ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН «ТАРАЗЫ»

ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН «ТАРАЗЫ»

ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН  «ТАРАЗЫ»
ашық дереккөзі
342

Мен теледидарға көп телмiретiндердiң бiрi емеспiн. Тiптi қарауға қолым тимейтiн, онша қызықпайтынмын да. Бағдарламалар да көңiлiмнен шыға бермейдi. Бiрақ, жұманың бiр кешiнде күтпеген жерден «Хабар» арнасынан «Таразы» бағдарламасын көзiм шалып қалды. Бұған дейiн «қазақ журналистикасы онша дамымаған», «бiздiң журналистер артта қалған», «мықты журналистер жоқтың қасы» сынды пiкiрлердi көп естiгесiн бе, студияда тұрған жалғыз жүргiзушiге сынай қарадым. Тағы қандай мәселенi «шешiп тастамақ» екен деген ой сап ете қалғанынша болған жоқ, сюжет басталып кеттi.

Мен күткендей болмады. Журналистiң сөз саптауы бөлек. Тың ақпараттар, әрi қызықты көрiнiстер. Қатты таң қалдым. Күнделiктi көрiп жүрген нәрселердi басқа қырынан таныта бiлу де өнер екен ғой. Тақырыптары тың әрi тартымды. Мысалы, 400-ден астам ұрпағы бар 120 жасқа келген Алтынай әженi көргенде қатты таң қалдым. Солтүстiктегi түрменi мәңгi мекен еткендердi көрiп жағамды ұстадым. Тұлғалардың бiз бiлмейтiн қырларын ашып жатады. Содан бастап үзбей көрiп келемiн.

«Таразының» басқа бағдарламалардан ерекше бiр қыры — әзiл мен зiл, сарап мен санақ қатар жүредi. Кез келген саланы қамтығандықтан аудиториясы кең, шендi шенеунiктен бесiктегi балаға дейiн қызыға тамашалайды десем қателеспеспiн.

Әсiресе, ортасындағы «Жұлдызды жұптар» бөлiмi тiптен қызық. Үлкен қызметтегi ағалар студияда ағынан жарылып, ақтарылады дейсiң. Соңында белгiлi әншiмен бiрге ән салғанда мәз болып, қосылып отырамыз.

Қателеспесем, менiң есебiмше «Таразы» бағдарламасының 100-iншi саны эфирге шығатын уақыт та таяп қалды. Осы уақытқа дейiн қамтылған нәрселер көңiлiмiзден шықты. Десек те, алдағы уақытта әлi де бағдарламадан сергектiк пен тапқырлықты, жедел әрi тартымды, тың жаңалықтар күтемiз. Ашылмаған сырлар, танылмаған қырлар әлi де көп болса керек. Эфирге қонақ болмаған, болғысы келмейтiн кейбiр ел ағалары бар деп естимiз. Алдағы уақытта оларды да көгiлдiр экраннан көрiп, көңiлiмiз бiр серпiлiп қалар деп үмiттенемiз. Редакция ұжымына алғысымыз шексiз, шабыттарыңыз шарықтай берсiн! Тақырыптарың таусылмасын, өзiңдi тағатсыз күтетiн көрерменге «көрерiн көп қылып» берерiң түгесiлмесiн, «Таразы»!

Айгүл МЫРЗАБЕКОВА

Серіктес жаңалықтары