ЕКI АЙДА 12 СЕРИЯ!

ЕКI АЙДА 12 СЕРИЯ!

ЕКI АЙДА 12 СЕРИЯ!
ашық дереккөзі
435

«Арман қала» сериалы Астана телеарнасынан көрсетiледi

Бәрекелдi! Отандық кино қоржынымыз тағы бiр телехикаямен толықты. Санаулы ғана телехикаяларымызды тiлге тиек етiп жүргенiмiзде, қазақстандық жаңа бiр киноның дүниеге келуi қазақ қауымын бiр қуантып тастады. «Қазақфильм» студиясы мен «Нұр-Медиа» холдингi, «ALDONGAR Productions» кинокомпаниясымен бiрлесiп 12 сериялы фильм түсiрдi.

«Арман қала» телехикаясы бiрнеше продюсердiң еңбегiмен дүниеге келдi. Ермек Аманшаев, Арманжан Байтасов, Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова – аталмыш жобаның продюсерлерi. Бұл телехикаяның жасалу барысында Ресей мен Украина, Оңтүстiк Корея мен Қытай киноөндiрiсiнiң тәжiрибесi негiзге алынған. Бiрақ бiздiң киноның батыстық тәрбие мен мәдениеттi дәрiптейтiн шытырман шетелдiк телехикаялардан ерекшелiгi жер мен көктей.

«Арман қала» деп аталатын телехикаяда әдеттегiдей әлеуметтiк өмiр бейнелерi кең суреттеледi. Өмiрдiң небiр шырғалаңдары мен шыңырауларынан аман өтiп, бақытты болашақ үшiн күресе бiлетiн адамдар туралы оқиға. Түсiнiктi болу үшiн айта кетелiк, «Арман қала» дегенiмiз Астана. Десе де оқиға барысы Астанамен шектелмейдi. Бұл картинада ару қала Алматы да аталмыш телехикаяға түсу мәртебесiне ие болыпты. Себебi басты кейiпкер Әлия Сәбитова өз арманына жету үшiн, бас қаламызға аттанады. Оқиға желiсi дәрiгер Әлияның өмiр белестерiмен өрбидi.

– Телехикаяның сценарийiн жазу барысында басты кейiпкердiң қандай болуы керек деген мәселеге бiраз бас қатырдық. Ойлана келе оның дәрiгер болуына тоқтадық. Себебi ол емге зәру науқастарының ауруына ғана емес, жеке өмiрiндегi келеңсiздiктерiне де көмектесе бiлген өжет жан. Жалпы телехикая әлеуметтiк өмiрдiң айнасы болғандықтан, адамдық қасиеттердi ашып көрсетуге барымызды салдық, – дейдi телехикая сценарисi Әлия Увальжанова. Телехикая жанры– мелодрама. Жаңа туындының негiзгi бағыты – қазақ мәдениетi мен ұлттық ерекшелiктерiн ұлықтап, кейiпкерлердiң шытырман тағдыры арқылы елiмiздiң экономикалық және қоғамдық өмiрiн ашық көрсетiп, әлеуметтiк мiндеттер мен адамгершiлiктi дәрiптейдi.

Әрбiр серияда жаңа кейiпкерлер мен жаңа проблемалар қосылып отырады. Шиеленiскен оқиғалы сценарий жазу оңай шаруа емес. Ендеше телехикая сценарийiн А.Кан, Г.Насыров, Л.Ирданова және Ә.Увальжановалардың ұлт мүддесiмен ұштастыра жазып шыққанын атап айтқан жөн.

– Қазiргi қауым ескi нәрседен шаршады. Ә десе, кеңестiк кезеңдi, иә ауылды түсiремiз. Сондықтан да бiз жаңа Астананы, елiмiздiң дамып келе жатқанын көрсеткiмiз келдi, – дейдi сценарий авторы Әлия Увальжанова. Расында, қала көркiне сән қосып тұрған зәулiм ғимараттар мен әсем құрылыстар картинада әдемi көрiнiс тапқан.

«Арман қаланың» түсiрiлiмi көпкөрiм қиыншылықтар тудырыпты. Бар-жоғы 4 айдың iшiнде 12 серияны әзiрлеу қазақ режиссерлерi үшiн қиынға соғатын көрiнедi. Жоба авторларының айтуынша, отандық режиссерлер қысқа мерзiм iшiнде көпсериялы кино түсiрiп көрмеген. Ресей тарапынан аталмыш телехикаяға бiрнеше сценарий ұсынылған, алайда жоба авторларының көңiлдерiне жол таппапты. Қазақ халқының тұрмыс-салты мен ұлттық құндылықтарын дәрiптеудi мақсат тұтқан жоба авторлары Эрнест Әбдiжапаровты арнайы шақырыпты. Қырғыз режиссерiнiң киноқоржынында көпсериялы кинолар болмаса да, бiрқатар қысқаметражды картиналары оған «Арман қаланы» түсiруге мүмкiндiк алып бердi.

– «Арман қалада» Қазақстанның бүгiнгi тiршiлiгiн көрсеткiмiз келдi. Қазiргi таңдағы шынайы жағдайы мен тұрмысын көрсете бiлдiк те. Менiң қолыма ұсынған дайын сценарийдi тiрiлту мәселесi бiраз қиынға соқты. Себебi сценарийдi өзiм жазып, өзiм түсiруге дағдыланған едiм. Ал «Арман қаланың» сценарийi басқа адамдардың қолымен жазылды, сондықтан олардың көзқарасы мен айтпақшы болған идеясын жеткiзу үшiн барымды салдым, – дейдi фильмнiң қоюшы-режиссерi Эрнест Әбдiжапаров.

Қандай да болмасын фильмнiң қызықты да тартымды шығуы түсiрушi топтан өзге рольдердi сомдаушы актерлерге тiкелей байланысты. «Арман қалаға» ұлттық киноөнерiнiң шолпандары Асанәлi Әшiмов, Лидия Кәденова, Меруерт Өтекешова, Меңтай Өтепбергенов, Владимир Толоконников, Болат Әбдiлманов секiлдi актерлер шақыртылды. Түсiру алаңында осындай актерлер құрамының қатысуы түсiрушiлер жұмысын бiршама жеңiлдетiп тастады. Телехикаяны 23-қарашадан бастап «Астана» телеарнасынан тамашалай аласыздар.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары