ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙ ӨЗ ТҰҒЫРЫНА ҚОНУЫ КЕРЕК!

ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙ ӨЗ ТҰҒЫРЫНА ҚОНУЫ КЕРЕК!

ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙ ӨЗ ТҰҒЫРЫНА ҚОНУЫ КЕРЕК!
ашық дереккөзі

Қоғамда Қазақ хандығының негiзiн қалаған екi ерен тұлғамыз — Жәнiбек пен Керей хан ескерткiшiнiң қаладан шеткерi жерде қараусыз қалуы төңiрегiнде түрлi әңгiмелер өрбiп жатыр. Бұл мәселеге байланысты Abai.kz ақпараттық порталында арнайы ашық хат жарияланып, оған елiмiздегi БАҚ өкiлдерi, газет редакторлары, тiптi, аймақтағы зиялы қауым өкiлдерi түгелдей дерлiк қолдап, қол қойып үлгердi.

Мұндағы көзделген мақсат — Қазақ мемлекетiнiң iргетасын қалаған хандар ескерткiшiнiң өз тұғырлы жерiнде тұруы. Тәуелсiздiкке жол салып берген рухты, намысты батырларды қалай дәрiптеп жүрмiз? Келешек ұрпақтың санасына Жәнiбек пен Керей ханның тұлғалық сұлбасын қалай сiңiрiп келемiз? Мiне, алаң жұрттың жаны күйетiн тұсы да осы. Шынында да, әр мемлекет өз тарихын сол мемлекет үшiн қасықтап қанын төгiп, соңғы демi үзiлгенше күрескен батырлары арқылы жасайды. Олардың өшпес ерлiгiн тарихтың ақтаңдақ беттерiнде ашып көрсетiп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие арқылы сiңiруге келгенде жандәрмен күйде кiрiседi. Мәселен, былтыр Эстония мемлекетi ескерткiштерге байланысты тәртiптi орнатуды қолға алғанда, бұл шара көршiсi — Ресейдiң шамына тиiп кетiп едi. Ресей мен Эстония арасындағы жағдайдың ушыққанын былай қойғанда, Эстония парламентi «Әскери заттарды қорғау туралы» Заңды қабылдағаны сол екен, Ресей Думасының бәзбiр депутаттары: «Бiз бұған қарсы жылдам әрi қатаң iс-шаралар қолдануымыз керек» деп байбалам салды. Себебi, бұл Заң соғыс жылдарынан қалған ескерткiштер мен зираттарды жүйеге келтiрiп, мемлекет қарауына алуға, Таллиннiң орталығындағы Екiншi дүниежүзiлiк соғыста қаза тапқан ондаған мың адам көмiлген зират пен Қола солдатының ескерткiшiн басқа орынға көшiруге мүмкiндiк берген-тұғын. Алайда, әскери зираттар мен ескерткiштi көшiру тiкелей Эстония мемлекетiнiң құзырындағы шаруа болса да, ресейлiктер соған қарсы әрекет жасау үшiн жанын салды. Тiптi, сол кезде елiмiздiң бiр телеарнасының «Эстонияда әдiлетсiздiкке жол берiлдi. Ондағы әскери зираттардың басқа орындарға көшiрiлуi тарихқа қиянат. Егер Қазақстан өзiн зайырлы, өркениетке сай мемлекет ретiнде санаса, әлгi зиратқа көмiлген солдаттардың мәйiтiн бiздiң елге әкелiп көму керек» деген сөздi жастардың аузынан сөйлеткенi бар. Ал, елiмiздiң Елордасы – Астананың қақ төрiнде, «Қазақ елi» монументiнде тұруы тиiс Жәнiбек пен Керей ханның ескерткiшiнiң айдалада қараусыз қалуына келгенде билiк жұмған аузын ашпады. Әншейiнде саяси сахнада көрiнiп қалуға құштар зиялы қауым өкiлдерi, тарихты қағаз бетiне түсiрiп жүрген арқалы қаламгер ағаларымыз басын бұғып қалды. Кейде болмашы жайтты күрделi мәселеге айналдырғыш Парламент депутаттары да бұл жолы бей-жай қарады. Сонда бұл ненi көрсетедi? Әйтеуiр қазақтiлдi баспасөз бен кейбiр телеарналар жан-жақтан шырылдап айтып, жазып жатса да, естiр құлақ болмаған сияқты. Қазақ «Тыңдаушысы жоқ болса, сөз — жетiм» деушi едi, қазақ баспасөзi тура осы жетiмдiктi кешкендей болды.

Әрине, билiк үнсiз қалды деп, қол қусырып отырған ешкiм жоқ. Керiсiнше, бұл мәселенiң iзiн суытпай шешу үшiн қол жинап, үн қосып жатқан азаматтар баршылық. Кеше Болатхан Тайжан Қорының президентi Мұхтар Тайжан мен «Алтынбек Сәрсенбайұлының Қоры» Қоғамдық қорының жетекшiсi Айдос Сарым бастаған топ арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, Қазақ хандығының негiзiн қалаушылар — Жәнiбек пен Керей ескерткiштерi төңiрегiндегi жағдай мен тарихи әдiлеттiлiктi қалпына келтiру жолындағы қолға алып жатқан әрекеттерi жайлы баяндап бердi. Басқосу барысында Abai.kz ақпаратттық порталында жүргiзiлген интернет-акцияның қорытындысы жөнiнде мәлiмет берiлдi. Жәнiбек пен Керей хандарға ескерткiш орнату қажеттiгi жөнiндегi Ашық үндеу аясындағы акцияны өткiзу басталғаннан бергi он күннiң iшiнде 600-ге жуық адам қол қойған. Интернет-акцияның қорытындысы тиiстi хат түрiнде толтырылып, мемлекеттiк мекемелердiң мекен-жайы Астана қаласына жолданған. Бiле бiлсек, мұның астарында қазақ жұртына, қазақ жастарына ауадай қажеттi көп iс бар. Ұлттық тарихты насихаттаудың, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудiң, Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерiн мәңгi есте қалдыру мiндеттерi бүкiл қоғамның қасиеттi борышы. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Қазақ хандығының негiзiн қалаушылардың ескерткiшiне байланысты жағымсыз жәйттiң жабық күйде қалып отырғандығы құпия әрекеттердiң нәтижесi деп бiледi. Шенеунiктердiң өздерiне шектен тыс сенiмдiлiгi, ұлттық тарихи жадымызды насихаттау мәселелерiн монополияландыруға тырысулары басқа елге күлкi болатын жағдайға әкеп жатқандығын жасырмайды. «Әрине, бiз кiнәлiлердi iздеп тауып, оларды жазалауға ұмтылмаймыз. Қазақ хандығының негiзiн қалаушылардың ескерткiшiн дайындау мен Астана қаласына жеткiзуге бюджеттен бөлiнген қаржы шығындалған екен, ендеше оларға Елордамыздың төрiнен лайықты да қолайлы орын тауып, өз тұғырына орнату керек», — дейдi «Болатхан Тайжан Қорының» президентi Мұхтар Тайжан. Сондай-ақ, басқосуға мұрындық жасаушылар: «Егер билiк ескерткiштердi орналастыруға қажеттi қаражат таба алмайтын болса, онда бұл мiндеттердi азаматтық қоғам өзi шеше алады.

Тiптi, қаржы дағдарысына қарамастан, ұлттық бизнес өкiлдерi мен азаматтық қоғам мемлекетке қаржылай және басқалай көмек көрсетуге, яғни, қаражат жинауды ұйымдастыруға дайын. Астана қаласының басшылығы ескерткiштi орнататын жердi дәл анықтап, тұғыртас жөнiндегi сәулеттiк және авторлық құқық мәселесiн шешсе болғаны» деген талап қойды. Ал, бiздiң тарапымыздан «Бұл қолға алып жатқан iс-шараларыңыз жөнiнде Президент әкiмшiлiгi хабардар ма?» деген сауалға саясаттанушы Айдос Сарым: «Бәрi бiледi, бiрақ бiлмегенсидi. Елбасыға қойылатын сұрақтардың iшiнде 20 шақтысы осы хандардың ескерткiшi жөнiнде екен. Дегенмен, бұлар қатардағы сұрақтар тiзiмiнен алып тасталыпты. Оның нақтысын Елбасымен өтетiн тiкелей эфирде бiлетiн боламыз» деп жауап бердi.

Бүгiннен бастап «Болатхан Тайжан Қорының» есебiне жаңа есеп-шот ашылды. Қазақтың бiртуар хандары өз орнына орнықсын десеңiз, осы есеп-шотқа ақша аударуыңызға әбден болады. Abai.kz ақпараттық порталында арнайы бет ашылып, онда аталған есепке түсiп жатқан ақшаның мөлшерi мен салымшылар жөнiнде және қаржының қалай жұмсалып жатқаны туралы барлық мәлiметтер тұрақты жарияланып тұрады. Оны Қор басшысы тiкелей өз жауапкершiлiгiне алмақ. Бұл мәселе бойынша қалыптаса бастаған қоғамдық пiкiрге қарсы бағыт ұстанбау жөнiнде ұсыныс айтылып, үндеу тасталды. Айтпақшы, Жәнiбек пен Керей ханның ескерткiшi жөнiндегi мәселе жастар ұйымдары арасында да көтерiлдi. Дәл күнi кеше «Арман», «Абырой» және «Ел болашағы» қозғалыстарының жастары да наразылықтарын бiлдiрiп, елiн, жерiн жаулардан қорғаған хандарымыздың мүсiнi Астана төрiнен орын таппағанша, күресетiндiктерiн бiлдiрдi. «Бiздiң талабымыз белгiленген уақытта орындалмайтын болса, жаңадан құрылған қоғамдық комиссия нақты қадамдарға барады» дейдi олар. Бүкiл Қазақтың арманы осы. Бұған билiк селт етпесе, ол билiкке сын.

Болатхан Тайжан Қорының деректемелерi:

РНН 600900618175

ИИК 001700140 В «Темiрбанк» АҚ теңге

ИИК 216070377 АҚШ доллары

БИК 190501793

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ