жатыр екен.

– Белгiлi бiр мақсат болған ғой, онда…

– Онысын бiлмеймiн. Жалпы, менiң депутаттыққа ұсынылатынымды Олжас бiлiптi. Бiрақ Олжас маған айтқан жоқ. Сөйтiп, Солтүстiк Қазақстан облысынан депутаттыққа түстiм. Ең көп дауыс алғаны да мен болдым.

– Билiкте жүргенiңiзде жоғарыда өзiңiз айтқан ұлтшыл өлеңдерiңiздi жазуға мүмкiндiк болмай қалған жоқ па?

– Бұған менiң шын көңiлiммен қуанған ештеңем жоқ. Бiрақ, ол кездерi депутаттың беделi жоғары болатын. Дегенмен, заман сәл-пәл өзгерiп келе жатқан жылдар ғой. Шамалы симптомдар бар едi. Маяковскийдiң ескерткiшiнiң үстiне шығып, қарсы өлеңдер оқи бастаған кез. Бердiбек Соқпақбаевтың Мәскеуден оқып келiп, кеңестiк империяға қарсы пiкiр айтатын кезi де сол уақыт. Тiптi, Ташкентте өткен Орта Азия елдерiнiң жиынына Нұрсұлтан Әлiмқұлов екеуi қатыстыруларын өтiнiп, «Айтатын пiкiрiмiз бар деп» хат жазған. Бердiбек екеумiз «Балдырған» журналында да бiрге жұмыс iстедiк. Оның өлiмiнiң өзi жұмбақ. Мен бұл туралы кезiнде мақала да жазғам.

– Бердiбек аға тiк мiнездi, тура айтатын кiсi ме едi?

– Бердiбек қайталанбас тұлға едi ғой. Оның жазғандары да мықты. Жақсы публицист. КГБ-нiң адамдары жиi келiп, бiзден сұрайтын. Мен оған мән бермейтiн едiм. Мен жұмыстан кеткеннен кейiн, ол да көп ұзамай ол жерден кеттi. Кездескен кезде қауқылдасып қаламыз. Жалпы, оның пiкiрлерiнде шаруам қанша, «Беке, не жазып жүрсiз?» деп сұраймын. «Не жазасың? Шындықты жаздырмайды. Өтiрiктi айтқым келмейдi» дейтiн. Бiрақ мен оның жазбаймын дегенiне сенбейтiнмiн. Менiңше, бiрдеңе жазған. Көктөбеде дачасы болды. Сонда тығылып жүрiп, жазып жүрдi ме, кiм бiлсiн?! Бiрақ, қайтыс болғаннан кейiн, ештеңесiн көрмедiк.

– Жоғарыдағы әңгiмеге қайта оралсақ. Депутаттық мандат сiздiң кейбiр ашық айтатын пiкiрлерiңiздi шектеген жоқ па?

– Бiрiншi сессия болды. Президиум мүшесiн сайлады. Мен айтып отырмын ғой, депутат болуға да онша құмарлығым болған жоқ. Тiзiм ұсынған кезде, менiң де фамилиямды iлiктiрiп жiберiптi. Бiрақ, оның қалай ұсынғанын мен бiлгемiн жоқ. Кейiн ұйымдастыру бөлiмiнде iстеген бiр жiгiтпен кездестiм. Екеумiз екi рет ауруханада бiрге жаттық. Сол жiгiттi сессия болардың алдында Димекең шақыртып алыпты. Президуим мүшелерiне кандидаттардың тiзiмiн жасап алып келшi деп айтыпты. Бiр орынға төрт-бес адамнан келiптi. Өнер адамдарынан төрт-бес адам болыпты. Тiзiмдi апарған. Қарап отырып: «Қадырды қалдырайық» дептi. Ол кiсi алдында жарты жыл бұрын менiң бiр жиында сөйлеген сөзiмдi тыңдаған екен. Райком менi қинап сөйлеткен болатын. Оның алдында екi рет бас тартқаным бар. Үшiншiсiнде, «Қадыр аға, сiз бұл жолы сөйлейсiз» дедi. «Менiң шартым бар. Бес минуттан асырмайсыз. Екiншiден, Димекең туралы жақсы пiкiр айтасыз, яғни мақтайсыз» дедi. Жалпы, Димекеңдi жақсы көрем. Бiрақ, жұрт мақтағанда, ол кiсiге қарап отырам. Димекең өзiн мақтаған кезде қып-қызыл болып кететiн. Сонда аяйтынмын. Көздi бақырайтып қойып, қалай мақтайсың? Ертеңiне алып келiп, әуелi бiзге оқытасың дедi. Мақтағам жоқ. Оқып отырып, «Димекең қайда?» дедi. «Тағы бiрде болады» дедiм. «Жоқ, бәрiбiр мақтауыңыз керек» дедi. Келесi жолы жазып келдiм. Керемет қабылдады. Мен онда қаланы мақтадым. Қыз балалардың, жеңгелерiмiздiң әдемiлiгiн айттым. Жұрттың бәрi жақсы қабылдады. Мұса Жәлелдi «халық жауы» деп айдағанда, әйелi бүкiл қолжазбасының бәрiн алып, Ресейге кетiп, татарлар тұратын жерге жасырынған ғой. Бiр орманның iшiне барып, әлгi қолжазбаның бәрiн тығып тастапты. Содан, Мұса Жәлел ақталып, түк қолжазбасы жоқ деп жүргенде, әлгi әйелi бiр шамадан қылып, алып келген. Мен осыны мысалға келтiре отырып, қазақтың мықты азаматтарының әйелдерi туралы жылы пiкiр бiлдiрдiм. Сол жерде сөйлеген сөзiм ұнаған болуы керек. Содан кейiн, менiң қолымды қысқан жiгiттердiң бiрi: «Қадеке, сiз өсетiн болдыңыз» дедi. Мүмкiн, сол жiгiттiң айтқаны тура келген шығар…

ЕРКIНДIК БАР ДЕСЕК ТЕ, АДАМНЫҢ IШКI РЕДАКТОРЫ БОЛАДЫ

– Кешегi қоғамда көп нәрсеге қолыңыз жеттi қаламгер ретiнде… Бүгiнгi нарық қоғамы мұндай жеңiлдiктердiң бәрiнен айырды. Сiздiң жүрегiңiздi ауыртатыны не? Қоғамның өзгергенi ме? Жоқ, әдебиеттiң нарыққа айналғаны ма?

– Бұл қоғам жаңалыққа алып келдi. Қанша дегенмен бiр система құлады ғой. Қарама-қайшылықтар бар. Кеңестiң маған ұнайтын жақтары көп. Объективтi болайын, болмайын дегенiмнен емес. Егер сол Кеңес үкiметi болмағанда, мен мүлдем оқу оқи алмайтын едiм. Ары кеткенде ауылдың ғана ақыны болар едiм. Бүкiлiмiз мектепте оқыдық. Тегiн оқытты ма, оқытты. Жоғары оқу орында оқытты ма, оқытты. Бәрiн жасады. «Балдырғанда» жұмыс iстеген кезiмде тегiн үй бердi ме, бердi… Қазiргi тұратын үйiмдi ғана сатып алдым. Балаларымды тегiн оқыттым ба, оқыттым. Мен оны қалайша жақсы көрмеймiн. Бiр ғана нәрсесiн ұнатпайтынмын.

– Цензурасын ба?

– Иә, цензурасын…Талай жерде қиды. Қиғанда сол буындырады ғой.

– Шындық та жөтел сияқты,

Жыбырлап тұрар тамақта… – деп жазғам. Екiншi басылғанда сол жолдарға қатты шүйлiгiптi.

– Бүгiнгi қоғамда цензура жоқ. Еркiндiк бар ғой…

– Бүгiнгi қоғамда еркiндiк бар. Бiрақ, еркiндiк бар десек те, адамның iшкi редакторы болады. Сол iшкi цензураң саған айттырмайды. «Қалай болады екен, не болады екен?» деп iштей ойлап отырасың… Қалыптасып қалған. «Баяғыда жаздырмайды» дейтiн едi, ендi өздерi жаза алмай отыр. Қорқып қалған. Әйтпесе, жазатын нәрсе көп.

– Еркiндiк десек те, бiзде тiлдiң жыры таусылар емес… Мұның басты себебi неде деп ойлайсыз?

– Бiр кездерi, екiншi ме, үшiншiсiнде ме, сессияның бiрiнде Конституцияны бекiттiк. Осыған қатынастық. Президиумда отырам. Қатты айғай-шу болды. Ең бiрiншi болып, Нұрқадiлов сөйледi. Кесiп айтты. «Республиканың бiр ғана мемлекеттiк тiлi болуы керек» дедi. Қайтадан бiр орыс сөйлейдi де, ол орыс тiлiн қосып қояды. Жарыссөз осылай жалғасып кете бердi. Президенттiң ұялы телефоны бар. Кремльмен байланысып отырды. Әлсiн-әлсiн сыртқа шығып кетiп, сөйлеседi. Үзiлiс кезiнде айтты. «Қадеке, сiз сөйлейсiз бе? Сiз сөйлесеңiзшi…» дедi. Мәскеу екi тiл болғанын қалап тұр. Сосын: «Түстен кейiн сөйлейiн» дедiм. Әбден дайындалдым. Түстен кейiн Есенәлиев шықты. Ол да патриот адамның бiрi едi. Ол кiсi де кесiп айтты. Мен осы сөзге бiр айдай дайындалдым. Жалпы, өзiм көп сөйлегендi ұнатпаймын. Бiрақ, осыған өзiм әбден дайындалдым. Материалдарды көп iздедiм. Мұнда орыс ғана емес, украин, поляк, белорус бар. Осылардың бәрi орыс боп кеткен, орыс үшiн қызмет етiп жүргендер… Солар үшiн жақсы материалдар таптым. Украинаның бiр газетiнде бiр украин әйелiнiң хатын берiптi. Ұлы орыс мектебiнде оқиды. Бiрақ, украин тiлiнен төрт алады. Сол төртке бола, үздiк шыға алмайды. «Кому нужен этот не кому не нужный украинский язык» дейдi. Соны мысалға алдым. Әскери атташе деген бар. Үш жыл елшiлiк қызметкер сияқты жұмыс атқарады. Үш жылдан кейiн елшi де, атташе де кетедi. Американың атташесi екi жыл бойы украин тiлiн үйренiп, соның соңына түскен. «Значит, кому то нужен этот некому не нужный украинский язык» дедiм. Еуропада аңды иттермен аулайды. Киiк аулайды. Киiк аулағанда иттерден қорыққан киiк қашып келiп, аңшының аяғына тығылады. Сол аңшы әлгi бейшара киiктi аяп, алып қалады. Соны мысалға келтiрiп тұрып сөйледiм. Осындай аңшының өзi аяғының астына келiп тығылған киiктi алып қалғанда, қазiр қазақтың тiлiнiң де жағдайы сондай… «Қазiр қазақ тiлi келiп, бұттарыңа тығылып тұр» дегендi айттым. Өте ауыр кеш болды. Сөйтiп, дауысты тоқсан үш пайызға дейiн көтердiк… тiлдi қорғап қалдық. Келесi сайлау басталатын болды. Сонда менi кiргiзбей қойды. Халық бақылау комтетiнiң төрағасы Исаев деген болды. Сол: «Қадеке, екiншi рет сайлауға түскiңiз келмей ме?» деп айтты. Оның неге олай айтып отырғанын түсiндiм. Оралда бiр-екi адам түсiп, дауыс ала алмай қалыпты. Сосын менi Оралға шақырды. Сол округтен түсiп, қайта сайландым… Әлi күнге дейiн отыруыма болатын едi. Шаруам жоқ, қызықпаймын. Депутат болу үшiн әдебиеттен кету керек екен. Онда менiң шығармашылығым қалып қоятын едi…Шерхан айтады: «Сен мықтысың. Мен кете алмай қалдым» дейдi. Кеткеннен кейiн әңгiмелер жазып жүр. Сағынып қалыппыз. Жалпы, Шерхан әңгiменiң шеберi ғой.

– Бүгiнгi әдебиеттiң халi туралы не айтасыз?

– Қазiр әдебиеттiң белгiлi бiр пайызын әдебиетшi емес адамдар жасап жатыр. Зейнеткерлiкке шыққандар, журналистикада жұмыс iстегендер. Өзiнiң ақшасына басып шығарады. Оны баспалар басып бередi. Өйткенi, баспаға да ақша керек. Биыл керемет ақша берем деген жылы тоқырау келiп қалды. Сол әдебиеттi жасап жатқандар сол баяғы кадрлар… Жақсы болсын, жаман болсын, сол Шерхан, сол Темiрхан, сол Мырзалиев… Олар кiтабын шығара алмағаннан кейiн, не iстейдi? Мақтайды, мақтап та жүрмiз…

– Аға, бiр жылдары университетте дәрiс оқыған екенсiз. Неге кетiп қалдыңыз?

– Сабақ бердiм. Бiрiншiден, мұғалiм болуға қызыққан емеспiн. Менi онда алып барған Зейнолла Қабдолов болатын. Бiр-екi жылдай жұмыс iстедiм. Олар маған қорға дейдi. Қартайғаныңда қорғап жүрмейсiң ғой. Бiрақ, студенттер жақсы қабылдады. Өзге оқу орындарынан келiп тыңдайтындар да болды. «Мен тiптi, жалақы да алмай-ақ қояйын. Мен түстен кейiн студенттер үшiн тегiн лекция оқып жүрейiн» дедiм. Оған келiскен. Ректор өзгерiп кеттi де, аяғы аяқсыз қалды.

– «Елде жоқ кiтаптарды iздеп жүрiп оқыдым» дейсiз… Сол өзiңiз оқыған бiлiмiңiздi шәкiрттерге үйреткiңiз келмей ме?

– Сол балалар үшiн тегiн оқиын дедiм ғой. Әуелде сабақ берiп жүргенiмде болымсыз ақша беретiн. Ол ақшаны алмайсың да. Бiреудiң туған күнi ме, бiреудiң тойына ма, жинаудан артылмайды. Сондықтан, оқығанымды балалардың бойына құяйын, бiлгенiмдi үйретейiн деп едiм, жоғарыдағыдай болды.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары