ӘЛЕМ БIРIНШIЛIГIНЕН ОЛЖАСЫЗ ОРАЛМАСПЫЗ!

ӘЛЕМ БIРIНШIЛIГIНЕН ОЛЖАСЫЗ ОРАЛМАСПЫЗ!

ӘЛЕМ БIРIНШIЛIГIНЕН ОЛЖАСЫЗ ОРАЛМАСПЫЗ!
ашық дереккөзі
171

Ертең елiмiздiң ауыр атлетика құрама командасы Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласына аттанбақ. Аталмыш елде ауыр атлетикадан әлем бiрiншiлiгi жалауын көтермек. Гоян қаласына 100-ге жуық мемлекеттерден 600-ден астам сайдың тасындай сайыпқырандар өзара бақ сынаспақ.

Қазақ елiнiң ауыр атлеттерi соңғы 5-6 жылдың iшiнде толағай табыстарға жетiп үлгердi. Соңғы 5-6 жыл деуiмiздiң өзiндiк себебi бар, спорт жанкүйерлернiң есiнде болар, осыдан тоғыз жыл бұрын Сиднейде өткен олимпиада ойындары елiмiздiң ауыр атлетика құрамасы үшiн сәтсiз өттi. Жерлестерiмiз жүлдеге жете алмай елге ерте оралды. Сол кездерi спорт саласындағы басшыларды ауыр атлетиканың болашағы алаңдатты. Қалайда ауыр атлетиканың ахуалын көтеру керек деген мiндет қойды. Ойлана келе, федерация басшылығына Қайрат Болатұлы Тұрлыханов мырзаны лайық деп тауып бекiттi. Қазiргi күнi федерацияда Қайрат Болатұлы, Меңдiхан Тәпсiрұлы т.б осы саланың майталмандары бiрiгiп қызу жұмыстар атқаруда. Белгiлi бiр биiктiкке көтерiлiп, жақсы нәтиже шығару үшiн жағдай жасалу қажет. Бапкерлер мен спортшылардың еш алаңсыз жаттығу жасауына көп көңiл бөлу қажет. Ал, ондай жағдай жасау қыруар қаржыны талап етерi белгiлi. Осы төңiрегiнде көп ойланып, басы қатып жүргенде, ағамызға бiраз кәсiпкерлер қол созды. Құдайға шүкiр араға жылдар салып, бiртiндеп зiлтемiршiлерiмiз дүбiрлi додалардан олжамен орала бастады. Нәтижесiн өздерiңiз де көрiп жүрсiздер ғой. Қайсы бiр жарыстан ауыр атлеттерiмiз олжасыз келдi дегендi естiген ел бар ма екен? Құдай тiл көзден сақтасын, ауыр атлетиканың қарқыны қазiргi күнi халқымызды қуантуда. Әлi ыстық- суығы басыла қоймаған төрт жылдықтың төл спорт мерекесi Олимпида ойындарында қоржынымызды қомпайтқан да осы ауыр атлетика емес пе? Бейжiң олимпиадасына қатысу құқығына тоғыз бiрдей спортшымыз ие болды. Сол тоғызы аспанасты елiне аттанды. Барды. Олжалы оралды. Айды аспанға шығарды. Илья Ильин алтыннан алқа тақса, Алла Важенина мен Ирина Никрасова күмiске қол жеткiзiп, Мария Горобоведская қола жүлде алып елге еңселерiн тiк көтерiп қайтты. Көктемде жер жәннәтi Жетiсудың төрiнде яғни Талдықорған қаласында Азия чемпионатын өткiзу құқығына ие болып, оны аса жоғары деңгейде өткiздiк. Жетiсу төрiне Азия аумағына қарасты 28 мемлекеттен небiр сайдың тасындай сайыпқырандар бақ сынады. Бiздiң команда орасан зор табысқа кеңелдi, ересектер арасында өткен дүбiрлi додада 4 алтын, 3 қола медаль алып айды аспанға шығардық. Артынша жасөспiрiм зiлтемiршiлерiмiз Чианг Майға аттанды. Ол жерде 2010 жылы алғаш өткелi отырған жастар арасындағы тұңғыш Олимпиада ойындарының лицензиясы сарапқа салынған әлем бiрiншiлiгi өткен едi. Аталмыш жарысқа елiмiзден бақ сынауға аттанған саңлақтарымыз 1 алтын, 4 күмiс, 2 қола медальмен оралды. Маусым айында жастар құрамасы Румынияның астанасы Бухарестке жол тартты. Бұл елден жалғыз кiшi қола медальмен оралдық. Дүбiрлi дода алдында Қайрат Болатұлының пiкiрiн сұраған едiк. Туа бiткен болмысы өте салмақты, қашан да арық айтып, семiз шыққанды ұнататын Қайрат Болатұлы: «Бауырым, күнi бұрын не боларын бiз бiлмеймiз. Бiздiкi тек болжам ғана, негiзi дайындығымыз нашар емес. Халқымыздың сенiмiн орындауға тырысамыз. Алла қаласа, олжасыз келмеспiз. Ал, алдағы күнi не күтiп тұрғаны тiрi пендеге емес, тек бiр Аллаға ғана аян» деп қысқа қайырды. Рас, алдағы күн тек Аллаға ғана аян.

Бақтияр ҚАБАСОВ, ҚР Ауыр атлетика

федерациясының баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары