ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУДЕГI ҰЛТ ... СӨЗI

ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУДЕГI ҰЛТ ... СӨЗI

ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУДЕГI ҰЛТ ... СӨЗI
ашық дереккөзі

«Ұлт» деген сөз өзiнiң анық, тура мағынасында қолданылмайтыны — қоғамымыздағы көпе-көрнеу қайшылықтардың бiрi шығар. Сенбейсiз бе? Мысалы, Үкiмет «ұлттық баспасөз» дегенде, әңгiме қазақ баспасөзi туралы емес, ол кiрме баспасөз туралы (ұйғыр, немiс, кәрiс т.б.) сөз қозғайды. «Ұлттық баспасөздi» дамытуға қыруар қаржы бөлiнiп жатыр. Осыны желпiнiп тұрып жария ететiн шенеунiктер «ұлт мүддесi» мен «ұлттық мәселенi» ауызға алудан ат-тонын ала қашады. Кешегi аптада өткен Қазақстан халқы ассамблеясында Елбасы «ұлт бiрлiгi» деген тiркеске басқаша реңк бергендей болды.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қазақстанда саяси өзгерiстердiң ұлттық бағдарламасы керек деген әңгiме көп айтылатын. Уақыт өте бұл әңгiменiң мазасы қашты. Есесiне, саяси қолданыста «ұлт патриоттары» деген термин пайда болды. Бiр ғажабы, билiктегi шенеунiктерiмiз үшiн бұл термин «… жауға» жетеғабыл түсiнiк сияқты. Бiр түрлi, тыжырынып, кiржиiп айтады.

Шынында да, тәуелсiз Қазақ елi үшiн ХХI ғасырда «ҰЛТ» сөзi мен оған iркес тiркестердiң мәнi өзгердi ме? Сонау тоқсаныншы жылдары «ұлттық мемлекет құрамыз» деген әлсiз үмiттiң жiбi мүлде үзiлдi ме?

Бiраздан берi «Ұлттық мәселе» билiк пен оппозицияның кезекпе-кезек қақпақылына түскен ала допқа ұқсап қалды. Бiресе «мына» жақтың, бiресе «ана» жақтың қақпасына өтiп кетiп жатады. Дегенмен, соңғы кезде өзiн оппозиция санайтын партиялар «жағында» көбiрек аялдап қалып жүргенi белгiлi.

Осыдан бiр ай бұрын жарияланған «Ақ жол» партиясының ұлт саясаты тұжырымдамасы қоғамда анау айтқандай дүрбелең тудырған жоқ. 2010-2020 жылдарға арналған «Ұлт саясатының» негiзгi мақсаты — қазақ ұлтының жағдайын көтеру болатын. «Бидiң сөзiн құл да айтар, бiрақ аузының дауасы жоқ» дейдi қазақ мәтелi.. «Ұлт саясатын» «Нұр Отан» партиясы ту етiп көтерсе, оның қоғамдық дүмпуi әлдеқайда күштiрек болар едi-ау…

Ал Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық бiрлiк доктринасын» қабылдау керектiгi жайлы өз ойларын қаққан қазықтай етiп нығырлады. Ендiгi саясат қазақ жерiн мекендеген халықтарға ортақ тарих, ортақ құндылықтар мен болашақ туралы ортақ көзқарасқа негiзделген тұжырымдамаға сай жасалмақ. Елдегi этномәдени орталықтар, үкiметтiк емес ұйымдар, мемлекеттiк орган өкiлдерi, сарапшылар, ғалымдар бiрiгiп, осы жобаны жасап шығуы тиiс.

Ортақ тарих туралы айтқанда, Қазақ мемлекеттiгiнiң күнi деген мемлекеттiк мерекенi енгiзудiң орайы келiп тұрған сияқты. Естерiңiзде болса, жыл басында «Түркiстан» газетi Керей мен Жәнiбек хан құрған Қазақ хандығының құрылған күнiн Қазақ мемлекеттiлiгiнiң күнi деп жариялау туралы мәселе көтерген едi. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы, саясаткер Дос Көшiм бұл мәселеге өз көзқарастарын бiлдiрiп, қолдайтындарын айтқан. Ендi басқа ғалымдар, тарихшылар, сарапшылар да осы мәселе жөнiнде өз пiкiрлерiн ортаға салып, бiр келеге келсе, жөн болар едi.

Өйткенi, ортақ тарихтың өзегi — Қазақ халқының тарихы екенiне дау жоқ. Ал Қазақ мемлекеттiгiнiң күнi — барша қазақстандықтардың тамыры тереңде жатқан төл мемлекеттiлiгiмiздi сезiнiп, мақтан тұтып, патриоттық сезiмдi насихаттауға себепшi болар едi.

…Ұлт пен ұлттық сөздерiнiң сан қилы тағдыры бар. Бiр кезде «ұлтшыл» деген сөзден өлердей қорыққан кей азаматтар қазiр «ұлтшылмын» дегендi мақтанып айтып жүр…

Ұлт мүддесi қашан да өзектi болуы керек.

Гүлбиғаш Омарова