«МАЙҚАНОВА АПАЙДЫҢ» МЕРЕЙТОЙЫ ЖЕТIМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫНДАЙ ӨТТI

«МАЙҚАНОВА АПАЙДЫҢ» МЕРЕЙТОЙЫ ЖЕТIМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫНДАЙ ӨТТI

«МАЙҚАНОВА АПАЙДЫҢ» МЕРЕЙТОЙЫ ЖЕТIМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫНДАЙ ӨТТI
ашық дереккөзі

Әуелде Кино үйiнде ине шаншар орын болмайтын шығар деп ойлағам. Есiк алдынан абыр-сабыры шығып, ерсiлi-қарсылы жүрген адамдарды көре алғам жоқ. Қалдаяқов көшесiнiң бойында орналасқан Кино үйiнiң маңайы тым-тырыс. Басталып қойды ма дейiн десем, кештiң басталуына жарты сағаттай уақыт бар. Тәуекел, не де болса, iшке кiрейiн деп, Кино үйiнiң есiгiн аштым…

Iшке енгенiмде бес-алты адамның қоршауында тұрған Рая апаны көрдiм. Өзi сұлу әйел тiптен құлпырып кетiптi. Үстiне киген көйлегi тiптен жарасып тұр. Әлемнiң небiр танымал жұлдыздары Рая апаның сұлулығының жанында жiп есе алмай қалатындай. Менiң қарсы алдымда ғажап актриса тұр едi… Залға жиналған қауымның iшiнде өңшең ығай мен сығайды кездестiре алғаным жоқ. Рая апаны жақсы көретiн достары, өнердегi әрiптес iнi-сiңлiлерi жүр. Кештi ұйымдастырған Қазақстан Кинематографистер одағы екен. Одақ басшысы Игорь Вовнянко ғана жүгiрiп жүрiп, қызмет атқарып жүр. Кеш басталды. Әр-әр жерден кешке арнайы келген меймандар бiрiнен соң, бiрi шығып, құттықтау лебiздерiн бiлдiрiп жатты. Әйтеуiр, бiр қуанғанымыз Алматы қалалық мәдениет басқармасынан арнайы өкiлдер келiп, Рая апайдың иығына қамзол жапты. «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының президентi Ермек Аманшаевтың құттықтауын жазушы Дидар Амантай жеткiздi. Айтпақшы, Раиса Мұхамедиярова-Мүсiрепованың тойына Дариға апа Тiнәлина арнайы келiптi. Тоқсанның төрiне шыққан апа өнердегi қанаттас сiңлiсiнiң тойына сөз маржанын арнады. Дариға апаның сөзi көпшiлiктi ойға қалдырды, көпшiлiктiң көзiне жас алдырды. «Модель болып жүрген Софи Лорендi италиялықтар кино өнерiне алып келген екен. Қазiр Софи Лорен десе, бүкiл Италия көз алдыңа келедi. Ал, бiз Софи Лореннен кем түспейтiн Раисаны үйiнде отырғызып қойдық. Раиса ашылған жоқ. Ашуымыз керек едi» дедi Дариға апа. Дариға апаның жан-айғайының да жаны бар. Қазақ кино өнерiнiң алтын ғасыры саналатын 60-шы жылдардағы дүниеге келген фильмдерде ойнаған актер-актрисаларымыздың бәрi шоқтығы биiк тұлғалар едi. Қазақ кино өнерiнiң тарихына қайталанбас дүние ұсынған сол бейнелердi бiз шын мәнiнде қадiрлей алдық па? Қадiрлей алсақ, қайда жүр сол адамдар? Еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн сүйiп көретiн «Менiң атым Қожа» фильмiндегi мұғалiм Майқанова ғой Рая апа бiз үшiн… Алыс Америкадан мұхит асып жеткен Абдолла Қарсақбаевтың ұлы актрисаны құттықтау сәтiнде: «Америкадағы қазақстандық эмигранттардың бәрi мұғалiм Майқанова бейнесiн жақсы көредi. Олар үшiн ұстаз атаулы Майқанованың бейнесi сияқты елестейдi. Оларға «Менiң атым Қожа» фильмi Қожамен, Сұлтанмен, Оспан ағаймен, Майқанова апаймен қымбат» дедi. Анасының мерейтойында сөз алған актрисаның қызы Гүлнәрдiң сөзiн көзiмiзге жас алмай тыңдау мүмкiн емес едi. «Сiздердiң, яғни өнер адамдарының тағдыры қиын болады екен. Рая апай бiз үшiн мейрiмдi жан, аяулы ана ғана емес, ол — актриса… Ол кiсiнiң екiншi тағдыры бар. Ол — өнер. Ол өнерсiз өмiр сүре алмайды. Шығармашылық адамын өнерсiз қалай үйқамақта ұстауға болады. Менiң анам да өмiрбойы өнерiм деп жүрген адам. Ол кiсiнi өнерсiз елестету мүмкiн емес. Ол да өзiн театрсыз, киностудияның сахнасынсыз елестете алмайды» дедi. «Еркектiң сұлулығы – ақылында, әйелдiң ақылы – сұлулығында» дедi белгiлi актер Ерiк Жолжақсынов Рая апай туралы. Ендеше, төрде отырған ғажап әйелдiң, сымбатты актрисаның сұлулығы оның өнерiмен тығыз байланысты емес пе? Жиырма бес жылға жуық уақыт үйде отырып қалған, ешкiм де iздемеген, ешқандай фильмге шақырылмаған актрисаның халiн өзiнен басқа кiм ұғады? Жарайды, тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары қазақ киносында сүбелi фильм түсiрiлмедi делiк, бiрақ, театрдың, яғни өзi талай бейнелердi сомдаған Жастар театрының сахнасы бар емес пе? Ендеше, неге сол театр өз «Ұлпанын» iздемейдi?! Тiптi, бiз мерейтой күнi театр ұжымын көре алмағанымызға iштей қынжылдық. «Менiң әлi айтылмаған әнiм бар…Айтылмаған соңғы әнiмдi айтқым келедi… Маған да соңғы әнiмдi айтқызатын мүмкiндiк туар» дедi Рая Мұхамедиярова өз сөзiнде… Соңғы ән… Жүрекке ауыр тиедi. Бiрақ, актриса бұл сөздi шарасыздықтан айтып отырғандай көрiндi бiзге… Себебi, актрисаның бiр емес, әлi де бiрнеше фильмде немесе бiрнеше спектакльде ойнауға қабiлет-қарымы жетедi. Тек, оны көрер көз, естiр құлақ болса…. Әлемде танымал актрисаларға, танымал өнер жұлдыздарына арнап, арнайы қойылым дайындайды екен. Тiптi, Дариға апа мысалға келтiрген Софи Лорен 76-ға келiп қалса да, әлi өнер тағынан түсе қойған жоқ. Оны бүткiл Италия құрмет тұтады. Бүткiл Италия ғана емес, әлем Софи Лоренге басын иедi. Ал, бiзде ше?… Талай таланттар қор болып, өмiрден өттi. Олар өзi отырған биiгiнен төмендеген жоқ, бiрақ, ол биiктi қадiрлей алмаған бiздiң кiнәмiз… Жарқ еттi де жоқ болған жандар қаншама… Ендеше, неге бiз Рая Мұхамедиярова-Мүсiреповаға әнiн айтуға мүмкiндiк бермеймiз?..

Гүлзина Бектасова