Кәрiм МӘСIМОВ: ҒАЛАМДЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСIН БIРЛЕСIП РЕФОРМАЛАҒАН ЖӨН

Кәрiм МӘСIМОВ: ҒАЛАМДЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСIН БIРЛЕСIП РЕФОРМАЛАҒАН ЖӨН

Кәрiм МӘСIМОВ: ҒАЛАМДЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСIН БIРЛЕСIП РЕФОРМАЛАҒАН ЖӨН
ашық дереккөзі
424

«Ғаламдық қаржы және банкi жүйесiн жаңаша құру бағытында батыл қадамдар жасалуы қажет. Өйткенi, бүгiнгi дағдарыс қаржылық және банкiлiк институттардың тиiмсiздiгiн көрсетiп бердi», – деп мәлiмдедi ҚР-ның Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмов Бейжiңде өткен ШЫҰ-ның Үкiмет басшыларының Кеңесiнде сөйлеген сөзiнде. Оның айтуынша, Алматыдағы қаржы министрлерi мен орталық банкi басшыларының кездесуiн өткiзу жөнiндегi ұсыныс осындай ниеттен туды. Тiптi, “Бақылаушы-мемлекеттердiң осы отырысқа қатысуы барлығымызға да пайдалы болар едi”, — дедi Үкiмет басшысы.

Ол басқа тараптар белсендi түрде қолдаса, ағымдағы жылдың соңына дейiн аталған жиынды Алматы қаласында өткiзуге Қазақстан жағы дайын екенiн хабарлады. «Әрi мұндай форматтағы кездесулердi тұрақты түрде өткiзiп тұруды ұсынамын. Өйткенi, ол әлемдегi қаржылық ахуалдың қай жағына қарай ауытқитынын алдын-ала болжауға және қиындықтардан бiрлесiп шығуға мүмкiндiк бередi», – деп сөзiн жалғады К. Мәсiмов.

«ШЫҰ елдерiнiң Үкiмет басшылары сәрсенбi күнi Бейжiңде ҚХР басшысы Ху Цзиньтаомен кездесiп, ұйымға мүше елдердiң арасында өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалану және ортақ ұлттық есептiк бiрлiк енгiзу мәселелерiн талқылағандары жөнiнде ақпарат бердi», – деп хабарлады ҚазТАГ агенттiгiне ҚР Премьер-Министрiнiң баспасөз хатшысы Айнагүл Шакирова. Оның айтуынша, ҚХР-ның басшысы «Қазақстан жағының жылдың соңына дейiн Алматыда ШЫҰ-на мүше елдердiң қаржылық құрылымдарының басшыларының басқосуын өткiзу туралы бастамасы «Шанхай алтылығы» үшiн өте пайдалы болады» деген пiкiрiн бiлдiрiптi. Осы кездесуде Қазақстан Үкiметiнiң басшысы К. Мәсiмов Ху Цзиньтаоға Елбасы Н. Назарбаевтың ҚХР-ның басшысына және күллi қытай халқына Ұлттық Республиканың құрылғанына 60 жыл толған мерейтойымен құттықтауын жеткiздi.

Бейжiң кездесуiнде Үкiмет басшысы бiрнеше ұтымды ұсыныстарын жария еттi. Солардың бiрi — ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын қалыптастыру идеясы. Кәрiм Мәсiмовтiң пiкiрiнше, ондай стратегияның негiзi ретiнде энергияны экспорттайтын елдерге де, ол елдердiң өнiмiн тұтынушыларға да қолайлы болатын ұзақ мерзiмдiк, сенiмдi және экологиялық жағынан тиiмдi бағаға электр қуатын үнемдеушiлiк принциптерi таңдап алынуы керек.

Үкiмет басшысы атап айтқандай, қазiргi таңда ғаламдық энергия үнемдеу жүйесiне көмiрсутегi нарықтарындағы тұрақсыздық зор қатер төндiруде. «Мұндай ахуал тек экономикалық байланыстардағы құлдырауларға ғана емес, саясат пен қауiпсiздiктiң шеңберiндегi басқа да көптеген себептерге қатысты. Осындай ахуалды реттеу үшiн энергетикалық стратегияны қалыптастыру өте маңызды», – дедi К.Мәсiмов. Яғни, Қазақстан жағының ұсынуынша, ШЫҰ-ның шеңберiнде «жасыл энергия» саласында бiрлескен жобаларды жүзеге асыруға тамаша мүмкiндiк бар. Сондай-ақ, мұндай мәселенi ұйымға мүше мемлекеттердiң отын-энергетикалық кешенге жауапты министрлерi тұрақты түрде талқылап, нақты бiр шешiмге келiп отыр. Әрине, ондай шешiмдер мүше-мемлекеттердiң барлығының мүддесiне де сай келетiнi белгiлi.

Бейжiңдегi басқосуда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасында өзара әрекет және ынтымақтастық жөнiндегi келiсiмдерге қол қойылды. Осы келiсiмнiң нәтижесiнде тараптар таза және жаңартылған энергия көздерiн өндiру саласында стратегиялық әрiптес болуға, сондай-ақ Қазақстанның жел, күн және су ресурстарын бiрлесiп зерттеуге және пайдалануға уағдаласты. Ал бұған дейiн белгiлi болғанындай, Қазақстан мен Қытай қаржы көлемi 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын бiрлескен инвестициялық қор құруға ниеттенiп отыр.

Таңатар Табынұлы

Серіктес жаңалықтары