Әнуар СӘЙДЕНОВ: «БТА Банкi» МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МЕН ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

Әнуар СӘЙДЕНОВ: «БТА Банкi» МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МЕН ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

Әнуар СӘЙДЕНОВ: «БТА Банкi» МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МЕН ҰЛТТЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ
ашық дереккөзі

Жақында БТА АҚ-ның Басқарма төрағасы Әнуар Ғалимоллаұлы Сәйденов Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза-Әлiмен және бiр топ баспасөз өкiлдерiмен кездесiп, ортақ әңгiме-дүкен құрған болатын. Банкирмен әңгiме-сұхбатқа «БТА банкi» АҚ Департаментi директорының орынбасары Қасымхан Бегманов, «Қазақ газеттерi» ЖШС директоры Жұмабек Кенжалин, «Түркiстан» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары Ғалымжан Мелдеш, «Айқын» газетiнiң бас редакторының бiрiншi орынбасары Берiк Бейсенұлы, «Алаш айнасы» газетiнiң Экономика бөлiмiнiң редакторы Берiк Әшiмұлы қатысты. Кездесу аясында Қазақстан қаржы жүйесi мен мемлекеттiк тiл, мемлекеттiк саясат пен ұлттық әдебиетiмiзбен өнерiмiз жайлы жан-жақты әңгiме қозғалды.

Осы кездесуден соң Әнуар Ғалимоллаұлы «Түркiстан» газетiне арнайы сұхбат берген болатын.

— Әнуар Ғалимоллаұлы, бұған дейiн «Халық жинақтық банк» ААҚ басқарма төрағасы, Ұлттық банк төрағасы қызметтерiн абыройлы атқардыңыз. Бiрақ дәл қазiргi қызметiңiздiң жауапкершiлiгi басымдау сияқты. Жыл басында «БТА Банкi» басқарма төрағалығына тағайындалғанда, сiздiң «БТА Банкiнiң» Қазақстан банк саласындағы жетекшiлiк ролiн және ТМД-дағы жетекшi iрi қаржылық институттардың бiрi ретiндегi қалпын сақтап қалуы үшiн бар тәжiрибем мен қажыр-қайратымды саламын» дегенiңiз есiмiзде. Жасыратыны жоқ, «БТА Банкi» төңiрегiнде қазiр алып-қашты әңгiме көп. Банктiң салымшылары «БТА-ның» қатты тағдырына алаңдаулы. Қазiргi ахуалға түсiнiк берiңiзшi?

— Мен банк басшылығына келгелi тоғыз айдан асты. Қазақстан Үкiметi «БТА Банкi» акцияларының 78,14 пайызын «Самрұқ-Қазына» қоры арқылы сатып алғанын жақсы бiлесiздер. Мемлекет акцияны сатып алудан бастап, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының депозитi бойынша шамамен 7 миллиард доллар көлемiнде қаржы құйды. Бұл — Қазақстан Үкiметiнiң тарапынан жасалған Қазақстан қаржы жүйесiн қалыптастыруға арналған дұрыс шешiм болды деп ойлаймын. Осы уақыт iшiнде «БТА Банкiнiң» қалыпты жұмыс жүйесi бұзылған жоқ, өз тұтынушыларымызбен жұмыс жасауды жалғастырып, кредиторлар алдындағы мiндеттемелерiмiздi орындап келемiз. «БТА Банктiң» сыртқы қарызы пайызымен қосып есептегенде қаңтар айының басында 13,5 млрд доллар шамасында болатын. Қарызды қайтару ең бiрiншi рет бiрiншi тоқсанда жасалды. Ол 1,5-2 млрд доллар шамасындағы қаржы болатын.Ол тұста банктiң корпоративтiк есеп шотында ешқандай да қаржы жоқ болатын. Сондықтан мемлекет дер кезiнде көмек қолын созды деп есептеймiн. Бұны дұрыс бағалау керек. Банктiң ол тұстағы жағдайымен қазiргi жағдайы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бiз күндiз-түнi талмай жұмыс iстедiк. Жан-жақты iздендiк. Сан алуан жобаларды талқыладық. Сондықтанда оң нәтижелерге қол жеткiздiк.

— Банкке жаңа басшылық келгенде ендiгi басқару «жаңа саясат» бойынша жүргiзiлетiнi көп айтылды. Қазiргi жұмыс iстеу стилiнде қандай өзгерiстер бар?

— Қазiргi таңда банктiң негiзгi жұмысы iшкi тұтынушыларға бағытталып отыр. «БТА Банкiнiң» негiзгi тұтынушылары — шағын және орта бизнес өкiлдерi, корпоративтi тұтынушылар және Қазақстанда өмiр сүретiн, еңбек ететiн қарапайым азаматтар. Бiз осыған дейiн жүргiзiлген саясаттан өзгеше жолды таңдадық. Сондай-ақ қазiр жүргiзiп отырған саясатымыз, болып жатқан өзгерiстер туралы жұртшылыққа ашық айтып, жан-жақты түсiнiктеме жүргiзiп отыруға бел байладық. Өзiңiз шетiн шығарған алып-қашпа әңгiмелерге осылайша тосқауыл қоюға болады деп ойлаймын. Байқасаңыз, осы күндерi Банктiң Кредиторлар комитетiмен келiсiм жасағаны туралы республикалық БАҚ-тардың көпшiлiгiнде айтылып-жазылды. Алда да осындай жариялық ашық саясатты ұстанбақпыз.

— Ел iшiнде ресейлiк банк «БТА-ның» үлесiн сатып алады екен деген ақпарат тарағалы қашан. Осы жағдайға тоқталып өтсеңiз екен?

— Банктiң құрылымын қайта түзу рәсiмiн жан-жақты талдап қарағанда, бiр мезгiл iшiнде Ресейдiң Сбербанкiмен стратегиялық инвестор ретiнде келiссөздер әлi жүрiп жатыр. Ашығын бiрден айтайын, үлестi сату мәселесi «БТА Банкi» қарыздарын қайтару схемасын реттеп болған соң ғана жүзеге асады. Қазiргi уақытта Ресей Сбербанкi Қазақстанның банк секторының қаржылық жағдайын егжей-тегжейлi зерттеу үстiнде.

— Зейнетақы жинақтарындағы банктiң құнды қағаздары бойынша мәселенiң қалай шешiлетiндiгi жайлы айтып өтсеңiз екен?

— Қазақстан бойынша банк 932 миллион доллардың облигациясын сатылымға шығарғаны белгiлi. Әрине, оны жинақтаушы зейнетақы қорлары да сатып алған едi. Батыстағы кредиторларымыз келiссөз кезiнде бiздiң шығынымыз барлығына бiрдей жүруiн талап еттi. Сондықтан елiмiздiң iшкi қарызы бойынша да құрылымды қайта түзудi жүзеге асыруымызға тура келетiн тәрiздi. Бiрақ, жинақтаушы зейнетақы қорларының жағдайын қарастыруда мен басқа амалдарды қарастыратын шығармыз деп ойлаймын. Төлемдi кейiнге қалдырып, сыйақы ставкасын өзгерту арқылы… Әлi де жан-жақты талдаулар жасап, әбден ойлануымыз керек.

— Кредиторлар комитетiмен келiсiмге де тоқтала кетсеңiз.

— Жарты жылдан астам уақыт ұдайы келiссөздер мен талқылаулардан кейiн «БТА Банкi» халықаралық кредиторларымен өзара ымыраға келу бойынша келiсiмге қол қойды. Оны Қаржылық қадағалау жөнiндегi агенттiкке өткiзiп қойдық. Банк пен кредиторлар көзқарасында әлi де болса алшақтық бар. Соған қарамастан, «БТА Банкi» таяу уақытта дағдарысқа қарсы негiзгi iс-шараларды аяқтап, өз ұстанымдарын қалпына келтiрудi жоспарлап отырғанымызды айтқым келедi. Халықаралық сарапшылар бұл жұмыстарды игеруде БТА Банкi Қазақстан бойынша ғана емес, ТМД-ның да алдыңғы қатарына шығуына мүмкiндiгi бар екендiгi жөнiнде жақсы болжамдар жасап отырғандығы көңiлдi демейдi.

— Банктi қайта құрылымдау iсi қалай жүзеге асырылатын болады?

— Қайта құру бойынша бiз тараптармен бiр мәмiлеге келдiк. Ендiгi кезек — келiсiмге қол қою. Онда «БТА-ның» кредиторлар алдындағы мiндеттерiн қайта түзудi жүзеге асыру жөнiндегi нақты шарттар бекiтiледi. Егер қол қойылған Меморандум туралы толық айтатын болсақ, ол кредиторларға ешқандай құқықтық мiндеттер жүктемейдi. Құрылымды қайта түзу алдын ала келiсiлген белгiлi бiр шарттардың орындалуы барысында жүзеге асатын болады.

— Банк өзiнiң күнделiктi қызметi барысында қорланудың қандай көздерiне әзiрше арқа сүйейдi?

— Банкiнiң ағымдық қызмет деңгейiнде ұстанатын өзiнiң өтiмдiлiгi бар. Бiз бұл қайнар көздi пайдалануды жоспарлап отырмыз. Екiншi, қайта құрылымдаудың негiзiнде жатқан бiздiң бизнес-жоспарымыз бойынша, 2010 жылдан бастап банк табысты қызметке көшуi тиiс. Бұл қаржы жоспар арналып жасалған кезең iшiнде — 2014 жылға дейiн қуаттайтын болады. Бiзге ешқандай қосымша ресурстардың қажетi болмайды.

Тұтастай алғанда, «БТА-ның» 2014 жылға дейiн есептелген бизнес-жоспары ұйым қызметiндегi түбiрлi өзгерiстердi көздейдi. Iшiнара алғанда, жаңа топ-менеджмент бұрындары орын алғанындай зор қауiп-қатерлерге толы инвестицияларға негiзделген бей-берект өсудi емес, тұрақты табысты мақсат тұтады. Банк жұмыс стратегиясын бизнестiң барлық бағыттары бойынша өзгертедi. Мысалы, банк қазiр өз күштерiн отандық нарыққа шоғырландыруда. Банк несиелерiнiң портфелi әртараптандырылып өзгердi. Тәуекелдердi бағалаудың амалы да өзгердi: «БТА Банкi» — консервативтi банк.

— Бүгiнгi күнi көптеген елдер бiрiнен соң бiрi құлдыраудан шыққандықтарын мәлiмдеп жатыр. Сiздiң пайымдауыңыз бойынша, Қазақстан экономикасының жандануын қай кезден күтуге болады?

— Бұл жерде Қазақстан экономикасының құрылымына мән беру қажет. Экспортқа бағытталған шикiзат саласының маңызы зор. Қазiргi кезеңде кен өндiру және мұнай секторлары қайта жанданып жатыр. Бұл шикiзаттың әлемдiк бағасының өсуiмен байланысты. Бiрақ бұл жандану отандық экономикамыздың шикiзат емес саласына оншалықты әсер ете қойған жоқ. Бұл жағдайды өзгертуге мемлекеттiң ерiк-жiгерiнiң де шамасы жетпей отыр. Экономиканың өзге салаларында да оң әсерi болуы үшiн бұл iске бюджеттiк қордан қаржы бөлiнуi керек. Қазiр Үкiмет қолда бар қорды шикiзаттық емес салаларға құйып жатыр. Әр нәрсеге уақыт емшi, менiңше, экономиканың бiржола рецессиядан шығуын 2010 жылдан кейiн ғана күту керек деп ойлаймын.

— Отандық экономика әлемдiк экономикалық дағдарыстан қандай сабақ алды? Сiздiңше, уақыт өте бәрi бұрынғы қалпына түсе ме?

— Менiң ойымша, Үкiмет, реттеушi мекемелер, бизнес қауымдастығы да осы дағдарыстан қатаң сыннан өттi, әрине, дағдарыс олардың бәрi үшiн үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта банктер мен олардың несиелiк портфелiнiң өсуiне шек қойылады. Қандай тиiмдi экономикалық жағдай болған күннiң өзiнде де, осыдан бiраз жыл бұрын болған ипотекалық шу мен жылжымайтын мүлiкке бағаның күрт өсуiне қайтып оралмаймыз деп ойлаймын.

— Дағдарыстың жаңа толқынының туындау қаупi қаншалықты? Мысалы, қайтарылмай қалған несиелiк төлемдердiң санының артуына байланысты жағдайдың қайта ушығуы ммүкiн бе?

— Қазақстанда бұлай болуы мүмкiн емес сияқты. Қаржылық саланың сыртқы қарыз мәселесi оң шешiлсе, осылай болатынына өз басым қатты сенгiм келедi, бәрi орнына келiп, бiртiндеп реттеледi деп ойлаймын. Дағдарыстың үшiншi толқыны туралы сөз еткенде, көпшiлiк қауым сыртқы қарыздан үлкен борышы бар Ресейдi меңзейтiнi түсiнiктi. Шындығында да оларға төнiп тұрған қауiп көбiрек.

Егер әлемдiк экономика турасында сөз қозғар болсақ, үшiншi толқынның туу қаупi аз деп атап айтуға болады. Бұл жағымсыз құбылыстан «домино нәтижесi» құсап, толық сақтана аламыз деп кесiп те айта алмаймыз. АҚШ пен Еуропалық Орталық банк секiлдi монетарлық билiк өкiлдерiнiң дағдарыстың ушығу мүмкiндiгiн жоққа шығару үшiн бар күш-жiгерiн арнап отыр.

— «БТА банкi» ұлттық жобалардың жанашыры екенiн жақсы бiлемiз.

— Сұрағыңыздың төркiнiн түсiндiм. Былтыр ұйымдастырылған «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясын айтпақшысыз ғой?

— Иә.

— Мұндай жобаларды қолдау керек. Ұлттық идеяға үлес қосқан, тiптi ауқымы кең, тұтас Түркiстан идеясын көксеген Мұстафадай арда туған асыл азаматтарымызды зерттеуге, ұлтқа пайдасын, рухани азық әкелетiн жобаларға «БТА банкi» қашан да қолдау жасауға әзiр.

— Елiмiздегi экономикалық дағдарыс салдарынан несие алушылардың банктен алған қарызды уақытында қайтаруы қиынға соғып тұрған сияқты. Бұл тұрғыда не айтасыз?

— Несие тарату туралы айтқанда, бiз орта және шағын бизнестi, корпоративтi тұтынушыларды, жеке тұлғаларды несиелеуде неғұрлым оңтайлы саясат ұстануға тырысамыз. Бiрақ тұтынушының несиенi қайтару қабiлетi жан-жақты есепке алынатындығын айтуға тиiспiн. Бiз қазiр несие портфелiне қатты мән берiп отырмыз. Қазiр банк басшылығы басым бағыт ретiнде «пайызсыз табыс» деп аталатын бағытта жұмыс iстеуде, бұл — несиелiк және төлем карточкаларымен жұмыс iстеу. Сондай-ақ, кеден төлемдерi бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып кеткiм келедi, қазiргi таңда сыртқы экономикалық саудада төлемдердi карточка арқылы жасау мәселесi Кеден комитетiмен жан-жақты талқыланып жатыр.

— Қазақстан Үкiметi қабылдаған мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыруда «БТА Банкiне» артылған сенiм мол. Ал мемлекеттiк тiлдiң аясын кеңейтуге қосар үлестерiңiз қандай? Қазiргi таңда «БТА банкiнде» мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясы қандай?

— Жасыратыны жоқ, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясы қоғамымыздың кез келген саласында ақсап жатыр. Iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру мәселесiнде нақты iстен дақпырт көп екенiн көрiп отырмыз. Ал, «БТА банкiнiң» ұрандатып отырғаны шамалы. Бiзде мемлекеттiк тiлдi банктiң барлық құрылымдарына енгiзудiң стратегиясы жасалынды. Оның үстiне, банк iшiнде қызметкерлерге мемлекеттiк тiлдi әр түрлi топтарға бөлiп оқыту орталығы алдағы уақытта тұрақты жұмыс iстейтiн болады. Мемлекеттiк тiлдi банк iсiне енгiзу тобы құрылды. Бұл саламен арнайы айналысатын, тұрақты жалақы алатын қызметкер қызметке алынды. Қазiр банкте бұл бағытта нақты iстер атқарылып жатыр. Елiмiздiң болашағы мемлекеттiк тiлiмiзде екендiгiн мойындайтын мезгiл жеттi ғой деп ойлаймын. Өз басым уақыттың тапшылығына, тағы басқа да толып жатқан себептерге қарамастан, ана тiлiмдi терең меңгеруге күш-жiгерiмдi жұмсап жүрмiн. Тәуелсiз мемлекеттiң өз тiлi, өз туы, өз ақшасы, өз әнұраны болуы керектiгiн қалай болғанда да ұмытпағанымыз жөн. Ол туралы Елбасымыз да үнемi айтып келе жатыр. Әрине, мұнымен жауырды жаба тоқудан аулақпыз. Бұл бағытта бiздiң банкте әлi де атқаратын шаруа көп деп ойлаймын.

— Мәскеудiң Ломоносов атындағы Мемлекеттiк университетiн, сосын Лондон университетiн бiтiргенiңiздi жақсы бiлемiз. Әсiресе, осы Лондон университетiнде «Чевинг» стипендиясымен оқығаныңызды естiгенде, жасыратыны жоқ, таң қалдық. Бұл Ұлыбританияның Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдiк студенттерге беретiн арнайы стипендиясы ғой. Екi елдiң оқу жүйесiнде едәуiр айырмашылық бар шығар?

— Ұлыбритания бәсекемен дамып отырған ел. Қайталап айтайын, тек бәсекемен. Кейбiреулер бәсеке мен бақталастықтың ара жiгiн ажырата алмай қалады. Таңғажайып Лондон қаласы да сол бәсекеге толы қайнаған өмiрiмен қызықты. «Чевинг» стипендиясы — екiнiң бiрiнiң қолына түсе бермейтiн олжа. Мәскеу университетiнде алған бiлiмiм сол бәсекеге қабiлеттi болуыма үлкен алғышарт жасады десем, қателеспеспiн. Ал, студенттiк өмiрiм үнемi оқу-тоқумен өттi. Оның үстiне, әйгiлi Британ галлереясы, Тюссо ханымның мұражайы секiлдi көптеген мәдени ошақтар да дүниетанымымызды кеңейтуге көп әсерiн тигiздi.

— Өткенде бiлiм және ғылым министрi 25000 қазақ жастары шетелдiк ЖОО-ларда оқып жүр деп мәлiмдедi. Президенттiң «Болашақ» стипендиясы арқылы жыл сайын 3000 студенттi шетелдердiң жетекшi оқу орындарында оқытып жатырмыз. Дегенмен, жастарды шетелде оқытуға кейбiр кiсiлер қарсылық бiлдiрiп жүр. Осы көзқарасқа тойтарыс беретiн дәлел ретiнде сiздiң Лондонда бiлiм алуыңызды айтсақ та жететiн сияқты. Жастарды шетелде оқытудың артықшылықтары мен кемшiлiктерi туралы не айтасыз?

— Қазақ жастарының шетелдерде бiлiм алғаны дұрыс. Бiрақ оның нормативтi шарттарын айқындап алған жөн сияқты. Мәселен, мемлекеттiң арнайы грантымен де, Еуропада, Америкада, Азия мемлекеттерiнде тәлiм алып жүрген жастар болашақта еңбек ету арқылы олардың бiлiм алуына жұмсалған мол қаражат шығынының қайтарымын жасау керек. Оқу орындарының түсiн түстеп, рейтингi жөнiнде айтпай-ақ қоялық, қазiр шетелдерде оқып, тәжiрибе жинақтаудың, бiлiмдi молайтудың бар мүмкiндiктерi жасалынған. Әсiресе, тренингтiк жобалар, мастер-класс үлгiсiмен берiлетiн сабақтардың орны бөлек. Мәселе осыны кiм оқып жатқандығында. Елiме пайдамды тигiзейiн, жинап-тергенiмдi өнiм етейiн деген жастар болса бiрсәрi, жоқ, шетелдiң қызылды-жасылды жылтыраған қызықтарына тоймай, сол жақты пана еткiсi келетiндер жайында әңгiме мүлде басқа.

— Жұртшылық сiздiң футболды жақсы ойнайтыныңыздан құлағдар. Спорттың басқа қай түрiн жақсы көресiз?

— Университет қабырғасында жүргенде замандастарымызбен доп ойнайтынбыз. Теннистi де бiр кiсiдей ойнадық. Бiрақ соңғы уақытта уақыттың тапшылығынан оның бәрiнен қол үзiп қалдық қой. Дегенмен, қолымыз қалт еткенде, үлкен теннис кортына барып, жастық шағымызды еске түсiрiп тұрамыз. Оқтын-оқтын таза ауада жүгiрудi де ұнатамын. Көркем әдебиеттi оқығанды, ойлы мағыналы әндердi тыңдағанды ұнатамын. Бiрақ таңның атысы, күннiң батысы қызметтемiз. Сенiп тапсырылған жауапкершiлiгi аса жоғары қызметтен қолымыз тие бермейтiнi өте өкiнiштi. Елiмiздiң экономикасын дамыта түсуге, туған халқымыздың тұрмысын арттыруға тамшыдай болса да өз үлесiмiздi қоса алсақ түпкi мақсатымыздың орындалғаны ғой деп ойлаймын. Осыған алған бiлiмiмiздi, қызметтiң алуан түрлi баспалдақтарында жиған тәжiрибемiздi мемлекет мүддесi, халық игiлiгi үшiн тиiмдi жұмсай алсаң, азаматтың арманы орындалғаны емес пе?!

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Ғалымжан МЕЛДЕШ