“ЖОЛ КАРТАСЫНА” – 100 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ!
“ЖОЛ КАРТАСЫНА” – 100 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ!
2010 жылы “Жол картасын” жүзеге асыруға ел бюджетiнiң жобасында 100 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы 19-қазандағы «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжiлiстегi фракциясының кеңейтiлген отырысында Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов мәлiмдедi. Премьер-Министрдiң айтуынша, бұдан былай жергiлiктi бюджеттер “Жол картасын” тең қаржыландырады. «Жергiлiктi бюджеттен бұл мақсатқа бөлiнген 1 теңгеге, республикалық бюджеттен 2 теңге бөлiнедi», – дедi К. Мәсiмов.
Осы отырыста Үкiмет жетекшiсi бюджеттiк мекемелердiң қызметкерлерiнiң жалақысы 2010 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 25 пайызға өсiрiлетiнiн хабарлады. Кәрiм Қажымқанұлы бұл мәселеге депутаттардың да алаңдағанын ескерiп, жалақыны көтеру мерзiмiн алты айға шегеруге қаржы тапшылығы себеп болып отырғанын ашық айтты. «Мен өз қалтамнан ақша беремiн, жалақыны көтерейiк деп айта салу оңай, бiрақ бiзде қазiр мұндай ақша жоқ», — дедi ол депутат Владимир Нехорошевтiң қойған сауалына жауап бергенде. Алайда, Үкiмет басшысы «алғашқы мүмкiндiк пайда болған кезде бюджеттiк мекеме қызметкерлерiнiң еңбекақысы көбейтiлетiнiн» атап өттi.
Ал мұның есесiне келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елiмiзде зейнетақылар мен шәкiртақылар 25 пайызға, әлеуметтiк жәрдемақылар орташа есеппен 9 пайызға өсiрiледi. Осыған орай, Премьер-Министр бұрынғы посткеңестiк республикалардың барлығында әлеуметтiк төлемдердi көтермек былай тұрсын, қысқартып жатқанын мысалға келтiрдi. «Соған қарамастан, бiздiң елiмiзде алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар 25 пайызға өседi», — дедi Үкiмет басшысы.
Ағымдағы жылы елiмiздегi бiлiмге берiлетiн мемлекеттiк тапсырыс 3,2 млрд. теңгеге ұлғайды. «Биыл ақылы бөлiмде үздiк оқитын студенттер мен магистранттар үшiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын 3,2 млрд. теңгеге көбейттiк. Көктемде айтылған ұсыныстарды ескере отырып, студенттер мен магистранттарға арналған жеңiлдетiлген несиелердi алу мүмкiндiктерiн кеңейту жөнiнде шешiм қабылданды. Бұдан былай, ол несиенi 1 курстан бастап үздiк оқитындар ала алады. Бұл жерде мамандықтарға шектеу қойылмайды. Несиенi қайтару мерзiмi 15-тен 17 жылға дейiн, ал жеңiлдiк кезеңi 6 айдан 1 жылға дейiн ұзартылады. Ал егер де кепiлдiк мүлкi болмаса, онда «Қаржы орталығы» АҚ кепiл болады», — дедi Премьер Кәрiм Мәсiмов.
Таңатар Табынұлы