ЖАРЫҚ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
ЖАРЫҚ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
Жыл басынан берi Қазақстандағы электр қуатының бағасы орташа есеппен алғанда, 40-50 пайызға қымбаттаған. Отандық тұтынушыларды жарықпен қамтамасыз ететiн кәсiпорындар пайдаланылған жарық көлемiн есептеу кезiнде қарапайым тұтынушының құқығын аяққа жиi таптайды.
ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң деректерiне сүйенсек, үстiмiздегi жылдың қазанында коммуналдық қызметтер саласында бағаның өсуi: орталықтандырылған жылу жүйесi – 3 пайыз, суық су – 2,3 пайыз, ыстық су – 1,7 пайыз, электр қуаты 0,3 пайызға өскен. Мәжiлiстегi үкiметтiк сағатта «Дағдарысқа қарсы шаралар мен жарықты үнемдеу жайында» тақырыбына баяндама жасаған ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi агенттiк (ТМРА) төрағасы Нұрлан Алдабергенов жарық құнының артуын электр стансаларындағы қымбатшылықпен байланыстырды. Яғни, 2009 жылдың 1- қаңтарынан бастап «ҚР Электрэнергетика туралы» Заңға сәйкес, электр стансалары еркiн тәртiпте жұмыс iстейтiндiктен, тарифтер ҚР Үкiметi бекiтiп берген шеңберде еркiн тағайындалады. Мәселен, Екiбастұз ГРЭС-1 үстiмiздегi жылдың басынан берi тұтынушыларына бағаны 71 пайызға өсiрсе, Жамбыл ГРЭС-i жарық құнын 40 пайызға дейiн көтерген. Елiмiздегi стансалардағы қымбатшылық орташа есеппен алғанда, 40-50 пайыздың төңiрегiнде. Алдабергеновтiң айтуынша, кезiнде заң қабылданар кезде тарифтер өсiмiн 69 млрд. теңге көлемiндегi инвестиция есебiнен жабу көзделген көрiнедi. Жарық бағасының көтерiлуiне негiзгi себеп – осы.
Жылу энергиясын тұтыну деңгейiн бақылау мақсатында, Агенттiк жыл сайын тексеру жұмыстарын жүргiзiп, жылуды пайдаланудың нормативi мен нақты тұтынуын сарапқа салып отырады. Соңғы кездерi ауа райының жылынуы елiмiздегi жылу энергиясын үнемдеуде. Демек, ТМРА жылуға төленетiн ақыны ауа райына байланысты түзетiп отырады. Осының арқасында, үстiмiздегi жылы Агенттiк Қазақстан бойынша 850 млн. теңгенi үнемдеген. Оның iшiнде, Алматыда – 260 млн. теңге, Астанада – 306 млн. теңге.
Депутаттар қауымы халықты жарықпен қамтамасыз ету мәселесiнде тарифтiк бағамдауды дифференциалды түрде жүзеге асыруға да көңiл бөлдi. Е.Капельдiң дифференциалдық тарифтi енгiзудiң тұтынушыға әсерi қаншалықты болды? Бұл тұтыну көлемiне айтарлықтай ықпал еткенiн бiз көз жеткiздiк. Бұл максималды және минималды тариф арасындағы айырмашылықты жойып жiбермей ме?» деген сауалына Н.Алдабергенов дифференциалды тарифтiң тұтынушыларға пайдалы екендiгiн және ақшаны үнемдеуге жағдай жасайтынын көлденең тартты. Былтыр жарықты пайдалану тәулiктiк тұтынуға қарай енгiзiлсе, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн тұтыну көлемiне қарай бағалау iске қосылмақ. Бұдан түсетiн пайда – жарық пен ақша барынша үнемделедi. Мысалы, осының арқасында бiр ғана Алматы қаласында шамамен 108 млн. теңге үнемделген. Көлемге қатысты тәсiлде де болжам бойынша Астана қаласында – 43 млн., Алматыда 240 млн. теңгеден астам қаражат ысырап болмайды. Сонымен қатар жарықпен қамтамасыз етудегi қысымды реттеу, электр қуатын үздiксiз де кедергiсiз жеткiзу сияқты техникалық мәселелердi де шешу қажет. Табиғи монополияларды реттеуге мiндеттi органның басшысына депутаттар көпқабатты үйлердегi лифт, қоқыс шығару сияқты қызметтердi монополиялап алған мекемелердiң кесiрiнен коммуналдық төлемдер қағазындағы баға өсiмi 800-3000 теңгеге дейiн көтерiлгенiн көлденең тартты. Әсiресе, лифтiге қатысты дабыл қаққан В.Нехорошев Құрылыс iстерi жөнiндегi агенттiк пен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бiрлесе отырып, көпқабатты үйлердiң көпшiлiгiнде жұмыс iстемейтiн лифтiлердiң проблемасын шешуге шақырды.
Н.Алдабергеновтiң мәлiмдеуiнше, 2009 жылдың басынан берi Агенттiк республикалық бюджетке 165,6 млн. теңге көлемiнде айыппұл ретiнде төленген қаржының құйылуына ықпал еткен. Оның iшiнде, 86 млн. теңгесi – табиғи монополиялар субъектiлерiнiң дерек беруде жiберген заң бұзушылықтарына сәйкес, 27 млн. теңге – кәсiби талаптардың бұзылуы (қазiргi кезде ТМРА электр қуатын, жылу, газ өндiру, темiр жол, темiр жол транспорты арқылы жолаушыларды тасымалдау салаларына қатысты кәсiпорындарға лицензия беруге құзырлы), 51 млн. теңге – баға қалыптастыруда жiберiлген кемшiлiктер мен әкiмшiлiк тұрғыдағы заң бұзушылықтарға қатысты төленген.
Үстiмiздегi жылдың алғашқы айынан берi электр стансаларына 69 млрд. теңгеге жуық еркiн инвестиция құйылған. Оның iшiнде, ГРЭС-1-ге – 8 млрд. теңге, ГРЭС-2-ге – 4,5 млрд. теңге, Еуразиялық энергетикалық компанияға – 16 млрд. теңге. Қалған стансаларға 2 мен 5 млрд. теңге көлемiнде қаржы бөлiнген. Бүгiнде тұтынушылар тiзiмiне енбей қалған стансаларға жекелеген тарифтер бекiтiлмек. Ал құрылысы аяқталмаған стансалар үшiн есептiк тарифтер қолданылады. Осы мақсатта, мемлекет тарапынан жаңа су-электр стансаларын iске қосу шаралары қарастырылуда. Ал жарық пен жылу компанияларының жиi көлденең тартатын «құрал-жабдықтардың әбден тозығы жетуiне» келсек, Алдабергенов мырза кәсiпорындарға тиесiлi құралдардың 60-70 пайызы ескiргенiн айтады. Оларды жаңа әрi заманауи құралдарға ауыстыру үшiн мемлекет инвестиция тарту мәселесiн күн тәртiбiне шығарды. Ресми деректерге сүйенсек, электроэнергетика саласына бөлiнетiн 106 млрд. теңгенiң 69 млрд. теңгесi – стансаларға, ал қалған 50 млрд. теңгеге жуығы жарықпен қамтамасыз етуге арналған.
Кейiнгi кездерi коммуналдық төлемдердегi тұтынылған жарық көлемi мен есептегiштердегi көрсеткiштердiң сәйкес келмеуi жиi қайталанады. Н.Алдабергенов мұндай келеңсiздiктердiң елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде белең алғанын, жарық есептегiштегi көрсеткiштi қағазға түсiргенде үй мен пәтер қожайындары тыс қалатынын айтты. ТМРА жетекшiсiнiң айтуынша, есептеу кезiнде жiберiлген кемшiлiктерге қарсылық танытқан тұтынушылардың пәтерiне берiлетiн электр қуатын қиып тастау заңға қайшы. Өйткенi, мұндай құқық тек соттың ғана құзырында. Сондықтан тұтынушылар пайдаланылған жарықты дұрыс та әдiл есептемеудiң кесiрiнен әкiмшiлiк тұрғыда жарықтан айырудың заңсыздығын дәлелдей отырып, есептеудi қайта жүргiзудi талап етуi тиiс. Ең бастысы, заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу керек.
Тағы бiр маңызды жаңалық, бұған дейiн Алматы мен Шымкент қалаларында тәжiрибе жүзiнде сыналған суға есептегiш орнату тәсiлi елiмiздiң өзге өңiрлерiне де мiндеттелетiн болады. Алматыдағы суды көп пайдаланатын кәсiпорындарды үнемдеуге мәжбүрлеген ТМРА. Мәселен, соңғы 5-6 жылда шығынға (500 млрд. теңге) белшеден батқан бiр кәсiпорын суды тұтынуға қатысты енгiзiлген дифференциалдық тарифтiң арқасында ысырап көлемiн азайтқан. Бұл қарапайым халыққа да қатысты. Тұтыну көлемiн барынша қысқартқан азаматтарға арнайы жеңiлдiктер жасау да қарастырылып жатыр. Бұл Алматы су каналының техникалық және материалдық қауқарын күшейте түсерi анық. Оның үстiне, тарифтiк смета бойынша бастапқыда бөлiнген 400 млн. теңге үнемдеудiң арқасында каналға тиесiлi жөндеу қорындағы қаражатты 2,5 млрд. теңгеге дейiн өсiрген. Судың құнына қатысты мәселеде мәжiлiсмен И.Чиркалин Алдабергеновтiң Токио мен Астанадағы су бағасына қатысты уәжiн айтты: «Ұлттық валютаға шаққанда, су бағасы Токиода – 349 теңге, ал Астанада – 25 теңге. Сiз Токио мен Астанадағы суды тұтыну көлемiне байланысты мысалдар келтiрiңiзшi? Жалақы мәселесiн қозғамаған күннiң өзiнде, физикалық бiрлiктер тұрғысынан қарастырайықшы. Немесе суды бағзы заманнан үнемдеп келе жатқан Лондонда неге 220 теңге? Бұл неге байланысты? Баға саясатына ма, әлде тұтыну көлемiне ме? Бұл дегенiңiз беттiң жартысын жуып, мойынға су тигiзбеу ме әлде?» дей келе, Астанадағы тұтынушыға – 165 литр, Алматыдағыға – 215,6 литр, Павлодарда – 147 литр, Таразда 87,7 литр су пайдалануға құқық беру халықты алалаумен тең әрi азаматтардың конституциялық құқықтарына қайшы келетiндiгiн айтты. Оның сауалына жауап берген Н.Алдабергенов дифференциалды тариф суды үнемдеуге, мысалы, жыл басынан берi 2,8 млрд. теңгенiң желге ұшпауына ықпал еткенiн жеткiздi. Бұл әсiресе, ауыз сумен көлiк жуатын, бағын суаратын ысырапшылдарға сабақ. Сондай-ақ, суды ысырап етуде елiмiздегi «жауыннан кейiнгi саңырауқұлақша» қаптап кеткен сауна, бассейн, моншаларға да су бағасын көтерген абзал. Депутаттар назарынан тозығы жеткен құбырлардың жиi жарылатыны, осының салдарынан сұрауы бар судың далаға ағатыны, ескiрген құрал-жабдықтарды ауыстыру мен жөндеу жұмыстары тұтынушының есебiнен емес, арнайы бөлiнетiн қаржының есебiнен шешiлу керектiгi тыс қалмады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ