БАЛАҢЫЗ ТЕЛЕДИДАРҒА ТЕЛМIРГЕНДЕ... ТЕЛЕТУЫНДЫНЫҢ ТӘРБИЕЛIК МӘНI ЗОР БОЛСА ИГI

БАЛАҢЫЗ ТЕЛЕДИДАРҒА ТЕЛМIРГЕНДЕ... ТЕЛЕТУЫНДЫНЫҢ ТӘРБИЕЛIК МӘНI ЗОР БОЛСА ИГI

БАЛАҢЫЗ ТЕЛЕДИДАРҒА ТЕЛМIРГЕНДЕ... ТЕЛЕТУЫНДЫНЫҢ ТӘРБИЕЛIК МӘНI ЗОР БОЛСА ИГI
ашық дереккөзі
526

Адам өмiрiне енген жаңалықтың жақсы және жаман жақтары болатыны бар емес пе? Әңгiме ауанын кино және анимация өнерiне аударсақ. Қазақ кино түсiредi, тек қазақ емес, әлем кинематографтары бiрiнен бiрi асырып кино жасайды. Кино бiр күнде түсiрiлмейтiнiн ескерсек те, халыққа ұсынылған шағында сыннан бой көтермей қалады. Сын айту оңай, түсiру қиын екенiн бiлсек болар едi. Ал ең бастысы, кино арқылы адамға ой салады емес пе? Себебi оның өзi өмiрден алынған сценарий мен кейiпкерлер. Анимациялық фильмдер мен мультфильмдердiң тәлiмдiк мәнi зор. Әсiлi, жансыз графика мен анимацияны сөйлету оңай шаруа емес. Осындай голливудтық анимациялық фильмдер әлемдiк кинонарықты мойындатып отыр. Ендеше, соларға қысқаша тоқтала өтейiк.

Соңғы жылдары кинотеатр сахнасында мультфильмдер көбейдi. Бұлар тек балалар ғана көретiн анимациялық фильм емес. Үлкенi мен кiшiсi ортақ тамашалайтын көркем туындылар. Естерiңiзде болса, осыдан он шақты жыл бұрын «Арыстан патша» («Король Лев») атты мультфильмдi әке-шешемiзбен қатар отырып көргенiмiз бар. Сахарадағы арыстандар патшалығының өмiрi баяндалған анимациялық фильмде аң патшасы арыстанның өз күшiгi үшiн өлiм құшқанын көрiп, ерiксiз көзiңе жас аласың. Төрт аяқты мақұлық та баласына қамқор болады, соның өмiрi үшiн жанын қияды. Ал шынайы өмiрде кейбiр екiаяқты саналы пенделердiң айуаннан да қайырымсыз екенiн көргенде, iштей қынжыласың. Осы айуанның да баласы үшiн шыр-пыр болатынын мультфильм арқылы жеткiзе бiлген. Сонда бiзбен бiрге әке-шешемiздiң де қайғырып, аңдардың айқасы немен тынарын бiлгiсi кеп отырғанын байқағаным бар.

2005 жылы «Мадагаскар» анимациялық фильмiнiң бiрiншi бөлiмi жарыққа шықты. «DreamWork» кинокомпаниясының өнiмi, режиссерлерi – Эрик Дарнелл мен Том Макграт. Басты кейiпкерлерi – Алекс атты арыстан, Марти есiмдi зебра, Глория су сиыры және Мэлман керiгi. Қала өмiрiнен, яғни зообақтан жалыққан түз жануарлары туған мекенге сапар шегедi. Осы сапар барысында болатын қызықты оқиғаларда аңдардың мiнез-құлқы мен түйсiктерi жан-жақты ашылған. Адамның өзi килiгiп, зиянын тигiзбесе, олардың адаммен шаруасы жоқтығын көресiз. Нақтысын айтқанда, еңкейген кәрiден еңбектеген жасқа дейiнгiлердiң тегiс көзайымына айналған бұл мультфильм балалар ойлауындағы жануарлардың құбыжық еместiгiн, оларды қорғау керектiгiн тамаша суреттеген. «Қазақфильм» анимация өндiрiстiк бiрлестiгiнiң суретшiсi Ғали Мырзашев соңғы кездегi осы типтес мульфильмдерге қатысты былай деген едi: «Отбасымен ортақ тамашалайтын анимациялық фильмдер үлкен сұраныста екенi рас. Голливудтық «Pixar», «Disney» секiлдi кино-анимациялық студиялар шынайы нарық үшiн, яғни қоғам талабына сәйкес жұмыс iстейдi. Қазiргi таңда халықтың сұранысына осы анимациялық фильмдер ие. Кәсiби тұрғыдан алғанда (адамдардың түр-тұлғасы мүлде басқаша) келеңсiз тұстары болғанмен, олардың тәрбиелiк мәнi мен адамгершiлiк маңызы зор екенiн жоққа шығаруға болмайды. Осыдан соң неге «Қазақфильм» нарыққа жұмыс iстемейдi деген сұрақ туындауы мүмкiн. Мәселе тағы да қаражатқа тiреледi. Голливудтық киноалпауыттардың жүз жылдық тарихы бар. Олар қаншама жылдар бойы осыған бейiмделдi. Ал бiзде ендi ғана дамып келе жатқанын естен шығармаған абзал. Десе де, бөлiнген қаражатты пайдаланып «Ер Төстiк», «Сайғақ туралы» және «Қазақ елi» атты тарихи анимациялық фильм жасалып жатыр» деп «Қазақфильм» мен голливудтық киностудияларды салыстыруға келмейтiнiн айтты.

Тәрбиелiк мақсатта түсiрiлген анимациялық фильм жалғыз бұл емес, әрине. «Вэлиант: қауырсынды әскер» («Вэлиант: пернатый спецназ») мультфильмi құстардан құралған әскер тәртiбiнен сыр шертедi. II Дүниежүзiлiк соғыс кезiн сипаттайтын туындыда ұсақ құстар мен iрi бүркiт, лашын секiлдi құстар арасында да соғыс жүредi. Әскер қатарында құстың түр-түрi бар. Құстардың түрiне орай түрлi әскери бөлiмдерге бөлiнген. Бұл мультфильмнен бала халыққа деген патриоттық сезiмдi, әскери шендер мен жалпы әскери тәртiптi көрiп, бiлiп отыратын болады. Режиссёр Гэри Чепмен мультфильм премьерасында: «Бұл анимациялық фильмнiң жанрын отбасылық мультфильм деп атауға болады. Себебi балалар қимыл-қозғалыс пен жалт-жұлт еткен түстерiне үңiлсе, ата-аналар диалогтарына назар аударады екен» деген-дi. Бұл мультфильмдi талай достарым аузының суы құрып айтып жүрдi. Сол сияқты «Су асты бауырлары» («Подводные братва») атты мультфильм де осы санатқа жатады. Иә, бұл жерде су асты өмiрi терең суреттелiп, балықтардың күнделiктi қауiп-қатерi балалардың жанын баурап алады. Өз кезегiнде бұл да өте табысты да сәттi шыққан анимация. Себебi басты кейiпкерi балықтарды сөйлете отырып, адамдардың шын келбетi мен адамдар арасындағы қатыгездiк пен мейiрбандықты ашып отыр.

Бұдан да басқа баланың көзiн ашып, көкiрегiн ояту мақсатында жасалған анимациялық мультфильмдер жетерлiк. Солардың бiрi – халыққа тегiс таныс «Мұздықтар кезеңi» («Ледниковый период») 2002 жылы жарыққа шықты. Бұл мультфильмнiң сценарийi өте күрделi. Осыдан бәленбай мың жыл бұрын жер бетiн мұздықтар алып жатқанынан, жер бетiндегi жануарлар мен өсiмдiктер әлемiнiң қандай болғандығынан мәлiмет беретiн бiрден-бiр мультфильм. Басты кейiпкерлер – зiл, жалқау аң және барыс сол кездегi жануарлар тiршiлiгiнен мағлұмат бередi. Халықтың көңiлiнен шыққан бұл мультфильмнiң жалпы табысы 59 000 000 долларға жетiптi.

Жылтырағанның бәрi алтын емес. Жан-жануарлар туралы түсiрiлген дәм-сөлi жоқ анимациялық фильмдер де жеткiлiктi. Сондай-ақ азғындыққа итеретiн атыс-шабыс, басынан-аяғына дейiн бiтпейтiн қырғын соғысты мультфильмдер де баршылық. Мұндай өнiмдердi бала тұрмақ үлкендер де қарай алмайды. Олар жас ұрпаққа не тәрбие бередi? «Супермен» болып, елдi қырсаң, мықты боласың дегiсi келе ме? Сондай қатыгез мультфильмдер мен ойындардың әсерiнен жас балалар көшеде жақ-жақ болып атысып, аяушылық дегендi ұмытып жатады. Оған кiмдi кiнәларсың? Баласын теледидар алдына қалдырған ата-ана көбiне оның не көрiп отырғанына назар аудармайды. Қарапайым ғана мысал айталық, кабельдi теледидарда «Jetix» мультфильм арнасы үздiксiз хабар таратады. Бұл балалар арнасының ашылғанына 20 жыл болды. Ертеден кешке дейiн 24 сағат бойы тек мультфильм көрсетедi. Қандай дейсiз ғой: өзге планеталықтарды жайратып жатқан балалар – «Тимгалакси», жаумен жалғыз төбелесетiн тыңшы қыздар туралы – «Тотали спайс» тағысын тағы. Бұл туындылар балаға не үйретедi? Сол арнаны тамашалайтын балалардың көпшiлiгi «мәңгүртке» айналама деген қаупiмiз бар. Себебi «Jetixтiң» тұрақты көрерменiнiң ойынға да, сабаққа да, тамаққа да зауқы соқпайтынын байқаймыз. Жалпы, бала санасына нәр сiңдiруде анимациялық фильмдердiң маңызы зор екенiн ескерсек, балаларға телетуындыларды тек таңдап, талғап көрсеткен абзал.

Кезiнде «Союзмультфильмнiң» өнiмдерi достыққа, мейiрбандыққа, адамгершiлiк пен жақсылыққа үндейтiн. Мәселен, өзiмiзде әлi күнге дейiн қызыға қарайтын «Қасқыр мен қоян», «Простоквашина», «Винни Пух», «Бремен музыканттары», «Арыстан мен тасбақа» көрермендерiнiң қатары жыл санап көбеймесе, азайған емес. Қазiр де көруден жалықпайсың. Себебi адамдар мен жануарлардың суретiн айнытпай салып және тартымды түсiрiп, адамдық қасиеттердi насихаттау арқылы баулып, жануарлар арқылы адамдық жылулыққа шақыратын. Алайда қызылды-жасылды, мың құбылған жолақтардың жалт-жұлты кеңестiк мультфильмдердiң алдын орап әкеттi. Ал қазақ мультфильмдерiне келер болсақ, мағынасынан бұрын санын көбейтiп алайық. Десе де «Қазақфильмнiң» бұрынғы және кейiнгi жылдары түсiрiлген анимацияларының тәрбиелiк мәнi ешқашан жоғалған емес. Тек бiр өкiнiштiсi, көптеп түсiрiлсе екен.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары